Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауындағы негізгі тақырыптардың бірі – Қазақстанда сенімді индустриялық базаны жедел құруға қажеттілік. Экономиканың қозғаушы күші ретінде индустрияландыруға мұндай екпін беру Қазақстанның саяси алаңындағы тосын жаңалық емес.
Дегенмен Президенттің ауыр машина жасау, уран байыту және автокомпоненттер сияқты секторлардағы өсуді жеделдетуге шақыруы экономиканы әртараптандыруға талпыныстың артқанын көрсетеді. Оның үстіне, алғашқы үш жылда шетелдік инвесторларға да, отандық инвесторларға да салықтық жеңілдіктер беру туралы ұсыныс Қазақстанның осы маңызды салаларға қомақты инвестиция тартуға ниет танытып отырғанын айқын аңғартады. Бұл қадам тікелей шетелдік инвестицияны көбейтіп, аталған елде қызмет жасауға немесе кәсібін кеңейтуге құлықты бизнес өкілдеріне мүмкіндік береді. Осылайша, бәсекеге қабілетті орта қалыптастырады, жаһандық үрдіске сай дамуға жол ашады.
Мемлекет басшысы Тоқаевтың салық-бюджет және ақша-несие саясатын үйлестіруге шақыруы тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізуге тырысқанын байқатады. Ішкі жалпы өнім көлемін 6-7 пайыздық деңгейде өсіру оңай шаруа емес. Бірақ бұл Қазақстанның ұзақмерзімді дамуы үшін қажет. Бұған қол жеткізу инфляция мен қаржылық тұрақсыздыққа қауіп төндірмей, экономикалық белсенділікті ынталандыру үшін фискалдық және монетарлық құралдарды сақтықпен басқаруды талап етеді.
Президенттің бәсекелестікті арттыру және корпоративтік несиелеуді ұлғайту үшін шетелдік банктерді тартуға баса назар аударуы бизнес үшін капиталдың қолжетімділігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болмақ. Несиеге қол жеткізуді ілгерілету кәсіпкерлік пен бизнесті кеңейтуде маңызға ие. Бұл өз кезегінде экономикалық өсуді ынталандырады.
Шағын және орта кәсіпкерлік – кез келген экономиканың тірегі. Президент Тоқаевтың осы салаларды қолдау жөніндегі ұстанымы мақтауға тұрарлық. Активтерді басқарудағы ашықтықты арттыруға және шағын бизнестің шоғырлануын ынталандыруға бағытталған бастамалар бәсекелестікті теңестіруге және нарықтағы монополияны азайтуға көмектеседі. Тұрақты және серпінді экономика үшін жеке сектордың өсуі мен әртараптандырылуы өте маңызды.
Тоқаевтың тұрақтылық пен қоршаған ортаны қорғауға баса назар аударуы таза энергия көздеріне жаһандық ұстаныммен сай келеді. Қазақстанның жаңартылатын энергия көздерінің әлеуетін арттыру және сутегі өндірісін дамыту жоспары энергетикалық саясаттағы тың көзқарасты аңғартады. Атом электр стансасын салу бойынша жалпыхалықтық референдум өткізу туралы ұсыныс энергетиканы жауапты және ашық дамытуға ұмтылыстың айқын үлгісі. Осылайша, АЭС-ке қатысты шешім қазақстандықтардың қалауы мен мүдделеріне сай келмек.
Қазақстанның ақпараттық технологияға бағдарланған ел болуға ұмтылуы жаһандық үрдістерге сәйкес. Президент Тоқаевтың Қазақстанның электронды үкімет пен финтех технологияларды дамыту саласындағы әлемдік көшбасшылардың қатарында екенін мәлімдеуі елдің цифрлы саладағы әлеуетінен хабар береді. Қазақстан 2026 жылға қарай ІТ-қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға дейін ұлғайтуды мақсат етіп отыр. Осылайша, шетелдік ірі IT-компаниялармен серіктестік орнату арқылы технология секторының экономикалық әлеуетін пайдалануға тырыспақ. Қазақстан ақпараттық технологияға бағдарланған елге айналуы керек деген ұстаным цифрлық трансформация дәуіріне сәйкес келеді. Ірі шетелдік ІТ-компаниялармен серіктестік орнату арқылы ІТ-қызметтерінің экспортын арттыруға мүмкіндік бар.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстанды Еуразиядағы ірі транзиттік хабқа айналдыру жөніндегі көзқарасы елдің экономикалық өсімі үшін өте маңызды. Құрғақ порттар мен контейнерлік тораптар сияқты көлік инфрақұрылымына инвестиция салу аймақтағы сауда мен байланысты жеңілдету өзекті. Бұған қоса, көрші елдермен, соның ішінде Ресей, Қытай, Орталық және Оңтүстік Азия елдерімен дипломатиялық қарым-қатынастарды сақтау бұл пайымды жүзеге асыру мүмкіндік береді. Қазақстанның стратегиялық орналасуы аймақтағы сауда жолдарының тірегі етеді. Осындай қарым-қатынастарды нығайту айтарлықтай экономикалық мүмкіндіктер ашуы мүмкін.
Облыстық деңгейдегі аудандар мен қалалар әкімдерін сайлау туралы шешім жергілікті басқару мен төменгі деңгейде демократияны қамтамасыз ететіні анық. Жергілікті басшылардың өкілеттіктерін кеңейту ресурстарды тиімдірек бөлуге және Қазақстанның әртүрлі аймақтарының нақты қажеттіліктерін қанағаттандыруға бейімделген даму бастамаларына әкеледі.
Сонымен қатар Президент Тоқаев Жолдауында ауыл шаруашылығы мен газдандырудан су қауіпсіздігіне дейінгі салалар қамтылды. Үкіметке экономикалық дамуға, қоғамның қажеттіліктеріне, сын-қатерлерге дер кезінде жауап беруге тапсырма берілді.
Азаматтарды, әсіресе жастарды «Адал азамат» немесе саналы азамат құндылықтарын бойына сіңіруге шақыру мемлекет құрудағы мінез бен адалдықтың маңызын көрсетеді. Бұл құндылықтар – әділетті қоғам құрудың ажырамас бөлігі. Президент Тоқаевтың үкіметке бюрократиялық кедергілерді жойып, экономикалық және әлеуметтік саясатты жүзеге асыруға тапсырма беруі басқаруды және жауапкершілікті тиімді атқаруға жол ашатыны анық.
Тоқаевтың халыққа Жолдауында Қазақстанның экономикалық реформаларының жол картасы көрсетілген. Бұл Жолдау азаматтардың әл-ауқатына, экономиканы әртараптандыруға, тұрақтылыққа, технологиялық жетістіктерге және тиімді басқаруға басымдық береді. Қазақстан халқының өмір сүру сапасын жақсарта отырып, өзін әлемдік аренада серпінді ойыншы ретінде көрсетуге дайын. Бұл реформалардың сәтті жүзеге асуы Қазақстанның гүлденген және әділетті болашаққа деген ұмтылысын көрсетеді.
Мұхаммед Асиф НУР,
Бейбітшілік және дипломатиялық зерттеулер институты Орталық Азия және Еуразияны зерттеу орталығының директоры