• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ғылым 29 Қыркүйек, 2023

Ғылымды дамытуға бағытталған ұсыныстар талқыланды

331 рет
көрсетілді

Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұйытқы болуымен ғылыми қауымдастық «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңды талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жиынды жүргізген Президент жанындағы ҰҒА ғылым департаментің директоры Руслан Нұрлыбаев заң жобасын талқылау барысында ғылыми конкурстар өткізу, қаржыландыру түрлері, жас ғалымдарға жағдай жасау, ғалымдардың мәртебесіне қатысты ұсыныстар айтылғанын жеткізді. Ендігі кезекте осы айтылған ұсыныстар тиісті министрлікке жолданатын болады.

– Мемлекет басшысы ғылымды дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөле отырып әр Жолдауында ғылыми-зерттеулердің деңгейін арттыру, оны дамытуда жаңа тәсілдерді қолдану қажеттігін үнемі айтып келеді. Бұл заң жобасы Президент тапсырмасына орай әзірленіп, қоғамдық маңызы жоғары сипатқа ие болып отыр. Осыған байланысты Ғылым және жоғары білім министрлігі қоғамдық кеңесінің тапсырмасымен заң жобасы қоғамдық талқыға салынып, ғалымдар үшін маңызды құжаттың заман үдесінен шығуына байланысты пікірлер айтылуда. Ендігі кезекте осы айтылғандарды қаперге ала отырып, әрбір ұсыныс назарға алынатын болады, – деп атап өтті осы жиында Президент жанындағы ҰҒА президенті биология ғылымдарының докторы, профессор Күнсұлу Закария.

Аталған заң жобасының әзірленуі ғылыми қауымдастық өздерін толғандырып отырған көптеген түйткілді мәселелерді тереңнен талқылауға мүмкіндік алды. Осы орайда пікірін білдірген Қарулы күштер ғылымдарының докторы, профессор, полковник Досай Әбдірайымов ҰҒА бастамасымен әскери ғалымдардың да заң жобасын талқылауға белсенді атсалысып отырғанын жеткізді. Профессор заң жобасының атауына қатысты сын-пікірін жеткізіп, бірқатар баптарға, сондай-ақ осы құжат аясында Ұлттық ғылым академиясы қызметінің нақтыланбағандығына қатысты көпшіліктің назарын аударды.

Профессор айтқан ескертпелерге орай Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Асылхан Бибосынов жауап берді. Ол заң жобасын әзірлеместен бұрын кеңесші құжаттардың жинақталып, жұмыс тобы құрылғанын жеткізді. Алғашқыда заң жобасында 90 бапта қарастырылған. Ол кейінен талқылана келіп, кейбір баптардың заңнамалық актілерге біріктірілгенін жеткізді. Заң жобасын әзірлеу барысында ғылымды қолдау, қаржыландыру, кадр мәселесі, ғылымға жас ғалымдарды тарту сияқты келелі мәселелерге басты назар аударылып отыр.

«QazBioPharm» Ұлттық холдингі» АҚ Бас директоры, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ерғали Әбдірайымов заң жобасы еліміз ғылымын дамыту үшін маңызды құжат екенін жеткізді. Ол бұған дейін де жұмыс тобының талқысына бірқатар ұсыныстар берілгенін атап өтті.Бұл жиынға шетелде оқып, жұмыс істеп жатқан ғалымдар да белсенді атсалысты. Нью-Йорк қаласындағы Колумбия университетінің зерттеуші профессоры, химия ғылымдарының кандидаты Еркін Аббасов заң жобасында ҰҒА қызметін анықтау мен ғылыми кадрлар әлеуетін күшейтуге назар аудару қажеттігін алға тартқан болса, Гонконг политехникалық университетінде және Канададағы Уатерлоу университетінде кванттық физика және офтальмология саласы бойынша зерттеуші, MD, PhD Мұхит Құлмағанбетов заң жобасында қарастырылған техникалық банкке, оның ішінде медициналық және фармацевтикалық зерттеулерге қатысты ойын білдірді. Осы орайда ол ғалымдарға заң кеңесін қарастыру қажеттігін алға тартты. Заң кеңесі өз кезегінде ғалымдардың әзірлемелерін іске асыруға, тіркеуге оң ықпалын тигізетін болады. Сонымен қатар елімізде медицина саласы қарқынды дамитындығына сенім білдіре келіп, ғылыми паспорт тұжырымдамасын енгізуді ұсынды. Бұл медициналық немесе салалық ғылымға қатысы жоқ мамандардың амбулаторияларда және стационарларда науқастармен өзара ықпалдастығын қамтамасыз етеді. Яғни, ғылыми сервистерді, инженер технологтардың қатысуымен жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол Америка, Қытай тәжірибесіндегідей кванттық технологиялар транфертін қарастыру қажеттігін алға тартты.

Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің О. Байқоңыров атындағы тау-кен металлургия институты директорының орынбасары, PhD Тілепбай Қуандықов еліміздегі ғылымның деңгейі салыстырмалы түрде алғанда өркениетті елдермен салыстырған әлдеқайда төмен екенін айтып өтті.

– Көптеген елдерде ғалымдарға зиялы қауым ретінде құрмет көрсетіліп келеді. Сондықтан да осы маңызды құжаттың қабылдануымен ғылым дамудың даңғыл жолына түседі деген сенімдеміз. Десек те, Президент басымдық беріп отырған ғылымды дамытуға қатысты көптеген мәселелер іске аспай келеді. Мысалы, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінде көптеген қиындықтар бар. Яғни, заманауи техникалар былай тұрсын, кеңсе тауарларын сатып алудың өзіне 3-6 ай уақыт кетеді. Ал ғалымдарға жабдықтар жылдың басында қажет болатыны анық. Салдарынан тиісті нәтижеге қол жеткізу мүмкін болмай отыр. Сонымен қатар ғылыми мекемелердің өндіріс базасы сапалы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмейінше, ғылыми жұмыстар нәтиже бермейді. Мұнымен қоса жас ғаымдардың әлеуметтік жағдайына да жете көңіл бөлген жөн, – деді ол.

Математика және математикалық модельдеу институтының директоры, ҰҒА корреспондент мүшесі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Махмұд Садыбеков аталған заң жобасында қарастырылған 17, 25-баптарға назар ауру қажеттігін алға тартып, Ұлттық ғылыми кеңестің құрамы, жобаларды сараптау мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, ғылымға қатысты мәселелерді шешу барысында шенеуніктерден гөрі ғалымдардың ара-салмағы басым болғаны жөн.

Ғылымның нәтижелі болуы теориялық білімнің өндіріспен ұштасуына байланысты. Осы орайда С.Асфендияров атындағы Ұлттық медициналық университеті оториноларингология кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы, балалар оториноларингологі Амангелді Күлімбетов жас дәрігерлер үшін клиникаларда өндірістік базаны жетілдіру мәселесін қозғады. Профессордың айтуынша, қазіргі кезде жас мамандардың тәжірибе жинау ісінде өндірістік база мүлдем сын көтермейді.

– №5 клиникалық ауруханада балалар бөлісшесінде бар-жоғы 30 төсек қарастырылған. Оның өзі Қазақстан-Ресей жекеменшік медициналық университетінің өндірістік базасы болып саналады. Өткен ғасырдың 70-жылдары бұл көрсеткіш 120 төсекке дейін жеткен. Сонымен қатар ауруханаларда жедел жәрдем циклі өткізілмейді. Оның себебі, қабылдау бөлімшесіне медицина универсиететі резиденттерін кіргізбейді. Инфекция жоғарғы тыныс алу жолдарына шоғырланатындықтан, COVID-19 кезінде оған жеткілікті мән берілмеді, вирус төменгі тыныс жолдарына өтіп, адам ағзасына ауырзардабын тигізді. Сондықтан шетелдердегідей жеке болып саналатын бас, мойын хирургиясына арналған ғылыми-зерттеу институты клиникасымен бірге елімізде ашылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді профессор.

Жиын барысында Президент жанындағы ҰҒА вице-президенті, физика-математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдев, ҰҒА вице-президенті ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Ақылбек Күрішбаев сөз сөйлеп, бүгінгі ғылымның ахуалы, оның түйткілді мәселелерімен бөлісті. Ашық микрофон алаңында сонымен қатар тау-кен саласы, әскери ғылымдарды дамыту мәселесі де ғалымдар назарына тыс қалған жоқ. Осылайша ұсыныстарын жеткізген ғалымдар көкейкесті мәселелердің жаңа заң жобасы аясында қамтылатынына сенім білдірді.