Халық санағымен және демографиямен айналысатын «World Population Review» (Әлем халқының санына шолу) халықаралық тәуелсіз ұйымының мәліметіне қарағанда, Қазақстан отбасылардың ажырасу көрсеткіші бойынша дүниежүзінде екінші орынға шыққан.
Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Экономикалық зерттеулер институтының (ERI) сайтында жарияланған «World Population Review» зерттеуіне қарағанда, еліміз ажырасудан тек Мальдив Республикасын алға салыпты. Аралдағы шағын мемлекетте 2020 жылы мың адамға шаққанда 5,52 ажырасудан келген. Осы көрсеткіш елімізде – 4,6, ал үшінші және төртінші орындардағы Ресей мен Беларусьте тиісінше 3,9 және 3,7 болған. Бір назар аударарлығы, діні бір, ділі ұқсас көрші елдер Қырғызстан – 22-ші (1,4), Өзбекстан 27-ші (0,8) орындарды еншілеген.
ERI-дің Макроэкономикалық зерттеулер және болжамдау орталығының жетекші сарапшысы Рамин Казымовтың пайымдауынша, ажырасу жиілігін мың тұрғынға шағып есептеу аса дұрыс көрсеткіш емес. Өйткені тіркелген неке санын да ескерген жөн. Аталған көрсеткішке әсер ететін бақа кейбір факторлар да назардан тыс қалғанға ұқсайды. Мысалы, ислам мемлекеттік дін болып саналатын Мальдивте әйелдер мен ер азаматтар некелеспей жыныстық қатынасқа бармайды. Бірақ бұл елде неке қию да, ажырасу да оңай көрінеді. Сол себепті, мальдивтіктер ажырасу көрсеткіші бойынша алдарына ел салмай отыр.
Біз әдетте отбасылардың, әсіресе жас жұбайлардың жиі ажырасуын олардың әл-ауқатының төмендігімен, тап болған тұрмыстық қиындықтарымен байланыстырып жатамыз. Алайда, халықаралық әлеуметтік зерттеулер жағдай керісінше екенін айғақтаған. Мәселен, әлемдегі ең бай елдің бірі – Америка Құрама Штаттары ажырасу көрсеткіші (мың адамға шаққанда – 2,7) бойынша 9-орында тұр. АҚШ Денсаулық сақтау статистикасы ұлттық орталығының мәліметіне қарағанда, осы алпауыт мемлекетте жыл сайын 4-5 млн адам отбасы құрғанымен, олардың 42-53 пайызы ажырасып тынады екен. Канада (2,1), Оңтүстік Корея (2,1), Франция (1,9), Нидерланд (1,7), Ұлыбритания (1,7), Германия (1,7), Жапония (1,7) сияқты дамыған елдердегі ажырасу көрсеткіші де әлемдегі орташа көрсеткіштен (1,69) жоғары.
Жалпы, ажырасу көрсеткішінің төмендігі бақытты отбасылардың көптігін білдірмейтін болып шықты. Себебі кей елде неке бұзу заңнамалық тұрғыдан қиын, немесе әйелдер өз қаражаты жетіспеушілігіне байланысты балаларының жағдайын ойлағандықтан, мұндай қадамға бармайды. Дана Абай бабамыз айтқандай, «шыдайды риза болып жар ісіне, қорлық пен мазағына табынса да». Ал экономика көтеріліп, халықтың әл-ауқаты артқан сайын ажырасу да көбейе түсетіндігін дамыған елдер тәжірибесі көрсетіп берген.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, елімізде отбасылардың ең көп ажырасуы 2019 жылы тіркелген. Сол жылы 59,8 мың неке бұзылған. Кейінгі үш жылда бүкіл әлемдегі сияқты, Қазақстанда да ажырасқан отбасылар санының азаю үрдісі байқалып отыр. Соның ішінде былтыр 128,4 мың неке тіркеліп, 44,5 мың отбасы ажырасқан, яғни ажырасу деңгейі 34,65 пайызды құраған. Мың адамға шаққанда неке бұзу көрсеткіші 2,27 болған.
Бір назар аударарлығы, ауылдағы отбасыларға қарағанда қаладағылар жиірек ажырасып жатыр. Мысалы, былтыр қалаларда – 33,2 мың (74,6 пайыз), ауылдарда 11,3 мың (25,4 пайыз) неке бұзу тіркелген. Әсіресе Астана қаласында ажырасқан жұбайлар саны көп (мың тұрғынға шаққанда – 3,24). Ажырасқан отбасылары ең аз өңір – Түркістан облысы (0,98). Бұл ретте өткен жылы еліміздегі ең жоғары орташа жалақының бірі (409 мың теңге) елордада, ал ең төменгі орташа жалақының бірі (237 мың теңге) Түркістан облысында болғанын еске алсақ, халықаралық сарапшылар байламының дұрыстығына күмән келтіру қиын.
Шаңырақ шайқалуының негізгі себептері ерлі-зайыптылардың отбасылық міндеттерді өзара бөліспеуі, әйелінің күйеуінің көзіне шөп салуы, не ерінің жүріс қылуы, өмірге көзқарастарының бітіспес алшақтықтары, тым ерте үйлену һәм тұрмысқа шығу, қаржылық қиындықтар, есірткіге немесе спиртті ішімдіктерге тәуелділік, ойынқұмарлық, зорлық-зомбылық көрсету болып отыр. Бұған қоса, кейінгі жылдары елімізде мемлекеттен әртүрлі жеңілдіктер мен жәрдем алу мақсатында жалған ажырасу көбейіп кеткен. Әсіресе әкімдікте кезекке тұрып, коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу үшін. Мәселен, өткен жылы «Бақытты отбасы» әлеуметтік бағдарламасы бойынша 2 пайыздық несие алуға 5 мыңнан аса толық емес отбасы өтініш берген. Олардың қаншасы шын мәнінде толық емес отбасы екендігін тап басып айту қиын.
Сондай-ақ үш жылда бір рет «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілері аттестаттаудан өткізілетіні белгілі. Олар – орталық мемлекеттік органдардың сарапшыларынан бастап департамент директорларына дейінгі және жергілікті атқарушы органдардың қатардағы мамандарынан бастап облыстық басқармалар басшыларына, аудан әкімдерінің орынбасарларына дейінгі лауазымдардағы қызметкерлер. Олардың арасындағы жалғызбасты аналар мен әкелер аттестаттаудан өтуден босатылған. Сол себепті тату-тәтті тұрып жатқан жұбайымен айдың-күннің аманында аяқ астынан заң жүзінде айырылысып, іс жүзінде бірге тұруын жалғастырып жатқан мемлекеттік қызметшілер бар.
Ол, ол ма, мемлекеттік қызметке арам ниетпен кіретін, яғни қолына тиген кез келген билікті пара алып, оңай байып қалу үшін пайдаланатын шенеуніктер де жұбайларымен заң жүзінде ғана айырылысып, барлық дүние-мүлкін қосағының атына жаздырып қоятын «дәстүр» қалыптасқан. Бұл – «Алда-жалда былық-шылығым әшкереленіп, соттала қалсам, жемқорлықпен жинаған байлығым тәркіленбесін» деген сасық пиғылдан туындаған амал. Осы орайда бұдан бірнеше жыл бұрын бір әкім журналистердің сұрағына орай: «Менің өз үйім жоқ. Әйелімнің үйінде тұрамын...», деп, өзі де күліп, жұртты да күлдіргені жадымызда. Шынтуайтында, сол шенеуніктің де заң жүзінде зайыбымен айырылысып қойғанына шүбәлануға болмас.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өткен жылы әзірлеген цифрлық картаға зер салсақ, елімізде 1,2 млн отбасы дағдарыстық жай-күйде, ал 6 983 отбасы қиын тұрмыстық жағдайда тұрып жатыр екен. Бұл ретте мемлекеттік органдар кәмелетке толмаған бала тәрбиелеп отырған отбасылардың ажырасуын азайту шараларын назарда ұстап отырғанын айта кеткен жөн. Осы мақсатпен ортақ баласы бар ерлі-зайыптылардың ажырасу туралы өтініштері биылғы 1 қыркүйектен бастап ювенальды соттардың қарауына жіберілетін болып шешілді. Ал бұған дейін мінездері жараспаған жұбайлар тұрғылықты жері бойынша аудандық немесе қалалық сотқа жүгініп келді.
Жуырда Парламент Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында: «Қазіргі уақытта елімізде отбасы, балалар мен жастар саясатымен өз құзыреті шегінде бірнеше мемлекеттік орган айналысады. Атап айтқанда, отбасы мен жастар мәселелерімен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті, балалар құқықтарын қорғау мәселелерімен Оқу-ағарту министрлігінің Балалар құқығын қорғау комитеті, сондай-ақ кейбір мәселелермен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Әділет министрліктері шұғылданады. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, көптеген елде отбасы мәселесімен дербес мемлекеттік орган айналысады. Мысалы, Өзбекстан Республикасында Махаляны және отбасыны қорғау министрлігі, Түркияда Отбасы істері және әлеуметтік қорғау министрлігі, АҚШ-та Отбасы және балалар істері жөніндегі агенттік, Малайзияда Әйелдер, отбасы істері және қоғамдық даму министрлігі, Германияда Отбасы, қарт адамдар, әйелдер және жастар істері жөніндегі министрлік бар», дей келіп, елімізде Отбасы, әйелдер, балалар мен жастар істері жөніндегі агенттікті құру мәселесін қарауды ұсынды. Осы депутаттық сауалға жауап берген Үкімет Нұргүл Таудың ұсынысы пысықталып жатқанын хабарлапты.
«Отан отбасынан басталады» десек, елімізде ажырасудың көптігі – алаңдатарлықтай жағдай. Неке бұзуды азайтудың қосымша шараларын қолдану, соның ішінде жалған ажырасу сияқты Әділетті Қазақстанға жараспайтын келеңсіз құбылысты болдырмауға күш салу қажеттігі даусыз.