Соңғы технологиялық өзгерістер заманында медиасалада үлкен трансформация жедел жүріп жатыр. Шынайы өмір мен виртуалды өмір арасындағы шекараның барынша азайып, кейбір кезде тіпті жоғалып кету алдында тұрған кезде дәстүрлі медиаға назар аударуымыз оның сапалық деңгейде дамуы үшін аса маңызды. Оның біздің ұлт ретінде, мемлекет болып дамуымызға пайдасы орасан. Бұл апталық жиынның міндеті – еліміздің әр түкпірінен және шетелден келген әріптестеріміздің кәсіби тұрғыда жетілуі үшін үлкен мүмкіндік. Мұндай ортада біз заман талаптарына сай қалай дами аламыз, кәсіби деңгейімізді қалай көтереміз, қалай бәсекеге қабілетті боламыз, ақпараттар тасқыны арасынан ұлтымызға қажетті, мемлекетке пайдалы дүниені қалай ұсынамыз деген мәселелерді көтеруіміз керек. Мен де кеше сіздер секілді микрофон ұстап жүрген журналист едім. Қазіргі күні Сенатта өзімнің де, басқа да әріптестеріміздің мақсаты – сіздер көтерген проблемаларды шешуге қолғабыс ету. Қолдан келгенше үлес қосып келеміз.
Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,
Сенат депутаты
Қауіпсіздік – бірінші орында
Медиасалада, соның ішінде әлеуметтік желіде сөз бостандығы болуы керек. Бәріміз оны қолдаймыз. Ешқандай заңнамалық акті, норма сөз бостандығын шектемеуге тиіс. Дегенмен мәселенің екінші жағы да бар. Бір жағы – ақпарат саласын гуманизациялау қажеттігі болса, екінші жағы – интернетті қолданушылар үшін қауіпсіздік мәселесі. Мәселен, әлеуметтік желіде қаржы пирамидаларының азаматтарымызды қандай жағдайға түсіріп жатқанын білеміз. Біз лудомания жағдайларының қаншалықты күрделеніп кеткенін көріп жатырмыз. Көптеген жасөспірім мен жас Telegram чаттарындағы синтетикалық есірткі заттарын жарнамалайтын және тарататын сервистерге кіріп кетіп жатқанын байқап жүрміз. Бұлардың бәрі әрбір желі қолданушысына, соның ішінде балаларға зиянды екенін әрбір адам біледі. Сондықтан да «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңда зиянды ақпараттар тізімі қарастырылған. Оларға біз басқа да мемлекеттік органдармен бірге шара қабылдаймыз.
Евгений КОЧЕТОВ,
Мәдениет және ақпарат вице-министрі
Қазақша жарнамаға сұраныс артты
Жарнама – дәстүрлі және жаңа медианың негізгі табыс көзі. Қазіргі күні отандастарымыз көбіне қандай тілдегі жарнаманы қабылдайды? Еліміздегі демографиялық ахуалдың жедел өзгеруімен жарнаманы тұтыну тілі де өзгеріске ұшырап келеді. Әріптестеріміз ел тұрғындарының қазақ және орыс тілдеріндегі жарнамаға деген көзқарасын зерттеп көрген еді. Сонда мынадай қызықты нәтижелерге қол жеткізді. YouTube-қа қазақ және орыс тілдеріндегі екі жарнаманы жүктеген. Екеуінің мазмұны, мәтіні, суреттері бірдей. Сонда белгілі бір уақыттан кейін қазақ тіліндегі жарнама екі есе көп қаралым жинаған.
Қазіргі күні блогерлер өз жарнамаларын көбінесе қазақ тілінде жарнамалайды. Бұл жерде нақты пайыздық мөлшері айтылмаса да, оның өзі қазақ тіліндегі жарнаманың өтімділігін көрсетіп отыр. Сондықтан қазіргі күні жарнама агенттіктері жарнаманы орыс тілінде берсе де, астына қазақша титр қосуды дұрыс деп есептейді.
Ділмурад РАХИМОВ,
«International Media Service» компаниясының басқарушы директоры
Ортақ әрекет керек
Қоғамдық пікірді бұрмалау бүгінде өте қауіпті құбылысқа айналып барады. Бұл жерде тек әдеп мәселесі емес, қоғамдағы тұрақтылықты шайқау мақсатындағы анық арандатушылар үшін жауапкершілікті көтеру мәселесі қозғалуы керек. Цифрлық ақпараттық кеңістіктегі заң бұзушылықтар мен құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу үшін бірлескен шаралар қабылдаудың уақыты келді. Мәселен, Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы шекарадан жүктерді өткізу қиындаған кезде де ақпарат кеңістігінде түрлі мәселе пайда болды. Бұл тақырып түрлі дереккөзде әртүрлі мағынада айтылды. Соларды оқып отырсаң, қазақ пен қырғыз арасын алыстатуға тырысып жатқан белгілі бір күштер бар екенін сезінесің. Мұның бәрі елдеріміз арасында ақпараттық ынтымақтастық орнатып, жедел факт-чекинг жасап, жалған мәліметтерді дер кезінде әшкерелеп отыруды талап етеді. Ерте ме, кеш пе, бұл – бәрібір алдымыздан шығатын жайт. Мүмкіндігінше ерте қамдансақ, бәріміз үшін де пайдалы болмақ.
Медербек ШЕРМЕТАЛИЕВ,
Қырғыз ұлттық «Кабар» ақпараттық
агенттігінің директоры