• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Экономика 14 Қыркүйек, 2023

Жолдаудың өзегі – экономика

173 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған мәселелердің дені әлемнің көптеген еліне тән. Құжатта еліміздің даму жағдайына баға беріліп, алдағы жылдарда кезек күттірмейтін іс-шараларды жүзеге асыру жолы ұсынылды. Елімізде мұндай үрдіс 1996 жылдан бастау алғанынан барша жұрт хабардар.

Өткен Жолдауларда белгіленген бастамалар бойынша әлеуметтік-экономикалық дамуда мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы көтеріліп, халықтың біразы өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану арқылы баспаналы болды, ден­сау­лы­ғын түзетті. Денсаулық сақтау нысандары мен мектептер бой көтерді. Елге кең ауқымда ТШИ тартылып, сыртқы сауда деңгейі өсті. Ал бұл жолғы маңызды құжатта Мемлекет басшысы алдағы үш жылда елдің дамуына қатысты өзекті мәселелерді қаузады.

Жолдауда: «Мен экономика са­лаларындағы ре­фор­малардың не­гізгі бағыттарын ай­қындап бердім. Оның бәрін табысты жүзеге асырудың бас­ты шарты – макроэкономикалық тұрақтылық. Бұл – аксиома. Қаржы, салық-бюд­жет және ақша-несие сая­сатын үй­лес­тіру керек», деп алға қойылып отыр­ған міндеттердің ішінде елдің мак­ро­экономикалық саясатын қайта қа­рап, жаңарту қажет екеніне баса назар аударды.

Инвестиция тапшылығы экономи­ка­ның өсуіне кері әсер етеді. Негізі елдегі өнеркәсіптік капиталға қаражат құю басты назарда тұруы қажет. Бірақ банктер бұл үдеріске белсенді атсалыспай отыр. Салдарынан Үкі­мет қаржыландыру ісіне арала­сады. Ал бұл нарықтық экономика қа­ғидаларына сай келмейді. Елі­міздегі банктердің нақты сектордан гөрі тұтынушылық несиеге ба­сымдық беретіні көпшілікке мәлім. Мұның салдары жылдан-жылға анық байқалып келеді. Мәселен, отандас­та­ры­мыздың басым көпшілігі қарызға белшесінен батып жүр. Осы мәселені реттеу мақсатында биыл «Жеке тұлғалардың төлем қабілеттілігін қал­пына келтіру туралы» заң қабыл­данған болатын. Бұл бағытта жүйелі іс-шаралар қабылданып, тұрғын­дардың қаржылық сауатын арттыруды белсенді жалғастыру қажет.

Қазір елімізде «Қарызсыз қоғам» жобасы іске қосылды. Бұл жоба ха­лық­тың көп қарыздану мәселесін шешу, банктердің корпоративтік саланы несиелеуге ден қоюына бағыт­тай­ды. Банк активтерін елдің эконо­микалық айналымына қосу үшін арнайы іс-шаралар қабылданып, жү­йелі жүзеге асырылуы экономикаға серпін береді. Өйткені Жолдауда ай­тылғандай елдегі 21 банктің тек бірнешеуінің экономикалық жобаларды қаржыландыруы бұл секторға тың өзгерістер қажет екенін көрсетеді.

Сондай-ақ Президент Ұлттық қор қаражатын пайдалануды да оңтай­ландыру мәселесіне көңіл бөліп, қар­жы­ландырылатын стратегиялық жобаларды іріктеуде дұрыс сараптама жасау қажет екенін ескертті.

Тағы бір үлкен мәселе – жұмыс істеп тұрған екі қор биржасының тиім­ділігін арттыру. Олардың әлеуетін бірік­тіру арқылы ішкі қаржы нарығын реттеуге болады. Шетелдегі осындай құ­рылымдармен салыстырсақ, қор бир­жасының жұмысы шынымен де әлсіздеу.

2009 жылдары бюджет жүйесін реформалау кезінде нәтижеге бағдар­лан­ған бюджетті құру көзделген еді. Жолдауда соны қайта жандандырып, бюджетке емес, нәтижені басқаруға басым мән беру қажеттігі айтылды. Осы мақсатқа қол жеткіз­генде бюд­жет­тегі ашықтық, қоғам алдын­дағы жа­уапкершілік пен дербестік қағи­далары орындалады деп санаймын.

Бұған қоса 1995 жылдан бері салық жүйесі реформаларға, өзгерістерге ұшырап, бизнестің өркендеуіне кедергі келмейтіндей, халықтың әл-ауқаты төмендемейтіндей оңтайландыруға басым мән беріліп келеді. Мемлекет басшысы Жолдауда: «Мен бұдан бұрын экономиканың түрлі секторындағы салық мөлшерлемесін саралау тура­лы айтқан едім. Бұл шара салық жүктемесін өндірістің күрделілігіне қарай бөлуді қамтамасыз етеді», деп бизнесті дамытуға салық жүйесінің кері әсері болмайтындай, салық жеңіл­дік­тері берілу керек екенін тағы бір шегелеп өтті.

Экономикадан басқа жалпы қоғам­дық дамуға қатысты ойын тұ­жы­рым­дай отырып, Президент: «Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырым­да­масының түпкі мәні – осы», деп Қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастырудың маңызын айқындап берді. Шынымен де еліміздің өсіп, өркендеуіне атсалысу – бәріміздің ортақ парызымыз.

 

Эльмира ӘДИЕТОВА,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті экономика және құқық факультетінің деканы