Қасиетті Құран да, зайырлық пен зиялылықты тең ұстайтын ғылым да әр нәрсенің шегі барын айтады. Кейінгі уақытта елімізде, әсіресе әлеуметтік желіде Исламға байланысты түрлі алыпқашпа әңгіме, қиямет пен ақыретке, өлгеннен кейінгі қайта «тірілуге», жұмақ пен тозаққа байланысты жалған уағыздар пікірлілер сабырының шегіне жеткенін көрсеткендей. Ақиқат нәрсе: Құран өз мәнінде сауатты насихатталса, әділдікті сүйетін жұрт бөтен әңгіме таратпайды. Алладан қорқып тыныш жүреді.
«Ниса» сүресінің «кімнің зиянына болса да шындықты айту керектігі» хақындағы 135-аятын басшылыққа алып, дүмшеге ерген ел неге сорлайтынын байыптап көрейік. Сорлайтын себебі дүмшелер – Алла тарапынан жүрегіне білім берілмегендер (29-сүре, 49-аят), өздігінше білім іздемейтіндер (62-сүре, 5-аят), үйретіндіні айтатуға машықтанғандар (2-сүре 78-аят), бұрыннан жеткен дәлелсіз тәпсірлер мен жалған хадистерді басшылыққа алатындар (2-сүре, 170-аят), Исламның басты бес парызын жаттанды ұғатындар.
Өкінішке қарай, әлемде көп жерде Ислам тұтқасы осы дүмшелердің қолында. Егер Ислам ғылымнан айнымайтын білікті ғұламалардың қолында болса, осы уақытқа дейін қияметке, ақыретке, өлгеннен кейінгі қайта «тірілуге» байланысты шыңырауда жатқан шындық жарыққа шығар еді. Ислам жұрты тақуалықта өмір сүріп, дінге қатысты бірауыз жаман сөз айтылмасы анық.
Ислам діні – Жаратқаннан келген, Алланың құзырында қабыл болатын тазалықтың, әділеттіктің діні (32-сүре, 33-аят). Сөйте тұра әлемдік ғылымда, саясат пен мәдениетте мұсылмандардың ресми беделі ғайри діндерден төмен. Неге? Бұл да дүмшелердің: «Құран логикаға құрылмаған, Құранды зерттеуге болмайды, Құранды тек ұстазбен оқу керек...» деген сияқты тосқауылынан туған мешеуліктен.
Тарихтан белгілі, ислам діні – бүкіл Араб түбегін, күллі Еуропаны оятқан дін. Оған адамзат даналары Лев Толстой, Пушкин, Исаак Ньютон, Гёте, Бернард Шоу, Преис Бисмарк, Наполеон Бонапарт, Карл Маркс, Ломарти, Имманиул Кант, Мұхаммед Әли, Жак ив Кусто, Нил Армстронг, Гари Мюлер, Антони Флю, Ричард Белл, Сэр Жалалидин Лудер Брантон, Имманиул Кант пікірі дәлел. Осылардың бірде-бірі медреседе не Ислам университетінде оқымаған. Құранды зейін қойып оқу арқылы таныған, тән алған. Сондықтан біз Құранды терең, жан-жақты, байыпты оқып үйренуіміз керек. Құранда Алла «Құранды біреу үйретеді» демеген, Өзінің үйрететінін ескерткен. Ол үшін біз қасиетті кітапты қайта-қайта оқиық, сонда ол бізге қонады.
Енді ой еркіндігінен айырып, дінімізді тұқыртып ұстап отырған дүмшелікке келейік. Алдымен «дүмше» сөзінің мағынасына тоқталайық. Исламда «силсила» деген амал бар. Бұл – өзінен бұрынғылардың айтқанымен ғана амал жасау деген сөз. Яғни бір жолда қатып қалу. Мұны басқаша «фанатизм» дейді.
«Дүм» деп малдың құйрығын айтады. Кешегі репрессия жылдары жазықсыздарды «Пәленшеевтің құйрығы», «Түгеншеевтің құйыршығы» деп жазалаған. Бұрынғылардың айтқанымен ғана жүретіндер яки силсила жолын ұстаушылар осы құйрыққа келіп тіреледі. Содан халық арасында «дүмше» деген сөз шыққан. Олар ешқашан ізденбейді, ұстазы берген кітаптан басқа исламды дәлелмен танытқан кітапты жат санайды.
Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекетіндегі» басына тері кигізілген мәңгүрт секілді ұстазынан басқа бірде-бір ғұламаның өсиетін мойындамайды. Бір сөзбен айтқанда, дүмшелік адамның ойлау, пікірлеу қабілетін шектейді. Міне, осы шектеудің кесірінен Ислам бүгінде күрделі жағдайды бастан кешіріп жатыр.
Өкініштісі, ғылымы дамыған ХХІ ғасырда да Ислам дінінің ықпалды буыны жаңара алмай, баяғыдан қалған бір сарында жүріп келеді. Осы сөзімізге дәлелді «Құран экзегетикасы» деген кітаптың «Әуелгі сөз» деп аталған кіріспесін оқып көрейік: «...Тегінде Алла Тағаланың бар екеніне әрі бір екендігіне нану – Ислам дініндегі иман келтірудің жеті шартының бірі һәм бірегейі. Осы тұрғыда әһлү-сүннет ғұламалары өздерінің іргелі еңбектерінде Хақтың заты мен сипаты хақында қандай тұжырымға келген? Даңқты тәфсіршілер...», деп бірнеше тәпсіршілерді атап ізінен: «...Ыбырай Алтынсарин, Ибраһим Құнанбайұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Міржақып Дулатұлы...», деп ұлтымыздың ұлыларын да ескеріп, сосын: «...Ғұламалардың ой-тұжырымдарымен жауап беруді жөн көріп отырмыз. Өйткені ақида тақырыбына тыңнан ой-пікір қосудың қажеті жоқ. Бүкіл мәселелерге әһлү-сүннет ғұламалары бүге-шігесіне дейін тиянақты жауабын беріп қойған. Олай болса, құрметті оқырман, Ислам ғылымының алғадай толқыны не дейді? Осыған зейін аударып көрейік...», деп жаңа тақырыпқа көшкен.
Осындағы: «...Тыңнан ой-пікір қосудың қажеті жоқ...» дегені – біз айтып отырған жаңара алмағандық, тиым, шектеу. Бұл жерден фанатизмнің – силсиланың адамның ойлау, пікірлеу қабілетін шектейтіні көрінеді.
Жоғарыда айтылғандар Құранның «Бақара» сүресінің 44-аятына, «Мүминұн» сүресінің 68-аятына, «Сәбә» сүресінің 46-аятына және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғылым іздеу жөніндегі хадисіне мүлде қайшы. Егер олар Алланың заты мен сипаты хақында соншалықты дәрежеде жауап беріліп қойса, Ислам діні әлемде ең қымбатты әрі ең құрметті дін болып, оған «Ислам экстремизмі», «Ислам терроризмі» дегендей жала жабылмас еді. Сирия мен Ауғанстан тағдырын басқалар қам жемей, Ислам әлемге төрелік етіп отырмай ма?
Біз аты аталған Ислам ғұламаларын кінәламаймыз. Себебі олардың заманында ғылым бүгінгідей дамымаған еді. Сондықтан олар Құранды Ислам жауларынан қорғау үшін тек топшылау жасады. Ал Исламның бүгінгі жанашырлары Құранның: «...Оның хабарын бір заманнан кейін түсінесіңдер» (38-сүре, 88-аят) дегенін дұрыс түсініп, жаңа атаған: «Бақара», «Мүминұн», «Сәбә» сүрелері аяттарындағы үкімдеріне жүректен жандасып, сауатты амал жасауы ләзім. Сол кезде біз Құранды түрлі күмәннан арашалаймыз.
Ата дініміздің «алтын дәуірі» тек ғылыммен, сындарлы ойлаумен орнығады. Бұл – Ислам тарихында дәлелі бар арман. Егер әрбір азаматымыз елдік, адамдық жауапкершілігін имани құндылықтар аясында терең сезінсе, әр күнін ізгілікке, сауап пен қайырымдылыққа арнаса, ұрпағының келешегін ойлап, Отанымыздың гүлденуіне еңбегімен үлес қосса, сол «алтын дәуір» орнайды. Себебі Алла әрқашан тақуалар мен жақсылық жасаушылармен бірге.
Бізде жетпей тұрған ең қажетті тетік – дін қайраткерлерінің силсила бұғауынан шығып, аятты аятпен және ғылыммен, өмір шындығымен салыстыру мен дәлелдеу.
Соңғы уақытта әр ортада әрқандай істе билікті кінәлау және оларға жала жабу дәстүрге айналды. Негізін алғанда, олар айтып отырған кемшілікке жауапты орындар мен шенеуніктер ғана емес, орта яки қоғам кінәлі. Ортаның айыпты болатыны – олардың Алланы тілде ғана айтып, жүрегінің бостығынан. Бұл бостық Құранның халыққа дұрыс түсіндірілмегендігінен. Қоғамдағы бойкүйездік, масылдық, кінәмшілдік осыдан туындайды. Білмей, меңгермей сөйлеу де осыдан. Елімізде түрлі ағымға бой ұру мен жасанды тәңіршілдердің шығуы, өнерге – музыкаға, суретке, сәулетке қарсылық та осыдан. Мұның бәрі діни мамандардың өз міндетін дұрыс атқармай, ескіден қалған жолдың сүрлеумен сүрініп-қабынып келе жатқанын аңғартады. Халық алдына ашық шығып, күрделі мәселені жік-жігімен түсіндіріп беретін дінтанушылар да аз.
Хадистерде «Алланың бір есімі – Ғылым» деп айтылады. Біз бірнеше аяттардың соңындағы «ғалиим» – «білуші», «ғалиимул» – «білушісің», «ғалиимун» – «біледі», «қадирун» – «жасай алушы» деген деректерден Алланың бәрін білуші – ғалым екенін түсінеміз.
Алланың 99 есім-сипатының тізіміндегі бір аты – Ғылым деп көрсетілген. Әл-Фараби бабамыздың «Білімділік – құпиясы белгісіз нәрсенің сырын ашу» деген мағынадағы тұжырымына сүйеніп отырып айтсақ, ғылым – құпия дүние де, ғалым – соны ашушы, ашып білуші дегенге саяды.
Жаратқан мұны әрбір ақылды, кемел пендесінің қолымен өзі істейтініне «Әнфал» сүресінің 17-аяты мен «Тәубе» сүресінің 14-аяты және қалаған құлының көңіліне салатынын ескерткен «Шура» сүресінің 51-аяты дәлел.
«Ғылым» сөзін арабша-қазақша сөздікте «ілім, білім, ғылым» деп үшке бөліп көрсеткен. Алайда бұл үшеуі әр түрлі айтылғанымен, мағынасы білімге келіп саяды. Бәріне жету үшін де білім керек.
Өмір шындығы мынау: жазу мен кітап оқуды әріп танып білген адам жазады, оқиды; ғылымды да оқып-көріп, танып-түсінгенін қорыта білген ғалым игереді; ғылымды ғылым дәрежесіне жеткеріп отырған да – білім; Алланы білген адам іздейді; Аллаға жету жолын білген адам Жаратқанмен үйлесімде болады; ауруды да білген адам емдейді; техниканы да оқып білген адам жасап, білген адам жөндейді; көшті де баратын жолды білген адам бастайды; аттың ер-тоқымын да, домбыраны да, қақпанды да, қазан-ошақты да білген ұста жасайды; киізді білген адам басса, алашаны да білген адам тоқиды; күресте де тәсіл білген балуан жығады; соғыста да соғысу әдісін білген жауынгерлер жеңеді; малды да әдісін біліп баққан адам көбейте алады; егіннен де жердің тілін білген диқан мол өнім алады; сарайды да тас пен кірпіш қалай білген адам салады.
Бәрі білім мен білгенге келіп тіреледі. Алла «Нәміл» сүресінің 6-аятында Пайғамбарымыз Мұхамммедке (с.ғ.с.) Құранды Хикмет иесі, толық Білуші тарапынан алып отырғанын айтады.
Бұдан шығатын қорытынды: қоғамның білікті, парасатты, ойлы адамы айналаға, қоғамға, тіршілікке, қажетті заттарға, ұғым-түсінікке ғылым, тіпті ол болмаса сауатты білім көзімен қарауы қажет. Мұнан да Алланың білім, ғылым екеніне сенімізді бекітеміз. Тарата айтсақ, бүгінгі ұшақтың, пойыздың, зауыт-фабриканың, тіпті сандық технологияның барлығын Алланың Өзі берген, бұйыртқан (29-сүре, 49-аят). Құлдарының жүрегіне салып (42-сүре, 51-аят), олардың қолымен (8-сүре, 17аят; 9-сүре 14-аят) Өзі жасап жатқанына көз жеткереміз.
Сондықтан дана Абай қара сөзінде: «Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп», дейді. Ұлы физик Исаак Ньютон «ғалымдар ғылымда не жаңалық ашса, тек Алланың ғылымын қайталайтынын» айтқан.
Ислам құндылықтары тұрғысынан келгенде, барлық ғылым, білім, ілім тек Алланікі. Алайда бәрін жұбынан жаратқан (36-сүре, 36-аят): әр нәрсенің оң-терісі, адал-арамы бар. Бұл – сынаққа төзімді болу мен ақылмен жеңуді көрсетеді. Таза, жауапты жүргендердің әр ісін оң істетеді, дұрыс сөйлетеді. Дұрысты бұзушымен, әлсізді азғырушымен сынайды (43-сүре, 36-аят). Ол теріс пен арамды көрсетіп (27-сүре, 4 аят; 41-сүре, 25-аят), имандылыққа, адамгершілікке қарсы жолға салады. Мұның бәрінің тәлімі бар.
Бүгінгі жаңа технологияларға, өнердің түрлі саласын адам игілігіне (жанын тазалау, адамшылықты насихаттау) жаратуға келсек, бұған қарсыларды да «дүмше» деуге болады.
Суретке түсу, сурет салу, музыка, теледидар, ғаламтор, заманаға сай, ортаға бейім киіну, т.б. – бәрі Алла берген нығыметтерді пайдалану деген сөз.
Алла суретке қарсы болса, тастарға сурет салып, өзімізден мыңдаған жыл бұрын жасап кеткендерден хабар бермес еді. Тастардағы суреттерді Алланың өзі салған. Бұған жұмыртқаға, балықтың жамбасына, бұзау мен қозылардың бүйіріне түскен «Алла» сөзі дәлел.
Ал музыкаға келсек, Алла судан жаратқан (35-сүре, 45-аят) тірі жанның барлығына дыбыс, сыбыс, дауыс берген. Бұлардың әр қайсысында өзіндік хислат бар. Соның бірі – музыка. Ол – адамзаттың жан дүниесінің кәусары. Бұлар (күй, ән) – бір-бірінің жұбы (36-сүре, 36-аят). Музыкасыз өлең өміршең бола алмайды.
Егер музыка харам болса, оны Алла арамдар (2-сүре, 173-аят) немесе құмар мен арақ (5-сүре, 90-91-аят) туралы айтқан аяттарда атар еді. Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с.) 236 жыл кейін туған, айтқанынан да, жазғанынан да Алла түспеген Әбу Насыр әл-Фараби (870-950) өз заманының музыка аспабын, домбыраны тартпас еді. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», деген Абай Құнанбайұлы өлең мен ән шығармай, қара сөзінде оған қарсы пікір жазған болар еді.
Жалпы, әнге, әншіге, жыршыға, суретшіге қарсылық бұрын да, кейін де дүмшелерден шыққан. «Ел тек мені тыңдауы керек, менің айналамда ғана үйіріліп жүрсін», деген тар пейілдегілер Жаратқан бұйыртқан қабілетті көрсеткен шығармашыл адамдардың мүмкіндігін де, халықшылдығын да қызғанған.
Соңғы кезде «Жер астынан жік шықты, Екі құлағы тік шықты» дегендей, Алла атын жамылған дүмшелер әлеуметтік желіден қасиетті домбыраға, ән-күйге күдік келтіре бастады. Қазақ мұндайдың талайын көрген. Пролеткультшілерді, «одна палка, две струны» деген кеңестік тас маңдайларды айтамыз. Олардың өзі тентіреп кетті, ал домбыра да, қобыз да орнында. Ескілері елдік мәдени деңгейімізді танытып, музыка музейлерінде тұр.
Тағы да қайталаймыз. Мұндай кертартпа көзқарастардың Исламға да, діни парасатқа да түк қатысы жоқ. Бірақ олардың сондай екенін білу үшін пәни мен бақидың сауабын, ақыретін ойлаған әрбір пенде Құран Кәрімнің қазақша түсіндірмесін (аудармасын) қайта-қайта оқып, тақуалық дәрежеге жетуі керек. Алла қашан да тақуалармен бірге (16-сүре, 128-аят). Сонда ел түзеледі, таным-түсінік байыпты деңгейге көтеріледі.
Осы жерде тәңіршілдердің шығу себебін де айта кетейік. Бұған бірінші себеп – ғылым іздемейтін діндарлардың аяттарда сыры меңзелген өмір шындықтарына (пал ашу, тәуіпшілік) қарсылығы, Абайдың, Шәкәрім, Ыбырайдың, Мәшһүр Жүсіптің, Садуақас Ғылманидың имандылыққа байланысты мұрасын және әулиелер ілімін айтпай, араб тәпсіршілері мен ғалымдарына сүйенетіндігі және арабтардан үйреніп келген қазаққа жат әсіре қылықтары.
Алла Құранды араб тілінде түсіргенімен (11-сүре, 2-аят), Ол – күллі әлемге, бүкіл адам баласына келген дін (3-сүре, 138-аят). Сондықтан Мұхаммедтен (с.ғ.с.), Әбу Бәкір (р.а.) мен Омардан (р.а.) қалған «алтын дәуірді» қорғап қала алмаған жұртқа жалтақтау, олардан үлгі-өнеге іздеу қажет емес. Адамзатқа ортақ боп түскен Құранды өзіміз зерттеп үйренсек, Абай, Шәкәрім, Ыбырай, Мәшһүр Жүсіп, Ғұмар Қараш, Садуақас Ғылмани ілімін дамытсақ, дін мен дәстүрді тең ұстаған даналық пен шынайы Ислам жолына түсеміз. Ата-баба аруағы мен әулие-ғұламаларымыздың рухы шат болады. Сонда ғана елдің береке-бірлігі артады.
Біз баянды да әділетті Қазақстан құрамыз десек, рухани мәселеде барлық жұмысты Құранды дұрыс насихаттаудан бастауымыз керек. Қазіргі діни дәрежемізге тоқмейілсіп, «Дініміз орнында, Алла құтқарады, қорғайды» деп үміттену өз-өзімізді алдау ғана. Бұдан ештеңе ұтпаймыз. Иә, ата-бабамыз да кезінде тап осы жолда еді. Соңында азаттықтан айырылып тынды. Артынан ұлтымыздың жартысын қынадай қырған зауал болды. «Ісра» (8-аят), «Әнфал»
(38-аят), «Мүжәдала» (5-аят) сүрелерінде Жаратқан қайталағандарды қайта жазалайтынын ескерткен. 1731 жылы «Ақ табан шұбырындыны...» 1921-1932 жылдары аштық пен жоқшылық ретінде қайта әкелген Алла адамдардан, ұлттан, жұрттан қашан да дұрыс қарым-қатынас құруды талап етеді. Бүгін де шын мәніндегі жаңа жолға түспесек, тәуелсіздігімізді, елдігімізді көздің қарашығындай сақтамасақ, қиын да күрделі тағдыр қайталануы мүмкін. Әрине, бұдан Алла сақтасын.
Сондықтан Алла жүрегіне ғылым берген академиктеріміз бен профессорларымыз бас болып, Ислам ғылым академиясын құрып, Құранды жақсылап зерттеп, халыққа жатығымен насихаттап, дүмшелер батырған сордан алып шығайық. Бұл еліміздің тәубеге келуі мен жаңаруы болады. Рухани көзқамандықтың зардабы жай адасудан сан мәрте ауыр. Біздің бірлігіміз де, тірлігіміз де дүмшелікті қоғамға жолатпаумен өлшенсе дейміз. Саналы, сақ, сындарлы қоғамның, мемлекеттің маңдайы әрқашан ашық, жолы да жарқын. Жаратқан елімізді сондай деңгейге жеткерсін.
Нарбай ТАҒАЙҰЛЫ,
дінтанушы
Қарағанды облысы,
Шахтинск қаласы