Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, Социалистік Еңбек Ері, данагөй тұлға, әйгілі атбегі Бошай Кітапбаевтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Бошекең – көзінің тірісінде аңызға айналған адам. Әсіресе бұл тұлғаның атбегілік өнері хақында өткен ғасырдың 70-жылдары үлкен қаламгер Ғабит Мүсірепов очерк жазса, ақындар Ғафу Қайырбеков, Кәкімбек Салықов, Фариза Оңғарсынова жыр арнапты.
Бошай Кітапбаев – 1923 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданының Жаңаүлгі ауылында дүниеге келген. Жарықтық заманында ел басқарған Дінмұхамед Қонаевпен сыйлас, дәмдес-достас жүрген адам. Тіпті алып одақты басқарған Хрущев, Брежневтердің қабылдауында болып, ашық пікір айта білген санаулы тұлғалар қатарында. Айталық, Бошекең 1961 жылы Мәскеуде өткен Компартияның кезекті пленумында сөз сөйлеп тұрғанда бас хатшы Никита Сергеевич Хрущев орнынан тұрып: «Мен пленумға қатысушы Кітапбаевты сіздерге таныстырғым келеді. Ол – Екінші дүниежүзілік соғыс мүгедегі, протезбен жүреді, аудандық атқару комитетінің төрағасы болып жұмыс істеген. Осыдан 6 жыл бұрын партия шешімімен ұжымшар басқаруға барды. Әрине, оған майы шылқыған ұжымшар берген жоқ, бірақ 6 жылда жақсы көрсеткіштері болмаса, ол бұл пленумға облыс делегаттары құрамында қатыспас еді. Мұндай маман, мұндай коммунисті ұжымшарларымыз әрқашан қажет етеді. Кәнеки, қошемет білдірейік», дейді. Бас хатшы бұйырып тұрған соң бүкіл зал орындарынан тұрып, қол соқпай қайтеді? Біздің Бошай Кітапбаев – осындай аңыз адам.
Ол кісі ұжымшар басқарып тұрған жылдары қолына жүйрік аттарды көп ұстаған. Әсіресе «Бошайдың үш қарасы» деген атпен танымал атаққа шыққан жылқылары – «Бұланқара», «Құланқара» атты жүйріктері мен «Желмая» атты жорғасы. Бұлар 1970-71 жылдары республика көлемінде тойланған жыр алыптары – Абай мен Жамбылдың 125 жылдық даталарында бас бәйгені ешкімге бермеген.
Бошекеңде бұлардан басқа қара жирен, тайжирен, самолет жирен, т.б жүйріктер болған. Қазір көп адамдар емдеу-сауықтыру кешені ретінде жақсы білетін, Алтайдың биік жерінде орналасқан «Рахман бұлағы» атты шипажай бар. Мұнда емдік бұлақ-су ағып жатады. Бошекең жүйрік аттарын баптағанда аталған бұлаққа алып барады екен. Жылқыларды бұлақ суына шомылдарғанда алқымдарынан бу шығып, аяқ-қолына ұйыған арам қан түсетін көрінеді. Аяғының арам қаны түскен жылқы шапқанда ешқашан тұяғы қызбайды.
* * *
Өткен ғасырдың жетпiсiншi жылдары «Лениншiл жас» (қазiргi «Жас Алаш») газетiнде Ғабит Мүсiреповтiң «Бошайдың үш қарасы» атты очеркi жарық көргені бар. Осы жазбада: «Бұл үш қараның үшеуi де – Шығыс Қазақстандағы Үлкен Нарын ауданындағы Ленин ұжымшарының аттары. Ұжымшар тұрсын ауданына, ауданы тұрсын облысына, облысы тұрсын бүкiл республикамызға абырой-атақ әкелiп жүрген әйгiлi аттар: «Құлан қара» мен «Бұлан қара» – бәйге аттары, «Желмаясы» – жорға. Он жетi жылдан берi ұжымшардың бастығы болып келе жатқан Бошай Кiтапбаев – ғылым кандидаты, Социалистiк Еңбек Ерi, заманымыздың озық азаматтарының бiрi. Ол – бiр жаны ақын адам. Оның ақындығы жорға-жүйрiктерiне қойылған аттарынан да көрiнiп тұр: «Құлан қара» мен «Бұлан қара», «Желмаясы»! Осы үш атауда қандай теңеулер, қаншама поэзия жатыр! Бұл атаулар – ат үстiнде өскен елдiң поэзиясының әуенi бар атаулар.
Бұлан қара мен Құлан қара атты жүйріктер
Ат жарысының қай түрі болса да, барлық жүйке тамырыңды бірге шымырлатады. Жалғыз қара болып озып келе жатқан бәйге атын көргенде көзіңе ие бола алмайсың. Аузыңнан шығып кеткен сөзің түгіл даусыңа ие бола алмайсың. Бұл – қуану ғана емес, теңеуі жоқ үлкен сезім. Отырған орныңнан ұшырып тұрғызатын сезім – поэзия. Күй поэзиясы, ән биігі, поэзия биігі! Көз алдыңа Тайбурыл келеді, Құлагер келеді, құлағыңда – Құрманғазы! Ой-сезімің басқа тіршілікпен түгел ажырасқан. Осы кезде жаратылыстың бар көркемдігі сол озып келе жатқан атта ғана қалады. Ат алдында басыңды игендейсің. Өйткені ол алға тартқан ұтымды қозғалыстың көркем бейнесі, мінсіз сұлулық... Тегі мен машина, техника сияқты заманымыздың поэзиясын немерелеріммен бірге сезінсем, ат поэзиясын бабаларымдай сезінсем керек», деп жазыпты.
* * *
Бошекеңнің жүйріктері туралы дүлдүл ақын Ғафу Қайырбеков те қалам тербеп, «Тұлпар туралы аңыз» атты көлемді дүние жазған екен. Осы туындыдан да үзінді ұсынсақ: «Жалаңаяқ, жалаңбас күнімде «Ат жарысты» көп көрдім. Майдың т.б. мейрамдарын асыға күтуші едік біз. Ол күйдің өзге рахаттарымен «Ат шабысы» болады деп күтетінбіз. Қайран балалық, соған өзіміз ат қосатындай, қиялымызда өзімізді өзіміз жаратып, жүрек дамылсыз дүрсілдеуші еді. Құлағымызда күні бұрын аттардың дүбірі тұратын... Менің бір өлеңімде:
«Көктемгі дала кеңдігі-ай,
Шабысы-ай аттың бұрқырап,
Жазылушы еді-ау жануар
Жалынан жасыл шық тамып,
Танадай көзден жас парлап,
Анадай қырдан асқанда-ақ»,
деген едім.
Қазіргі күн жүйріктерінің иесі, бапшысы атпаз да, атпал да азамат – алтайлық Бошай Кітапбаев соңғы жиырма жыл көлемінде республика бойынша ұлы жарыстар мен ұлы мейрамдарда қосқан аттары қос-қосымен бәйгеден келіп жүрген абыройлы адам. Атқұмарлық деген жай сөз, нағыз тұлпар иесі болу үшін айрықша талант керек. Сол талант иесі де мінезінен ерекше жаратылады. Әсіресе Алтайда май мейрамының кезінде болғанымда, Бошекеңнің аса бір шабытты кезеңін көргенім бар. Алматы ипподромына «Тайжирен» атты жіберіп (сонау Алтайдан), қалған аттарын облыстық, аудандық жарыстарға қосып жатқан кезі еді ол. Өзі ұжымшар құрлысының 40 жылға жуық атақты қайраткері, Еңбек Ері, Ұлы Отан соғысының жалғыз атақты ардагері Бошай Кітапбаев әрі ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты – жылқы десе ұшарға қанаты, ұстарға дәті жоқ адам. «Қазақта қобызшының қалғаны осы», деп Ілияс айтқандай, жылқы өсіру, баптаудың үздік ғылымы десе болады. Бозала таңнан оянып, ерсілі-қарсылы жүріп кеп, телефоннан қолын алмайтын ері туралы Нағима жеңгеміз «Ой, енді мұнда дамыл жоқ, қарасу теріс ағып кетсе де, болмайды енді, есіл-дерті ат, бәйге, басталды әбігер», дер еді. Шынында, ол тұстағы Бошекең жанының жағдайын суреттеп болмайды. Абайдың 125 жылдық тойындағы ғажайып бәйгеде оның үш қара тұлпарының шабысын, озуын халық аңыз қып кеткен.
«Алтайдың ортасынан таңдап жүріп, «Қан күрең» сексен тусап беріп алған», деп, «Есім сері» поэмасында Нұрхан ақын айтқандай, Алтай өлкесінде нелер сәйгүлік, саңлақтар өткен ғой, Бошай аға баптаған «Құлан қара», «Бұлан қара», қазіргі «Тайжирен» – солардың ұрпақтары. «Асыл нәсілдер» деп Мұхтар Әуезов соларды айтқан...».
* * *
Ендігі кезекте ардагер ақын ағамыз Кәкімбек Салықовтың «Бошайдың үш қарасы» атты толғауын бір мәрте оқып көрсек артық болмайтын сияқты.
«Бұлаңқара», «Құланқара», «Желмая»,
Үш қараға ұшқын қосты кең дала,
«Желмаясы» шапқын жорға, су жорға,
Қос қарадан озар жонда жел ғана.
«Бұланқара» аламан бәйге қырғыны,
Қылшығына шаң тигізбес күн нұры.
Оза тартса жер мен көкті жалғайды,
Құйындатқан қырдың қара тұйғыны.
«Құланқара» жас құландай желігіп,
Топты көрсе дара кеткен бөлініп.
Атқан оқтай ағындаса жануар,
Қылаң қағар Құлагердей керіліп.
«Желмаясы» төкпе жорға тайпалған,
Бипыл-типыл қара түлкі жайқалған.
Әр қимылы теріс қақпай секілді,
Көкейкесті ырғағымен қайтарған.
Дана бапкер үш қараны зор қылған,
Ғашық болды үшеуіне той-думан.
Бошекеңнен сабақ алсын кей мырза,
Бабын таппай шын жүйрікті
қор қылған.
* * *
«Еліміз тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдары Бошай Кітапбаев Алматы қаласына көшіп келді. «Достық» даңғылынан кең пәтер алып, былайғы өмірін тыныштықта өткізуге бел байлаған сыңайлы жайланып жатты. Бірақ дала адамы қалада жата алмады. Әсіресе алғашқы ауыл шаруашылық реформасы жүргізілген жылдары өзі қолымен құрып, маңдай терін төккен ұжымшар-кеңшарлар айдың аманында тоз-тозы шығып, талан-таражыға түскені жанына қатты батты. Алып шаһарда бір-екі қыстады да Алтайына қарай тартып отырды», депті үлкен жазушы Қалихан Ысқақов. «Аға, жас болса келдi, бiр қаратай емес, иiсi қазақ сiзге разы шығар, ендi демалатын кез жеткен жоқ па?» дегенiмде: «Жамбасың екi жарым метр ұраға түскенде демалатын уақыт таусылмас, алпыс жыл сүйреген сыңар аяқ сыр бермей тұрғанда жер танабын әлi де өлшеп қалайын», деп ағамыз бой бермейтін...».
Бошекеңмен бір рет дәмдес болған қарағандылақ ақын Серік Ақсұңқарұлы естелігінде: «Бошай атамыз Абайды жатқа бiледi екен. Бiр Абай емес, қазақтың маңдайына бiткен арғы-бергi даңғылдарын терiп оқып, қазып оқиды. Мен ол кісінің есте сақтау қабiлетiне таңғалдым. Алаш қайраткерлерiнiң қай жылы, қай басылымдарда жарық көрген еңбектерiн қолмен қойғандай санап бергенде мен өзiм осы жасыма дейiнгi ғұмырымды текке өткiзгендей сезiндім», депті.
Сөзімізді түйіндеп айтсақ, бұл ақсақалмен біз пақыр да ұзақ жыл дәм-тұздас болдық. Жарықтық көзі тірісінде Қобда бетіне асып кеткен нағашыларын атажұртына көшіріп алды. Бұл іске бір кісідей көмектестім. Өйткені Бошекеңнің нағашысы менің туған бажам болатын. Туыстарын көріп керемет риза болды, маған батасын берді, «Анамның арманын орындадым» деп көзіне жас алды. Менің атымды атамай «Әй, керей» деп шақыратын. Онысы еркелеткені еді.