Кенесарыны жауы да құрметтеген. Оның есімі және көтерілісі сол уақыттағы Ф.А.Брокгауз бен И.А.Ефронның «Энциклопедиялық сөздігіне» (1895), «Үлкен Энциклопедияға» (1902), «Әскери энциклопедияға» (1913), т.б. еңбектерге енген. Жергілікті басқа ұлт өкілдері де оның есімін көпке дейін естерінен шығара алмаған. Мысалы, «Бурабай» туралы белгісіз ақынның («Сибирская Швейцария», 1915) өлеңінде: «Где некогда «Отшельник» поселилсяВ землянке, у подножия горы,И до сих пор вертеп зловещий сохранилсяРазбойника Кенисары...» деп жырланады.
Арада екі ғасырға жуық уақыт өтсе де, ел ішінде Кенесары хан және оның қолбасыларымен байланысты ел әңгімелері және тарихи жерлер күні-бүгінге дейін сақталып келеді. Бірақ бұл мақалада тек Кенесары ханның жеке басына ғана тоқталмақпыз. Кенесарымен байланысты тарихи жерлердің ең көп сақталғаны Ұлытау-Торғай-Ырғыз аралығы. Бұл бір жағы түсінікті де, яғни аталған өлкелер көтерілістің негізгі ошағы әрі ұйытқысы болған жерлер. Бұл өлкелерде сақталған жерлер көбіне «Кенесарының қыстаған жері», «қорғаны», «қару соққан жері» деген тұрғыда келеді. Ал Кенесары ханның көтерілісі басылғаннан кейін оның жауынгер серіктерінің елге оралуымен Кенесарыға байланысты тарихи әңгімелердің географиясы одан да әрі кеңейе түседі.
ХІХ ғасырда далада бой көтерген бекіністердің арасында тарихи қалпын сақтап қалғаны – Ақтау бекінісі. Мысалы, Ұлытау бекінісі ізсіз жойылып кетсе, Ырғыз бен Торғай тарихи қалпын жоғалтып, үлкен елді мекендерге айналған (бұл үш бекініс тікелей Кенесарының көтерілісін ауыздықтау үшін салынған). Ал Ақтау кейін босап қалғандықтан, уақыт өте келе тек ішкі құрылыстары және бекініс қабырғасының жоғарғы бөліктері құлаған. Ұлытау облысына қарасты Жаңаарқа ауданы территориясында орналасқан бұл бекіністің жобасы қазір де жақсы сақталған
(1-фото: интернет ресурс = https://24.kz/media/k2).
Бұл бекініс Ақтау тауларының солтүстігінде орын тепсе, ал түстігінде Кенесарымен байланысты тағы бір тарихи орын жатыр. Жергілікті халық бұл жерді «Қорған» деп атайды. Бұл жерде 1838 жылы Кенесары әскерлері бекініске шабуыл жасаудың айла-тәсілдерін меңгеріп, әскери оқу-жаттығу өткізген. Осы мақсатта олар адырлы жерлердің ішінен, қолайлы бір төбені таңдаған. Төбенің табиғи бітімі доға тәрізді иіліп, ортасы алаңқай болып келеді. Төбенің иіліп, бір-біріне жақын келген аралығын қолдан топырақ үйіп бекітіп әрі қақпа қалдырып (кірер ауыз), орлы бекініс кейпіне келтірген. Сонымен қатар төбенің үстін бойлай тастан (қарапайым болса да) қабырға көтерген. Бір сөзбен айтқанда, Кенесары бекініске жан-жақтан шабуыл жасаудың барлық мүмкіндігін қарастырған. «Бекіністің» жобасына қарап, Кенесары әскерлері екіге бөлініп, бірі «қорғанушылар», екінші тобы «шабуылшылар» болып әскери ойын өткізген деп топшылауға болады. Әрі бұған жергілікті тұрғындардан естіген мәліметтер де куә болады. Зерттеушілер Т.Аршабеков пен І.Ісләмов «Ақтау бекінісіне» байланысты еңбектерінде [Ақтау бекінісі. – Қарағанды, 2007. – 29 б.] «қорғанға» байланысты осы негіздес деректер келтіреді. Олардың жазуынша «Ақмола қаласының тұрғыны Әбілдә Жақыпұлы, Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының тұрғындары Қосан Ібірахымұлы, Бұралқы Сейтқазыұлы сияқты көнекөз қариялардан жазып алынған аңыз-естеліктер» бойынша бұл құрылыс әскери-жаттығу мақсатында салынған.
Бұл қорғанды 1838 жылы салынған деп жазып отырған себебіміз, Кенесары Ақтау төңірегінде тек осы жылдары ғана пайда болды. Әрі 1838 жылы Кенесары Ақтау бекінісіне шабуыл жасап, ал Ақмола бекінісін басып алып, өртеп жібереді. Сондықтан «Қорғанды» Кенесары әскерлерінің осы бекіністерге шабуыл жасар алдында дайындықтан өткен жері деудің толық негізі бар. Ақмоланы Кенесарының басып алуы тарихи жазбаларда толық көрініс тапқан. Ал Ақтау бекінісіне жасалған шабуылы туралы дерек жоққа тән. Бірақ жеке-дара мәліметтерден Ақтауға шабуылдың орын алғаны байқалады. Мысалы, Е.Бекмаханов еңбегінде Ақтау бекінісінің коменданты Кастрюриннің «Өткен маусым айының 22 күні сағат жетілерде бүлікші сұлтан Кенесары Қасымұлы бастаған 2 мыңға жуық қазақ бекініске шабуыл жасады және олар шашырай шабуылдап, сағат ширегіндей уақыт өткенде бекіністі қоршады» деген мәліметін келтірген [Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40-жылдарында. – Алматы, 1994. – 303 б.]. Сонымен қатар Б.Нәсеновтің Омбы архивінен жинақтаған деректерінің ішінде Ақтау бекінісіне қатысты маңызды құжат бар. Онда 1847 жылы «Кенесарымен байланыста болған сұлтандар мен билер жөніндегі мәліметтер» турасындағы істе Қарқаралы және Баянауыл өңірінің бірқатар танымал адамдарының тізімдері берілген. Ішінде Мұса Шорманов та бар. Ең соңында бұл адамдар жөнінде «В 1838 г. находились с султаном Кенесарою при нападении на Актауское укрепление» (лист 20) деп жазылған [Нәсенов Б. Кенесары – дала маршалы. 10 т. 15-ші кітап. – Алматы-Новосибирск, 2005. – 411 б.]. Кенесары туралы тарихи жырларда Ақтау басып алынған бекініс болып айтылады.
Осы Ақтау төңірегінде орналасқан ел ішінде айтылатын мәліметтерде бекініске байланысты қызықты жайттар кездеседі. Соның бірі – әзіл түріндегі «Аралбайлар салып, Қарекелер шауып» деген ауыз-екі сөз. Бекіністі салған кезде жергілікті халық та көмекке тартылса керек. Аралбай руының (арғын-қуандық) өкілдері бекіністі салуда жалға жұмыс істесе, ал қареке руының (арғын-қуандық) өкілдері Ақтауды шапқанда Кенесарының әскерлерінің ішінде болған. Сол себепті жоғарыдағы мәтел қалыптасқан әрі сақталып қалған.
1838 жыл Кенесары үшін өте сәтті жылдардың бірі болды десек, қателеспеспіз. Өйткені бір жылдың ішінде қос бірдей әскери бекініске шабуыл жасау әрі біреуін басып алу (Ақтауды басып алғаны әзірге белгісіз) бұдан кейінгі жылдарда Кенесарының әскери іс-қимылдарында кездескен емес. Бұл сәттіліктің себебі, осы 1837-1838 жылдары Ақмола мен Қарқаралы округі – қазақтарының жаппай түрде Кенесарының жағына шығып кетуінде жатыр. Мысалы, 1837 жылы Ақмола округіне қарасты мына болыстықтар Кенесарының қол астына өтіп кетті: алтай-байдалы, алеке-алтай, қойлыбай-шағыр, тінәлі-қарпық, төбет-темеш, малай-қалқаман, алшын-жағалбайлы және т.б. [Национально-освободительная борьба казахского народа под предводительством Кенесары Касымова (Сборник документов). – Алматы, 1996. 61-63 стр.]. Ал 1838 жылы Қарқаралы округіне қарасты дүйсенбай-шақшақ, әлтөбет, қара-әйтімбет, қырғыз, дадан-тобықты, төлеңгіт (төменде сөз болатын Дайрабай батыр осы рудың өкілі), керей, әлтеке-сарым, кәрсон-керней, қояншы-тағай болыстықтары қазақтары Кенесары қарамағына көшіп кетеді [Национально-освободительная борьба.., 71-73 стр.]. Назардан тыс қалып келе жатқан мәліметтердің бірі, осы аталған рулар Ортау – Қызылтау бойында (Ақтау бекінісі аймағы) Кенесарыны алғаш рет «хан көтерген» (1841 жылы Ұлытауда хан көтеруден бұрын). Бұл мәліметті зар-заман өкілі Шортанбай жыраудың төмендегі өлең шумақтарынан аңғаруға болады:
«Ортауда Кенесары
хан көтерген,
Орта жүз соңына ерген
тым ертеден.
Бесата баласынан
Жанғұтты бар,
Бәйсейіт, Дүйсенбай
мен Есбай, Қара,
Бір қол болып көрінетін жеке дара» [Мәделі Жүсіпқожаұлы, Шортанбай Қанайұлы, т.б. Шығармалары. – Алматы, 2014. 115-б.]. Бұл деректерге қарағанда «Хан көтеру» оқиғасы 1838 жылдың жаз-күз айларында болуы керек. Бірақ бұл жылдардан кейін аталған болыстықтардың негізгі дені, әсіресе Қарқаралы округінің рулары (жекелеген өкілдері, шағын топтары болмаса) өз орындарына қайтып оралады. Бұдан кейінгі жылдарда Кенесары Орынбор мен Батыс Сібір губернаторлығының шектескен аймағында (Ұлытау-Торғай-Ырғыз) болып, кей жылдары қыстауға Сыр бойына қарай кетіп жүрді. Кенесары хан қайтып бұл жақта белсенді әскери іс-қимылдар жасай қоймайды. Солтүстік Балқаш өңірінде (Ақтоғай, Шет, Қарқаралы аудандары) Кенесары ханға қарағанда Саржанмен байланысты мәліметтер, жер атаулары сақталған. «Саржан қашқан» деген жер, «Хан қашты» немесе Саржанның жергілікті бір батырмен кикілжіңі секілді оқиғалар елі ішінде әлі де кездесіп қалады әрі жергілікті баспасөз беттерінде, кітаптарда көрініс тапқан. Сонымен бірге бұл өңірлерде көтеріліс басылғаннан кейін қайтып оралған Кенесарының серіктеріне байланысты тарихи әңгімелер өте жақсы сақталған. Олардың қатарында сұлтан Құдайменді Ғазин (Әлихан Бөкейханмен аталас туысы), Ағыбай, Дайрабай, Бабеке, Құлеке сынды Кенесарының сенімді серіктері, бұларды жасыруға тырысқан Нұрлан секілді ел адамдары, Құнанбай билігі, т.б. елге танымал тұлғалар айтылады.
Кенесарымен байланысты дала төсінде сақталып келе жатқан тарихи жердің бірі – Торғайдағы Ақкөл-Жыланшық бойы. Ақкөл төңірегіндегі жергілікті тұрғындар арасында (нақтылы бір орынды нұсқамағанымен) жалпылама түрде «Кенесарының қару соққан жері» деген әңгіме кең тараған. Сондай топшылама жердің бірі – «Қос қыздың моласы». Бұл тарихи ескерткіш үйінді болып жатқандықтан кейбір тұрғындар «Кенесарының қару соққан жері (зауыты) осы болу керек» деп өз ойларын білдіретін. Бірақ бұл қос ескерткіш, аты айтып тұрғандай, жерлеу құрылысы әрі Жошы ұлысы кезеңінен қалған көне жәдігерлер. Жергілікті тұрғындардың арасында кең тараған бұл мәліметтің жайдан-жай пайда болған қауесет сөз емес екенін тарихи деректерден байқаймыз. Мысалы, Е.Бекмахановтың еңбегінде: «Қазіргі кезде Кенесары: мендегі екі башқұрт зеңбірек құюға кірісті деп қазақтардың арасына сөз таратуда, екеуіне он қазақты көмекке беріп, оларды Ақкөл көлі жағасына жұмыс істеуге қалдырыпты; пайдаланатын заттарынан тек көмір ғана белгілі, оларға сексеуіл ағашын күйдіріп дайындалған бірнеше арба көмір апарып беріпті» деген деректер бар [Бекмаханов., 199-б.].
2011 жылы Қарасу ауылы (Жанкелдин ауданы) жанында қазба жұмыстарын атқарып жатқанымызда, киікті қорғау жөніндегі жергілікті инспекция өкілдері бізге арнайы бір орынды апарып көрсетті. Бұл Ақкөлден 50-60 шақырым қашықтықта, Қарақұмға сұғына орналасқан Кәдір деген жер болатын. Ен далада жерге жартылай көмулі түрде, күйдірілген қызыл кірпіштен қаланған пеш сақтаулы тұр. Сырт пішіні кірпіш күйдіретін пешті қайталайды (2-фото).
Көрсетуші информаторлардан сұрағанымда, бұл маңда қызыл кірпіштен тұрғызылған мазар, кесененің жоқ екенін айтты. Бұл пеш жұмбақ күйінде қалды. Мүмкін ортасын (ішін) қазып көрсе, сұрағымызға жауап аларлық мәліметтер анықталар. Кенесарының қару соқтырған жерінің бірі емес пе екен деген күдігіміз де басым. Осы Торғай өңіріндегі Қошалақтың құмы – елдің айтуында Кенесарының бір қыс қыстаған жері.
Торғай өңірінде де Кенесарының батырлары Иман, Жәуке, Қошқар секілді ел адамдары жөнінде деректер молынан кездеседі. Жәуке батырдың ұрпақтары ХІХ ғасырдың аяғында оның атымен мешіт көтерген. Бұл мешіт әлі күнге өз кейпін жоғалтпаған. Кенесарының баласы Сыздық төре жөнінде деректер баршылық. Елдің айтуына қарағанда, Сыздық төре өмірінің соңына дейін Жыланшық бойына келіп-кетіп жүрген. Кенесарыға Торғай бойынан жергілікті төрелерден Қайып ханның ұрпақтары қосылған. Елдің айтуынша, қырғыздан қайтпай қалған адамдардың ішінде Қайып ханның ұрпағының бірі – Басалқа сұлтан. Қайып хан ұрпақтары қыпшақ ішіндегі тоқпан руымен араласып кеткендіктен, ел бұларды «төре тоқпан» деп атап кеткен.
Ұлытау бойында да Кенесары туралы аңыз-әңгімелер жетерлік. Көбіне аға сұлтан болған Ерден Сандыбайұлымен байланысты келеді. Бағаналының төрт босағасының бірі аталған Бабыр би де Кенесарыны соңына дейін жақтаған адам болып айтылады. Оның 9 ұлы осы Кенесарыға қосылған.
Жамбыл облысының Мойынқұм, Сарысу аудандары тұрғындарының арасында «Кенесарының туы тығылған жер» деген мәліметтер де кең тараған. Осындай бір Кенесарыдан қалған тудың бір жұрнағы Балқаш қаласының іргесіндегі Қоңырат елді мекеніндегі Мағзұм Хамитов деген қарияның қолында сақталып келе жатыр. Тудың тарихына келетін болсақ, Мағзұм қарияның арғы бабасы Дайрабай Кенесары батырларының бірі болған. Руы төлеңгіт (таз-құсшы). Дайрабай Кенесарының төлеңгіттер жасағына қолбасылық еткен. Ту ұстаған, туы сары түсті. Бұл сары ту төлеңгіт жасағының белгісі болған. Кенесарының өз туы, Мағзұм қарияның естуінше, ақ түсті екен. Дайрабай батыр 1803 жылы туып, 1899 жылы, яғни 96 жасқа келіп дүниеден озған кісі. Ол қайтыс болған соң, қазаға жиналған ағайыны туды «батырдан тәбәрік» қылып бөлісіп алған. Жарты метрге жуық кездеме өз ұрпағының қолында қалған екен. Тудың осы бөлігі ұрпақтан-ұрпаққа өтіп, бүгінге жетіп отыр. Тарихи мұраны қолында ұстап отырған Мағзұм қария Дайрабайдың шөпшегі болып келеді.
Тудың сақталып қалуы жөнінде қысқаша тоқтала кетсек. Мағзұм қарияның айтуынша, атажұрттары кезіндегі Семейге қарасты Шұбартау ауданы, № 3 ауыл (Төлеңгіт ауылы) болған. Ашаршылық жылдары тудың қалған бөлігін сақтау үшін Мағзұмның атасы Хамит (әкесі Бәкіштен қалған) Құранды осы тумен тыстап тастаған (3-фото).
Елде ашаршылық басталып, қалған ел Балқаш елді мекеніне жетуге ұйғарады. Содан Төлеңгіт ауылы және басқа да рулар Балқашқа екі топ болып бөлініп аттанады. Бірі жазық даламен кетсе, екініші топ айналма болса да тау жағалап жүреді. Мағзұм қарияның аталары осы соңғы топта болады. Соңында тек осы тау сағалап (Қызыларай, Қаратал арқылы) жүрген топ қана аман-есен жетеді. Жазықпен кеткен топтың ешқайсысы келмейді. Дайрабайдың 41 шаңырағы болған. Содан осы Балқашқа жеткені 3 шаңырақ қана.
Тау сағалап келе жатқан топтың ішіндегі Хамит ақсақал Ақирек деген тауға келгенде қолындағы тумен тысталған Құранды және т.б. дүниелерін бір төбенің басына көміп, тұсына белгі қойып кетеді. Кейін, 1964 жылы Мағзұм әкесі Ақбар екеуі қайыра барып қазып алған. Содан бері қолында сақтап келеді. Тудың сақталу сапасы өте жақсы. Кейбір дымқыл өткен жерлері аздап сортаң тартқан. Сөгілмегеніне қарағанда, матасы жібек тәрізді. Шеттері шашақталған.
Дайрабай батырға байланысты Мағзұм қариядан жазып алынған бірнеше мәліметті берсек:
1) Әкелерімнен естігенім бойынша Дайрабай бабам Кенесарының қасында соңына дейін болған. Мың жігітімен қоршауда қалғанда, Кенесары Ағыбай бастаған 500 жігітке қоршауды бұзып, жол ашуға бұйырады. Дайрабай да Наурызбай төремен осы топта болып, жауды жарып шыққан. Бірақ Наурызбай Кенесарының жаудың қолында қалғанын естіп, «сен тұрғанда Кенесарыны қырғыз өлтірмейді» деген Ағыбайдың ақылына қарамастан, қайта ағасының қасына барған.
2) Кенесары Ағыбай және басқа да батырлармен Ақмоланы алған кезде, Дайрабай өз қолымен ханға бір орыс офицерін және Ахмет (төре) сұлтанды әкеліп тапсырған. Кенесары Ахмет төрені босатып жіберіпті. Бұл мәліметтен Дайрабай батырдың Кенесарыға көтерілістің алғашқы кезінен қосылғанын көруге болады. Ақмола бекінісі жоғарыда жазғанымыздай, 1838 жылы алынған.
3) Дайрабай үнемі ханның маңайында болып, қызмет қылған. Төлеңгіттерінің басшысы болған. Көбіне ханның жеке тапсырмаларын орындаған. Елден салық жинаған. Барымталарға барған.
4) Кенесары Кіші жүзде бір сәуегей қария бар дегенді естіп, жанына Ағыбайды қосып, Наурызбайды аттандыратын оқиға бар емес пе! – Информатор бұл жерде қарт абыз бен жас Наурызбайдың оқиғасын сөз етіп отыр. Бұл аңыз бойынша «Абыз: «Е, Наурызбай, менің жасым 120-ға келіп отыр. Осы жастың ішінде сенен артық ер көрмедім. Үш нәрсенің сырттаны бар еді: иттің, қасқырдың, жігіттің. Сен жігіттің сырттаны екенсің. Бірақ адам баласына мейірімің жоқ екен, бағың маңдайыңда ғана екен. Ғұмырың қысқа 20–25-тен аспассың, дүниеде арманда қалма» деген. – Сол оқиғаның ішінде Дайрабай да болған. Дайрабай 40 жігітін қасына ертіп, Наурызбай мен Ағыбайға қосшы болып барған. Сол сапарда сәуегей қария Дайрабайдың да өмірін болжап, ұзақ жасайтынын айтыпты.
5) Төлеңгіттер туралы. Төлеңгіттер негізі 6 атадан (қазақ, қырғыз, қалмақ, өзбек, қарақалпақ, ұйғыр) құралған. Кейін ұлғая келе «12 ата төлеңгіт» аталған. Олар: таз-құсшы, мамадайыр-мамашық, дөйіт-қыпшақ, сарытабан-оңажыт, топан-боран, қонай-қанай. Төлеңгіттің ұраны «Орақ», таңбасы «шалғы» секілді келеді. Шұбартаудағы төлеңгіттерді «Жаназардың туына, Өмірзақтың құтына жиналған ел» деп айтады. Жаназар батыр, Өмірзақ бай болған адам.
Жалпы, бұл мақалада ел ішінде Кенесары және оның жауынгер серіктерімен байланысты ел ішінде сақталып келе жатқан тарихи әңгімелер мен тарихи жерлерді көпшілік оқырман қауымға жеткізуді мақсат тұттық. Сөз соңында Кенесарының бассүйегі туралы бір-екі ауыз тоқталсақ. Кейінгі кезде зерттеушілер арасында Кенесарының бассүйегі Омбы қаласынан асқан жоқ деген ойлар айтылып жүр. Осы соңғы тұжырымның жаны бар секілді. 1906 жылы М.А.Терентьевтің «История завоевания Средней Азии» атты монографиясы жарыққа шыққан. Осы еңбекте орыс ғалымы Кенесары көтерілісі туралы сөз қозғап, соңында: «И здесь в одном из ущелий потерпел поражение и был убит вместе теленгутами (телохранители, палачи) и 3.000 войска. Череп его доставлен был к кн. Горчакову и хранится при деле «о бунте Кениссары» деп жазады [Терентьев, с.204]. Бұл деректен Кенесарының басы ХХ ғасырдың бас кезіне дейін Омбыда болғанын аңғарамыз. Бұл өзекті де шетін мәселенің шешілетін күні алыс емес деп ойлаймыз. Қалай дегенде де ғылыми ізденіс пен сараптама бірінші орында тұруға тиіс.
Орынбай ОШАНОВ,
Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының қызметкері