• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Саясат 29 Қыркүйек, 2023

Тауарларды бажсыз әкелу мүмкіндігі

146 рет
көрсетілді

Таяуда Мәскеуде өткен ЕЭК кеңесінің отырысында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер үшін бірқатар маңызды шешім қабылданды.

Отандық делегацияны Пре­мьер-министрдің орынбасары Серік Жұман­ғарин басқарды. Оты­­рыста ЕАЭО-ға мүше елдер қазақстандық тарап­тың баста­масымен тағы екі ұсы­нысты қол­дап, қабылдады. Бірінші мәселе – ЕАЭО бойынша әріптес елдер­дің мемлекеттік сатып алулары­на бизнес­тің қатысуы үшін қолжетімді тауарлар мен қызметтердің тізімін одан әрі кеңейту. Қазақстан бұл жұмысты кезең-кезеңімен жүргізіп келеді. Өткен отырыста сатып алуға қаты­суға болатын тізбеге ауыр машина жасау және өл­шеу құралдары салалары енгізілді. Ар­найы, ауыр машина жасау, химия және мұнай-газ өнеркәсібі, өлшеу құрал­дары салаларында 7 тауар позициясы бойынша шарттар, өндірістік және технологиялық операциялар белгіленді.

Екінші ұсыныс дәрілік заттар­ды сәйкестендіру құралда­рымен таңбалауға қатысты. 2025 жылға қарай дәрілік препарат­тардың бірыңғай нарығын қалып­тас­тыру үшін қажетті құжат 2021 жылдан бастап талқыланып келеді. Қазақстандық тараптың ұсы­ныс­тары өз аумақтарында таңбалау жасаған ЕАЭО-ға мү­ше мемлекет­тердің дәрілік пре­па­раттарды сәй­кестендіру құрал­дарын өзара тану шарт­тарына қатысты болды. Осы нор­малар әлі қабылданбаған елдер экс­порт кезінде өз препараттарын тауар­лар жеткізілетін мемлекеттің заң­на­ма­сына сәйкес таңбалайды.

Жеке тұлғалар мен онлайн сауданы таңдайтындарға маңыз­ды шешімдердің ішінде 2024 жылғы 1 сәуірге дейін ЕАЭО кедендік аумағына жет­кізілетін жеке пайдалануға арнал­ған тауар­лардың, яғни заттардың  1000 еуро мөлшеріндегі шекті құны ұзар­тылды. Бұл уақытша шара онлайн-сау­даны қолдауды қамтамасыз етуге және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер азамат­тарының импорттық тауарларға деген сұранысын қанағаттандыруға арналған.

ЕЭК кеңесі Ауа райы болжамы және метеорология салала­рын­дағы қыз­меттер секторы бойын­ша әкім­шілік ынтымақтастық туралы келісім­нің жобасын ма­құл­дады. Құжат қатысушы елдердің сайттарында еркін қол­жетімділік қамтамасыз етіле­тін ақпараттың тізбесін және өзара ақпараттық іс-қимыл тәртібін айқын­дайды. Келісім Еуразиялық экономикалық одақ аясында ауа райы болжамы және метеорология бойынша қызметтердің бірыңғай нарығын қалыптастыруға мүмкін­дік береді.

Кеден одағының ет және ет өнім­дерінің қауіпсіздігі туралы техни­калық регламентіне өзгерістер ен­гізілді. Өзгерістер ет өнімдерін тұтыну­шы­ларды шатас­тырмау үшін тағамдық заттардың мөлшерін және рұқсат етілген ауытқуларды дұрыс көрсе­туді бақылауға байланысты мәселе­лерді шешуге бағытталған.

Сондай-ақ кедендік, техника­лық реттеу, энергетика және өзара ақпарат­тық іс-қимыл салала­рындағы экономи­калық инте­г­ра­цияны дамытуға бағыт­тал­ған бірқатар мәселе қаралып, қабыл­данды.