• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Спорт 27 Қыркүйек, 2023

Мерген қыз

617 рет
көрсетілді

Кеше еліміздің мерген қызы Әсем Орынбай Азия ойындарында екі медаль­ға ие болды. Спортшы стенд атудан командалық сайыста алтын жеңіп алса, жекелей жарыста қола жүлдегер атанды. Әсем Азия ойындарындағы жетістігінен кейін сұхбат беріп, алған әсерімен бөлісті. Спортшы алтын үшін бар күш-жігерін салғанын айтты.

– Жеңіске жеткеніме өте қуа­ныш­тымын. Ең бірінші мақсат финалға ілігу, медаль алу болды, – деп бастады Әсем әңгімесін.

– Бүгін екі медаль бұйырды. Коман­далық сайыста – алтын, жекелей сында қола медаль жеңіп алдым. Енді қолдан келгеннің барлығын жаса­дық. Командалық жарыстың финалы өте тартысты өтті. Соңғы мүмкіндікке де­йін Қытай құрамасынан ұтылып келе жатқанбыз. Бірақ соңғы серияға дейін бар күшімізді салдық. Соның нәтижесінде жеңіске жеттік. Қытай мергендері өте мықты, мойындау керек. Олар тек Азияда ғана емес, әлем бойынша мықты құрамалардың бірі саналады. Қытайға келіп алтын алу деген, – біз үшін керемет нәтиже.

Бүгінде Ханчжоуда күн ыстық, ауа райы ылғалды болып тұр. Біздің спортшылардың нәтижесіне бұл фактор да әсер еткен сыңайлы.

– Жалпы оңай болған жоқ. Күн ыстық. Сол жағы кедергі келтірді. Со­ған қарамастан барынша тырыстық. Алтын алғаннан кейін үстімізден жүк түс­кендей болды. Финал оңай болмайтынын біл­дім. Қытай құрамасының қол­дауы, жан­күйерлері өте мықты екенін өздеріңіз де көріп жүрсіздер ғой. Барға қанағат етуші халықпыз, жекелей сайыста қола медальға да шүкір етемін. Ең бастысы, командалық сайыс­та алтын алдық. Маңыздысы да сол, – дейді Әсем.

Бір қызығы, Әсемнің чемпион бол­ғанын анасы Әлия Метербаева сабақ үстінде естіпті. Ол ауылына ха­барласып, бірінші кезекте анасын құт­тықтағанын айтты.

– Әкемнің аты-жөні – Марат Метер­баев. Ол кісі жүргізуші. Анамның есі­мі – Әлия, Алматы облысы Іле ауданы Ынтымақ ауылының әл-Фараби атындағы №46 мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. 35 жылдық ең­бек өтілі бар. Келер жылы зейнет­ке шығады. Өзім де сол мектепте бі­лім алдым. Ауылымызда екі мектеп бар. Алматының іргесінде тұр­ған­дықтан, мұнда шамамен 5 мың­дай халық тұрады. Мен алдымен, анама хабарласып, құт­тық­тадым. Сөйтсем, анам біздің чемпион болғанымызды сабақ үстінде мұғалімдер мен оқушылар құттық­тап келгенде естіпті. Ауылға көп бара бер­меймін. Үнемі жаттығу жиындарында, жарыста жүремін. Жылына анамды отыз күн көремін бе, жоқ па, білмеймін. Алайда сол еңбегім зая кет­пей, жүлде алғаныма ризамын, – деді ол.

Кейіпкеріміз бұл жеңіс қажырлы еңбектің арқасында келгенін айтып, алдағы уақыттағы жоспарымен бөлісті.

– Бұл жеңіс бізге оңай келмеді. Талай жылғы еңбектің ақталғанына шүкір­лік етемін. Осы жеңістің барлығы еңбек пен жауапкершіліктің жемісі. Мен әділдікті, жауапкершілікті жақ­сы көремін. Мүмкін болған жағдайда туыс­тарыма, достарыма көңіл бөліп қо­лымнан келгенше көмектесемін. Стенд атуға қызығушылығым 8-сынып­та басталды. Алғашында бапкерлер менің тым кеш келгенімді айтып, үйірме­ге алғысы келмеді. Бірақ мен өзім­нің ептілігімді көрсетіп, тез үйреніп алдым. Міне, содан кейін ұлттық құ­ра­маға ілігіп, еліміздің намысын қорғап жүрмін. Биыл әлем ку­богінде топ жардым. Азия ойында­рынан екі жүлде еншіледім, – деді чем­пион.

Әсем егіздің сыңары екен. Сон­дай-ақ ол тұрмыс құрмағанын, биыл­дан қалмай тұрмысқа шығатынын айтты.

– Үйде үш баламыз. Мен – егіздің сыңарымын. Әсет есімді сыңарым мен үлкен ағам бар. Олардың әрқай­сысы өз шаруасымен жүрген жандар. Тұр­мыс құрмағанмын. Алла нә­­сіп етсе, биыл­дан қалмай күйеуге шы­­ғамын. Бола­шақ жарымды тани­сыз­дар, бірақ есімін айтпаймын. Ке­йін біле жатарсыз­дар, – деді Азия ойын­дарының жеңімпазы.