Экстремалды журналистика – аты айтып тұрғандай, экстремалды, яғни төтенше жағдайлар орнынан хабар таратуды көздейтін журналистика саласы. Қызығы мол, сонысымен тартымды. Бірақ адам өміріне қаупі орасан. Бәлкім, содан да ол әдеттен тыс сюжет түсірудің, елден ерекше материал жазудың таптырмас мүмкіндігі.
Дегенмен қандай пайдалы әрі қызықты түсірілім немесе жазба болсын, ол адам өмірінен маңызды емес. Сондықтан «шиеленіс нүктелеріне» табан тіреген тілші ең алдымен өзінің және жанындағы адамдардың өмірі мен денсаулығын бірінші кезекте ойлауға тиіс. Ол үшін журналист нені білуі керек, қандай сақтық шараларын жасағаны жөн? Қысылтаяң шаққа тап келгенде тығырықтан шығу үшін не істегені дұрыс? Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен Қарағанды облысындағы «Спасск» оқу-жаттығу орталығында өткен «Әскери дискурс-2023» семинарында біз осы сұрақтарға жауап іздеуге тырыстық.
Үш күнге созылған дискурс барысында тәжірибелі әскери нұсқаушылар журналистерге экстремалды жағдайларда өз-өзін ұстау ережелері, рұқсат етілетін және тыйым салынған амалдар, алғашқы дәрігерлік қызмет көрсету, терроризм психологиясы бойынша теориялық дәрістер өткізіп, оны полигонда тәжірибелік сабақтармен пысықтады.
Жалпы дәріс оқыған Орталық коммуникациялар қызметінің маманы Руслан Бектің айтуынша, қарулы қақтығыстар аймағындағы журналист – бейбіт тұрғындардың қатарына жатады. Халықаралық құқық бойынша соғысып жатқан екі тараптың та оларға қарсы қару көздеуіне болмайды. Дегенмен бұл талапты сақтамайтын жағдайлар көп. Әсіресе жағдайды барынша шиеленістіруді көздейтін террористер үшін адам өмірін шыбын құрлы көрмейді. Оған әлемнің әр түкпірінде соғысу үшін емес, хабар тарату үшін барған тілшілердің оққа ұшып жатуы дәлел. Сондықтан тәуекелге бел буып, тыныштығы бұзылған өлкеге табан тіреген журналистер барынша сақтық амалдарын жасап, өмірін қатерге тікпегені жөн.
– Соғыс болып жатқан жерде журналистердің өмірі толыққанды қорғалмағанын айта кету керек. Ең басты талаптың бірі – қолға қару ұстамау. Тіпті жерде жатқан қаруды көрсе де, оны алмаған дұрыс. Себебі қолға қару алған сәттен бастап журналистер қарсы тарап үшін жауға айналады да, нысанаға ілігеді, – деді Руслан Бек.
Журналистерді қорғау жөніндегі тәуелсіз комитеттің мәліметінше, өткен жылы қарулы қақтығыс аймақтарында 67 журналист оққа ұшқан. Соның ішінде 15 адам Украинада кәсіби міндетін атқару кезінде қаза тапқаны айтылады. Ал Латын Америкасы журналистер үшін ең қауіпті аймақ болып отыр. Өткен жылы онда 30 журналист қайтыс болыпты. Олардың бәрі қылмыс әлемі, сыбайлас жемқорлық, көше бұзақыларының зорлық-зомбылығы және экология проблемалары секілді тақырыптарды қозғап жүрген.
Соғыс болып жатқан жерде немесе тыныштығы бұзылған өлкелерде жұмыс істейтін журналистер үстіне міндетті түрде оқ өткізбейтін бронды жилет киіп, «PRESS» деген жазуды тағынып жүруі керек. Дегенмен соның өзінде олар қаңғыған оқтан немесе абайсызда мина басып кетіп, граната мен бомбаның жарықшақтарынан көз жұмуы немесе жарақаттануы мүмкін. Осындай кезде әрбір адам өзіне және жанындағы жолдастарына алғашқы медициналық көмек көрсете білуі керек.
Әскери дәрігер Иван Бойко семинар барысында журналистерге майдан даласында жарақат алғанда көрсетілетін медициналық көмек түрлерін таныстырды. Оның айтуынша, оқиға болып жатқан орын қауіптілігі жағынан қызыл, сары, жасыл деп үшке бөлінеді екен. Қызыл аймақ – атыс болып жатқан ашық жер. Ол ең қауіпті орын саналады. Мұндай жерде өзің немесе жаныңдағы серігің жараланса, оған тек ең бастапқы медициналық көмекті жасап, қауіпсіз орынға жер бауырлап сүйреп әкетуің керек. Артық қимыл жасасаң, өзің де оққа ұшуың әбден мүмкін. Мәселен, қан тоқтату үшін резеңке бұраумен (жгут) байлап, жаралыны жерден тұрмаған күйі сүйрейсің. Сары аймақ – қауіпсіздігі орташа жер. Яғни атыс-шабыс болып жатса да, өзің оқ тимейтін тасада тұрасың. Мұндай жағдайда оқ тиген серігіңе мүмкіндігінше есін жиғызып, қанын тоқтататын амал-әрекет жасауға мүмкіндік болады. Мәселен, бұраумен таңудан бөлек, оқ тиген жараның орнын дәкемен орауға мүмкіндік бар. Дегенмен кез келген сәтте қаңғыған оқ тиіп кетуі де мүмкін екендігін естен шығармай, барынша сақ әрі тез әрекет етуің керек. Ал жасыл аймақ – соғыс қимылдары басылған, өмірге қауіпсіз жер. Мұндай жағдайда өзіңе немесе жолдасыңа қажетті медициналық көмекті толыққанды көрсетіп, тез арада жақын маңдағы әскери госпитальге жеткізу қажет.
Әскери дәрігер Иван Бойко аяқ-қолға оқ тигенде бұраумен байлаудың немесе дененің басқа бөлігі жарақаттанғанда қан тоқтатудың біз білмейтін қыр-сырын толығымен айтып берді. Мысалы, аяққа оқ тисе, жарақаттың жоғарғы жағынан қатты қысып таңған соң, аяқтың төменгі жағындағы тамырды ұстап көруің керек. Сонда тамыр соқпай тұрса, бұл оқ тиген жерге қан келуі тоқтағанын білдіреді. Егер әлі де тамыр соғып жатса, резеңке бұрау дұрыс қысылмаған деген сөз. Содан кейін әрбір 20 минут сайын бұрауды сәл босатып, аяққа қан жүгіртіп отыру маңызды. Себебі қан бармай тұрған жердің жасушалары өліп кетпеуі керек. Егер өліп кетсе, аяқты кесуге тура келеді. Сондықтан бұрауды босатыңқырап,
5 минуттай толық қан баруына жағдай жасап, аяқты ұстап көресің. Қан жүгіріп, аяқ жылынғаннан кейін резеңке бұрауды қайтадан қысып байлайсың. Осылай қайталап отырған жөн. Соның өзінде де жаралы адамды әрі кеткенде 1 сағаттың ішінде госпитальге жеткізген дұрыс. Одан кешігіп, медициналық көмек көрсетілмесе, жаралының жағдайы қиындап өліп кетуі немесе аяқ-қолын кесуге тура келуі мүмкін.
«Адам бойында 4-5 литр қан болады. Егер 500 граммға дейін қан жоғалтса, адамның басы айнала бастайды. Ал 1,5 литр қан кетсе, естен танып қалады. Сондықтан алғашқы медициналық көмек дер кезінде көрсетілуге тиіс», деді әскери дәрігер. Одан бөлек, Иван Бойко адамның тірі не өлі екендігін білу үшін тамыр ұстап көру, ауызбен үрлеп тыныс алдыру және жүрегі тоқтап қалғанда қос алақанмен кеудені басып көмек көрсету жолдарын үйретті.
Семинардың теориялық бөлігіндегі ең қызықты өткен дәрістің бірі – адам маң далада жалғыз қалған жағдайда тығырықтан шығу және тірі қалу амалдарын үйрету сабағы. Мәселен, сіз шөл далада, елсіз аймақта қалып қойдыңыз. Жаныңызда ешкім жоқ, ұялы байланыс жоқ, тамағыңыз таусылды, айналада жаулардан бөлек жабайы аңдар кездесіп қалуы әбден мүмкін. Не істейсіз? Қандай амал жасайсыз? Мамандардың айтуынша, адам тамақсыз 2 аптаға дейін шыдайды, ал сусыз 2-3 күннен артық жүре алмайды. Әсіресе ыстық аймақтарда болса, шөлден адамның естен тануы әбден мүмкін. Сондықтан арнайы мамандар журналистерге өзен-көлдің лай суын сүзіп, тазартып алу, таңғы шықтан су жинау тәсілдерін көрсетті. Одан бөлек, отты қалай тұтату, қандай шөптерді жеу, қысты күні түнде жату үшін омбы қарды қазып үңгір жасау, т.б. ең қажетті қарапайым амалдарды түсіндірді.
«Адам маң далада қалып, қарны ашқанда жеуге жарамды шөппен қоректенуіне болады. Ол үшін ең алдымен шөпті кішкене жеп, жарты сағаттай күтуі керек. Егер жүрегі айнып, басы айналып, теріс әсері байқалмаса, онда жеуге жарамды. Бірақ соның өзінде бәрін бірден емес, бөліп-бөліп, аз-аздан жеу керек. Осылай істесе адам уланып қалмайды. Ал суға келсек, қарапайым киімнің өзі сүзгі ретінде қолдануға жарамды. Ол суды толық тазартпаса да, ішуге болады», дейді әскери нұсқаушылар.
Семинардың тәжірибелік бөлігінде журналистер полигон даласында шынайы оқиғаға барынша жақындатылған террористер шабуылына тап болып, миналанған және атыс болып жатқан қауіпті аймақтан шығу операциясынан өтті. Әскери көлікпен келе жатқан бізді алдымен террористер атқылай бастады. Үстімізде 10 келілік бронды жилет, басымызда «PRESS» деген жазуы бар әскери каска. Атыс басталғанда алдымен әскери көліктен далаға шығып, жерге етбетімізбен жата қалдық. Кейін алдымыздағы барлаушының артынан жүгіре отырып, мина құрылған қауіпті жолдан өтіп, Т-72 танкісін қалқан қылып, діттеген жерімізге жеттік. Орта жолда жарақат алған серіктерімізге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жараларын таңып, кейбірін қауіпсіз орынға көтеріп апаруға тура келді. Мұның бәрі қойылым екенін біліп тұрсаң да, жан-жағыңда бомба жарылып, үздіксіз атыс жүріп жатқанда өзің біліп тұрған амалдарды да орындау әлдеқайда қиынға соғады екен.
Полигондағы сабақтар қызған шақта Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов семинарға қатысушылармен кездесіп, сұрақтарына жауап берді.
– Семинардың басты мақсаты – қиын сәтте өз өміріңді қорғауға үйрету және ұрыс іс-қимылдары жүріп жатқан аймақтарда айналаңыздағы адамдарды аман алып қалуға көмектесу, – деп атап өтті Қорғаныс министрінің орынбасары. – Елді әскер өмірінен хабардар етіп, армия жайлы жағымды пікір қалыптастыруда сіздер атқаратын жұмыстың маңызы зор. Себебі қоғамдық пікірдің қалыптасуына журналистердің жұмысы әсер етеді. Әр хабарлама ақпарат көзі һәм қуатты ақпараттық қару ретінде қызмет етеді.
Генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов әскери дискурсқа қатысу журналиске әскери қызметшілердің күнделікті тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысуға мүмкіндік беретінін айтты. «Бұл іс-шара әскери ведомствоны анағұрлым ашық етеді. Қазақ әскерінің беделін және оған деген сенімін арттыруға ықпал жасайды, Отанға адал қызмет етуге дайын азаматтарды Қарулы күштер қатарына шақыруға мүмкіндік жасайды», деді ол. Қорғаныс министрінің орынбасары семинар соңында қатысушыларға курсты аяқтағаны туралы сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.
Айта кетсек, мұндай экстремалды журналистика курсы биыл жетінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Алғашқы жиын 2015 жылы өткен болатын. Осы жылдар ішінде жетекші республикалық телеарналардың, ақпараттық агенттіктердің және баспа басылымдарының 100-ден астам өкілі қатысып, әскери өмірдің қыр-сырымен танысқан.
– Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған әскери дискурсқа алғаш рет қатысып отырмын және осы семинардың арқасында қарулы қақтығыстар аймақтарында жұмыс істеу туралы баға жетпес білім алдым. Сонымен қатар мұнда басқа редакциялардағы әріптестермен таныстым, көп дос таптым. Болашақта да журналистерге арналған осындай іс-шаралардың өткізілгенін қалаймын, – деп алған әсерімен бөлісті «Qazaqstan» телеарнасы «Ақсауыт» әскери-патриоттық бағдарламасының жүргізушісі Мерей Қанапиянов.
Семинарға тек ер азаматтар ғана емес, қыздардың да қатысқанын айта кету керек. Олар да жігіттермен бірге экстремалды жағдайлардағы қиындықтарды физикалық жағынан да, психологиялық тұрғыдан да көтере біліп, кез келген төтенше жағдайға дайын екендіктерін көрсетті. Иә, Мәншүк пен Әлиялар шыққан елдің әрбір азаматы ел қорғауға, қиындықты қаймықпай көтеруге дайын болғаны дұрыс.