Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауы негізінен экономиканы өркендетуге, халықтың әл-ауқатын арттыруға арналды. Соның ішінде, ауыл шаруашылығын дамыту жолында шикізатты өңдеп сату міндетін алға қойып: «Біздің стратегиялық мақсатымыз – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет», деді. Бұл тапсырманы орындау үшін елімізде қандай мүмкіндіктер бар, қандай өзекті мәселелер алдымызда тұр? Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында осы мәселеге кеңінен тоқталды.
– Жақып Қажманұлы, Мемлекет басшысы Жолдауда ел экономикасының дамуы, халықтың әл-ауқатын көтеруге қатысты маңызды ұсыныстар айтып, нақты тапсырмаларды белгілеп берді. Соның бірі – ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге басымдық беру қажеттігі туралы бастама. Елімізде бұл саланың әлеуеті қандай?
– Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу расында да аса маңызды, тіпті біз үшін стратегиялық бағыт дер едім. Неге? Біріншіден, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу – ең алдымен, елімізді асырайтын сала. Күнделікті жеп отырған тамағымыз бен тұтынатын тауарымыз. Ол – халқымыздың саламат-саулығы, өмір сапасы. Тек азық-түлік емес, жалпы ұлтымыздың қауіпсіздігі. Екіншіден, бұл сала – өңірлерді дамытатын негізгі қозғаушы күш. Халқымыздың 40 пайызы ауылдық жерде тұрады. Әр үшінші отандасымыз ауыл шаруашылығында жұмыс істейді. Егер қолда бар осы әлеуетімізді дұрыс және ұтымды пайдалансақ, біз бұл саланың жаңа қырларын аша түсеміз. Ол үшін елімізде қажетті барлық ресурс жеткілікті.
– Өнімдерді қайта өңдеу бүкіл ауыл шаруашылығы саласы үшін драйвер бола алады деген пікір бар. Сіз қалай ойлайсыз?
– Жақында іссапармен Израильде болдық. Халық саны бізден екі есе, аумағы – 122 есе аз. Біздің бір орташа аудандай ғана. Бар болғаны 22 мың шаршы шақырым. Ақмола облысындағы Ерейментау ауданымен бірдей. Жері негізінен құмды, шөл дала. Құнарсыз. Оның үстіне соғыс жағдайында өмір сүріп жатыр. Соған қарамастан, тек өзін емес, біраз елді ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Диқандар жаңа технологияларды пайдаланып, егістерін тамшылатып суарады. Сөйтіп, мол өнім алады. Соның арқасында кішкентай ғана мемлекет бүкіл дүние жүзіне жеміс-жидек, көкөніс өнімдерін сатып келеді. Бізге үлгі болатын мұндай елдер аз емес. Біз де азық-түлікті сырттан тасымай, өз-өзіміз қамтамасыз етуге әлеуетімізді толық пайдалануымыз керек.
Ішкі нарықты қамтуға да, экспортты арттыруға да отандық өндірушілердің шамасы жеткілікті. Ол үшін аграрлық сектордың алға жылжуына барынша жағдай жасауға міндеттіміз. Тер төгіп, жұртымызды етпен, сүтпен қамтамасыз етіп жүрген фермерлер үшін мемлекеттік қолдаудың түрлері үнемі дамып отыруы керек. Бұл қадамдардың бәрін ауыл еңбеккерлерімен талқылап, солардың ұсыныс-пікірлерін ескерген дұрыс. Қайта өңдеу өндірісін дамытып, импортты өзіміздің өнімдермен ауыстырудың маңызы өте зор.
Мемлекет басшысы «Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы» деген болатын. Көршілес елдер тарапынан біздің өнімдерге сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Осы сұранысты сауатты пайдалана білсек, ұтарымыз көп.
– Өңдеу саласын дамыту үшін кедергі болып тұрған негізгі мәселелер қандай?
– Ашығын айту керек, елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесі төмен. Нақты салаларды алсақ, ұн өндірісі – 17, сүт өнімдері – 16, ет өнімдері – 16, өсімдік майы – 8, қант – 4, жарма 2 пайыз. Президент алдағы үш жылда агроөнеркәсіп кешенінде қайта өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға жеткізу туралы міндетті алға қойды. Мәселен, астық өндіру саласын алайық. Он бес жыл бұрын ұн өндіру жағынан еліміз әлемде көшбасшы болатын. Сол кезде елімізде ұн өндіретін 270 кәсіпорын жұмыс істеп тұрды. Қазір солардың үштен бірі ғана қалды. Оған себеп – нарықтағы бәсекенің артуы. Бұл жағдайда біз екі жолдың бірін таңдауымыз қажет: не халықаралық нарықтағы орнымызды қайтару, не ұнды терең өңдеуге көшу.
Терең өңдеудің алғашқы өңдеуден айырмашылығы неде деп сұрауыңыз мүмкін. Астықты алғашқы өңдеуден жарма, ұн аламыз. Өңдеушілердің көбі осымен шұғылданады. Оның орнына біз өндірушілерді астықты терең өңдеуге ынталандыруымыз қажет. Сонда қосымша құны жоғары өнімдер, атап айтқанда, глюкоза-фруктозалы сироп, амин қышқылдары, лизин, дәрумендер, тамақ қоспалары, биополимерлер, т.б. көптеген өнімді алатын боламыз. Цифрмен айтсақ, бағасы 102 мың теңге тұратын бір тонна астықтан өңдеу арқылы 146 мың теңге тұратын ұн аламыз. Ал сол бір тонна астықты терең өңдеп, жаңағы айтқан сироп, лизин, крахмал өндірсек, шамамен 585 мың теңгенің өніміне қол жеткіземіз. Қайта өңдеу саласының әлеуетін осыдан-ақ көре беріңіз.
Қантқа келетін болсақ, елімізде отандық шикізаттан өндірілген қанттың көлемі жалпы тұтынудың 10%-нан аспайды. Өкінішке қарай, мемлекеттік бағдарламаларда қант қызылшасынан басқа балама өнімдерден қант алу туралы ештеңе қарастырылмаған. Тек қызылша қантын өндіру арқылы Ресейдің тәжірибесін қайталаудың қаншалықты қажеті бар? Мысалы, жүгері дақылдарынан крахмал шырынын алу технологиясын неге қарастырмасқа? Жүгері ұзақ жылдар бойы елімізде табысты өндіріліп келе жатқан, жерге де, ауа райына да бейім дақыл екені белгілі. Мамандар да жеткілікті. Крахмал негізінде глюкоза-фруктоза шәрбаты шығарылады және оны сусын зауыттарында, кондитер фабрикаларында, кулинарлық цехтарда қант орнына пайдалануға болады. Ғалымдардың зерттеуінше, дәнді жүгерінің 1 гектарына кететін өндірістік шығын 400 мың теңгені құрайды. Ал қант қызылшасына кететін шығын – 850 мың теңге. Сондай-ақ дәндік жүгеріден шырынның шығымдылығы 75%-ды құрайды, ал қызылшадан 11% ғана. Яғни ел тұтынатын 650 мың тонна қанттың жартысына жуығын дәнді жүгеріден алуға болатын глюкоза-фруктоза шәрбатына ауыстыруға болады.
– Мемлекет басшысы барынша терең өңделген өнімдерді экспортқа жіберуді қайта-қайта тапсырып келеді. Сол міндетті қалай орындап жатырмыз?
– Біздегі жағдайға көшпес бұрын көршілес Өзбекстанды мысалға алайық. 2020 жылы Өзбекстан мақта шикізатын экспорттауға тыйым салды. Ондағы мақсат – мақтаны қайта өңдеу өндірісін дамыту. Соның арқасында өзбек ағайындар иірімжіп пен мата өндірісін – 2, тігін-трикотаж бұйымдарын – 5,5, шұлық өнімдерін 7 есе арттырған. Қазір Өзбекстанда ең жоғары сұранысқа ие тауар – ол иірімжіп (пряжа). 2021 жылы оның экспорты тіпті алтын сату көлемінен асып кеткен. Яғни алтын 1,3 млрд долларға экспортталса, иірімжіп 1,6 млрд-ға сатылды.
Енді өзіміздегі астықты алайық. Оны көбінесе шикізат түрінде экспортқа шығарамыз. Оның біршама объективті, субъективті себептері бар. Тек біреуіне тоқталайын. Астықты экспорттағаны үшін қосымша құн салығы (ҚҚС) қайтарылады. Бірақ шетелге не шығарсаң да солай. Бидай, ұн, макарон сияқты дайын өнім болсын қайтарылатын ҚҚС бәріне бірдей. Әрине, мұндай жағдай өнімді өңдеуге ынталандырмайды.
Ет өнімдері бойынша да өзекті сұрақтар көп. Ең маңыздысы – ол ветеринарлық қауіпсіздік. Бұл жағдай үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Өткенде ғана Халықаралық эпизоотиялық бюро елдегі сиырларда аусыл ауруы бар деп мәлімдеді. Бұл – отандық ет өнімдерін экспорттауға үлкен тосқауыл. Сондықтан министрлік осы мәселені тез арада шешпесе, жағдай қиындайтыны сөзсіз.
Мәселенің тағы бір тобы – өндірушілерге берілетін мемлекеттік қолдау. Халықаралық тәжірибені алсақ, мал мен өсімдік шаруашылығының дамуы 80%-ға дейін субсидия бөлуге байланысты. Бұл ретте, субсидия алған субъектілердің өзі «осы қаржыны тиімді пайдаланамыз, өндірісті дамытамыз» деп нақты міндеттеме арқалауы керек. Бір жағынан, жағдай жасасақ, екінші жағынан, олардың да жауапкершілігі күшеюге тиіс.
– Тағы қандай мысалдар келтіре аласыз?
– Малдың терісі мен жүніне қатысты үлкен мәселе бар. Елімізде былтыр 40 мың тонна жүн, 11 млн тері шықты. Бірақ сол жүннің тек 17 пайызы, ал терінің 14-ақ пайызы ғана өңдеуге жіберілген. Сонда қалғаны қайда? Қалғаны иттерге жем болған не қоқысқа тасталған екен. Ал министрліктің айтуынша, мемлекет қаншама қолдау ұсынса да сапалы шикізат өткізушілер аз. Мал шаруашылығы – ауыл халқының негізгі табыс көзі. Неге оларға осы жүн мен теріден пайда көруді үйретпейміз? Неге соған ынталандыратын жағдайды жасамаймыз? Жаппай атаулы әлеуметтік көмек көрсеткенше, одан да неге осыны біртіндеп бастамасқа? Мысалы, бірнеше ауылды жоба ретінде алып, адамдарды осы кәсіпке үйретуге болар еді. Сол тәжірибені кейін бүкіл республикаға таратсақ, пайдасын барлық ауыл тұрғындары көретіні сөзсіз.
– Осындай өзекті мәселеге Парламент тарапынан қандай қолдау көрсетіліп жатыр?
– Биыл маусым айында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселесіне қатысты Сенатта Үкімет сағатын өткіздік. Мақсат – салаға жауапты мемлекеттік органдарды сынап, кемшіліктерді бетке басу емес. Қай тұста олқылық бар? Неге осы саламыз ойдағыдай дамымай жатыр? Заң шығарушы билік ретінде қай жағынан өз үлесімізді қоса аламыз? Қазіргі аса көкейкесті өнім мен өндіріске де заңдық қолдау мен бақылау керек. Осы мәселелер төңірегінде нақты әңгіме жүргіздік. Жиын қорытындысын саралау арқылы алдағы уақытта жасайтын шараларымызды белгілеп алдық. Үкіметке 23 тармақтан тұратын ұсыным бердік. Әрине, қайта өңдеу – қиын да күрмеуі мол сала. Бағыттар өте көп: ет өнімдері, жеміс-жидек пен көкөніс, тері өңдеу, мақта тазалау, сүт, қант, өсімдік майын шығару, балалар тамағын өндіру, нан өнімдерін шығару, малдың жемін дайындау, тағы басқасы.
Сенаттан заңнамалық және әдістемелік көмек болсын деп, Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісімге келдік. Министрлік құрамында Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаменті бар. Онда жаңа айтқан әр бағыт бойынша мамандар нақты жұмыс істеп келеді. Біз әр саланың проблемаларын мамандармен жан-жақты талқылаймыз. Сөйтіп, мәселелерді бірге алға жылжытсақ деген жоспар бар. Бәрімізге керегі – Президенттің талап етіп отырған міндетін орындау, нақты нәтижеге жету.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»