• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Қазан, 2023

Жаңа облыстың жолы қалай жаңарады?

470 рет
көрсетілді

Қай өңірді алсақ та, оның өсіп, өркендеуі, дамуы жол жағдайына байланыс­ты. Бұл, әсіресе, Ұлытау облысында өте өткір сезіледі. Облыс орталығы бұрынғы «тұйық қала» атағынан арыла қойған жоқ. Жезқазған – Бейнеу теміржолы пайдалануға берілгелі сәл де болса, саңылау ашылғандай болғаны рас. Бірақ автокөлік жолдарының түйіні тарқатылды деп айтуға болмайды.

Облысты еліміздің оңтүстік, батыс өңір­лерімен байланыстыратын Жез­қазған-Қызылорда автожолының Ұлы­тау облысына қарасты 208 шақы­рым­дық бөлігінде күрделі жөндеу жүргізудің «жыры» да бітуге тақау деген жақсы хабар шығып жатыр. «2021-2022 жылдары өткізіледі» деген конкурс биылғы тамыздың соңғы күндерінде жа­рия­ланды, қорытындысы қазан айының аяғына таман белгілі болмақ. Кон­курс ойдағыдай өткізілсе, жыл со­ңына шейін жұмылдыру жұмыстары жүргізіліп, келесі жылдан бастап нақты іске кіріседі. Жөндеу жұмыстары екі жылда аяқталады деп күтіліп отыр. Осы хабар шынға айналуынан халық үмітті.

Арқалыққа апаратын жол жағына күрделі жөндеу басталғандай болғаны­мен, қашан толық жөнделіп бітеді дегенше, қарыншаштың өзі де ағарып кетпесе, неғылсын? Өйткені биылдан бастап әр жыл сайын осы бағыттағы жолдың 20 шақырымына күрделі жөндеу жасалады делінген еді. Өкінішке қарай, қаржы жетімсіздігі салдарынан биыл жоспардың тек жартысы ғана орындалды.

«Жезқазған-Қарағанды» жолының 433-788 шақырым арасындағы 355 шақырымы 14 учаскеге бөліну арқылы жөндеуге жатады. 2024 жылы жобалау-сме­талық құжаттамасы әзірленсе, құры­лыс-монтаждау жұмыстары 2025 жылы басталмақ. Бір қуаныштысы, осы жолдың Ұлытау облысының Жа­ңа­арқа ауда­нының аумағындағы 755-783 ша­қырым аралығы, яғни 28 шақырымдық учаскесі бойынша жасалған жобалау-сметалық құжаттама жақында ғана мемлекеттік сараптамадан оң бағасын алды. Ендігі түйін – конкурстық шаралардың сәтті өтуі. Сонда келесі жылы бұл учаскеде қызу еңбек қайнағалы тұр.

Облыс бойынша облыстық маңызға ие – 896 шақырым, аудандық деңгейдегі 310,1 шақырым жол бар. Бұған қалалар мен аудан орталықтарындағы 544,6 шақырым жолды қосыңыз. Осының бәрін күтіп ұстап тұру, жөндеу керек. Биыл облыс бойынша барлығы 175,7 шақырым жолды жөндеу үшін 11,4 млрд теңге қарастырылды. Нақтырақ айтқанда, облыстық маңызы бар 39,3 шақырым, аудандық деңгейдегі 48 шақырым және қалалар мен аудан орталықтарындағы 88,4 шақырым жол жөндеу көзделді. Балапанды санайтын уақыт келді. Не атқарылды, ненің сәті түспеді және себебі қандай?

Облыстық маңызы бар «Қаражал-Атасу» жолын жөндеудің жалпы шығыны 10,4 млрд теңгені құрайды. 2020-2022 жылдары осы қаражаттың 2,7 млрд теңгесі игерілген еді. Биыл 1 млрд теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқа­рылды. Бірақ жөндеу жұмыстары толық аяқталған жоқ. Қалған 6,7 млрд теңгенің жұмысын бітіру келесі жылға қалып тұр. 2020 жылдан бері мерді­гер­лік жұмысты атқарып келе жатқан «Прогресс KZ» ЖШС-нің жұмысында кінәрат жоқтың қасы. Сондықтан келесі жылы қаржыдан қысым болмаса, аталған жұмыс учаскесіндегі жөндеу жұмыстары толық аяқталады деген нық сенім бар. Бұл жұмыс тек облыстық бюджеттен емес, республикалық, ішінара Ұлттық қор арқылы қаржыландырылып жатқанын да айта кеткен жөн. Мұның өзі жаңа облыстың ішкі қатынас жолдарына да республика тарапынан нақтылы көмек көрсетіліп жатқанын байқатады.

«Сәтбаев-Малшыбай-Жошы хан-Домбауыл кесенесі» деп аталатын жол аймақта туризмді дамытуға жаңа сер­пін береді. Жалпы, ұзын­дығы 19,5 шақырым құрайтын жол құрылысы жобасының құны 9,6 млрд теңгені құрайды. Жоспарланған жұ­мыс­ты «Самға» ЖШС атқарып жатыр. Биыл осы жол құрылысын жүр­гі­зу­ге Ұлттық қор 1,3 млрд теңге бөлді. Қа­зір көзделген 6 дана су өткізгіш құбыр орнату, 4 шақырым ірі және ұсақ түйір­шік­ті асфальтбетон төсеу және т.б. жұ­мыстар атқарылды. Жыл соңына шейін жол үстіндегі көпір пайдалануға беріл­мек. Өкінішке қарай, туристер бұл жолды келесі жылы да толықтай пайдалана алмайды. Өйткені жол құрылысы 2024 жылы да жалғасын табады. Келесі жылы мұнда өте ауқымды жұмыс атқа­рыл­мақ. Республикалық бюджеттен бөлінетін 2,6 млрд және облыстық бюд­жеттен бөлінетін 3,7 млрд теңге 2024 жылы толық игерілуге тиіс. Сол кезде Алашахан, Жошыхан, Домбауыл кесе­нелеріне бару жеңілдейді. Халық­тың асыға күтіп отырғаны да – осы. Ең бастысы, әйтеуір жұмыс жүріп жатыр.

Облыстық маңызы бар жолдардың біраз бөлігін орташа жөндеуден өткізу үшін республикалық бюджеттен 1 млрд 970 млн теңге қаржы бөлінді. Жөн­деуге жататын жолдардың арасында 15 шақырымдық «Жезді-Қарсақбай-Бай­қоңыр-Қоскөл» жолының мердігері анықталмауы себепті жұмыс әлі бас­тал­ған жоқ. Өйткені бірде-бір әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу шараларына қатыспағандықтан, жеңімпаз анықталмады. Құрылыс материалдары тым қымбаттап кеткен. Қазір қайта есеп­теу­лер жүргізіліп жатыр.

– Бастапқыда 667 млн теңге мөл­шерінде жоспарланған еді. Қазір 973 млн теңгенің қажеттігі байқалды. Ве­домстволық сараптама өткізіліп жатыр. Сараптама біткен соң мердігерді анықтау мақсатында қайтадан конкурс жариялаймыз. Әрине, биыл жұмыс аяқтал­майтыны анық. Бұл бағытқа көз­делген қаражат негізінен 2024 жылы игеріледі, – дейді Ұлытау облысы жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жомарт Бегаев.

Жалпы, облыстағы ішкі жолдарды жөндеу қарқыны жаман емес. «Қара­ған­ды-Самарқа-Атасу-Айна­бұ­лақ» жолы­ның 15 шақырымы толық аяқталса, «Ұлы­тау-Бозтұмсық-Малшыбай-Сәтба­­ев» жолы­ның жөндеу көзделген жұ­­мыс­тары да бітуге шамаласып қалды. «Қаражал-Шалғия» жолының 5 шақы­ры­мында ірі түйіршікті асфальт жабынын төсеу жұмысы бітті, 1 млрд 170 млн теңге қаржы келесі жылы игеріледі.

Жолдардағы су өткізу арналарының та­лапқа сай болуын қамтамасыз ету мақ­сатында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде биыл облыс бойынша 20 су өткізгіш құбырын жөндеу жоспарланған еді. Қара күз­дің суығы түскенше бұл жұмыстар толы­ғы­мен аяқталды.

– Ауыларалық жолдардың жөн­де­луіне «Ауыл – ел бесігі» бағдар­ла­масының зор көмегі тиді. Осы бағ­дар­лама бойынша биыл ауыл жолдарын жөндеуге 1 млрд 110 млн теңге қаражат қарастырылды. Мұның 999 млн теңгесі – республикалық, 66 млн теңгесі – облыстық және 45 млн теңгесі жер­гілікті бюджеттерден бөлінді. Бөлін­ген қара­жатқа Жаңаарқа ауданында – 22,3 шақырым, Ұлытау ауданында 22,7 шақырым жол жаңарды. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады, – дейді Жомарт Сәбитұлы.

Ескісін айтпағанда, жаңадан жөндел­ген жолдың да сапасы көбіне-көп сын көтермей жатады. Күн көзіне тез оңып кететін шүберек секілді бір қысқа жетпей шұрқ-тесік болып қалатыны жасы­рын емес. Жолдың сапасын талапқа сай ету – күн тәртібінен түспейтін мә­селе. Президент Қасым-Жомарт То­қаев тарапынан да әлденеше рет сын­ға ұшыраған жол сапасын жақсарту мақсатында «Жол активтері сапасының Ұлттық орталығы» құрылды. Бұрын орташа жөндеу жұмыстары техникалық тұрғыдан қадағалана қоймайтын. Өткен жылдан бері бұл нақты талапқа айналды. Облыс биыл «Жол жұмыстары сапасының ұлттық орталығы» РМК-мен тиісті келісімшартқа отырды. Демек, жол­дың сапасына жауап беретін нақты мекеме бар. Сондықтан үміт те басым, сенім де нығая түсті. Жаңа облыстың аяқалысын сездіргендей облыстағы жолдар жаңарып, жолаушылардың көңілін бір серпілтіп тастағаны рас. Ал алдағы уақытта қалай болар екен? Жол жақсара түсе ме? Әрине, бәрін уақыт көрсетеді.

 

Ұлытау облысы