• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мультимедиа 25 Қыркүйек, 2023

Жаңа цифрлық жол

203 рет
көрсетілді

Жуырда АҚШ-тағы Калифорния штатының Сан-Франциско қаласында Silkroad Innovation Hub-тың ресми ашылуы өтті. Бұл – Орталық Еуразияны Кремний алқабындағы біртұтас аймақ ретінде ілгерілетуге, сондай-ақ IT кәсіпкерлік саласындағы ынтымақтастыққа және фаундерлердің мықты қауымдастығын құруға бағыт­талған бірегей жоба. Оның ашылуына еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин де қатысып, сөз сөйледі.

Silkroad Innovation Hub аймақтағы IT кәсіпқойлар, кәсіпкерлер және инноваторлар арасында желілік, білім алмасу және серіктестіктерді дамытудың бас­ты платформасы ретінде қызмет етеді. Орталық Еуразия елдерінің ресми тұлғалары мен дипломаттары қатысқан хабтың ашылу рәсімінде Бағдат Мусин хаб Орталық Азиядан жаңа стартап жобаларды тарту нүктесіне айналатынын және түркі елдерінің цифрлық шешімдерді қолдану аймағын кеңейтуге бағытталған күш-жігерін біріктіретінін атап өтті.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Душанбеде сөйлеген сөзінде Қазақ­стан цифрландыру сынды стратегиялық ма­ңызды салада өзінің жақын көршілерімен ынтымақтастығын барынша нығайтуды қол­дайтынын атап өтті. Ал бүгінгі іс-шара сөзсіз осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі болып отыр. Silkroad Innovation Hub жеке брендке айналатынына және Кремний алқабында өзінің лайықты орнын иеленетініне сенімдімін, – деді министр.

Сонымен қатар IT индустрияға қолдау көрсету аясында еліміздің Цифрлық даму министрлігі Astana Hub және Silkroad innovation Hub-пен бірлесіп, Орталық Азияның стартап-жобаларының TechCrunc әлемдік көрмесіне қатысуын ұйымдастырды. Мұндай жоғары деңгейдегі форумда алғаш рет Орталық Азия­ның IT индустриясын дамыту бойынша па­нельдік сессия өтті.

Кремний алқабындағы Silkroad Innovation Hub жобасын ұйымдастырушылар Орталық Еуразия стартаптарын инновациялық қоғам­дастыққа қосылуға және перспективалы тех­нологиялық жобаларды құру және дамыту үшін ұсынылған мүмкіндіктерді пайдалануға шақырады. Олар өз күш-жігерін біріктіре отырып, алдағы 5-7 жылда жақсы нәтижелерге қол жеткізбек. Атап айтқанда, стартаптарға 300 млн доллар инвестиция, өңірден IT қызмет экспортына 1,5 млрд доллар тарту жоспарланған.

Жалпы, ең ауқымды TechCrunch Disrupt 2023 халықаралық конференциясы арқылы Орталық Еуразия стартаптары үшін, оның ішінде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия да бар, тарихтың жаңа парағы ашылды. TechCrunch Disrupt алаңында Silkroad Innovation Hub инновациялық ор­талығы Кремний алқабындағы инвес­торларға эксклюзивті павильон ұсынды. Он­да Орталық Еуразиядан келген 14 стартап өзде­рін жаһандық аренада танытуға мүмкіндік алды. Бұлардың ішінде 6-ы – отандық стартап. Олар – Citix, Cyborgbase, TengriLights, Falcon.ai, Kscooter, Rhinotales жобалары. Сондай-ақ TechCrunch Disrupt 2023 аясында инсультті автоматтандырылған диагностикалау үшін жасанды интеллект және нейрорадиология саласында маманданған CerebraAI отандық стартапы әлемдегі ең ауқымды Startup battlefield 200 стартап конкурсына қатысты.

Айтпақшы, Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерінен келген стартаптардың басым бөлігі Astana Hub-тың акселерациялық бағдарламаларының тү­лектері екенін атап өткен жөн. Қазіргі таңда олар әлемдік нарықта өз жобаларының аясын кеңейтіп жатыр.