Бөкей ордасының тарихы еліміз тәуелсіздік алғанға дейін көп зерттеле қоймағаны белгілі. Отандық тарихта Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты зерттеулерде ғана болмаса, өлкеміздің тарихына қатысты деректерді бірлі-жарым ғалымдардың еңбегінен кездестіретінбіз. Кейінгі кезеңде өткенімізден сыр шертетін сан алуан зерттеулер басылып шығып, хан-сұлтандар мен би-батырларымызды біле бастадық. Осындай тұлғалардың бірі – Ішкі Қазақ ордасының негізін қалаған Бөкей хан мен оның ісін жалғаған баласы Жәңгір хан. Жәңгір хан – ресми тарихымызда түрлі бағаланған.
Оның туған жылы әлі күнге дейін талас тудырып келеді. Көптеген ғалымдар Жәңгірдің анасы Атан ханымның 1815 жылы 8 маусымда І Александрге жолдаған өтінішіндегі: Күйеуім Бөкей хан Нұралыұлы өткен мамыр айының 21-і күні дүниеден өтті. Өмірден өтер алдында Сіздің Императорлық рақымыңызбен рұқсат етіліп, өзі басқарған қазақ халқына билік етуге мұрагері етіп менен туған ұлы 14 жастағы Жәңгірді тағайындап, өсиет жазып қалдырды, – деген сөзін негізге алып, хан Жәңгір 1801 жылы туған деп көрсетеді. [Ресей мемлекеттік тарих архиві, 1291-қор, 81-тізім, 5-іс, 95-парақ]. Бұл Атан ханымның ұлы Жәңгірді хан тағына отырғызу мақсатында жазған хаты екені сөзсіз. Себебі, Бөкей хан өлгеннен кейін патша үкіметі Жәңгір сұлтанның жасы кәмелетке жеткенше деп хандық билікке інісі Шығай сұлтанды тағайындайды. Шығай сұлтан хандық билікті өзі иеленбекші болып, елдің сұлтандары мен беделді билеріне Орынборға өтініш жаздырып, өзін «хан» деп жариялайды.
Жәңгірмен кездескен зерттеушілердің пікірі де әртүрлі. А.Терещенко «Дешті Қыпшақ іздері және Ішкі қырғыз-қайсақ ордасы» атты еңбегінде: «Ол (Жәңгір) 1845 жылы өмірден өтті, 45 жасында болса керек [кн. Бокеевской Орде 200 лет. 4 книга. «Өлке» баспасы, 2001. 172-б.) – десе, Ішкі Қазақ ордасын басқару жөніндегі Уақытша Кеңес төрағасы И.С.Ивановтың «Астраханский листок» басылымының 1898 жылы №185 нөміріндегі «Жәңгір, Ішкі Қазақ ордасының ханы» («Джангер, хан Внутренней Киргизской орды») деген еңбегінде: «Бөкей ханның ұлы Жәңгірдің жасын нақты анықтау қиын. Анасы Атан ханымның айтуынша 1815 жылы 14 жаста болған. Осыны негізге ала отырып, Бөкей сұлтан ішкі тарапқа 1801 жылы көшті десек, Жәңгір Астрахан губерниясында дүниеге келген болады. Қазан университетінің профессоры Фукстің айтуынша, 1826 жылдың қазан айында Жәңгірмен кездескенде ханның жасы 24-те. Хан Ставкасына 1834 жылы келген Гебель, Жәңгір 30 жаста дейді. Ал Ставкада 1837 жылы болған Казанцев ханның жасын 40 шамасында деп көрсетеді. Ханыков 1822 жылдың аяғында ағасы Шығайдың жаласынан ақталып, өзінің кәмелеттік жасқа жетуіне байланысты Орданы басқаруға тағайындауды сұрағанын көрсетеді» [Хан ордасы музей-қорығы №374в] Сонымен ханның замандастары мен анасы Атан ханымның айтқандары сәйкес келмейді.
Енді мұрағат құжаттары бойынша 1837 жылы 3 сәуірде толтырылған хан Жәңгірдің қызметі мен дәрежелері туралы формулярлық тізімде: «Аты, тегі және жасы: Ішкі Қазақ ордасының ханы Жәңгір, 1832 жылы және 1839 жылы император тәжімен безендірілген Әулие Анна орденінің І дәрежесімен марапатталған, 34 жаста. Нені басқарады, қай жыл, ай, күннен бастап: 1823 жылы маусымның 22-сі күні хан сайланған, – деп жазылған [ҚР ОМА Ф. и-4-қоры, 1-тізім 1607-іс, 6-парақ]
Тағы бір құжат 1843 жылдың 31 қаңтарында толтырылған ханның қызметі туралы формулярлық тізім. (Шені, аты, тегі, қызметі, алған марапаттары, жасы: генерал-майор Жәңгір Бөкеев Шыңғысханов; әкесі Бөкей хан басқарған қазақтардың ханы, гауһар тасты император тәжді Әулие Анна орденінің І дәрежесімен және осындай І дәрежелі гауһар тастармен безендірілген император тәжді орденмен марапатталған; 39 жаста. [ХО музей-қорығы №4212/4в] Осы аталған құжаттар ханның көзі тірісінде өз айтуымен жазылғанын ескерсек, Жәңгір 1803 жылы дүниеге келгендігін көрсетеді.
Төрелер тарихын зерттеуші, тарихшы Арман Қият зерттеуінде: «сұлтандар шариғат бойынша 15 жасында кәмелетке толып, үйленіп, үйдің қожайынына айналғанымен, елдің қамын мойнына артып, төре болу үшін тағы 5 жыл ел басқару істеріне үйретіліп, тәжірибеден өтеді. Меніңше, қазақ сұлтандары үшін кәмелет жас осы 20 жастан басталады, – деп жазады (Қият А. «Қазақ сұлтандары» Алматы: «Полиграфкомбинат» баспасы, 2017-276-б).
1823 жылдың 26 қаңтарында старшындар Мүсіреп Айдаболұлы мен Айтбай Мәметқазыұлы Орынбор әскери губернаторы П.К.Эссенге ордалық сұлтандардың, старшындардың, билердің және қарапайым халықтың өтініші бойынша Бөкейдің мұрагері Жәңгір сұлтанды Ішкі Қазақ ордасының ханы етіп таққа отырғызу туралы хат жолдайды. [ХО музей-қорығы 4139/14] Сол жылдың 22 маусымында патшаның Жәңгірді хан тағайындау туралы грамотасы жазылады. Хан көтеру рәсімі 1824 жылдың маусым айының 26-сы күні Орал қаласында өтеді (Мукатаев Г.К. «Хан Жангир. Великий преобразователь степи» Санкт-Петербург, «Издательство М.В.Ирхиной» 2001. 38-бет]
Ханның басына қойылған құлпытасындағы жазу да айтқанымызды растай түседі. Құлпытаста:
(Жер бетінде) бәрі де өмірден өтеді. Мәңгілік тек ұлы әрі жомарт Раббыңның жүзі ғана.
Дешті қыпшақ ханы хан Әбілқайыр ұғлы
Нұр(ғ)али ханның немересі
хан Жаһангир Бөкей ханның көзінің қарашығындай перзенті
фанидан бақиға сапар қылды.
Біз Аллаға тиістіміз және Оған қайтамыз
42 жасында 1260 жыл мұхамадиеде 1845 жыл масихиеде сүмбіле айының 11 күнінде
Рухына фатиха.
Артқы бетінде жоқтау өлең жазылған:
Жиырма сүріп хандық жаһанда
Өтіпті ғұмыры оның бұл әманда
Бәрінің өлетіні хақ тағала
Ашындық оған ештеңе қылмас
Бұ дүниеде еш адам қалмақ емес
Хан да, сұлтан да, дәруіш.
Жәңгір хан 1845 жылы 11 тамызда 42 жасында Тарғын өзені маңындағы жазғы қонысында өмірден өтті. Ол туралы Фатима ханымның ағасы, гвардия поручигі Ә.Гусейнов: «Вменяю себе в обязанность донести Вашему Высокопревосходительству, что хан Внутренней Киргизской Орды Генерал-Майор Джангер Букеев, после кратковременной болезни, 11-го числа сего августа месяца в 6½ часов пополудни помер» деп рапорт жолдайды. [Мукатаев Г.К., «Султан Губайдулла Чингисхан полный генерал от кавалерии» Санкт-Петербург, «Издательство М.В.Ирхиной» 2003. 18-бет] Марқұм ханды күннің ыстығына және жердің шалғайлығына байланысты діни рәсіммен Тарғындағы қонысына аманаттап жерлейді. Осылайша, аз ғұмырында көп іс тындырған, талас-тартысты өмір сүрген «Ұлы даланың жаңғыртушысы» атанған хан Жәңгір бақиға көшеді.
1848 жылы 7 қыркүйекте Ордалық сұлтандар Шүке Нұралыханов, Меңдігерей Бөкейханов, Көшекқали Шығаев, Батырәлі Жансұлтанов Орынбор әскери губернаторы В.А.Обручевке хан Жәңгірдің мәйітін Хан Ставкасындағы өз ағайын-туыстары жерленген қорымға қайта жерлеу туралы өтініш жолдайды [РГИА РМТА, 6-қор, 10-тізім, 6092-іс, 1-парақ]. Алайда ханның мәйітін қайта жерлеу туралы мәселе кешіктіріліп, Жәңгірдің ұлы Ибрахим 1849 жылы 15 ақпанда Орынбор губернаторына рапорт жолдайды. Онда: «Жоғары мәртебелі, менің әкем хан Жәңгір 1845 жылдың жазында Тарғын өзені бойындағы жазғы имениесінде дүние салды. Ағайын-туыстарымыз сол кезде марқұмның денесін Хан Ставкасындағы қорымға әкелуді ойлағанмен, қиындықтарға байланысты кейінгіге қалдыруға тура келген еді. Туыстарымыздың марқұм ханның мәйітін қайта Хан ставкасына жерлеу туралы тілегі орындалмағандықтан және марқұмның денесін қайта жерлеуге мұсылман дінінде рұқсат берілгендіктен, Сізден Жоғары мәртебелім, әкемнің мүрдесін Хан Ставкасындағы қорымға әкеліп қоюға рұқсат беруіңізді сұраймын», деп жазады [Бұл да сонда, 4-парақ] Орынбор әскери губернаторы Обручев 1849 жылы 22 ақпанда сұлтан Ибрахимнің өтінішін Ішкі Істер министріне жеткізеді [Бұл да сонда, 5-парақ] Губернатордың бұл хатына Ішкі Істер министрі сол жылдың 8 наурызында №1179 жауап хат жолдап, хан Жәңгірдің денесін қайта жерлеуге рұқсат берілгенін жазады. Алайда қазылып алынғаннан кейін ханның денесін бірден қорғасын не болмаса шайырлы (засмоленный) табытқа салуды тапсырады.
Ішкі Қазақ Ордасын басқару жөніндегі Уақытша Кеңес төрағасы М.Бөкейханов Орынбор әскери губернаторына 1849 жылы 11 қарашада жазған №428 рапортында марқұм хан Жәңгірдің денесін Тарғыннан Хан Ставкасындағы қорымға көшіруді жаз мезгілінің ыстығына байланысты күзге қалдырғанын, өткен қазан айында ханның туыстары мәйітті көшіруге қажетті заттардың дайындығын хабарлайды. Уақытша Кеңес сұлтан Меңдігерей Бөкейхановқа Тарғындағы ставкаға туыстарымен барып, ханның мүрдесін қазып алып қорғасын немесе шайырлы табытқа салып Нарын құмындағы Ставкаға әкеліп жерлеуді тапсырады. М.Бөкейханов айтылғандардың толықтай орындалғанын, қазып алынған кезде мүрденің бүлінбегенін, ханның денесі салынған табыт 29 қазан күні Хан қорымындағы туыстарының қасына қайта жерленгенін жеткізді [Бұл да сонда, 14-парақ 15].
Хан Жәңгірдің Тарғыннан Хан Ставкасына қайта жерлеу рәсімдерін өткізген осындағы жәми мешітін ахуны, қази Жәбир Хамадұлы Орынбор діни басқармасына жолдаған хатында: «Советник жасауыл сұлтан Меңдігерей Бөкейханұлының 1849 жылы 24 қазандағы №3932 бұйрығымен Жәңгір ханның мәйітін Нарын құмындағы туыстарының жанына жерлеу үшін 25 қазанда шығып, 27 қазанда Борсыға жеттік. Ханның қабіріне Құран шариф хатым еттік. Сол күні хан қабірін қазып алдық, таң қалып тұрдық, хан сүйегі бұзылмаған, соны көріп шаттанғанымыздан жыладық. Содан соң жаңа бөзге орап, ханның сүйегін Ордадағы Хан Ставкасына жеткізу үшін жолға шықтық. Орда халқы алдымыздан шығып, ханның табытын көтеріп, құрмет көрсетті. 29 қазанда хан қабірін Ордада қарағай табытқа салып, сұлтан Әділ Бөкейханұлы тарапынан түзілген қабіріне келтірдік. Рухына Құран Шариф бағыштадық», деп жазады [«Асар» кітабы. ІІІ-ІV том. Қазан: Рухият, 76-б.].
Жәңгір хан құлпытасының зерттелуі туралы бірер сөз жаза кетейік. Хан құлпытасын оқып, басылымға жариялаған – Орда тарихи мұражайының (қазіргі Батыс Қазақстан облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық этнографиялық музей-қорығы) аға ғылыми қызметкері Талғат Шәріпқалиев. Т.Меңдіғалиұлының «Құлпытас бетіндегі көне жазулар сыр шертеді» мақаласында: «Бүгіндері Жәңгір ханның мазарын қайтадан қалпына келтіру жұмысы аяқталды. Осы орайда ойландырар жайт – хан қорымында жерленген ханның тума-туыс, ұл-қыздарының есімдері анықталмай, жұмбақ болып жатуы. Біздің қолымызда қазір екі құлпытас жазуының аудармасы бар. Оның біреуі – ханның өз басындағы құлпытас. Алматы қаласындағы түрік-қазақ лицейінің мұғалімдері (араб тілінің мамандары) аударып берді. Құлпытастағы жазулар төмендегідей ретпен шықты: «Қыпшақ ханы Әбілхайырдың оғылы Нұралы ханның нәбәрасы Жихангер хан Бөкей ханның барзандасы дарфаниден дарыбаккайыр рехлет еткен (бұл дүниеден о дүниеге кеткен). Аят: «Халлу иннахи иллахи ва иннихи иллахи раджи ан». 44 жасында 1845 жылында (мұсылманша 1265 жыл) дұға оқылған. Бұл құлпытастың алдыңғы бетіндегі жазулар, ал артқы беті мен екі жанында құран сүрелері өрнектелген», деп жазады. [«Орда жұлдызы» газеті, 15.08.1997]. Орда ауданының бас имамы С.Әшеновтің «Құлпытастар құпиясы» мақаласында: «Хан Жәңгірдің құлпытасындағы жазуды оқып, 44 жасында 11 симмахрида 1845 мархомда деп, артына жазылғаны жоқтау бәйіт екенін» жазады [«Орал өңірі» газеті, 25.07.1998.] Кейін Т.Шәріпқалиев Жәңгір хан құлпытасын қайта зерттеп, «Хан Жәңгір қашан дүниеге келген? Дүдамал пайымдаулар мен қарама-қайшы деректер» атты мақаласында Жәңгірді 42 жасында 1845 жылы дүниеден өтті деп көрсеткен [«Орал өңірі» газеті, 31.01.2002].
2004 жылы Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының магистранты А.Омарова, 2014 және 2016 жылдары Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғалымдары Ә.Мүмінов, А.Нұрманова, Д.Медеровалар да Жәңгір ханның құлпытасындағы «1845 жылы 42 жаста дүниеден өтті» деген деректі қуаттады.
Мұрағат құжаттары мен құлпытас жазуларын ескере отырып, хан Жәңгірдің туған жылы 1803 деген пікірді қолдап, ғылыми бірізді айналымға енгізген дұрыс деп есептейміз.
Гүлмару МЫРЗАҒАЛИЕВА,
Батыс Қазақстан облыстық
Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары