Президент кезекті Жолдауында елдегі халықаралық дәліздерді тиімді пайдалануға қатысты ұтымды ойларын айтты. Ол еліміздің жаһандық көлік дәліздерімен интеграциялануы қамтамасыз етіліп, Азия мен Еуропаны байланыстырған Қазақстанның тарихи мәртебесі қалпына келтірілгенін меңзеді. Дегенмен бұл саладағы бәсекелестік өте күшті екенін бұған дейін ескерткен еді. Орталық Азия өңірінде пайда болған баламалы жобалар Қазақстанның көлік әлеуетін төмендетуі мүмкін екенін жоққа шығармаған. Ел жолшылары Мемлекет басшысының үмітін ақтап, күдігін жою үшін қандай жұмыс атқарып жатыр? Бүгінгі сөз сол туралы.
Көлік министрлігінен алған ақпаратқа қарағанда, жыл соңына дейін реконструкциядан өткен 1 мың шақырымнан аса жол пайдалануға беріледі екен. Оның қалай жүзеге асырылып жатқаны жөнінде нақты атқарылған істерге жіті назар аударғанды жөн көрдік.
Қазір республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар жалғасып жатыр. Биыл 6,4 мың шақырым автожол жол-құрылыс жұмыстарымен қамтылды, соның 3,6 мың шақырымы – қайта жаңарту болса, 2,8 мың шақырымы – жөндеу жұмыстары. Аталған жобаларда 8 мыңнан аса жол-құрылыс техникасы мен 12 мың маман жұмылдырылыпты.
Атқарылған істердің қорытындысына қарасақ, 1 мың шақырымнан аса автожолдарды қайта жаңарту жұмыстары аяқталған. Енді ол учаскелер бойынша қозғалысты ашып, жыл соңына дейін 856 шақырымын пайдалануға беру көзделген. Бұдан бөлек, тозу қабатын қалпына келтіру бойынша ортамерзімді жөндеу жұмыстарын жүргізу қорытындысы бойынша 826 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланған.
Бұл ретте жобаларды іске асыру барысында жол-құрылыс жұмыстарының қымбаттауына және жобаны түзетуге байланысты қиындықтар туындады. Оған жұмыстарды аяқтаудың жалпы мерзімдеріне әсер еткен қосымша уақыт жұмсалды. Атап айтқанда, батыс өңірлердегі жобаларға 1 мың шақырымнан аса тасымалдау қашықтығына байланысты теміржол көлігімен инертті материалдарды жеткізудегі тапшылық пен күрделілік айтарлықтай әсер еткен. Дегенмен жолшылар айналма жолдарды қысқартып, жаңа асфальт арқылы қозғалысты ашуға барынша күш салып отыр.
Әр жобаға жеке тоқталар болсақ, «Орталық – Оңтүстік» дәлізі – жалпы ұзындығы 946 шақырым. Бүгінгі таңда 74%-ында қозғалыс ашылған. Жыл соңына дейін тағы 200 шақырымнан астамын пайдалануға беру көзделген. Қалғаны – жоспар бойынша келер жылдың еншісінде. Ал «Қарағанды – Балқаш» жолының жалпы ұзындығы – 363 шақырым. Оның 321 шақырымында қозғалыс ашылған. Сондай-ақ 288 шақырымды құрайтын «Балқаш – Бурылбайтал» тасжолының 183 шақырымы ел игілігіне берілген. «Құрты – Бурылбайтал» автожолы 228 шақырым екені мәлім. Бүгінде оның 179 шақырымында көлік жүре бастаған. Бұдан бөлек 67 шақырымнан тұратын «Құрты – Қонаев» учаскесінің де жартысына жуығы жөндеуден толық өтіп болған. «Мерке – Бурылбайтал» жолының ұзындығы – 262 шақырым. Қазір соның 62 шақырымы пайдалануға берілген, оған қоса қозғалыс барлық ұзындығында қамтамасыз етілген. Ондағы жұмыстар келер жылы толық аяқталып, жол магистралі пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Ақтөбе – Атырау – РФ шекарасына (Астраханьға) тартылған 732 шақырым тасжолдың бүгінгі таңда 630 шақырымнан астамында жаңа жабын бойынша қозғалыс іске асырылды. Бұйыртса жыл соңына дейін қалған 102 шақырым жол бойымен жаңа жабыны бар қалған учаскелерде де қозғалыс ашылып, 382 шақырымнан астамын толық пайдалануға береді деген үміт бар.
Жоба 2023-2024 жылдары кезең-кезеңмен аяқталып, пайдалануға беріледі. Енді әр жол телімінде не тірлік болып жатқанына да тоқталып өтсек.
«Ақтөбе – Қандыағаш» – ұзындығы 96 шақырым, қозғалыс 68 шақырымы бойынша іске асырылуда.
«Қандыағаш – Мақат» – ұзақтығы 359 шақырым. Негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Нысан осы жылдың соңына дейін пайдалануға беруге дайындалуда.
«Атырау – РФ шекарасы (Астраханьға)» – ұзындығы 277 шақырым, қозғалыс пайдалануға берілген 20 шақырымдық учаскені қоса алғанда, 204 шақырымда ашылған. Жыл аяғына дейін қозғалысты толық ашу және 40 шақырымын пайдалануға беру жоспарланып отыр.
«Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» – ұзақтығы 768 шақырым. Жоба бойынша қозғалыс жаңа жабын бойынша 670 шақырымға жуығында қазір көліктер жүріп жатыр. Енді осы жыл аяқталғанға дейін жаңа жабыны бар учаскелер бойынша қозғалыстарды ашу жоспарланып отыр. Негізі жұмыстардың толық аяқталып, жобаның пайдалануға берілуі 2024 жылға көзделген.
«Үшарал – Достық» – ұзындығы 180 шақырым. Негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, нысан осы жылдың соңына дейін пайдалануға беруге дайындалуда. Нысанның аяқталуы аймақтың туристік кластерінің дамуына оң әсер етеді және Қытай елімен шекараға кедергісіз өтуді қамтамасыз етпек.
Тағы бір маңызды жобалардың бірі Батыс Қазақстан облысындағы ұзақтығы 245 шақырым болатын «Қазталов – Жәнібек», «Өнеге – Бейсен – Сайқын» күрделі жөндеу жобасы. Қазіргі кезде қозғалыс 185 шақырымға жуығында іске асырылып жатыр. Мұнда да жыл соңына дейін жаңа жабыны бар жол телімдерін де қозғалыс ашу жоспарланған. Жалпы, жұмыстары алдағы жылы толық аяқталып, жобаны пайдалануға беру көзделіп отыр.