• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Мәдениет 27 Қыркүйек, 2023

Атырау мен Астрахан арасы

401 рет
көрсетілді

Атырау облысы мен Ресейдегі Астрахан өңірі арасында ежелден барыс-келіс, алыс-беріс тек экономикалық байланыста ғана емес, рухани, мәдени бағыт та қарқын алған. Ал биыл қазақтың ұлы күйшісі Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толуына орай бұрынғыдан беки түсті. Жақында атыраулық Қ.Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрі көрші елге арнайы гастрольдік сапармен барды.

Н.Жантөрин атындағы Атырау об­лыс­тық филармониясының құрамына кіретін бұл оркестрдің көркемдік жетекшісі – дирижер, Мәдениет саласының үздігі Ержан Қитаров. Оркестр құрамында 60-тан астам музыкант жұмыс істейді. Оркестрдің сапары алдымен Володар ауданындағы Алтынжар ауылынан басталды.

Бұл – Ресейдегі қандастар ғана емес, туристер де жиі келетін ауыл. Өйткені мұн­да қазақтың күй өнерінің негізін қа­лау­шылардың бірі, артына мол мұра қал­дырған әйгілі композитор Құрман­ға­зы Сағырбайұлы мәңгілік тыныстап жатыр. Ресеймен шекаралас өңірлер­дің қолдауымен 1996 жылы күйшіге кесене тұрғызылған. Ал 2005 жылы Құрман­ғазы атындағы өңірлік мәдени орталығы ашылды.

Алтынжар ауылындағы тұрғындардың бәрі дерлік домбыра шертеді. Олар мұны күй атасының аманатындай сезінеді. Қос ішекті аспапты бебеулететін домбы­рашының бірі – Құрманғазы атындағы өңірлік мәдени орталығының директоры Амангелді Әбілғазиев.

Орталық директоры Амангелді Әбіл­ғазиев­тің айтуынша, қазір бұл орталық алыс-жақын шетелдердің туристері қызы­ғу­шылық танытқан мәдениет оша­ғына айналып отыр. Ұлы күйшінің шығар­машы­лығы, өмірі туралы сыр шертетін экспонаттар қойылған орталықта музей мен туристер үшін қонақүй бой көтерген. Орталықта 40-қа жуық адам жұмыс істейді. Дені қандастарымыз, арасында 25 домбырашы бар. Сондай-ақ «Самал» қазақ музыкалық ансамблінің әншілері өнерімен келушілерді тәнті етіп келеді.

«Біздің орталыққа жыл сайын 1000-ға жуық адам келеді. Құрманғазы Сағыр­бай­ұлының, онымен замандас болған қазақ­тардың өмірі туралы мағлұмат береміз. Атырау облысының әкімдігі мен жанашыр азаматтардың қолдауымен мәдени орталыққа күрделі жөндеу жүргізілді. Қазір орталықтың қызметінде тың ізденіс, серпін бар», дейді орталық директоры Амангелді Әбілғазиев.

Осындай тарихи мекеннен бастау алған атыраулық оркестрдің өнері Астрахан облыстық филармониясында жалғасты. Мұнайлы өңірден барған өнер ұжымының концертіне Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Дәурен Абаев, Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, ресейлік көрермен қатысты.

Қ.Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрі Мәдениет сала­сының үздіктері Ержан Қитаров пен Сая Жұмашеваның жетекшілігімен ресейлік көрерменге ұлтымыздың жауһар туындылары мен шетелдік шығармаларды ұсын­ды. Өнерді сүйетін көрермен ор­кестр­дің орындауындағы Махамбеттің, Құр­манғазы мен Дәулеткерейдің, А.Жұбанов пен Ғ.Құрманғалиевтің, Қ.Ах­медияров пен Е.Брусиловскийдің, Г.Сви­ридов пен Л.Хамидидің, І.Жақанов пен Е.Құ­са­йы­новтың туындыларына ыс­тық ықы­ласын білдірді. Сондай-ақ Мәде­ниет қайраткері Құттыгерей Дүйсеев, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Жасұлан Базарбаев, Меруерт Уәли, Баубек Өмірғали, Ерік Көшеров, Арайлым Қисиярова өнер көрсетті.

Қазақ оркестрінің өнерін Ресейде тұ­­ра­тын көрермен жоғары бағалады. Мә­селен, көрші елдегі қандасымыз Күләш Үмбетәлиеваның пікірінше, ата жұртта­ғы өнер ұжымдарының концертін тамаша­лау ұдайы бола бермейді. Мұндай гастроль­дік сапар әсіресе жас буынның ұлттық музы­ка өнерін ұмытпауы үшін қажет.

Ал Астрахан облысының мәдениет министрі Ольга Прокофьеваның дерегіне сүйенсек, өңіраралық мәдени әріптестіктің көкжиегі кеңейіп келеді. Жақында Каспий маңындағы бес мемлекетке ортақ мәдени іс-шара – «Каспий маусымы» фестивалі басталған.

«Қазақстан – тек географиялық орна­­ласуы жағынан ғана емес, тарихи, мә­дени тұрғыдан Ресейге ең жақын орна­лас­қан ел. Ал Атырау мен Астрахан облыс­тары­ның тұрғындары бір-бірімен бұ­рын­нан әлеуметтік-экономикалық тұрғы­дан тығыз қарым-қатынас, берік байланыс орнатып келеді. Достық рәуіштегі рухани байланысымызда шекара жоқ. Аты­рау өңіріндегі тұрғындар алдын­да «Скиф» квартеті өнер көрсетті. Енді, міне, атыраулық оркестрдің өнерін та­ма­шаладық. Елдер арасында шекара болатыны даусыз. Алайда өнерге шекара кедергі бола алмайтынына көзіміз жетті», дейді Ольга Прокофьева.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, екі өңірдің өнер ұжымдарының сапары жиі ұйымдастырылады. Мұндай байланыс барлық салада кең қанат жайған. Енді ме­дицина саласына маман даярлауды бірлесе атқаруға баса мән берілгелі отыр.

«Астраханда білікті дәрігерлерді ­даярлайтын медицина университеті бар. Қазір аталған университетте Қазақстан­нан 140 студент оқып жүр. Университет басшыларымен кездесіп,  студенттерді Атырау облысының медицина мекемелерінде жұмысқа орналас­тыру мақсатында меморандум жасақтау жөнінде уағдалас­тық. Алдағы уақытта Атырауда аталған университеттің филиа­лын ашу туралы ұсыныс білдірдік. Бұл Атырау облысы­ның денсаулық сақтау саласын жетілдіру­ге оң ықпал болатынына сенемін», дейді Жасұлан Бисембиев.

 

АТЫРАУ – АСТРАХАН – АТЫРАУ