Мемлекет басшысы Жолдауында өңдеуші өнеркәсіп саласына басымдық берілетіні баса айтылды. Шикізатты өңдеу емес, тереңдетіп өңдеу, қалдықсыз өңдеу қажеттілігі тұңғыш рет көтерілді. Менің ойымша бұл міндеттерді жүзеге асыруға біздің технологиялық мүмкіндігіміз жетеді. Жолдауда көтерілген және шұғыл шешімін табуы салалардың бәрі біздің экономикамызға дем береді деп үміттенемін. Себебі біраз сала, соның ішінде IT сегментіндегі реформаны өз мамандарымыздың күшімен алға жылжытуға мүмкіндік бар. Лайықты маман кадрлар жетіліп қалды. Адами капитал да бар. Енді осы салаға инвестиция тартылса, біраз проблеманың күрмеуі тарқатылады.
Бізде венчурлық қаржыландыру туралы 2005-2007 жылдар аралығында жиі айтылды.Үкімет те осы салаға назар аударғандай ыңғай танытты. Сол жылдары бірнеше қор да құрылды. Бірақ соңы сұйылып кетті. Соның салдарынан Алматының шетіндегі технологиялық парк дамымай қалды. Ол жаққа құйылған қаржы да құмға құйылған су тәрізді жоқ болып кетті. Менің ойымша сол кезде істің тетігін шеше алатын тиімді менеджмент болмады. Егер, сол жылдардағы өзгерістердің деңгейін сақтап қалсақ, бұл салада біраз тірліктің басы қайырылып қалатын еді. Сондықтан мемлекет басшысының верчурлық қаржыландыруға басымдық беруі өте өзекті деп есептеймін. Бюджеттің қаржысымен IT жобаларды қаржыландыру мүмкін емес. Біз бұл сегментке бизнес-періштелерді, жеке сектордағы инвесторларды тартуымыз керек.
Мемлекет басшысы логистика саласына да тоқталды. Логистика біздің экономикамыздың күретамырына айналуға тиіс. Себебі біз «тоғыз жолдың торабында» орналасқанбыз. «Ойдағыны орып, қырдағыны қырып жүріп» қаржы көзін табуға бізде толық мүмкіндік бар. Бірақ тәуекелдер де баршылық. Себебі Қытай сол елмен Еуропаны байланыстыратын жолды пайдалануға тырысады. Біз Қытайдың Қазақстанды айналып өтетін, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, әрі қарай Каспиймен байланыстыратын теміржолын салғанын көріп отырмыз. Егер біз логистика саласында тарифтерді дұрыс қоймасақ, көптеген компания біздің елді айналып өтіп, сол елмен тауар тасуды бастайды. Осындай тәуекелдерді реттеуді кешіктіруге болмайды.
Президент Ұлттық қор активтерін ұлғайту туралы да айтып өтті. «Шетелден қайтатын активтерді арнайы қор емес, оны Ұлттық қорға аудару керек. Біз сол арқылы ғана оның жинақтарын еселеп арттырып, инвестициялық кірістілігінің келешек ұрпаққа арналған арнайы шот ашып, 50 пайызын аударамыз. Шетел асқан активтің 50 миллиард долларын қайтара алсақ, Ұлттық қордағы қаржы 100 миллиардқа жетеді. Көлем артқан сайын инвестициялық кіріс тек көбейетіні белгілі. Ұлттық қорға да түрлі себеп айтып, қол сала бермейік. Бюджет тапшылығын Ұлттық қор аударымдары арқылы толтырып отырмыз. Демек елдегі бюджет саясатын қайта қарайтын кез жетті».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жолы да экономика блогындағы министрлерді сынға алып, экономикалық модель жоқ екенін және жаңасын құру керектігін айтты.
Бізге жаңа экономикалық шешім керек. Осыған дейін қабылданған ұлттық жобалардың қазір ешқандай мағынасы қалмай бара жатыр. Әлемдік қауымдастықта Қазақстан экономикасының үлесі несімен ерекшеленетіні туралы Ұлттық экономика министрлігі түсіндіруі қажет. Бірақ жауапты әлі де кешеуілдетіп жатыр. Ал біз уақыт жағынан ұтылып жатқанымыз рас. Кешігіп қабылданған шешімдердің нәтижесі халыққа жетпейді.
Мақсат ХАЛЫҚ,
экономист-сарапшы