• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Қазан, 2023

Онлайн ойындар нені насихаттап жүр?

464 рет
көрсетілді

Өткен жылы 4-сыныпта оқитын ұлымның сыныбында болған бір оқиға жағамызды ұстатты. Мұғалім балаларға «Өскенде кім болуды армандайсыңдар?» деп сұрақ қойғанда бір ұл бала: «Террорист болғым келеді» деп жауап беріпті. Таңғалған апайы: «Оны саған кім үйретті? Террорист дегенді қайдан естідің?» деп сұраса, әлгі бала: «Телефондағы ойыннан көрдім» деген екен.

Кейінгі 10-15 жылда компью­терлік ойындар әлемде қыруар қаржы түсіретін үлкен индустрияға айналып үлгерді. Елімізде де онлайн ойынға еліткендер саны жылдан-жылға артып келеді. Нақты сандарға көз жүгіртсек, 2020 жылы компьютер ойнайтын­дар қатары 5 миллион адамды құра­ған, оның 70 пайызы – балалар мен жасөспірімдер.

«Newzoo» аналитикалық ком­паниясының мәліметінше, 2018 жылы отандастарымыз интер­нет­тегі онлайн ойындарды 207 миллион долларға сатып алған. Бұл көр­сеткіш бойынша еліміз әлемде 44-орынға жайғасыпты.

Ұлымның сыныптасының айтып отырған ойыны «Standoff 2» деп аталады. «Standoff 2»-ні тек ком­пьютерде емес, телефонмен де ойнауға болады. Сондықтан қо­лына смартфон ұстаған әрбір бала үшін қолжетімді дүние. Мұнда ойыншы не арнайы жасақ болып террорис­термен соғысады, не террорист болып арнайы жа­сақпен қақтығысқа түседі. Бұдан бөлек, «Counter-Strike», «A War Story», «Black Fire» секілді көп­теген ойында да жас балалар «террорист» болудың «қыр-сырын» меңгереді екен.

Дегенмен, бүгінде компью­тер­лік ойындардың қауіптілігі тек тер­роризмді насихаттау және оны ер­лік ретінде көрсету ар­қы­лы кө­рініс тауып жатқан жоқ. Кейінгі уақытта балаларды жат діни ағымдарға тартатын ойындар да пайда болған. Еліміздің аума­ғындағы компьютерлік клуб­тарда діни мазмұндағы ойын­дардың на­рықтық рейтингі жо­ғарылап келе жатқан көрінеді. Мәселен, Астана қаласындағы ком­пьютерлік клубтардың бағдар­ламасында кез­десетін діни бейне ойындарды 13 пен 18 жас аралы­ғындағы жас­өс­пірімдер мен жастар тұрақты түрде тұтынатыны белгілі болған.

Шымкент қаласы Дін мәсе­ле­лерін зерттеу орталығының дін­та­нушы маманы Нұрразы Арапбай – жасөспірімдер ойнап жүрген діни мазмұндағы компьютерлік ойындарға тереңдетілген бейневизуалды дінтанулық, контенттік талдау жасаған мамандардың бірі. Нәтижесінде, ол өнімдерде елі­міздің аумағында тіркелмеген секталық бағыттағы наным-сенім­дердің ұстанымдары, өзге дінге шақыратын көріністер, сонымен қатар зорлық-зомбылық, дін­аралық өшпенділік, азғындық түр­­лері де насихатталатынына кө­зі жеткен.

– Біз Астана қаласындағы 8 ком­пьютерлік клубқа барып, діни мазмұндағы ойындарға тек­серу жүргізумен қатар, жас­өс­пірім­дер­мен сұхбаттасып, олар­дың осындай ойындарға деген қы­зығу­шылығын білдік. 9 бен 18 жас аралығындағы 50-ден ас­там жеткіншекпен әңгі­мелесу бары­сында біз зерттеген ойын­дардың негізгі діни мазмұны олар­ды қызықтыратынын және ба­ла­лардың діни танымын қалып­тастыратын алғашқы баспалдақ екенін көрдік, – дейді Нұрразы Арапбай.

Мәселен, солардың бірі – «Far cry 5» деп аталатын шытырман оқи­ғалы ойында «Эдеммит» деп ата­латын аккульттік қоз­ғалыс суреттеледі. Сюжет же­лісі Аме­ри­каның Монтана штатында өтеді. Қозғалыстың көсемі Джозеф Сеид (Жүсіп) деген «пайғамбар». Олар Хоуп округінде Эдем қақпасы деп аталатын штат құрады. Көшбасшы Джозеф Сеид өзінің «Джозеф» атты кітабын (The book of joseph) шығарады. «Кітаптың мазмұнында христиандардың жаңа өсиеті мен киелі кітабы негізінде өзіне аян берілген мәтіндер қамтылады. Өзін Иса мәсіхтен кейін пайғамбар ретінде құдайдан келген елші еке­нін, ақырзаман таяу арада бо­ла­тынын және құтылуға асығу ке­рек­тігін хабарлайды», дейді дін­та­нушы.

Оның айтуынша, ойын барысында Джозеф Сеид «Эдем» қоз­ға­лысына күмәнмен қарағандар мен оны қаралағандарды ай­қыш­қа керіп немесе суға аяу­сыз тұншықтырып өлтіреді. Ал қол­даушыларға әсерлі уағыз жүргізіп отырады. Сенушілер шіркеуде хор­мен ән айтып «Әкеміз Джозеф құтқарушы жанымызды» деп қайталап, христиан дәстүріндегі ғибадаттарды негіз етіп алып «эдем» рәсімін орындайды. Ойын ба­­рысында қозғалыс мүшелерінің полициямен қақтығысы, өздерін қол­дамаған адамдарды қинап өлті­ру көріністері де бар. Ең со­ңында әлемде ядролық жарылыс орын алып, Эдем штаты мен оған сенушілер ғана аман қалады.

– Ойында қатыгездік оқи­ға­ларының жиі көрсетілуін бала пси­хикасына ықпал жасау факторы ретінде қарастыруға бола­ды. Өзімен келіспегендерді жау санау, оларға қарсы агрессия та­ныту сектанттық ой-сана­ның қа­лыптасуына түрткі болуы мүм­кін. Бұл ойын 18 жас­тан ас­қандарға арналған деп ескер­тіл­генімен, Астананың ойын клубтарында жас балалар да ойнап жүр, – дейді Нұрразы Арапбай.

Бұдан бөлек, «Outlast-2» атты ойында жыныстық қатынас, сә­билерді құдайға құрбандық ретінде шалу, сонымен қатар, христиан дінінің ұстанымдары араласқан фантастикалық көріністер насихатталады. Тіпті АҚШ пен Еу­ро­па мемлекеттерінің христиан қа­уым­дастықтары наразылық та­ныт­қан бұл ойын елордамыздың «PlayStation» клубтарында жиі ойналады екен. Сонымен қатар, «Silent Hill-2», «Assassins creed» ойындары да бала психикасына кері әсер ететін көріністерге толы.

– «Assassins creed» ойыны мұ­сылмандар мен христиандар ара­сындағы соғыспен басталады. Оқиғалар тарихи мәліметтермен қатар ойдан шығарылған сюжеттерден тұрады. Мұнда мұсыл­мандар зұлым жау ретінде көр­сетілген. Олар христиандарды ая­усыз қырып-жояды. Тарихтағы аса көрнекті тұлға Салах ад-Дин ойын барысында қанішер ретінде сипатталады. Орта ғасырдағы ислам әлемінде көп бүлік тудырған ассасиндердің ислам жамағаты ретінде көрсетілуі араб елдерінде үлкен наразылық туғызып жатыр. Сауд Арабиясы оған ресми түрде тыйым салды, – дейді дінтанушы.

Нұрразы Арапбай бұл өнім діндер арасында өшпенділікті ояту­­мен қатар, жасөспірімдер са­на­­сында бұрмаланған діни та­ным-түсінік қалыптастыруы әб­ден мүмкін екенін айтады. Өйт­кені ойын барысы тұнып тұр­ған исламофобиялық идеология. Өкініш­ке қарай, оны еліміздегі 13-20 жас аралығындағы жасөс­пірімдер күнделікті ойнап жатыр.

Терроризмді, зорлық-зом­бы­лық­ты, дәстүрлі сенімімізге қай­шы нанымдарды, азғындықты жас балаларымыздың санасына құйып жатқан мұндай ком­пью­терлік онлайн ойындарға қа­шан тыйым саламыз? Жалпы оған тыйым салу мүмкін бе? Біз­дің ойы­мызша, уәкілетті органдар жо­ғарыда айтылғандай көп қол­да­ны­латын діни мазмұндағы ойындарды анықтай отырып, оған тексеріс жүргізіп, егер бала дү­ние­танымына кері әсер ететін тұс­тары болса, оны бұғаттау шарасын қабылдағаны жөн. Дінтанушының айтуынша, ойын­дарды бұғаттауға мүмкіндік бар. Ол үшін алдымен олардың маз­мұнын бақылап отыратын арнайы бағдарлама жасауды қолға алу керек.

– Бұл ІТ мамандарымен бірігіп жасалатын жұмыс. Қазіргі күні АИК деген бағдарлама бар. Ол интер­нетте, әлеуметтік желілерде тер­­рористік, салафиттік бағыттағы парақшаларды анықтауға және бұ­ғаттауға мүмкіндік береді. Мі­не, ойындарды да бақылайтын осын­дай бағдарлама жасалуы қа­жет. Мысалы, Еуропа елдерінде ойын­дардың жалпы мазмұнын ба­қылайтын бағдарламалар бар, – дейді ол.

Дегенмен, интернет толық­қан­ды бақыланбайтын үлкен кеңіс­тік болғандықтан, әлгіндей теріс сипаттағы ойындарды бір жерде бұғат­тасаң да, ертеңгі күні екінші жерден қайта шыға келуі мүмкін. Оларды ғаламтордан толыққанды жойып жіберу мүмкін емес. «Сон­дықтан біз өз тарапымыздан со­ған қарсы насихат жүргізетін өз ойын­дарымызды да ұсынуымыз қажет. Бала санасына дұрыс сенім мен ұстаным қалыптастыратын, патриоттық сарындағы, тәрбиелік ба­ғыттағы ұлттық жобаларымыз болғаны жөн. Мұның бәрі қы­руар қаржыны, мемлекет тара­пы­нан қолдауды қажет етеді. Бала болашағы – елдің болашағы. Сон­дықтан қаншалықты ауқымды жұ­мыс болса да, бұл бағытта алдын алу шараларын қаншалықты же­дел жасасақ, соншалықты біз ел ке­ле­шегін баянды ете аламыз» дейді ол.

Психолог мамандар да қоғам­нан алшақтап, компьютерді «до­сы» етіп алған баланың онлайн ойындардағы үгіт-насихатқа еріп кетуі мүмкін екенін айтады. Мә­селен, психолог Күл­маш Ел­шібаеваның сөзінше, компью­тер­лік ойындар ең алдымен ата-ана қарауынан тыс қалған ба­­лаларға қауіпті. «Зерттеулерге сү­йенсек, компьютер алдында ұзақ отыру бала психологиясына теріс әсер етеді. Біріншіден, тым көп ақпарат тасқыны оны ен­жар­лыққа ұрындырады. Өзгенің адами мұң-мұқтажын түсінбейтін, ай­наласындағылардың жан қи­налысын сезіне бермейтін, яғни жүрегі селт етпейтін халге жетуі мүм­кін. Достарымен, айнала­сын­дағы жақындарымен, соның ішінде тіпті ата-анасымен араласудан қал­ған жасөспірім шынайы өмірді ин­тернеттегі «виртуалды» өмірге айыр­бастап та жіберуге дайын бо­лады. «Компьютерге байлану» ауруы негізінен кімдерде пайда бо­лады?» деген сауалға мамандар: «Көбіне шынайы өмірде өздеріне сенімсіз, сондай-ақ тұрмыста кез­десетін қиын түйіндерді шеше ал­майтын адамдар және әке-шеше қарауы­нан тыс қалған балалар бұл дертке бейім. Осы әуестігі компью­терден тыс жерде уақытты босқа жо­ғалтқанмен бірдей деп есеп­тей­тіндей деңгейге жетеді», дей­ді ол.