• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әлем 18 Қыркүйек, 2023

Ыстанбұл мемлекеттік университетінде халықаралық форум өтті

459 рет
көрсетілді

11-15 қыркүйек аралығында Ыстанбұл мемлекеттік университетінде IASA халықаралық дыбыс және аудиовизуалды мұрағаттар қауымдастығының және ICTMD дәстүрлі музыка және би жөніндегі халықаралық Кеңесінің қазіргі заманның ең маңызды мәселелерінің бірі - адамзат мәдени мұрасын сақтау мен қорғауға арналған «Аудиовизуалды мұраны сақтау және қорғау мақсатында бірлескен» халықаралық форумы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ыстанбұлда өткен IASA-ICTMD бірлескен форумында  ынтымақтастықты дамыту мәселесіне кеңірек үңіліп, жаһандық өзгерістер жағдайында аудиовизуалды мәдени мұраны сақтау және қорғау саласында серіктестік байланысты нығайта отыра оның (Дәстүрлі музыка) әлеуеті мен тарихи материалдарды құжаттау және мұрағаттау саласында тиімді басқару тетіктері талқыланды. «Түркия мен Түркі әлеміндегі мұрағаттық зерттеулер мен аудиовизуалды мұрағаттардың өткені мен болашағы» тақырыбын форумның басты бағыты ретінде қарастырды.

Форумда Ыстанбұл университетінің ректоры, профессор Осман Бюлент Зульфикар, ICTM Президенті Сванибор Петтан, IASA Президенті Тре Берни, Түрксойдың бұрынғы Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов сөз сөйледі. Халықаралық IASA-ICTM форумына әлемнің 50 елінен 400-ден астам зерттеуші ғалымдар, ғылыми орталықтар мен дыбыстық мұрағат басшылары, танымал дәстүрлі орындаушылар мен би ұжымдары қатысты. Форум бағдарламасы аясында дөңгелек үстелдер мен пікірталастар, воркшоптар мен шеберлік сағаттарын қоса қамтыды.

Халықаралық дыбыстық және аудиовизуалды мұрағаттар қауымдастығы (IASA) — әлемдік дыбыстық және аудиовизуалды мұраны ұзақ мерзімді қорғау, қол жеткізу және сақтау стандарттарын белгілейтін кәсіби қауымдастық.

Халықаралық дәстүрлі музыка және би кеңесі (ICTMD) — ЮНЕСКО-мен ресми консультативтік қарым-қатынаста болатын үкіметтік емес ғылыми ұйым, оның мақсаты барлық елдердің дәстүрлі музыкасы мен билерін одан әрі зерттеу, тәжірибе алмасу, құжаттау, сақтау және насихаттау болып табылады.

IASA-ICTMD форумының аясында Түркі әлемінің көрнекті музыканттары мен бишілерінің концерті өткізіліп, көрмелер ұйымдастырылды. Концертке түркі елдерінің белгілі әртістері - Роза Аманова (Қырғызстан), Раушан Оразбаева, Ерлан Рысқали, Қайрат Айтбаев, Ернар Өмірәлі (Қазақстан), Мугам ансамблі – Сабина Арабли, Рашад Ибрагимов, Сиявуш Каримов, Табриз Юсубов (Әзербайжан), сондай-ақ Түркияның мәдениет және туризм министрлігінің мемлекеттік халық би ансамблі мен «Irfan ve Meydan meşkleri» тобы (Түркия) өнер көрсетті.

2008-2022 жылдар аралығында халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы қызметін атқарған профессор Дүйсен Қасейінов өз сөзінде: «Түркі әлеміне кіретін бауырлас халықтар үшін көкейкесті мәселелердің ішіндегі ең маңыздысы ортақ дәстүрлі мәдени мұраны қорғау және сақтау болып табылады. Тамыры бір ортақ дәстүрлі мәдениетіміздің қадірін ұғынып, зерттеп, зерделеп, өскелең ұрпаққа саф күйінде аманаттап, асыл мұрамызды  болашақ игілігіне жарату өте маңызды. Бұл мәселелер оң шешімін тапса Түркі баласының өнері мен мәдениетінің болашағының жарқын болары ақиқат»,  деп түйіндеді.