• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Шымкент 04 Қазан, 2023

Қала жылу маусымына дайын

182 рет
көрсетілді

Жуырда Шымкентке Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов арнайы іссапармен келіп кетті. Сала өкі­лінің төрағалығымен құрылған комиссия қала әкімі Ғабит Сыздық­бековпен бірге шаһардың қысқы жылыту маусымына дайындығын тексерді.

Алғашқы тексеріс жұмыс­тары «3-Энерго­орталық» АҚ-дан басталды. Содан соң № 3 аудан­дық қазандық пен мега­по­листің әкім­шілік-іскер­лік орта­лығындағы 160 Гкал құрай­тын қазан­дығында жалғасты.

Комиссия «3-Энергоорта­лық» АҚ-ның қыс­­қы маусым­ға дайын екеніне көз жеткізді. Қуат­тылығы 60 Гкал құрайтын №3 аудандық қазандық та жылыту маусымына әзір. Қазан­дық 219 көп­қабатты тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді. Әкімшілік іскерлік орта­лығындағы 160 Гкал қазандығынан 123 көп­қабатты тұр­ғын үй жылу алады. Ол да қыс­та жылу беруге дайын.

Мегаполисте 2 076 көпқабат­ты тұрғын үй бар. 464 бюджеттік мекеме жұмыс істейді. Осы­лар­дың барлығы жылыту маусымына дайын­дықта­рын аяқтады. Дей тұрғанмен қала басшысы жауап­ты сала өкілдеріне қыстыгүні жылудан мәселе туындамау керектігін ескертті.

Өткен қыста қатты аяз болып, Шымкентте біраз үйдің жер­төледегі құбырлары қа­тып қал­ған. «Су арнасы-Маркетинг» ЖШС жұ­мыс­шылары күн­діз-түні үйлерді аралап, қа­тып қал­ған құбырларды ері­тіп әуреге түсті. Негі­зінен бұл жұмыс олардың міндетіне кір­­месе де, тұр­ғындарды ойлап әре­кет етті. Биыл да осын­дай жағдай қайталанбас үшін мекеме басшысы Анар­бек Орман жиын өткізіп, әкімдіктің көмегімен үйлердің жертөлеле­рін қымтау керектігін айт­қан. Өйткені былтыр қыста жертөле, дәліздердің терезелері жоқ үйлерде құбырлар қатты аязда мұз боп қатты. Қысқа да­йын­дық жұмыстарында осы мәселе ескерілмесе, былтырғыдай жағдай тағы қайталануы мүмкін. Оның үстіне синоптиктер өткен жылғы аяздар алдағы қыста тағы болуы мүмкін деген болжамдар айтып жатыр. Жасыратыны жоқ, былтырғы жылыту маусымында жылуға байланысты шағымдар болды. Кейбір үйлерге ол дұрыс бармады. Бірақ бұған жылу беруші мекемеден гөрі, сол тұрғын үйлердің тұрғындары бірінші кезекте жауапты. Себебі салқын түспей тұрып олар көпқабатты үйде сығымдау жұмыстарын жүргізуге тиіс. Құбырлар ескірсе, жаңартулары керек. Әрине, оған әжептәуір қаражат кетеді. Бірақ жаңғырту бағдарламасы және бір есепшотқа құрылған тұрғын үйлердің жаңа бірлестігі арқылы бұл мәселені шешуге болады. Сонымен көпқабатты үйлер­дің жертөлесіндегі терезелер әйнек­пен қап­талып, қымталды ма, сығымдау жұмыстары бәрінде бірдей жүргізілді ме, оны алдағы қыс көрсетеді. Қаланы жылумен қамтамасыз етуші мекеме «Қуатжылуорталық» ЖШС магистралды құбырмен үйлердің ішкі құбырларымен түйіскен тұсына дейін жылу әкеледі. Әрі қарай жылудың пәтерлерге баруы ішкі құбырлардың жағдайына байланысты. Сондықтан сығым­дау жұмыстары қысқы жылы­ту маусымында маңызды рөл ойнайды. Бүгінгі таңда «Қуат­жылу­орталық» «Тарифтер­ді инвес­тицияға айырбаста» тариф­тік саясаты бо­йынша магистралды құбырларды ауыстырып жатыр. Осы күнге дейін Түр­кістан, А.Байтұрсынов, А.Асқаров көшелерінде үлкен диаметрлі жылу құбыр­лары жаңаланды. Олардың әрқайсысының ұзын­дығы 500 метрден асады. Ендігі жерде Орынбаев көшесі мен Нұр­сәт тұрғын алабындағы жылу құ­быр­ларының құрылыс жұмыс­тары жүріп жатыр. Ол 15 қазанға дейін аяқталатын болады.

Энергетика вице-ми­нистрі мен қала әкімі тексеріс жұ­мыс­тарымен «Бозарық» қосалқы стан­сасында болды. Шаһардың солтүстік бө­лігін сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін станса 2021 жылы іске қосыл­ған. Қуаттылығы 160 МВт құ­райды. Бүгінде қо­сал­қы станса жүк­темесі 47 МВт-қа жеткен. Атал­ған нысан «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның сенімгерлік басқаруында. Осыдан бірер ай бұрын жұмыс істеп тұрған 2 ав­тотрансформатордың біреуін­де ақау пайда болып, істен шық­­қан болатын. Автотрансформа­тор серіктестік көмегімен қай­та қал­пына кел­тіріліп, жуырда іске қосылды. Сондай-ақ вице-министр іссапар барысында ме­гаполистің 2035 жылға дейінгі электр жүйесін дамытудың ке­шен­ді жос­парымен танысты.

Газ мәселесіне келсек, 2022 жылы қаладағы 81 елді мекен­нің 50-і «көгілдір отынмен» қам­тылды. 27 елді мекенге газ жартылай кірген. 4 елді мекенге «көгілдір отын» енді барады. Олар – Қай­нарбұлақ, Тәуелсіздікке – 20 жыл, Сәуле 276 орам, Айкөл елді мекендері. Осы тұрғын алаптарынан 15 379 абонент бар.

Ал биылғы 8 айдың қоры­тындысы бойынша Тұран (3-кезек), Бозарық пен Асар-2 ша­­ғын аудандарында табиғи газ желі­сінің құ­ры­­лыс жұмыстары аяқталып, табиғи газға қосыл­ды. Сондай-ақ жыл соңына дейін Тассай, Сауле, Сол­түстік саяжай шағын аудандарына газ құбы­рын тарту аяқталады. Алдын ала бекі­тілген жоспар солай.

Соның нәтижесінде мегаполисте табиғи газ­бен қамтылу көрсеткіші 94%-дан 96%-ға өспек. Сонымен қатар Ынты­мақ-2 шағын ауданын та­биғи газбен қамту мақсатында мердігер мекемелер анықталып, құрылыс жұмыстарына кірісіп жатыр. Елді мекенге газ келесі жылы баратын болады. Сондай-ақ қара­жат мәселесі толық қа­ралған жағ­дайда Қайнарбұлақ елді мекенін газ­бен қамтамасыз етудің І, ІІ кезеңінің құрылысы 2024 жылы бітеді деген жоспар бар.

Жалпы, қаланы қысқы жылыту маусымына дайындау мәсе­лесінде шаһарды табиғи газбен қамту жұмыстарының ма­ңызы ерекше. Өйткені кезінде мегаполиске көршілес аудандардан бірта­лай елді мекен қосылған. Олардың инженерлік инфрақұрылымын шешу қала әкімдігінің күн тәр­тібіндегі мәсе­лесіне айналды. Қалада жеке сек­тордағы үйлер көп. Орта­лықтандырылған жылу жүйе­сімен олардың барлығын қам­ту әзірге мүмкін болмай тұр. Халық қыстыгүні газ пештері арқылы үйлерін жылытады. Сондықтан да тұрғындар­ға жайлы жағдай қалыптастыру үшін қаланы түгел газдандыру мәселесі өте өзекті болып тұр. Елді мекендерге газдың ба­руы бір істің біткені бол­са, абоненттеу жұмыстары да өзін­ше бір әрекетті талап етеді. Осы рет­те тұрғындар көшеден үйлер­­ге қосылатын газдандыру жұмыс­­та­рының бар­лық құжаттық рә­сім­і же­ңіл түрде болғанын қа­лайды.

 

ШЫМКЕНТ