Еңбек нарығында әлеуметтік-экономикалық ахуалға, сұранысқа, заман талабына қарай өзгерістер болатыны сөзсіз. Егер жаңашылдықтың пайдасы көл-көсір болса, біз соған мейлінше бейімделіп, қолдау көрсетуіміз қажет.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда еңбек нарығындағы өзгерістерге қарай цифрлы экономиканың рөлі арта түсетінін айтты. Шынында да, платформалық жұмыспен қамту жүйесіне қызығатындар көп. Президент осы секторда қазірдің өзінде жарты миллионнан аса адам жұмыс істейтінін атап өтті. Бірақ мұнда да мәселе бар. Осы секторда еңбек ететін азаматтардың еңбек құқықтары толық қорғалмаған. Енді осы санаттағы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың нақты тәсілдері пайда болып, платформалық жұмыспен қамту мәселесі біршама реттеледі деп үміттенеміз. Еңбек нарығында жұмысшы мамандардың көкейінде жүрген тағы бір мәселе – еңбек дауы. Еңбек дауы өндірісте оқыстан жарақат алған жұмысшы мен өндіріс басшылығы арасында да жиі туындайды. Бұл ретте Президент еңбек тұжырымдамасының нақты қашан қабылданатынын хабарлады.
«Үкімет 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын осы жылдың соңына дейін қабылдауға тиіс. Бұл құжат жұмыс орнындағы кәсіби сын-қатерлердің алдын алуға және жоюға бағытталуы керек.
Менің тапсырмаммен Үкімет зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген адамдарды әлеуметтік қолдау тетіктерін әзірледі. Бұл бұрыннан талқыланып жүрген мәселе болатын, енді шешімі табылды. Оның мынадай өлшемдері бар. Жұмысшылардың осы саланы дамытуға сіңірген еңбегі және денсаулығына зиян келгені ескеріле отырып, оларға зейнет жасына толғанға дейін, атап айтқанда, 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем төленеді. Парламенттен Үкіметтің ұсыныстарын жедел қарауды сұраймын. Азаматтар осы мәселе шешімін табады деп күтіп отыр», деді Мемлекет басшысы.
Еңбек нарығына қатысты Президент айтқан мәселелер реттелсе, бұл – жұмысшы мәртебесінің биіктеуіне оң әсер етеді. Сөйтіп, отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл, жанашыр ұрпақ қалыптастыруға да белгілі бір деңгейде әсер етеді. Тағы бір жағымды жаңалықты тілге тиек етсек, келер жылы қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге көтеріледі. Бұл – азаматтардың табысы артады деген сөз. Еңбекақының ең төменгі мөлшері үш жыл ішінде екі есе көбейгенін ескерсек, сәтті қадам 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді екен.
Президент еңбек нарығын жан-жақты дамыту үшін Үкіметтің қысқа мерзімде 2030 жылға дейінгі кешенді жоспар бекітуі керегін айтты. Сол жоспарға еңбек нарығын реттеуге қатысты бірқатар жаңашылдық енеді деп үміттенеміз.
Бақыт Әлмұратов,
әлеуметтанушы