Қазақ мекендеген Түркістан аймағынан немесе сонымен шектес өңірден шығып, түркі және ұлт бірлігіне қызмет еткен тұлғалар аз емес. Олардың есімі қазір көпке мәшһүр: Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Жалау Мыңбайұлы, Сейітқали Меңдешұлы, Мұхамеджан Тынышпайұлы, Әзімхан Кенесарин, Серәлі Лапин, Нәзір Төреқұлұлы, Серікбай Ақайұлы, Дінше Әділұлы, Санжар Аспандиярұлы, Молдағали Жолдыбайұлы, Телжан Шонанұлы т.б. Осы қатардағы айтулы тұлға – Мырза Наурызбайұлы. Ол 20-жылдары Бұхара республикасы үкімет төрағасының орынбасары деңгейіне көтерілген. Кеңес билеген Қазақстан мен Түркістандағы Алаш зиялыларымен жақсы қарым-қатынаста болған.
Бұхарадағы Мырзаның беделі мен ресми қызметі архив құжаттарымен кейде сәйкесіп, кейде сәйкеспей де жатады. Ресми деректе ол 1921-1922 жылдары Бұхара үкіметінде іс жүргізуші, 1922-1924 жылдары орталық қазақ бөлімінің меңгерушісі әрі Орталық атқару комитеті төралқасының мүшесі, 1924-1925 жылдары Жер-орман ұйымдастыру бюросының төрағасы. Бірақ өңір халқы М.Наурызбайұлын «Бұхара үкіметі басшысының орынбасары» деп қабылдап, мақтан тұтқан. Былайша айтқанда, ол қазақ диаспорасының үкіметтегі бірден-бір өкілі еді. Алаш тұлғасы Хайретдин Болғанбай НКВД тергеушілері сұрағына қайтарған бір жауабында: «Біз Бұхара республикасы наркомпрос өкілдеріне жолықтық. Олардың біразын Ташкентте бірге оқыған курстан білетінмін. Негізі, мені Түркістан наркомпросы осы өңірде тұратын қазақтардың жағдайын біліп келуге жұмсаған», – дейді. Бұл деректің астарында Мырза бастаған оқығандар тұрғаны сөзсіз.
М.Наурызбайұлы 1900 жылы қазіргі Түркістан облысы Қызылқұм жеріндегі № 13 ауылда туған. Ауыл моласынан хат танып, мұсылманша мектеп бітірген соң, екі жыл Самарқанд орыс-түзем училищесінде оқиды. Бұл уақытта мектеп-медреселер жаңару яғни жәдитшіл бағытында болғаны мәлім. Бұхараның жаңа заманға сай өзгерістерінің басында Мұхиддин Мансұров, Файзолла Ходжаев, Ұсман Ходжаев, Абдурауф Фитрат бастаған тұлғалар мен «Жас бұхаралықтар» қозғалысы тұрды.
Қызыл әскердің Бұхараға келуі, өздерінше айтсақ, «Бұхараны бағындыруы» өңірдің қоғамдық-саяси дамуын күрт өзгертті. Большевизмге қарсы Орталық Азиядағы бас көтеруді (бұрын «басмашылық» делінді) жүйелендіруге ауыр соққы берілді.
Міне, осы тұстағы Мырза Наурызбайұлы өмірбаянында бірнеше «ақтаңдақ» бар. Әрине, ол ресми ғұмырбаянында Бұхарадағы жоғары лауазымды саяси қызметін т.б. саяси істерін саналы түрде айналып өтеді. Мұның астарында М.Наурызбайұлы және басқа да Бұхара халық республикасының басшылары большевизмді қабылдамағаны мен ресми-бейресми кездесулер т.б. тұр. Мысалы, башқұрттың эмиграцияға кеткен қайраткері Зәки Уәлиди Түркістан кеңестік республикасы басшыларының бірі Тұрар Рысқұлұлы өзі басмашылармен келіссөз жүргізген (Тоган З.В. Воспоминания.Москва: типография №12, 1997). Неге? Байыпты, салиқалы қайраткер елінде, өңірінде болып жатқан оқиғалардың бәріне жіті қарап, жан-жақты бағалап, алысты болжап, шешім шығарады. Әлемнің саяси тарихы осындай.
Айтқандайын, З.У.Тоған естелігінде әйгілі османлы тұлғасы Әнуар пашаның 1921 жылдың ортасында Бұхараға келгені, көмекшісі қазақ ұлтынан болғаны, сондай-ақ басмашылар арасында Ақмоладан барған кәсіби офицер (Мәскеуде оқыған) Қалқаман атты азаматтың жүргені жазылады...
Түрік генералы Бұхараға әу баста қызыл Мәскеудің «батасымен» басмашыларды большевик жағына тарту үшін келсе де, көп уақыт өтпей қандас-діндестерінің көшбасшысына айналады. Сол тарапқа Мырзаның басшысы – ОАК төрағасы Ұсманқожа Полатқожаев та, әскери министр Абдулхамид Арифов та, бірінші Бұхара армиясы қолбасшысы М.Құлмұхамедов те өтеді. 1922 жылы Әнуар паша әскері Бұхараның өзін және көп аумағын бағындырады...
Біздіңше, Мырза Наурызбайұлы осы оқиғалардың бәрінен хабардар еді. Оның 1924 жылғы әйгілі «Орта Азия мен Қазақстанды межелеу» тарихи шарасына Бұхара халық республикасы атынан 5 басшының бірі ретінде қатысуы – елеулі тарихи факт.
Сонымен, ХХ ғасыр басындағы Түркістан өлкесі мен Бұхара халық республикасындағы Мырза Наурызбайұлының қоғамдық-саяси қызметін былайша тұжырымдаймыз:
Біріншіден, М.Наурызбайұлы жәдитше оқып, орысша сапалы орта білім алған көзі ашық азамат ретінде Бұхарадағы қазақ ұлтының жоқтаушысы бола білді.
Екіншіден, заманында озық ойлы «Жас бұқаралықтар» ұйымы жұмысына қатысып, саяси-танымдық деңгейін көтерді, Орталық Азиядағы түркі жастары қоғамдық серпілісінің ішінде жүрді.
Үшіншіден, еңбегімен, танымалдығымен Бұхара халық республикасы үкіметі басшыларының бірі деңгейіне көтеріліп, өз тұсындағы мемлекеттік шаралардың қақ ортасынан табылды.
Төртіншіден, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның шекарасына негіз болған межелеу саясатының әділетті, тарихи-ұлттық қағидатқа сай жүргізілуіне аянбай тер төкті (осы дерекке қатысты тарихи сурет газетімізде алғаш рет жарияланып отыр). Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғалып, ұрпаққа аманатталған ел һәм жер тұтастығын сақтауда қайраткердің лайықты орны бар.
Енді қайраткердің елмен байланысына келейік. Қазақстан мен одан тысқары жерлердегі қазақ жұртына кең тарайтын ресми өлкелік партия комитетінің үні «Еңбекшіл қазақ» газетінде 1924 жылы жарияланған Бұхарадағы алаш жұртының хәлі туралы мақалалары. Олар: «Бұхара қазақтары» (№ 183), «Бұхара қазақтарының хәлі» (№ 207), «Бұхара қазақтарының хәлі һәм алдағы істің пыланы» (№ 224), «Тағы да Бұхара қазақтары туралы» (№ 236). Сонымен бірге осы басылымдағы «Рахым» атымен жарық көрген «Бұхара қазақтарының хәлі» (№ 196), «Орта Азияны ұлт республикаларына айыру һәм екі мемлекетті қосып алу мәселесі» (№ 231) атты материалдарда да М.Наурызбайұлы мәліметтері пайдаланылған деп санаймыз.
Сондай-ақ 1924 жылы 12-17 маусым аралығында Орынборда өткен тұңғыш Білімпаздар съезіне Бұхара мен Хорезм қазақтары атынан қатысып, сөз сөйлейді, ұсыныс беріп, жиын қаулысын жүйелеуге атсалысады.
Тұңғыш Білімпаздар съезі – педагогика, психология, филология (лингвистика, әдебиеттану), фольклористика, мәдениеттану, тарихтану сынды отандық гуманитарлық ғылымдардың бастауында тұрған, осы салаларға ізашар болған жиын.
Тарихи съез басында Қазақстан Орталық комитеті мен оқу комиссариаты атынан – Н.Зәлиұлы, Қазақстан аймақтық партия комитеті мен халық комиссарлары кеңесінен – А.Кенжеұлы, Түркістан оқу комиссариатынан – И.Арабайұлы, Жалпыресейлік кәсіпшілер кеңестері ұйымының Қазақстан бөлімінен – М.Саматұлы, Аймақтық оқытушылар курсынан – Ырысбайұлы, Қазақстан орталық білім кіндігінен – Лебедев, Башқұрт өкіметінен – Ибраһимұлы, Бұхарадағы қазақтардан – М.Наурызбайұлы мінберге шығып, ілтипат-лебізін жеткізеді.
Мырза осы алқалы жиында сарт өлкесіне таман тұратын қазақтардың этнос ретінде құрып бара жатқанын жаны шырқырап айтады. Ол: «Қазір Бұхара өлкесінде жарты миллион қазақ бар. Оларды бұл уақытқа дейін сарттар езіп келді. Жарты миллион қазақ сарттармен араласып отыр. Солар өздерінің қазақ екенін жасырады. Бүкіл Бұхара, Хорезм бойынша кеңес қызметіне 2-ақ қазақ алынып отыр», – деп мысал ретінде әрі қарай сөзін таза өзбек тілінде жалғастырып, сиез уәкілдерінің «жағасын ұстатады».
Жиын барысында емлеге, әліпбиге, пән сөздеріне (терминология), ел әдебиетін жинап, жүйелеуге, оқулықтар әзірлеп бастыртуға, аудармаға т.б. қатысты қадау-қадау ойлар, пікірлер айтылып, орайымен қаулылар қабылданады. Қайраткер Мырза Наурызбайұлы көтерген және шешуге атсалысқан шеттегі қазақтарды ағарту жайы да аса ыждағатпен талқыланады.
Білімпаздар съезі күн тәртібін бекітетін бірінші күнгі жиналыста Бұхарадан келген қайраткердің ұсынысы қаралатын мәселелердің қатарына «Қазақстан республикасынан тыс жүрген қазақтарды ағарту, ана тілінде оқыту шараларын белгілеу» делінген бап енеді.
Жиында «Қазақстан мен Түркістаннан сыртқары қазақ халқын ағарту туралы» деген тақырыпта Міржақып Дулатұлы баяндама жасады. Мұнда жер ыңғайына қарай республикадан алыс отырған қазақтар халінің дұрыс болуы, оқу мен өнерінің артуы өздеріне байланысты емес, мұндағы үкіметке байланысты екені сөз етіледі. Үкімет қазақтармен қатынасты реттеп, оларды ағарту үшін мамандар даярлап жіберуге мүдделі болуға тиісті делінеді.
М.Дулатұлы сөзінен соң шығып сөйлеген шешендердің лебізін жинақтай отырып бұл күнгі мәжіліс төрағасы А.Байтұрсынұлы Қазақстан облыстық ортақшыл комитеті мен халық ағарту комиссариатына өтініш ету үшін уәкілдерге мынандай (М.Наурызбайұлының сұранымына сәйкес) ұсыныстар жасайды: «1.Бұхара, Хиуа қазақтарына қазақ оқытушыларын, өсиетшілерін жіберу. 2.Қазақстанда ашылған мектептерден олардың шәкірттеріне стипендия ашып, орын арнап қою».
Осы екі ұсынысты уәкілдер толық қабылдағаннан кейін, М.Наурызбайұлы шығып: «Арнаулы комиссия құрылуға тиіс», – деп ой айтады. Мұны Х.Досмұхамедұлы қолдайды. Нәтижесінде, үшінші ұсыныс мақұлданады. Онда. «Бұхара, Хиуа қазақтарын аралап, хал-жайын, тілін, ағарту жұмысын жөнге салатын бір комиссия жасалсын. Комиссияға кіретіндер: Қазақстан халық ағарту комиссариатынан – біреу, Бұхара қазақтарынан – біреу, Хиуа қазақтарынан – біреу» делініп жазылады. Комисия жұмысы төңірегіндегі ақпар мен есепті Қазақстан халық ағарту комиссариатына беруге міндеттелді.
Білімпаздар съезіне қатысты М.Наурызбайұлының тарихи қызметін былайша бағалаймыз:
Біріншіден, Мырзаның санаулы ғана адамдардың ішінде қазақтың тұңғыш ғылым жиынына шақырылуы оның қайраткерлік қана емес, зиялылық (парасат иесі, өлкесіне абыройлы азамат) беделін көрсетеді.
Екіншіден, съездегі қайраткердің баяндамасы, жарыссөзге шығуы, ұсыныс беруі оның біліктілігін, жауапкершілігін, батылдығын айқындайды.
Үшіншіден, тарихи съездің барысындағы, алды-артындағы оқиғалар М.Наурызбайұлының көрнекті Алаш зиялыларымен тығыз байланыста болғанын аңғартады.
Осы ретте республикалық басты газет – «Еңбекшіл қазақта» жарияланған мақалалары қайраткердің ұлт тағдырына байланысты ойының деңгейін айқындай түседі.
Айталық, Бұхара қазағының тарихи жолы туралы былай дейді: «Бұл қазақтар мұнан 143 жыл бұрын келіп орныққан. Бірақ Қызылжар, Есіл дария жағынан көшіп келгенін, түбінің қазақ екенін аздап біледі. Бұлардың көбі найман, қаңлы, тама, қыпшақ болады». Әлгі межені есептеп жіберсек, 1781 жыл шығады.
Жоғарыда жалпы Бұхара халқы құрамының бүгінгі ресми деректерде жүрген «қазақсыз» кейпін келтірдік. Бұған байланысты Мырза: «Бұхара республикасының қарамағында 375 мың қазақ бар. Бірақ айтуға ғана болмаса, іс жүзінде барлық Бұхар топырағында жасаған 3 миллион халықтың 8-ден бірі болып сыбағалы еншісін ала алмаған халық» деп жазады.
Мәселені шешу үшін М.Наурызбайұлы Бұхарада қазақ облысын ашып, оған Қазақстан мен Түркістаннан ұлт мамандарын шақырып, білім жүйесі мен билік жүйесін елдік мүддеге сай құрып, дамытуды ұсынады. Осы арқылы Орталық Азиядағы межелеудің қиындығы мен күрделілігін меңзейді. Қайраткердің мақалаларында «өзбек болып кеткендерді қазақ қылу» деген бүгінгі оқырманды селт еткізетін ой айтылады...
Мырза бас газет жүзінде бөліскен бір материалында Ауғанстан шекарасына таман отырған қазақтарды большевиктерден қашқан Бұхара әмірі «әскерге бір жегіп» қинағанын, ал кейін «қызылдар» сол үшін олардың бар мал-мүлкін тартып алып қаңғыртқанын жазады.
Баспасөз мақалаларынан шығатын қорытынды: а) қайраткер большевиктік өкіметтің әлеуметтік және ұлттық теңдік ұранымен жүргізіп отырған саясатының кереғар жайын көрсеткен; ә) жаңа саяси биліктің жергілікті жерлердегі бұрмалаушылықтарын сипаттаған; б) Ресей отаршылдығы мен әлемдік империализмнің құрбаны болған Бұхараның қилы тағдырын баяндаған; в) қиырдағы қазақ этносының тіршілік үшін күресі, үлкен саясаттың диірменіне түсуі әуезеленеді; г) бүгінгі тілмен айтқанда, диаспораны саяси және рухани басқару, дамыту мәселелері қарастырылады.
Тұтастай алғанда, М.Наурызбайұлының 20-жылдары БАҚ-та жарық көрген материалдары – қайраткер өмір сүрген кезеңнің айнасы, күрделі уақыттағы ұлт тағдырының жылнамасы дей аламыз.
Қайраткер – елдің қамын, ұлттың тағдырын ойлауымен ғана емес, соның жолында күресуімен және нақты істер атқаруымен қайраткер. 1924 жылы 19 тамызда Ұлттық межелеу комиссиясы атынан Лукьянов төрағалық еткен отырыс өтеді. Оған Бұхара республикасынан Санджанов, сондағы қазақ бөлімі атынан Наурызбайұлы қатысады (хатшысы – Фокин). Күн тәртібінде – «Қазақ республикасында тұратын қазақтарға автономиялық облыс бөлу туралы» (мәселе де өте қитұрқы құрылған. Орысшасы «О выделении автономную область киргиз, живущих в Кирреспублике»). Сұрақ туады: осы арқылы «қазақ Бұхараға көшіп келген» деп тұр ма? Әлде ... одан да нәзік саяси мәселе ме?
Отырыстың мазмұнына келейік. Санджанов айтады: «Бұхарада бар-жоғы 30 мың қазақ тұрады» деп. Наурызбайұлы бұған: «Жоқ, 360 мың қазақ тұрады» деп дау айтады. Лукьянов екеуін тексермек болып: «Қазақтар Құрылтайға неше делегат жіберуші еді?» деп сұрайды. Санджанов: «5-10 адам ғана» деп азайтып көрсетеді. Наурызбайұлы: «Дұрыс емес, 22 адамға дейін жіберілді» деп нақтылайды. Санджанов: «Өзбек республикасы ішінде қазақ уалаятын құруға қарсы емеспіз» десе, Наурызбайұлы: «Біз Өзбек республикасы ішінде қазақ автономиялық облысын құруды талап етеміз!» деп табандап тұрады.
Ақыр соңында отырыс төрағасы Лукьянов Санджанов жағына жығылып, уалаятты (аудан мәртебесінде) қолдап шығады (Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарих архиві, 62 қор, 2-тізім, 109-іс, 73-парақ). Бірақ тарихта хатталып қалған осы тайталастың өзі Мырза Наурызбайұлының ұстанымын, беделін, елшілдігін аңғартады.
«Орманды қорғайтын арыстанды орман да қорғайды» деген сөз бар. Бұхара республикасының ОАК мүшесі Орталық Азиядағы осы мемлекеттік құрылым жойылғаннан соң, 1924-1926 жылдары Орынбордағы жұмысшы факультетін (рабфак) бітіреді. Сірә, ол Алаш зиялылары дәріс оқыған Қазақ халыққа білім беру институтының (КИНО) құрылымы болса керек. Бұдан соң Қазақстанға келіп, Арыс аудандық жер бөлімін басқарады. Ресми ғұмырнамасында «1929-1932 жылы Орталық Азия мақта-ирригация институтында оқып, 4-курста түбіркүлез болып шығып қалдым. 1932-1935 жылдары Түркістанда агроном, жер бөлімі басшысы қызметін атқардым. 1935 жылы Жер халкомының шешімімен Қырғызстанның Жалалабадына агроном-жоспарлаушы болып ауыстым. 1943-1949 жылдары Қырғыз КСР Мемлекеттік бақылау саласында жауапты қызмет атқардым. 1949-1953 жылдары КСРО Мемлекеттік бақылау органы Қырғызстан тобында ІІ дәрежелі мемлекеттік бақылаушы болдым...» деп жазады. Бұл құжаттың да бір «ақтаңдағы» анық. Ол – 1932 жылы институттан амалсыз кетуі. Естеріңізде болса, дәл осы шақта 40-тан аса Алаш қайраткері НКВД-ның саяси айыбымен біразы атылып, көпшілігі түрлі мерзімге кесілген болатын. Сол тергеу құжаттарында М.Наурызбайұлы есімі талай мәрте аталды...
Шымкент мұрағатынан табылған материалдарда «М.Наурызбайұлының 1929-1930 жылдары Мойынқұм және Түлкібас аудандық атқару комитетін басқарып, аяғында партиядан шығарылып, қызметтен алынғаны» көрсетілген. Партиядан шығару ісінде «Бұхарада 1,5 жыл түрмеде отырғаны, қазақ пен қырғыз жайылымдарын үйлестіретін Жайлау комитеті төрағасының орынбасары болып жүріп қарауындағы мәселеге таптық тұрғыдан қарай алмағаны» қылаң береді. Осының өзінде ілгеріде айтқан «өмірбаян құпиясының» (большевизмге қарсы Орталық Азия бас көтеруімен, Алаш қозғалысымен мүдделес болғаны) астары аңғарылады.
Айталық, 1929 жылы Қазақстаннан Өзбекстанға кету себебін – сол уақытта елде Алаш зиялыларының тұтқындала бастауымен түсіндіруге болады. Ал, 1937 жылы Қырғызстанға кетуін – 1934-1935 жылы айдаудан келіп, шамасына қарай әр жерде жұмыс істей бастаған ұлт тұлғаларының қайта ұсталып, қатаң репрессиялануымен (атылуымен) сәйкестендіре аламыз.
Кейде өте тосын салыстырулар жасауға тура келеді: қайраткер Мырза Наурызбайұлының тағдыры – күштеп жойылған Бұхара халық республикасының тағдырына немесе сұраусыз қалып, кісәпірліктің шеңгеліне ілінген сол өңірдегі қазақ ұлтының тағдырына ұқсайды...
М.Наурызбайұлы 1953 жылы Оңтүстік Қазақстанға келіп, екі жылдай сол кездегі Киров ауданының Фрунзе кеңшарының директоры болған. Бұл – тәубаға келген кеңестік «жылымықтың» бастапқы шағы еді. Одан соң Ленин аудандық тұтыну кооперациясының басшылығында қызмет еткен. 1963 жылы зейнет демалысына шығып, Шардара қаласына келіп қоныс тепкен. Адам қартайған сайын туған жер топырағына жақындайды (1978 жылы сол жерде қайтқан). Бір кезде Бұхараны мекен еткен Мырзаның ағайындарынан аман қалғандар немесе олардың ұрпағы кейін ашылған аудандар – Шардара мен Жетісайға жиналғанын шамалауға болады.
Құбылып соққан заманның дауыл-бұрқасыны арасында жүріп кеш те болса тағдыр жарастырған қосағы Аманкүл Беркімбайқызы екеуі Мұратәлі, Айжан, Ботагөз, Жансая, Балсая, Ұлболған, Гауһарбек есімді ұл-қыз тәрбиелеп, бәрін оқытты. Күйеу балалары ішінде Түркістан өңіріне белгілі тұлға, кезінде Мәскеуге дейінгі биліктің түрлі сатысынан өткен Абдолла Ахметовті, танымал генерал, мұратанушы Ержан Исақұловты ерекше атаған ләзім. Перзенттерінен туған немере-жиен, шөбересі – бір қауым жұрт. Бұлардың арасында тарихқа ынтызар полковниктер – «Айбын» орденінің иегері Қанат пен Бағдаттың келешегі алда деп ойлаймыз.
Мұндай тәлімді бабаларымыз «Дұрыс қанаттанған түзу ұшар» деп, бірауыз сөзге сыйдырған.
Әрине, Орталық Азияға ортақ тұлға туралы әлі талай зерттеу жазылатынына сенімдіміз. Ойымыздың түйіні: қиын кезеңде Мырза Наурызбайұлының қайраткерлігі мен ақылы шеттегі қазақ диаспорасының мейлінше бүтін сақталуына әсер етті. Шектес, ағайындас елдерде қызмет істеп, мол тәжірибе жинауы 20-жылдары Қазақстанның шекарасын шегендеуде пайдасын тигізді.