• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Футбол 11 Қыркүйек, 2023

Үміт сыйлаған үш ұпай

191 рет
көрсетілді

Қазақстан ұлттық құрама қор­­жынына түскен үш ұпай, отандас­­тарымызды қуанышқа бөле­ді. Командамыз 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Солтүстік Ир­ландия құ­рамасымен екінші матчын өткізіп, тағы да жеңіс туын жел­біретті. Бұл жолы да 1:0 есе­бі тір­келді. Осыдан бірер ай бұ­рын сырт алаңдағы бәсекеде біз­­дің жігіттер қарсыластарын өз жан­­күйерлері алдында 1:0 есебі­мен тізе бүктірген еді.

Кешегі ойында ұлттық құрама футболшыларын қолдауға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы барып, жігіттердің жеңісіне елмен бірге куә болды. Сонымен қатар кәсіпқой бокс әлемінде елеулі табысқа қол жеткізіп, үш түрлі нұсқа бойынша әлем чемпионы атанып, қазақ елін әлемге танытып жүрген мақтанышымыз Геннадий Головкин мен оның сыңары Максим Головкин АҚШ-тан арнайы келді. Олар ұлттық құрамамызды қолдауға келетінін әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеген еді. Осы орайда «Астана Аренаны» басына көтеріп, айқай мен қиқуға басқан жанкүйерлер футболшыларымызға зор қолдау білдір­генін де ерекше атап өткен жөн. Еліміз­дегі Отбасы күніне тұспа-тұс келген ойында жанкүйерлер мен футболшылар бір отбасы болып, Тұманды Альбионнан кел­ген футболшылардың екпінін басты.

Матчтан бір күн бұрынғы баспасөз мәслихатында Қазақстан ұлттық құрама­сының бас бапкері Магомед Адиев Солтүстік Ирландиямен өтетін ойында негізгі құрамда өзгерістер мен так­тикалық түзетулер болатынын мәлім­деген еді. Айтқанындай, Финляндиямен болған бірінші ойында өнер көрсеткен қорғаушы Лев Скворцовтың орнына Еркін Тапаловты шығарса, ортадағы Исламбек Қуат пен Аслан Дарабаевты Абзал Бейсебеков пен Рамазан Оразовқа алмас­тырды. Ал шабуылдағы Абат Айымбетовтің орнын Максим Самородов басты.

Төрешінің ысқырығы естіле салы­сымен «Астана Арена» стадионы екі иінімен дем алды. Апыр-ай, жан­күйер­лердің мұндай қолдауы кейінгі 30 жылда алғаш рет болып жатса керек. Аренадағы атмосфераны сөзбен жеткізу мүмкін емес, тек оны стадионда сезініп көру керек. Футболшыларымыз бірінші таймды ерекше қарқынмен бастады. Алғашқы 20 минуттың ішінде Ян Вороговский мен Бақтиер Зайнутдинов қауіпті соққы жасап, Солтүстік Ирландия қақпашысының қырағылығын бір тек­серіп көрді. Ал арада сегіз минут өткен Максим Самородов айып алаңынан тамаша соққы жасап, ойынның есебін ашты – 1:0. Бірінші таймның соңына дейін біздің жігіттерде есепті еселейтін, ал қарсыластарымыздың таразы басын теңестіретін бірнеше мүм­кіндік болғанымен, екі құраманың шабуылшылары да өз жанкүйерлерін қуанта алмады.

Екінші таймды қонақтар өте белсенді бастады. Үзіліс кезінде Солтүстік Ир­ландия құрамасының бас бапкері жартылай қорғаныс пен шабуылға тың фут­болшыларын шығарып, алаңның орта­лығы мен шабуылда билік жүргізуге тырысты. Және бұл тактикалық өзгеріс қарсыластардың ойынына өзгеріс әкелді. Алғашқы бес минутта ирландиялық футболшылар біздің қақпамыздың ма­ңайын торуылдады. Шацкийдің ше­берлігі болмағанда, қарсыластар таразы басын жылдам теңестіріп кетуі мүмкін еді. Абырой болғанда, Игорь тамаша сейв жасап, қақпамызды голдан сақтап қалды. Орайы келгенде жерлестеріміз де қарап қалмай, қарсы шабуылға иек артып отырды. Ойынның соңына таман Асхат Тағыберген Дания құрамасына гол соққандай допты алыстан тағы бір мәрте қақпаға бағыттап көрген еді. Өкінішке қарай, бұл жолғы соққысы әлсіздеу болса да, қақпашыға әжептәуір қиын­дық тудырды. Бірақ екінші таймда есеп өз­геріссіз қалды.

Осылайша, Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде төртінші жеңісіне қол жеткізген жерлестеріміз Н тобының тур­нир кестесінде 12 ұпаймен уақытша екінші орынға көтерілді. Магомед Адиев шәкірттері келесі тур ойындарын қазан айында сырт алаңда топтың үздіктері Дания (15 қазан) және Финляндия (17 қазан) футболшыларымен өткізеді.