Бес кенші қаза болған «Қазақстан» шахтасындағы өрт естеріңізде болар. Жедел құрылған Үкіметтік комиссия тобы күні кеше қайғылы оқиғаның тергеп-тексеру қорытындысын жария етті. Апат кезінде пайдаланылған құрылғыларға, жабдықтарға тиісті сараптама жүргізген еді. Сараптама нәтижесіне сәйкес кінәлі – жұмыс беруші. Алпауыт «АрселорМиттал Теміртау». Өрттің басты себептерінің бірі – конвейер таспасының тұтануы. Көмір конвейерінің шығыршығы деформацияға байланысты қарысып қалғандықтан, таспа үйкеліп, көмір тұтанып, өрт шыққан. Бұл таспаны мемлекеттік стандарт бойынша елімізде қолдануға болмайтын көрінеді. Әлгі таспаңыздың Үндістанның бір зауытында жасалғанымен қоса сертификаты жоғы тағы бар.
Таспадан от тұтанған
Таспаның орнатылғанына небәрі 1,5 ай ғана болған. Үндістанда дайындалған таспаның сертификаты жоқ. Соған қарамастан 50 шақырымына тапсырыс беріліп, Қарағандыға жеткізілген. Оны «Қазақстан» шахтасында ғана емес, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ өзге шахталарында да қолданып келеді. Жалпы, сарапшылардың айтуынша, дәл осындай конвейер таспаларын шахталарда қолдануға рұқсат етілген. Бірақ ол өртке төзімді болуы керек. Ресейдің Кемеров ғылыми зерттеу орталығында жасалған сараптама қорытындысы бойынша, таспа – өртке төзімсіз.
«Сараптама қорытындысына сәйкес комиссия апат пен топтық жазатайым оқиғаның негізгі себептерін анықтады. Бірінші себебі – көмір конвейерінің шығыршығы қарысып қалғандықтан, конвейер таспасы үйкеліп, өрт шыққан. Екіншіден, шахтаның инженерлік-техникалық құрамы тарапынан өндірістік бақылау болмаған. Сондай-ақ қауіпсіздік техникасы сақталмаған және энергия-механикалық қызмет бақылауға алынбаған. Үшіншіден, қауіпсіздік талаптары мен техникалық реттеу нормалары бұзылған. Атап айтқанда, сәйкестік сертификаты жоқ кенеп таспаның орнатылуы. Ал соңғысы, жұмыс аймағының тозаңдануы және жану өнімдері мен тау-кен жұмыстары салдарынан ауа газданып, жұмысшылардың өліміне әкелген», дейді Сырым Шәріпханов.
Одан бөлек еңбек заңнамасының нормалары да бұзылған. Комиссия жұмысының нәтижесі бойынша жұмыс берушінің 100 пайыз кінәсі анықталды. Заңды бұзуға жол берген 28 жауапты тұлға анықталды. Оның екеуі – жоғары лауазымды Үндістан азаматы болса, 26-сы – отандасымыз. «Азаматтық қорғау туралы» заңға сәйкес тергеп-тексеру нәтижелері құқық қорғау органдарына беріледі.
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов қатысқан баспасөз мәслихатында болашақта дәл осындай жағдайдың алдын алу үшін комиссия бұдан былай жазатайым оқиғаның себептерін жою бойынша іс-шаралар әзірленгенін де жеткізді. Бірақ жылда мұндай ескертуді елемейтін алпауыт компанияға елдің күмәні бар.
Өрт әлі басылған жоқ
«Қазақстан» шахтасындағы өрт әлі басылмады. Апаттық учаскедегі жағдайларға байланысты осы учаскені оқшаулау шешімі қабылданған. Яғни оттегін шектеу үшін 25 арнайы құрылым салынып жатыр. Қазірдің өзінде 18-і салынып, қалғандары бойынша жұмыс жалғасуда. «Апаттық-құтқару жұмыстары аяқталғаннан кейін және шахтаның апаттық учаскесі қалпына келтірілгеннен кейін тау-кен жұмыстарын қайта бастау мүмкіндігі туралы шешім қабылданады», дейді Төтенше жағдайлар министрі.
Бір айдан астам уақыт бойы құтқарушылар «Қазақстан» шахтасындағы өртті жоюмен күресіп жатыр. Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Қарағанды филиалы директорының бірінші орынбасары Геннадий Силинский осылай деді.
Брифингте журналистердің «Тау-кен құтқарушылары неге дүкен сатушылары деңгейінде жалақы алады? Олар апатты жою кезінде өмірін қатерге тігеді емес пе?» деген сауалына былай жауап берді.
«Бүгінде қатардағы құтқарушының лауазымдық жалақысы – 250 мың теңге. Күрделі апатты жоюға бір айдан астам уақыт қатысқан адамдар апат аяқталғаннан кейін қосымша төлем алады. Респираторларда жұмыс істеген кезде адамдар тікелей шахтада өткізген кезең үшін төрт есе жоғары жалақы алады. Ал егер құтқарушылар тиісті психо-эмоционалды жүктемеге төтеп бере алмаса, олар апатты жою кезінде немесе оның соңында жұмыстан шығатын жағдайлар да болады», деді Геннадий Силинский.
Қолдау қомақты болғанымен...
Комиссия құрамында тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізу үшін «Қазақстан» шахтасына түскен «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының бас техникалық инспекторы Андрей Лукин конвейер таспасының сәйкестік сертификаты болғанымен, елімізде пайдалануға жарамсыз нормалар бойынша әзірленгенін және тек ағылшын тілінде екенін атап өтті.
«Шахтаға бізбен бірге өрт сарапшысы да түсті. Оқиға орны фотоға және видеоға түсіріліп, соның негізінде акт жасалды. Нәтижесінде, сарапшы электр желісінің қысқа тұйықталуын жоққа шығарды. Өрт үйкеліс салдарынан механикалық энергия жылу энергиясына айналуынан болған. Одан таспа тұтанған. +50 градус температурада көмір өздігінен тұтанады. Яғни 50 градуста көмір өзінің химиялық-физикалық қасиетін өзгертіп, жана бастайды. Конвейерді тоқтаусыз айналдыратын шығыршық қарысып қалғандықтан, кенеп таспа үйкелісінен туындаған энергия 80 градусқа дейін баруы мүмкін. Бұл көмірдің тұтануы үшін жеткілікті. Кемеров ғылыми зерттеу институты таспа орташа тұтану қасиетіне ие деген қорытынды шығарған. Қазақстанда қолданылатын таспалар жанбайтын болуы керек. Ал Үндістанмен таспа сатып алуға келісімшарт жасаған – акционерлік қоғамның сатып алулар жөніндегі директоры. Таспаның сәйкестік сертификаты бар. Бірақ Қазақстан Республикасында пайдалануға жарамсыз нормалар бойынша жасалған. Атап айтқанда, Үндістанның заңы бойынша жасалған. Сертификат тек ағылшын тілінде ғана», деді Андрей Рудольфович.
Брифинг соңында Сырым Дүйсенғазыұлы «АрселорМиталл Теміртау» АҚ тарапынан қаза тапқандарды жерлеуге көмек көрсетілгенін, сондай-ақ, әр отбасына жылдық жалақының 10 еселенген мөлшерінде төлем жүзеге асырылғанын атап өтті. Одан бөлек қайтыс болған кеншілердің балаларына 18 жасқа толғанға дейін және жоғары оқу орындарында оқу кезеңінде қаржылай қолдау көрсетіледі. Қанша жерден қолдау қомақты болғанымен, бес кеншінің отбасындағы орнын кім толтыра алады?
Қарағанды облысы