Мемлекет басшысының БҰҰ Бас Ассамблеясы саммитінің аясындағы бұл сапары қай жағынан алса да уақытқа сай. Бірақ біз үшін сапардың ең басты оқиғасы Орталық Азия көшбасшыларының АҚШ Президенті Джо Байденмен кездесуі болатыны анық.
Түрлі арандатуларға, соның ішінде ресейшіл мамандардың «Байден ымдап қалып еді, бәрі жүгіріп барды» дегенге саятын жазғыруларына мән берудің қажеті жоқ. Бұл – кейінгі 5-6 жылдан бері танымал формат. Бұл форматта Орталық Азия көшбасшылары Си Цзиньпин, Владимир Путин, Нарендра Модимен кездесті. Араб түбегі мемлекеттерінің саммитіне де осы форматпен қатысты. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – қалыпты сапар.
Оның үстіне, АҚШ – әлемдегі ықпалды, қуатты мемлекеттің бірі. Бірінші орындағы мәселе экономикалық қарым-қатынас болатыны анық. АҚШ осы аймақтағы ықпалын арттыруға күш салатыны түсінікті. Қытай мен Ресейдің ортасындағы өңірге көбірек көңіл бөлу тиімді екенін түсінді. Бұл жерде Ауғанстаннан туындайтын қауіпті де ескеріп отыр. АҚШ та аймақтағы ықпалын арттырып, байланыстың жаңа арналарын табуға талпынады. Аймақ елдеріне санкциялар салып, күшпен әрекет етуден пайда жоқ екенін біліп отыр. Мұндай қатынас аймақ елдерін Ресей мен Қытайдың құшағына итермелеп, ертең мүлде байланыс үзілуі мүмкін екенін түсінеді.
Орталық Азия көшбасшыларының АҚШ Президентімен кездесуінің нәтижесін өзіміздің БАҚ-тан, кейбір тұсын Батыс басылымдарынан білетін шығармыз. Ал жаһандық ауқымдағы корпорация басшыларымен өтіп жатқан кездесулердің бәрі «Жаңа Қазақстанның» экономикалық бағдарына негізделіп әзірленді. Қазір жер қойнауын барлау бағытында үлкен жоспарлар бар. Кеніштерді әзірлеп, іске қосуға өз қаражатымыз жетпейді. Сондықтан «Rio Tinto» басшылығымен кездесу өтті. Цифрлық теңге, экономиканы цифрландыру бағытында «Mastercard» басшылығымен әңгімелесу керек болды.
«GE Healthcare» басшылығымен кездесуде ультрадыбыс аппараттары өндірісінің жергілікті үлесін арттыру бағытындағы мүмкіндіктер талқыланды. Орталық Азияда халық саны қарқынды өсіп келе жатқанына қарамастан, сапалы заманауи медициналық техникамен жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілмеген. Еліміз осы тұрғыдан «GE Healthcare» үшін үздік аймаққа кіретін орынға айналғысы келетіні анық. Бұл компания осы аймаққа келсе, өндірісті дамытып, қондырғыларды Орталық Азияға, тіпті кейін Ресейге сата алатын еді. Демек корпорация басшыларымен кездесулер нақты бағыттар бойынша, таза прагматикалық сипатта өтті.
Бұл сапардың жоспары жақсы дайындалғаны көрініп тұр. Ірі компаниялардың бәрімен жаппай кездесу емес, нақты бағыттарда байланыс орнатуға талпыныс бар.
Ғазиз ӘБІШЕВ,
саясаттанушы