Қымыз, шұбат, саумал сынды ұлттық сусындардың денсаулыққа пайдасын ғалымдар айтуындай-ақ айтып келеді. Табиғи өнім науқастың кейбір ауру-сырқаудан мейлінше жылдам айығуына септеседі деседі.
Алматыда өткен гастроэнтерологтердің халықаралық конференциясында медицина мамандары ұлттық сусынның көл-көсір пайдасы туралы айтты. Табиғи сусындардың емдік қасиетін көбіміз көрмесек те, ара-тұра еститініміз бар. Сөйтсек, бүгінде ұлттық өнімдеріміз зерттеліп, пайдасы дәлелденген. Сусындар асқазан-ішек ауруларын емдеуде таптырмайды. Қазір білесіздер, ас қорыту жүйелері сыр берген науқастар көбейіп келеді. Кейбір жағдайда ауруды химиялық жолмен емдегенде оның жанама әсері пайда болуы әбден мүмкін. Сондықтан дәрігерлер емнің жанама әсерін азайтуды ойлап, науқастарға ұлттық өнімдерді жиі ұсына бастаған. Президент Іс басқармасының медициналық орталық ауруханасының бас гастроэнтерологі Бақытжан Бейімбетов те ұлттық сусындардың емдік қасиетін растап отыр.
– Саумал, қымыз, шұбаттың пайдасын бізге дейін зерттеп білгендер бар. Емдік қасиетін көргендер де жетеді. Егер осы сусындарды емдік протоколдарға енгізетін болсақ, онда оның пайдасын көретіндер көбейетін еді. Өмірді ұзартатын сусын. Оның пайдасын мен емес, гастроэнтерологияның негізін қалаған, Нобель сыйлығының лауреаты, әйгілі Илья Мечников айтқан, – дейді ол.
Емдік қасиеті дәлелденген сусындар бүгінде озық үлгідегі технологиямен өңделеді. Оның пайдасы туралы әйгілі профессор Абай Жаңғабыловтан бастап, елдің және шетелдің ғалымдары ғылыми еңбектерінде бірнеше рет жазды. Ендігі міндет табиғи сусындарды емдік хаттамаға енгізу ғана болып тұр.
Конференцияда Қазақстан-Ресей медициналық университетінің кафедра меңгерушісі Карамят Зординова Абай Жаңғабыловтың еңбектерін ерекше бағалайтынын айтты. Соның ішінде профессордың антихеликобактерлік емді оңтайландыруға қатысты жұмыстарына тоқталды. Себебі бұл тақырып бүгінгі медицинадағы басты проблемалардың бірі саналады. Хеликобактер пилори антибиотиктерге төзімдірек болып барады. Карамят Зординова табиғи өнім хаттамаға енсе, кейбір аурулармен күресуге септесер еді деген пікірін айтты.
Кейінірек шегінсек, үш жыл бұрын халықты әбігерге салған пандемия кезінде кейбір дәрігерлер науқастарға саумалдың пайдасын айтып, кеңес берген екен. Есесіне сол науқастардың бірқатары саумалдың көмегімен жұқпалы дерттен құлантаза айыққан деседі. Ұлттық сусындардың асқазан-ішек ауруларын және педиатриялық дертті емдеуге септесетінін білдік. Кейбір ақпараттарда қатерлі ісіктің де алдын алады деген хабар айтылады. Осыған қарамастан саумал, қымыз бен шұбаттың тағы қандай ауруға ем екені әлі толық зерттелмепті. Бәлкім, табиғи сусынның медициналық хаттамаға енгізілмеуінің бірден-бір себебі де зерттеу жұмыстарының аздығынан болар. Кім білсін?