Тараз қаласында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайылов пен Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің Басшысы Ақылбек Жапаровтың қатысуымен қазақ-қырғыз Үкіметаралық кеңесінің 11-отырысы өтті.
Кеңейтілген және шағын құрамда өткен келіссөз барысында тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселесі бойынша ойларын ортаға салып, пікір алмасты.
Екі елдің орталық мемлекеттік органдарының басшылары қатысқан үкіметаралық кеңес отырысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, ағын суды тиімді пайдалану және энергетика саласындағы өзара іс-қимыл, өнеркәсіп пен АӨК-ке кооперациялық жобаларды бірлесе іске асыру, мемлекеттер арасындағы транзиттік-көлік әлеуетін арттыру, туризм, мәдениет салаларындағы жобаларды бірлесе іске асыру мәселелері сөз болды.
Кездесу барысында Премьер-министр Әлихан Смайылов көрші екі ел басшыларының күш-жігерінің арқасында кейінгі уақыттарда қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігі соны серпінмен дами түскенін тілге тиек етті.
«Қырызстан – біз үшін тату көрші, бауырлас ел ғана емес, сондай-ақ маңызды сауда-экономикалық серіктес мемлекет», деді Ә. Смайылов өз сөзінде.
Кейінгі жылдары бауырлас екі ел арасындағы өзара тауар айналымы едәуір артқан. Деректерге сенсек, 2022 жылы көрші мемлекеттер арасындағы сауда көлемі шамамен 19 пайызға өсіп, 1,3 млрд долларды құраған. Осы жылы да оң динамика қалыптасқан. Нақтырақ айтар болсақ, жеті айдағы тауар айналымы 13 пайызға артып, 757 миллион долларға жеткен.
Премьер-министр Ә.Смайыловтың айтуынша, транзит, көлік, коммуникация, туризм және басқа салаларда да көрші елдер арасында берік ынтымақтастық орнаған. Сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, цифрландыру салаларында да перспективалы бастамалар аз емес.
Үкімет басшысының сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта бірлесіп атқаратын бірқатар маңызды жобаны жеделдетіп іске асыру керек. Анығырақ айтсақ, жуық арада шекара маңындағы аймақтарда индустриялық сауда-логистикалық кешен құру жаңа кооперациялық жобаны жүзеге асыруға айрықша ықпал етеді. Бұл қадам өз кезегінде екі ел басшылары уағдаласқандай, тауар айналымын 2 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі тапсырманы орындауға айтарлықтай үлес қосады.
Көршілес екі ел Үкіметінің басшылары Қазақстан мен Қырғыз республикасының ортақ мүддесін ескере отырып, өзара құрмет пен тату көршілікке негізделген ағын су саласындағы іс-қимылды одан әрі жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
«Біздің халқымыздың өміріне тікелей әсер ететін экология және суды ұтымды пайдалану саласында ынтымақтастықты дамытудың маңызы зор. Су ресурстарын әділ және ашық басқаруды қамтамасыз ету мақсатында бізге мемлекетаралық су шаруашылығы каналдарын цифрландыру арқылы тиімді мониторинг жүргізу қажет екені сөзсіз. Гидрологиялық ақпарат алмасуды, атап айтқанда, су қоймаларына келетін ағын су және бассейн бойынша су алу жөнінде ақпараттармен қамтамасыз ету маңызды», деді Әлихан Смайылов өз сөзінде.
Үкімет басшысының айтуынша, су ресурстарын бірлесіп пайдаланудың құқықтық тетігін жетілдірудің өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтудағы ықпалы зор.
Басқосу барысында Ә.Смайылов екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың да қалыпты дамып келе жатқанына тоқталды.
«Қазақстанның 2021 жылы Қырғызстандағы, 2022 жылы Қырғызстанның Қазақстандағы мәдениет күндері тәжірибелік және рухани байланыстардың дамуына оң септігін тигізді», деді Қазақстан Премьер-министрі өз сөзінде.
Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров екі ел басшыларының жуырдағы өзара сапарлары барысында екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары айқындалғанын атап өтті.
«Бауырлас елдер халықтың игілігі үшін уағдаластықтарды ілгерілету мақсатында күш салатынына күмән жоқ. Татулық негізінде өрістеп келе жатқан байланысымыз нығая беретіні даусыз», деді А.Жапаров өз ойын ортаға салып.
Форумның пленарлық отырысында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Қырғыз Республикасы Президентінің Талас облысындағы уәкілетті өкілі Нүрбек Дарданов пен Ыстықкөл облысындағы уәкілетті өкілі Ильяз Иманбетов сөз сөйлеп, өңірлер арасындағы байланысты нығайтудың маңыздылығы туралы ойларын ортаға салды.
«Облыстар мен қалалар арасындағы тікелей байланыс, өңіраралық достық пен ынтымақтастықты нығайту – қырғыз-қазақ мемлекетаралық байланыстарын жаңа деңгейге көтерудің негізі. Өңіраралық диалогті кеңейту екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікке оң әсер етеді.
Біз өңірдегі көлік-логистика, су және энергетика, сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға айрықша басымдық береміз. Осы тұрғыдан алып қарағанда өнеркәсіптік сауда-логистикалық кешеннің құрылысы қолда бар сауда-логистикалық әлеуетті жоғары тиімділікпен пайдалануға мол мүмкіндік береді», деді Ақылбек Жапаров өз ойын түйіндеп.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, елімізде үш жарым мыңға жетеғабыл бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Өткен жылдан бері олардың қатарына жаңадан 200-ге жуық жаңа компания қосылған.
Келіссөздерге негізделген форум қорытындысында тараптар ынтымақтастықтың барлық өзара тиімді бағыттары бойынша белсенді іс-қимылдарды қолдауға дайын екенін растады.
Жамбыл облысы