• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Несие 12 Қыркүйек, 2023

Шағын несие шыр айналдырмай ма?

255 рет
көрсетілді

Еліміздегі ата-аналардың үштен бірінен астамы жыл сайын балаларын мектепке дайындау үшін шағын несие алуға мәжбүр болып отыр. Бұл «Бүгін оқушыны шырайландырғанымен, ертең ата-ананың шарадай басын шыр айналдырмай ма?» деген сауал толғандырады.

Қазақстан ФинТех қауым­дастығының жүргізген сауал­дамасының нәтижесіне көз жүгіртсек, балаларын мектепке дайындау үшін онлайн-қарыз алатындардың көрсеткіші едәуір көп екені байқалады. Аталған әлеуметтік сауалдамаға 529 рес­пондент қатысқан. Онда мек­­теп жасындағы балалары бар ата-ананың көбі оларды мектепке дайындау үшін он­лайн-қарыз алуға жүгінетінін айт­қан. Оның 33 пайызы шағын несиені кемінде бір рет алғанын, ал тағы 35 пайызы жыл сайын 1 қыркүйек қарсаңында тұрақты түрде алады екен. Шағын несие ұйымдарының мәліметіне сенсек, басқа айлармен салыстырғанда қыркүйек қарсаңында онлайн-несие алуға деген сұраныс орта есеппен 3%-ға артқан.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, елімізде бір баланы мектепке дайындау үшін 200 мың теңгеден артық жұмсайтындар саны – 11 пайыз, 100 мыңнан 200 мыңға дейін жұмсайтындар – 38 пайыз, 50 мың мен 100 мың көлемінде жұмсайтындар – 46 пайыз, ал 50 мың теңге жұмсайтындардың көрсеткіші – 5 пайыз ғана.

«Сауалдамада белгілі болған деректерге қарап отырсақ, ата-аналардың балаларын мектепке дайындау кезінде жедел қаржы табу үшін шағын несие беретін ұйымдарға жүгінуге мәжбүр екенін көреміз. Оның өсімі көп екеніне қарамастан, ата-аналар балаларын оқудан қалдырғысы келмейді. Әрине, бұған шарасыз күйде барып отырғандар осал топтағы отбасылар екені анық. Өкініштісі сол – ең тиімді жол әзірге осы шағын несие ұйымдарына жүгіну болып отыр», дейді Қазақстан ФинТех қауымдастығының өкілі.

Баланы мектепке дайындауға шағын несие алатындардың жалпы көрсеткіші 68 пайыз болса, ал 32 пайызы өз қаражатымен қамтамасыз етеді екен. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, биыл 1 қаңтардан бас­тап ең төменгі жалақы 70 мың теңге мөлшерінде белгіленсе, зерттеу деректері бойынша балаларды мектепке дайындау үшін 2023 жылы бір балаға орта есеппен 100 мың теңге кетеді. Демек 30 пайыз жетіспеушілік бар деген сөз. Осы тапшылықтың орнын ата-аналар қарызданып-қауғаланып толтырады. Өйткені 100 мың теңгені көптеген от­басының отбасылық бюджеті көтере алмайтынын Ұлттық статистика бюросы ұсынған мына цифрлар да дәлелдейді. 16 жасқа дейінгі баласы бар отбасылардың 77,6 пайызы жан басына шаққанда 100 мың теңгеге дейін жұмсай алса, айына 100 мыңнан 150 мың теңгеге дейін жұмсауға мүмкіндігі бар отбасылар үлесі небәрі 15 па­йызды, 150 мыңнан көп жұмсай алатындар үлесі 6,6 пайызды көрсетіп отыр.

Қорыта айтқанда, «Amanat» партиясы халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақ­сатында Halyk Bank-пен бірге «Қарызсыз қоғам» жобасын бастағаны белгілі. Соның нә­тижесінде еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан аса адам қаржылық сауатын арттырған. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Олардың сөзіне сенсек, бұл жоба аз уақыт ішінде өз тиімділігін көрсетті дейді. Алайда жоғарыдағы зерттеу нәтижесіне қарасақ, жағдайдың әлі де мәз емес екенін байқап отырмыз. Мәселен, «Қарызсыз қоғам» жөнінде биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы да тілге тиек етті. Рас, қағаздағы статистикаға сенсек, бәрі керемет, ал іс жүзінде басқаша болып отырғаны анық. Бұл ретте Президент: «Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс», деді.