• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қаржы 28 Қыркүйек, 2023

Цифрлық теңгенің жол картасы

254 рет
көрсетілді

Жақында еліміздің Бас қаржы реттеушісі – Ұлттық банк пен Ұлттық төлем корпорациясы цифрлық валютаны енгізу жөніндегі «Цифрлық теңге: бірінші кезеңді іске асыру жоспары» деген атпен ақпарат жариялады.

Ондағы құжаттың мақсаты – жобаның қазіргі мәртебесі мен осы жылдың соңына де­йін күтілетін нәтижелері туралы мәліметтер енгізілген. Цифр­лық валюталарды іске асыру саласындағы өзге де мем­ле­кет­тер­дің тәжірибесіне шолу жасай келіп, аталған теңге 2025 жылдың соңына дейін 3 фа­зада енгізілетіндігі, жобаны жүзеге асыру жол картасына сәй­кес, биылғы жылы бірінші ке­зе­ңі іске қосылатыны айтылған. Цифрлық теңге платформасының – тәжіри­белі-өнеркәсіптік және зерттеу (R&D) атты екі контуры (даму ба­ғыты) құрылыпты.

«Тәжірибелі-өнеркәсіптік пайдалануда цифрлық теңгені төлем құралы ретінде қолдану үшін барлық базалық сценарий іске асырылып, қаржы нары­ғы­на қа­ты­сушылармен және қаржы инфра­­құрылымының провай­дер­ле­рімен интеграциялық байланыс орнатылған. Сондай-ақ смарт-ке­лісімшарттарды пайдалану ар­қылы бағдарланатын төлем те­тігі енгізіледі. Бұл контур ЦТ жүйесінің негізгі міндеті мен оның кейінгі жұмысын жүзеге асы­руға арналған.

Зерттеу контуры – орталық банктердің цифрлық валютала­рында трансшекаралық есеп айы­­­ры­сулар тестілеуден өтіп, цифр­­­лық активтер индустрия­сы­ның нарығына қатысушы­лар­мен өзара байланыс орнату қарас­ты­рылған», дейді банк өкілдері.

Жобаның бірінші фазасын іске асыру қорытындысы осы жылы ұлттық валютаның 30 жылдығына орай, Қазақстан қаржыгерлерінің конгресі аясында шығарылатын болды.

Айта кетерлігі, цифрлық тең­ге қолма-қол және қолма-қол­сыз ақшалардың орнын ауыс­ты­руға бағытталмаған, басқа ва­­лю­талар секілді қолданыста қа­­тар жүре береді. Аталған тең­ге қар­жылық қызметтердің қолжетімділігін арттырып, инно­ва­­циялық қаржы өнімдерін жасау үшін жаңа мүмкіндіктер аша­­тындығы және мемлекеттік шы­­ғыстардың тиімділігін еселеп, трансшекаралық төлемдер шығындарын азайтатын болады.

Бұл шешімді қабылдаудан бұрын Ұлттық банк қаржы нары­ғы­на қатысушылармен, сарапшылар қауымдастығымен және ха­лықаралық серіктестермен бір­­лесіп артықшылықтар мен тәуе­­келдерге кешенді зерттеулер жүр­­гізген.

Осыдан біраз жыл бұрын қа­зір­гі Цифрлық даму, инно­ва­циялар және аэроғарыш өнер­кәсібінің министрі Бағдат Мусин цифрлық форматқа кө­шіруді және мем­ле­кеттік бюд­жеттен валюта қоз­ға­лысын қада­ғалауды ұсынған бо­латын. Бұл – жемқорлықпен кү­ре­судің ең тиімді жолы. Тек заң жүзінде жұмыс істелу қажеттілігін айтқа­ны бар еді.

Былтыр Ұлттық банк өкілдері республиканың Жоғары есеп палатасында цифрлық теңге жобасының тұсаукесерін өткіз­ді. Олар цифрлық теңге­нің кәдім­гі қолма-қол ақша­сыз банк­тік төлемдерден айыр­ма­­шылығын, халықтың төлем және қаржы қызметтеріне деген қолжетім­ді­лігін арттыруды, еліміздің ұлт­тық төлем жүйе­сін одан әрі дамыту және жаңғырту мен жаңа сыртқы сын-қатерлерге бейімдеу керектігін түсіндірген еді. Жалпы, цифрлық валютаны енгізу бірқатар бірегей техно­логиялық сипаттамаларға байланысты еліміздегі ұлттық төлем жүйесінің одан әрі дамуын қамтамасыз етіп, соның ішінде интернетсіз төлем жасау мүм­кіндігі де қарастырылған. Ұлттық валютаның үшінші үлгісі ретінде цифрлық теңге сол заңды төлем құралы екендігін және оның бағасы теңге бағамына тең әрі қолма-қол немесе қолма-қол емес ақшаға оңай айырбастауға болады.

2021 жылы Ұлттық банк цифр­лық валюта тұжырым­да­­­масының өміршеңдігін тексе­ру үшін «Цифрлық теңге» қанат­қақты жобасын іске қосты. 2022 жылы қаржылық реттеуші цифр­лық теңгені енгізудің пайдасы мен шығындарын зерттеді. Цифрлық теңге платформасы – нақты тұтынушылар мен сауда және қызмет көрсету кәсіп­орын­да­рымен сынақтан өткеннен соң Цифрлық теңгені енгізудің 2023-2025 жылдарға арналған жол картасы дайындалды.