• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ғылым 14 Қыркүйек, 2023

Мұнай тасымалдау технологиясын жетілдірмек

300 рет
көрсетілді

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан универси­тетінің ғалымдары тұтқырлығы жоғары парафинді мұнайдың төгілу температурасын төмендету үшін депрессорлық мақсатта тиімді химиялық реагент­терді алу технологияларын әзірлеу үстінде. Бұл жобаға Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, химия ғылым­дарының докторы, профессор Казим Надиров жетекшілік етеді.

Мұнайды құбыр арқылы тасымалдау көмірсутектерді межелі жерге жеткізудің ең тиімді әдісі болып қала бе­ре­тіні даусыз. Елімізде мұ­найды тасымалдауды құ­ра­мына елдегі құбыр кәсіп­орын­дарының барлығы кіре­тін «ҚазТрансОйл» ұлт­тық компаниясы жүзеге асы­рады. Сонымен қатар елдегі кен орын­дарындағы мұнайдың басым бөлігі тұт­­қырлығы жо­ғары және парафинді болып сана­лады. Сон­дықтан оларды құ­быр арқылы тасымалдау бір­қатар қиындық туғызып отыр.

Мұнайды құбырмен та­сымалдау кезінде пара­финдердің кристалдануынан және мұ­най­дың тұт­қырлығының жо­ға­ры­ла­уынан күрделі мәс­е­­лелер туындайды. Мәсе­лен, құ­бырдағы қысым жоғары­лайды. Сорғы жабдықтарына жұм­салатын энергия шығы­ны мен олардың тозуы та­ғы бар. Сонымен қатар құ­бырдың өткізу қабілеті төмендейді. Суық климаттық аймақтарда құбырлардың ішкі қабырғаларында тікелей парафиндік шөгінділерден мұнайды тасымалдау тіпті күрделене түседі. Яғни мұнай құбырының көлденең қимасы тарылып, соның салдарынан өнімділік төмендейді. Қазіргі уақытта Оңтүстік Торғай ой­паты кен орындарында өн­дірілетін мұнайдың басым бөлігі 12-18 пайыз парафинді құрайды. Құрамында пара­фин­ді қосылыстардың көп болуына байланысты бұл май­лар салыстырмалы түрде тез қатып қалады. Тиісінше бұл құбырлар арқылы тасымалдауды қиындатады. Осы мәселені шешу мақсатында қазір мұнай құбыры трас­сасы­ның бойында белгілі бір қа­шық­тыққа мұнай жылыту пункттері орнатылып жатыр. Экологиялық және эконо­ми­калық себептерге байланыс­ты мұнай өңдеу кезінде жылыту әдістерін қолданудың тиімсіз екенін ескерген жөн.

М.Әуезов атындағы уни­­верситеттің ғылыми тобы жүзеге асырған жоба пара­фин­дік мұнайды та­сы­мал­дауға арналған депрес­сор­лық мақсатта жаңа компо­зиция­лық реагенттер алу технологиясын жасауға бағыт­талған. Жобаның негізгі идея­сы – мақ­та майын, полио­ле­фин­­дерді және алифатты спирттерді өңдеудің жанама өнімдері негізінде парафинді майдың қату температурасын төмендету үшін тиімді әрі қолжетімді химиялық реагенттерді алу.

Еліміздің Қашаған сияқ­ты ірі мұнай кен орындары то­лық жобалық қуатқа жеткенде реа­генттерге деген қа­жеттілік айтарлықтай арта түспек. Жос­­пар бойынша күніне шамамен 1,5 миллион баррель мұнай өндіріледі деп күтіледі. Сондықтан бұл жобаның ма­ңызы зор.

Жобаның нәтижелері па­ра­финдік мұнайды жинау және тасымалдау бойынша кәсіпорындардың мұнай құ­бырларына қолданылатын болады. Ғалымдардың айтуынша, болашақта бұл мұнай-газ өнеркәсібін және мұнай-химия өндірісін дамытуға, жаңа отандық депрессорлық реагенттердің шағын өнді­рісін іске қосуға және Шым­кент қа­ласы, Түркістан облысы сияқ­ты халық тығыз ор­на­лас­қан өңірлерде жаңа жұмыс орын­дарын ашуға ықпал етеді.