Кең дүниенің келбетіне маңыз құйған, уақыттың көз жасын сахнаға тамызған театр өнері өмірдің жан азығы. Сол ұлы өнердің саялы бәйтерегіне айналған Қазақстанның халық әртісі Бикен Римова ұлт мәдениетінің көгіне біткен жарық жұлдыз еді. Еңлік болып елді елжіретіп, Қорлан болып халықтың жадында жаңғырған алып тұлғаның Жетісу жерінде 100 жылдық мерейтойы жалғасуда. Ғасырлық қуаныштың шырайы «BIKEN» І Халықаралық театр фестивалімен әрлене түскендей.
Бұл той басқа тойдың өзгеше өрілді. Жер-ана болып жаһанның жүгін арқалаған өнер майталманы қазақ әйелінің ғазиз образын көңілге құйып кетті. Тіпті, кино саласында да терсіңді еңбек етіп халықтың көңіліне қуаныш ұялатып, қаламгерлік қырымен де әдебиет айдынында еркін жүзді. Сол әсердің әуеніне тербелген ағайынның басы Жетісудың жүрегі Талдықорған төрінде қосылды. Облыс әкімдігі мен ТҮРКСОЙ ұйымымен бірлесіп өткізіп отырған дүбірлі өнер додасы 29 қыркүйектен 4 қазанға дейін 1 апта бойы жалғасатынын естіген көрермен, Биапаның атындағы Талдықорған драма театрын лықа толтырды. Ғажайып театр бәсекесіне елдегі танымал театрларымен қатар бауырлас Қырғыз, Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Түркия елдерінің өнер майталмандары да қатысты.
Өз кезегінде берекелі іске бастамашы болған облыс әкімі Бейбіт Исабаев сөз алып, қазақ театр өнерінің Еңлікгүлі атанған тұлғаның мерейтойымен көпшілікті құттықтады. Абзал ана, асыл жар бейнесін сомдаған, ғұмырының 60 жылын сахнаға арнаған Биапаның тірліктегі атқарған ізгілікті ісі мен терсіңді еңбегін айшықтап, ұлы елдің санасында мәңгі қашалған бірегей тұлға екенін жазған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды. Сонымен қатар ол: «Өнер таусылмас азық, сарқылмас байлық. Театр өнері қай кезде де ұлттық құндылықтарымыздың, адамгершілік пен ізгіліктің насихатшысы, ұрпақтың басты рухани-эстетикалық тәрбиешісі болған. Уақыт өтеді, заман өзгереді, бірақ мәдениет мәңгілік, өнер өміршең қалпымен құнды. Осы орайда өзінің есімі берілген облыстың драма театрымен бірге Бикен Римованың да ғибратты, жасампаз ғұмыры жалғаса бермек», дей келе халықаралық өнер фестиваліне қатысушыларға сәттілік, шығармашылық еңбектеріне табыс тіледі.
Жетісу топырағында жалауын желбіретті демесе, күллі қазаққа ортақ қуаныш үстінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева лебізін білдіріп, мәдениет пен әдебиет ұлттың жаны екенін, мұндай ірі фестивальдің халыққа, өнерге аса қажет екенін жеткізді. Елімізде осымен жалпы саны 9-ға жеткен әр байқау таланттарды шыңдауға, өнердегі жаңа есімдерді анықтауға негіз болса, дәстүрлі құндылықтың қайнарын мөлдіретіп, кешегі мен бүгінді жалғауға, ұрпақ сабақтастығын нығайтуға да өзек екенін тебірене толғады.
Ал, өз кезегінде сөз алған ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев қазақ жерінің қасиеті туралы тебіреніп, өнері озық елдің ең шұрайлы мекенінде бастау алған байқаудың баянды болуына тілекші екенін жеткізді. Бикен Римованың қызы Меруерт Құсайынова даңқты тұлғаның өмірі мен өнер жолындағы жарқын жолы мен ұлы сүрлеу-сүрдегіне, адами бет-бейнесі мен бекзат болмысына қатысты перзенттік пікірін білдіріп, байқауға бастамашы болған Жетісу облыстық әкімдігіне, ТҮРКСОЙ ұйымына алғысын білдірді.
Театр саңлағының тағылымды тойы «Өнермен өрілген өмір» атты республикалық ғылыми-танымдық конференциямен тұсауын кесті. Бұл жиынға түркітілдес мемлекеттердің өнер қайраткерлері, мәдениет саласының көрнекті өкілдері қатысты. Беташар сөзді облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли алып, ғасырлық той – өнер мен халықтың ортақ қазынасы екеніне тоқталды.
Тойға арнайы келген Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов 100 жылдық тойға құттықтауын арнап, Бикен ападан алған тәлімі өміріне азық болғанын әңгімеледі.
«Ана – Жер-ана» қойылымында керемет ойнады. Ондай туындының енді болу, болмауы екіталай. Ол кісі анамыздай қамқор еді. Сахнаға шығудың қыр-сырын үйретті. Өтірік, өсек айтпауға баулыды. Ол кісі сахнаға шыққанда жан-жағына жан бітетін, «қойылым әсерлі көңіл-күйге толып» кететін. Қазір театрда Бикен апаның орны үңірейіп тұрады. Бірақ актерлерге сол кісі қалай ойнаушы еді, соны қайталаңдар деп айтып отырамыз. Облыс басшыларына осындай той өткізіп отырғандығы үшін алғыс айтамын. Бикен апаның қазақ театры мен киносында қалдырған қайталанбас образдары, дарынды драматург ретіндегі сүбелі туындылары, өнегелі өмір жолы мен шығармашылық шыңы кейінгі ұрпаққа мәңгілік мұра болып қала бермек», деді А.Әшімов.
Конференцияда Бикен Римованың қызы Меруерт Құсайынова анасы жайлы естеліктерімен бөлісіп, сахнада актриса болғанымен үйде үлкен жүректі ана еді деп еске алды. Анасына бюст қойып жатқан облыс басшыларына алғысын білдірді. Басқосуда театр саласының мамандары сөз алып, қойылымдарды жандандыру барысындағы ойларымен бөлісті.
Рухани шарада театртанушы Аманкелді Мұқанның Бикен апамыздың ғұмыр-дариясынан сыр шертетін «Көктем қалпынан айнымай қалған жан» атты кітабының тұсауы кесілді.
Одан кейін Жетісудың жүрегі саналған Талдықорғанда тұңғыш рет жалауын желбіреткен халықаралық фестиваль Биапа театры ғимаратының алдында тұғыр тепкен ұлы ақын Абай Құнанбайұлының еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен жандана түсті. Замананың зарын шертіп, қара сөз, қара өлеңмен халқын ізгілікке шақырған алып ойшылдың рухына тағзым жасалғаннан кейін Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының фойесіне орнатылған Биапа бюстінің ашылу салтанаты өткерілді.
Киелі сахнаға небәрі он сегіз жасында аяқ басып, театр мен кино әлемін қос қанатына айналдырған сәулелі ғұмыр иесінің қоладан құйылған бюстінің ашылу рәсімін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов пен Биапаның қызы Меруерт Құсайынова атқарды.
Айта кетейік, бюст қоладан, ал тұғыры мәрмәрден қойылған. Мүсіншілері – Бүркітбаев Айдос, Ермұханбетов Тимур. Ескерткіштің тұғырымен алғандағы биіктігі 2 метр 70 см. Оған жергілікті бюджеттен 18,5 млн теңге жұмсалған.
Ғибратты ғұмыры ғасырларға аңыз болып таралатын тұлғаның құрметіне өткен алғашқы халықаралық фестивальде көрерменнің рухы асқақтап, өнерпаздар шалқып-тасып, үлкен тебіреніспен жүргенін аңдадық. Салтанат театрлар шеруімен жалғасты. Оған еліміздегі М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театры, Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры, Алматы қалалық мәдениет басқармасының «Жаңа ғасыр» театры, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды драма театры, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театры, Астанадағы музыкалық жас көрермендер театры қатысты. Сонымен қатар Өзбекстандағы Хорезм облысының музыкалық-драма театры, Түркия мемлекеттік театры, Б.Қыдыкеева атындағы Қырғыз мемлекеттік балалар мен жастар театры, А.Арслан атындағы Түрікменстан драма театры, Әзербайжан мемлекеттік «Юх» театрының ұжымдары да қызыл кілем үстімен салтанатпен жүріп өтті. Осы орайда атап өтерлігі, бұл театрлардың барлығы бір жеті бойы Б.Римова атындағы драма театрында және І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өз қойылымдарын көрерменге ұсынатын болады.
Б.Римова атындағы драма театры, І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайы, Д.Рақышев атындағы филармониясында апта бойы өтетін өнер додасының ашылу салтанаты әрмен қарай концерттік бағдарламаға ұласты. Сахна саңлағының өмір жолынан үзінді ретінде қойылым көрсетіліп, «Жетісу сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблі және басқа өнер ұжымдары көпшілікті сырлы сазбен тебірентсе, «МұзАРТ» тобы бастаған эстрада әншілері айтулы шараның ажарын ашты.
Бикен Римова өзінің өмір сүрген жылдарын, тәжірибесін, 58 жыл сахнадағы еңбек жолын қорытындылай келе, жастайынан көрген тағдыр тауқыметтерінен алған сабақтарынан түйгендерін, түйіндей келе замандастарына қарапайым сөздермен төмендегіше сыр ақтарған екен. «Қамшының сабындай қысқа ғұмырда адамдар бір-бірінің қадірін біліп жүрсе екен. Орынсыз реніштерден, ұсақ өсек, арыз-жаладан ұяламын. Адам, ең алдымен, өзін аяуы керек. Өзін де, өзгені де аяй, сыйлай алмайтындарға күйінемін. Жоқ жерден кінәрат іздеп, быт-шыт болу, сөзге келіп қалу үлкенге де, кішіге де жараспайтынын қай-қайсымыз да естен шығармасақ екен». Осы сөзді ұранға алған түбі түркі бауырлас театр ұжымдары бір апта бойы Жетісу жерінде өнер көрсетеді. Қорытынды кеш 4 қазан күні жоспарланған. Сонда «BIKEN» І Халықаралық театр фестивалінің жеңімпазы белгілі болады.
Жетісу облысы