• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 22 Қыркүйек, 2023

Бағдарламаны жүзеге асырудағы түйткілдер

177 рет
көрсетілді

«Ауыл аманаты» бағдарламасы – ауылдағы ағайынның тұрмыс деңгейін түзейтін бірден-бір бастама. Дегенмен, халық пен бағдарламаға жауапты мекеменің арасындағы байланыс нашар секілді. Пайызы аз, пайдасы көп қаржыға өтініш білдіргендер ала шапқын болып жүр. Облыста 581 тұрғын кәсібім дөңгеленеді деп күтіп жүрген еді. Әйтсе де, құжаттары талапқа сай болмай, талайының меселі қайтып жатыр.

Бұл берекелі бағдарлама Жамбыл облысында қанатқақты жоба ретінде қабылданған еді. Жобаның тиімділігін мем­лекет бағамдап, «Amanat» партия­сы­ның мұрындық болуымен барлық өңірде қолға алынды. Ал Жетісуда осы мақсатқа 3 млрд 200 млн теңге бөлінген. Сөйтіп, партия құзыретімен «Жетісу» ӘКК-ге жауапкершілік артылған. Әйткенмен, үдеріс өте баяу жүріп жатыр. Жылдың ба­сында басталған жоба әлі сағызша созылып келеді.

О баста тұрғындар алақайлап 2,5 пайыз­дық несиеге қол жеткізуге асық­қан. Қазіргі инфляцияны ескерсек, алар қаржының қарызы көп емес. Бірақ мекемеге берілген құжаттар қайта-қайта өзге­ріс­ке түсіп, сан рет ауысып алыстағы аға­йынды әбігерге салып отыр. Ал өтініш білдіргендердің кейбірінің несие тарихы бұзылғанына байланысты құжаты кейін қайтарылған. Кішкентай мәселелердің сал­дарынан тұрғындардың салы суға кетіп отыр.

«Үйдің құжатын 300 мың теңгеге жасаттық. Одан бизнес жоспар деп оны 50 мыңға реттедік. Өзі 20-дан астам құжат, қайта-қайта ауылдан облыс ор­та­лығына сабыламыз. Одан қалса аудандағы мамандарды әке-көкелеп жүріп жетпеген құжатты реттейміз. Міне, 6 айға жуықтады. Тексеруге бар­ған­да, анау дұрыс емес, мынау дұрыс емес деп кері қайтарады. «Жетісу» ӘКК мамандары өздері дұрыс білмейді. Әбден бас қатты, шыны керек алар ақшамызды алғанша әрі-бері шаруамызға бірталай ақша жұмсап қойдық. Тіпті банктің пайы­зына жақындады», дейді ауыл тұр­ғы­ны Асыл Алпысбаев.

Аталған жобаның басы-қасында жүрген – «Amanat» партиясы. Осы ретте партияның Жетісу облыстық филиа­лы­ның төрағасы Арыстанғали Арын жоба бойынша барынша түсіндірме жұ­мыс­та­ры жүргізіліп жатқанын айтады. Өңір тұр­ғындары кез келген филиалға бас сұғып, жоба туралы, жобаға қатысу жа­йын­да ақпарат ала алады.

«Жамбыл облысында сәтті жүзеге ас­қан­нан кейін елімізде жаппай қолға алынған бағдарламаның әлі де кемшін тұсы кездеседі. Партияның орта­лық аппаратында бағдарламаны одан әрі жетілдіру мақсатында тұжырымдама даярланып жатыр. Осы орайда саяси құ­рылымның филиалдары арқылы тұр­ғын­дардан бағдарламаның кемшілігі туралы ақпарат алынып, партия орталығына ұсыныс берілген. Қазір «Ауыл аманаты» жобасының сәтті жү­зеге асуы үшін облыстағы барлық дең­гей­дегі филиалда ақпараттық орталық ашылды. Филиал төрағаларынан бастап қызметкерлерге дейін тұрғындарға жан-жақты ақпараттық қызмет көрсетеді. Әрине, жергілікті әкімдіктермен бір­лесіп, тығыз қарым-қатынас орнатып жұмыс жүргізудеміз. Филиал төрағалары ха­лық­пен кездесіп, түсіндірме жұмысын жүргізіп келеді», дейді А.Арын.

Партия филиалы төрағасының ай­туын­ша, тұрғындар бағдарламаға қаты­су­ға құлықты болғанымен, жалпы «Ауыл аманатының» негізгі миссия­сын жете түсінбеген. Соның салдарынан сәтті бағ­дарлама туралы жағымсыз пікірлер ай­тылып қалып жүр. Арыстанғали Арын «Ауыл аманаты» ауылдағы ағайынның әлеуетін бірден көтеруге бағыт­тал­ма­­ғанын, сол әлеуетті тұрғындар өзі көте­руіне жағдай жасайтынын да атап өтті. Оның айтуынша, қоғамда кәсіпкерлікті қол­дауға негізделген кез келген бағ­дар­ламаны кәсіп бастауға бағыт­тал­ған деп қабылдаудың орнына, дайын кәсіптің өзі деп біледі екен. Сол сықылды партия түрткі болған бастаманың да өзегі дайын кәсіпке суға күмп етіп қойып кететіндей емес, жаңадан бизнес бастап, оны өркен­дету арқылы өз әлеуетін көтеру деп түйсінген абзал. Былайша айтқанда, «Ауыл аманаты» – кәсіпкерліктің ал­ғаш­қы сатысы.

Көпшіліктің алаңдауын тудырып, үміт­тен гөрі күдігін басым еткен бағдар­ла­маны жүзеге асырушы – «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы. Атал­ған құрылым кәсіп бастаймын дегендердің құжаттарын қабылдап, не­сие береді. Бағдарламаның байыбы туралы білмекке «Жетісу» ӘКК-ге де ат басын бұрдық. Корпорация басқармасы төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Іскеновтің айтуынша, жұрт айтқандай бағдарламаға ұсынылған өтінімнің бәрі кері қайтып жатқан жоқ. Шілде айының соңы­на дейін құзыретті құрылымға 272 өтініш келіп түскен. Әуелде бағдарламаға қатысуға ниеттілер бағдарлама жа­йын жөн­ді түсінбей, несие береді деген соң атойлапты. Несие беріледі, бірақ жө­ні­мен берілетінін ұқпаса керек. Нұрсұлтан Іскенов бағдарламаға өті­ніш бергендер қатарынан 3 жоба ғана кері қайтарылғанын айтады. Оның да өз себебі бар. Несиелік жүктемесі көп. Мысалы, екінші деңгейлі банктерде 5-6 млн теңге төленбеген несиесі бар. Соған қарамастан, бағдарламаға қатысуға ниет білдірген. Жұрт айтқандай, кепіл мүл­кінің талапқа сай болмауынан несие ала алмаған және ала алмайтын жоба ұсынған өңір тұрғыны жоқ.

«Келіп түскен өтініштердің құжат­та­ры толықтырылып жатыр. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан мал асы­рауға байланысты жоба жасақталса, төрт түлік құны асыра көрсетілген. Мәселен, мү­йізді ірі қараның құны 600-700 мың теңге деп бағаланған. Ал кепіл мүл­кі­не байланысты кейбір жобалар кері қай­тарылды. Бұл ұсынылған барлық жо­баның 17 пайызын құрайды», дейді бас­қарма төрағасының орынбасары.

Құзыретті құрылым берген мәлі­мет­ке сүйенсек, ұсынылған бизнес жо­ба­­лардың 12-сі салықтық қарызына орай, 17 жоба дайын сауда-саттық жобасы болғасын мақұлданбаған. Қазір пысықталып жатқан жобалардың 190-ы, яғни 94 пайызы мал шаруашылығына ба­ғытталса, 12-і өзге бизнес түріне ба­­ғыт­талған. Басқарма төрағасының орын­басары Нұрсұлтан Іскеновтің ай­туын­ша, қазір 10 өтініш мақұлданып, 37,7 млн теңгеге несиелендірілген. Со­­ны­мен қатар 57 жоба бағдарлама шартына сай деп танылған. Бірақ әзір қар­жы­лан­дырылмапты. Құны 1 млрд 299 млн теңгенің 202 жобасына кемшін тұстарын түзету ұсынылған.

«Қазір әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жанындағы несиелік ко­ми­теттің қарауына аптасына 25 жоба ұсы­нылады. Бұл жобалардың бәрі талапқа сай деп айта алмаймыз. Кемшін тұс­та­рын қал­пына келтіру, түзету енгізу қажет­тігін айтып, қайтарамыз. Бұл жобалар не­сие­лендірілмейді деген сөз емес. Осы уа­қытқа дейін несие­лендірілмеген 3-ақ жоба бар. Олардың өзі жұмыссыз адам басқа көздерден жақында ғана несие алып, бізге де жоба ұсынады. «Ауыл аманаты» қайта­рым­сыз қаржыға негізделмеген. Бұл – аз пайыздық несие. Мұндай тұлғалар уақыты келгенде қарызын қайтара алмауы мүмкін. Ал «Жетісу» ӘКК берілетін несиесінің қай­таруын да жоспарлауы керек. Соны­мен қатар тұрғындар арасында қаржылық сауат­тылықтың да төмендігі бізге бір­шама кедергісін тудырып отыр», дейді Нұрсұлтан Іскенов.

Пікір – екіжақты. Ауыл тұрғын­да­рының бәрі экономист емес, бірі-бі­рінен естіп, бірі-біріне ілесіп келеді. Қар­жылық са­уат­ты баса назарда ұста­ға­нымен, кейде мекеме мамандары алыстан келген жолау­шының жайы­на, тұрмыстық дең­гейіне үңілуге құ­лық­сыздық танытады. Жоба сәтті іске асу үшін, әлі де тү­сін­дір­ме жұмыстары қа­жет. Міне, қан­шама ай өтті жоспар әлі жүзеге аспай отыр.

 

Жетісу облысы