Біздегі халықтың 75 пайызының айлығы шайлығына жетпейді. Еңбекке қабілетті азаматтардың 32 пайызы микроқаржы ұйымдарынан қарыз алады. Осы мәселені бір жағына шығаратын қосымша біздің елге де келді. Отандық кәсіпкер қызметкерлерге кез келген уақытта аванс алуға мүмкіндік беретін сервисті іске қосты.
Қаржылық күйзелістер жұмысшылардың әл-ауқатына ғана емес, жұмыстың өнімділігі мен тиімділігіне де әсер етуі мүмкін. Қазір екінің бірі несие құрығына түскен. Олардың атауы мен қарыз түрлерінен көз сүрінеді. Қарызын қайтара алмай, несиенің салдарынан несібесінен қағылып жүргендер қаншама? Мұның бәрі экономикалық үдерістің үлесінде болғанымен, халық өз бетінше шешуге кірісті.
Prosper Pay – жалақыны басқаруға мүмкіндік беретін қосымша. Қызметкер жүйеге кіріп, кез келген уақытта жалақы алатын күнді күтпей-ақ, осы сәтте осыған дейін тапқан ақшасынан аванстық төлем сұрай алады. Қолданбада қызметкердің күн сайын қанша ақша тапқаны көрініп тұрады.
Бейбіт Жантөрин – Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын, британдық University of Exeter оқу орнын бітірген табысты қаржыгер. Бұл қосымшаны табысы орташа өндірістік және желілік персоналға арнап жасаған. Қазір Prosper Pay-ді штаттық жалпы саны 20 мың адамнан тұратын 11 компания қолданады. Олардың ішінде ірі бөлшек сауда орындары, аутстаффинг компаниялары, фитнес-клубтар, өндірістік кәсіпорындар бар. Географиясы – Алматы, Астана қаласы және Алматы облысы.
Қосымшаның артықшылықтарын зерделеп көрдік. Біріншіден, Prosper Pay – жұмыссыздықпен күресетін жүйе. Желілік персонал арасында кадрлардың ауысуы күрделі мәселе екені айтпаса да белгілі. Фентех мамандарының айтуынша, Еуропа мен АҚШ-та Prosper Pay сияқты қызметтер жұмыссыздықты екі есе азайтуға көмектескен. Екіншіден, аванстарды төлеу үдерісін автоматтандыруға көмектеседі. Демек, кадр жұмысын реттеу жүйесіне үлкен демеу. Мұны медициналық сақтандыру сынды қызметтермен қатар қоюға болады. Батыс елдерінде мұндай қызметтерді пайдаланатын компанияларға жұмысқа тұруға сұраныс көп.
– Рrosper Pay көмегімен адам өз ақшасын алады. Тетігі осындай. Қызметкер 15 күн жұмыс істеді және осы уақыт ішінде 150 мың теңге тапты делік. Егер оған аяқасты қаражат қажет болса, ол жеке кабинетке кіреді, қажетті соманы енгізеді, сома бірнеше минут ішінде картаға түседі. Бұл өмірді айтарлықтай жеңілдетеді. Өйткені, қызметкерге бастыққа барудың, жағдайды түсіндірудің, өтініш жазудың және оның мақұлдауын, бухгалтердің есептеуін күтудің қажеті жоқ. Мұның бәрі көп уақытты алады, – дейді Бейбіт Жантөрин.
Жұмыс берушілерге бағдарламалық жасақтаманы олардың есеп жүйелерімен біріктіруге рұқсат беру ғана талап етіледі. Сонда қызметкерлер ай ішіндегі тапқан ақшасын көре алады. Егер белгілі бір соманы аванс ретінде картаға аударуды шешсе, транзакция бухгалтердің ведомосінде көрсетіледі. Ал қызметкер өзі тапқан ақшаға сай сұраныс жасайды, ақша қызметкер шотына түседі. Содан кейін компания қызметкерге жалақыны аударған кезде қарыз сомасы Рrosper Pay шотына кетеді. Бухгалтерге осы қаржылық операциялардың барлығы автоматты түрде көрініп тұрады.
Бейбіттің түпкі мақсаты – жалақыны төлеудің осындай тәсілін елімізде индустриялық стандарт пен нормаға айналдыру.
– Банктерде, әртүрлі компанияларда жұмыс істеген кезде көп нәрсе үйрендім, керемет тәжірибе алдым. Біздің сервис кадрлар айналымын 2 есе төмендетуге қабілетті. Квазимемлекеттік сектормен де шарт жасау ойда бар. Қазірдің өзінде бірнеше ірі компаниямен келісу сатысындамыз. B2G бағытын қолға алуымыз керек. Алайда шектеулі ресурстарға байланысты мүмкіндік болмай жатыр. Жақын арада Шымкент, Ақтау, Қарағанды және Ақтөбе нарығына ойыссақ деген жоспарымыз бар, – дейді ол.
Экономист мамандар ақша үнемі қолжетімді болуы керек дейді. Олардың айтуынша, Рrosper Pay сынды қосымшалар қаржылық сауатты арттыруға көмектеседі.
– Бұл қосымшаны өз басым қолдаймын. Адамдардың әлеуметтік жағдайына оң әсер етеді. Күнделікті тұрмыстық шығындардан бөлек, төтенше жағдай болып қалуы мүмкін. Халықтың ақшасы жетпейді. Сосын амалсыздан несие, микронесиеге жүгіреді. «Ертең айлық аламын да, қайтарып тастаймын» деп ойлайды. Бірақ солай қарыздан-қарызға кіріп кетіп жатқандар қаншама. Мұндай қосымшаны дамыған мемлекеттер көп қолданады, – дейді экономика ғылымдарының кандидаты Ғалымжан Есқараев.