Домбыра – қазақ халқының өмірі мен тұрмысына ежелден етене сіңген, ойын-тойы мен салтанатының және қайғы-мүңының куәсі, өнерпаз адамның жансерігі болған қасиетті де киелі музыкалық аспабы екені көпке белгілі. «Домбыра харам» деген дүниелер қазақтын қасиетті музыкалық аспабының арғы-бергі тарихынан бейхабарлығын көрсетеді. Керек десеңіз, домбыраны музыкалық арнайы оқу орындарында оқытудың өзіндік қалыптасқан толыққанды әдістемесі бар, бұл салада алдыңғы буын ағалар көп тер төкті. Олардан кейін бұл бағыттағы әдіс-тәжірибелерді ғылыми жаңалықтарымен байытқан ғалымдар легі музыкалық педагогика мен методиканы және ұлттық танымды қатар дамытты, сонымен бірге домбыра репертуарының кеңеюіне де өзіндік еңбектерін сіңіре алды.
Қазіргі кезде де бұл жұмыстар қарқынды жүргізіліп отыр. Күй жинақтарының түсіндірмелерінде методикалық нұсқаулықтар және әдістемелік түсіндірмелер бар. Осы салада еңбек еткен ұстаздардан – Е.Үсенов, А.Үлкенбаева, Е.Мұстафаев, Т.Әліпбаев, Н.Тапалов, М.Нүкеев, Е.Басығараев, Б.Әбенов, Ж.Қадырқұловтарды атауға болады. Күй жинақтары, педогогикалық репертуар және хрестоматия кітаптарын жазған осынау әдіскерлеріміз домбыра аспабының методологиясына айтарлықтай жаңалықтар енгізді.
Өткенді саралай келе біз аталған еңбектер үшін қуанамыз, домбыраға арналған шығармалардың көбеюіне көңіліміз марқаяды. Дегенмен, қазіргі замандағы білім беру жұмысында қордаланып қалған біршама мәселе бар екенін де айтпауға болмайды. Кеңес үкіметі кезеңінде жарық көрген әдістемелік нұсқаулықтардың озық үлгілерін пайдалана отырып, жаңа дәуір бағдарламасын түзіп, жаңаша даму жолына түсу – бүгінгі заманның күрделі талабы болып отыр. Енді осы мәселелер төңірегіндегі бірсыпыра ұсынысымызды көпшілікке тарқата айтпақ ниеттеміз.
Қазіргі заманда домбырашылық өнерге деген тыңдарманның талғамы мен нарықтың заңы өз дегенін жасатып отырғаны белгілі. Мысалы, жоғары музыкалық оқу орнын бітірген түлектің еңбек жолының бастауында мектеп мұғалімі қызметімен қатар шоу-бизнес, той-думан саласына бағытталған жұмыс орындары да алдынан шығады. Әлбетте, түлектің таңдау еркі бар. Бұл күнде жас музыкант үшін бұқаралық көрнекі іс-шаралар мен шоу-бизнес есігі айқара ашық және ол аса табысты істің көзі болып отыр. Көптеген түлектеріміз кәсіби мамандық жолын емес, эстрадалық бағытты таңдайтыны да сондықтан. Мұндай жағдайда дәстүрлі күйшілікті насихаттау жұмысы оңайға түспейді. Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Қожеке, Бейсенбі, Тоқа, Қазанғап, Шал Мырза, Есір, Есбай, Мәмен, Сейтек, Әлшекей, Сүгір, Дина, Ә.Хасенов, М.Хамзин, Т.Момбеков, Б.Басығараев, Р.Ғабдиев, Қ.Ахмедияров тағы басқа да классик күйшілердің мұралары, қазақ күйінің аймақтық мектептері, дәстүрлі қағыс ерекшеліктері, күй сарыны, күйдің шығуына қатысты аңыз-шежірелері назардан тыс болмауы керек. Домбыраның дәстүрлі даму мәселелерін оқу орындарында ұстаздар қауымы үйреткенімен, жас домбырашының оларды болашаққа жалғастыруы біртіндеп қиындап бара жатқаны ащы шындық. Мұны шешудің жолдары кәсіби білім беретін профессорлық-оқытушылар құрамының мойнына артылар ауыр жүк екені айтпаса да түсінікті. Осы мәселені тек оқыту стандарттарына реформа жасау арқылы ғана шешу керек деп санаймыз. Яғни оқыту барысында күйшілік өнерді жалғастыруға септігін тигізетін арнайы батыл бағдарламалар мақсатты түрде жасалуы керек, сонымен қатар студенттердің концерттік қайраткерлігін және педагогикалық практика біліктерін де арттыратын ерекше әсерлі іс-шаралар, этнопедагогикалық тәрбие құралдары аса қажет.
Біріншіден, күйшілік салт пен дәстүрді студент бойына дарытуды емтихан, сынақ, межелік бақылау арқылы іске асыру маңызды. Біздің ойымызша, бір жылдық оқу мерзімінде төрт межелік бақылау және екі емтихан бар. Әрбір межелік бақылауда студент әртүрлі стильде және әр аймақтан жеті күй тартуы керек, бұл шәкірттің жан-жақты күйшілік дәстүрді тануына игі әсерін бере алады. Ал емтиханда екі межелікте игерген 14 күйді жатқа тартып тапсырады. Сонымен қатар күйсандық сүйемелдеуімен орындалатын 2 шығармасы тыңдалады. Бұл оның ансамбльдік сезімін дамыту үшін және орындау техникасын өсіру үшін керек. Нәтижесінде, екі жартыжылдықты қоса есептегенде студент репертуарында бір курста нақты 28 күйді игереді. Курс соңында ұстаз шәкіртінің жеке концертін де ұйымдастыра алады, бұл орайда студенттің сахналық мәдениеті де, репертуары да қалыптаса түседі.
Ұсынылған осы жобаның қазіргі білім беру стандарттарының баптарына ешқандай қайшылығы жоқ екенін ескертеміз. Керісінше, оқу стандарттарындағы мақсаттарды іске асыру саласындағы кезекті методикалық ізденістер мен мақсаттардың бірі ретінде қабылдауға болады деп ойлаймыз.
Нәтижесі қандай болмақ? Әрине, осы курстық талапты оқыту барысында студенттің төлтума күйшілік дәстүрге деген талғамы қалыптасады, күйшілік мінезі орнығады, белгілі бір орындаушылық стильге өзіндік бейімділігі де артады. Қалай болғанда да осы әдіснама арқылы атадан балаға жалғасып келе жатқан далалық байтақ өнеріміздің табиғатын сақтай аларымыз хақ.
Екіншіден, тартыс дәстүрін енгізу керек. Яғни қазақы күй тартыс мәдениетін заманауи үлгіде оқыту және дамыту. «Тартыс» дегеніміз – екі күйшінің өнердегі бәсекесі. Қазақ тарихында атақты күйшілердің көбі тартысқа түскені белгілі. Мысалы, «Үш ананың тартысы», «Сүгір мен Мафрузаның тартысы», «Динаның «Соқыр Есжанмен күй сайысы», «Өскінбай мен Құлбай бахшының тартысы», т.б. секілді халыққа белгілі үлкен күй сайыстары болған. Ал енді осы домбырадағы күй тартыс дәстүрін жаңғырту үшін ұстазға біраз ізденістер керек. Біздің университетте «Домбыра» кафедрасының жетекшілігімен өтетін «Қос ішек» атты республикалық күй сайысы бар (жобаның авторы – Ж.Қадырқұлов). Осы сайыста қатысушылар жеребемен жұптасады да екі күйші сахнаға қатар шығады. Конкурс бағдарламасындағы күйлерді кезек тартып кәдімгі дәстүрлі тартысқа түседі. Мұндай тартыста екі күйшінің бірі басым түсері айдан анық, келесі кезеңге тартыста жеңген күйші ғана шығады. Мұндай жағдайда қазылар тарапынан да бұра тарту әсте мүмкін емес. Айтпағымыз, конкурсқа күй тартыс салтын енгізу арқылы дәстүрлі күйшілік мәдениетімізді өскелең ұрпаққа сіңірудің бір тәжірибесі осы. Әрине бұл оқыту бағдарламасынан тыс, конкурстық талап ретінде кезекті методикалық ойымыз ретінде ұсынылады. Тартыс дәстүрін курсаралық форматта өткізу мүмкіндігі бар, бұл жағдайда жеке күйшілікпен қатар командалық (мысалы, бір курс – бір команда) топтар да өнер сайысына түсе алады.
Үшіншіден, күйдің тарихы, авторы, мазмұны секілді мәселелер де қаперден тыс қалмауы керек. Себебі орындаушы күй туралы ғылыми деректерді жақсы білуі міндетті. Бұл орайда мамандықтан дәріс беретін мұғалім әр күйдің тарихын мұқият түсіндіруі керек, сосын жыл соңында коллоквиум ретінде емтихан талабына енгізуге де болады деп санаймыз. (Бұл ұсыныс мамандықтан білім беру талаптарына арнайы сынақ ретінде де енгізілсе құба-құп болады деп есептейміз. Себебі коллоквиумдық білім белгілі бір сынақ нәтижесін қажет етеді, яғни бұл жерде педагогикалық жүктеме мәселесі де бар, оны жұмыс үдерісінде шешуге мүмкіндік болады).
Кәсіби оқыту, домбырашы маман тәрбиелеу ісі қазіргі біз тұтынып жүрген жалпы педагогика мен арнаулы методиканы қайта қарауды талап етеді. Заманауи музыкалық мәдениетке, эстрада өнеріне ұлттық төл аспаптарымыздың араласуы жылдан-жылға қарқындап өсіп келе жатқанын жоғарыда айтқанбыз, оны тоқтату яки тоқтатпау біздің құзыретімізде емес. Домбыра аспабының эстрадалық жолмен дамуы мейлінше кәсіби білікпен жүзеге асса халық игілігіне қызмет ете алады. Әңгіме төркіні той деңгейіндегі әуесқойлық төңірегінде еді. Мысалы, эстрадалық жанрда кәсіби сахналарда еңбек етіп жүрген А.Үлкенбаева, А.Еңсеповтердің есімдері елге кең танымал. «Ұлытау» тобы да эстрадалық бағытта домбыра күйлерін кәсіби деңгейде орындап, ұлттық өнерімізді әлемге насихаттап келеді. Біздің оқу орнының түлектерінен құралған «Ернат және Темірлан» тобы бірнеше халықаралық конкурстардың бас бәйгесін жеңіп алған. Сондықтан домбыраның эстрадалық салада дамығанына қарсылығымыз жоқ. Дегенмен, дәстүрлі күйшілік мектептің мазмұнын сақтап қалу және болашақ күйші тұлғасын тәрбиелеу қазіргі уақыттағы ұстаздардың қасиетті міндеті болып қала береді. Бұл салада оқытушылар тарапынан ғылыми-әдіснамалық зерттеулер көптеп жазылуы, ұстаздар өзара жиі тәжірибе алмасуы қажет. Бұл орайда Қазақ ұлттық өнер университетінің «Домбыра» кафедрасы ұйымдастырған алқалы жиындарды, семинарлар мен шеберлік сабақтарды үлгі етуге болады.
Домбыраны кәсіби оқу мен тоқу Қазақ ұлттық өнер университетінде академиялық деңгейде және тәжірибе жүзінде сыннан өткені белгілі. Болашақта осы саладағы тәжірибелерімізді жан жақты жазу және оны басқа да оқу орындарына ұсыну ойымызда бар.
Абылғазы АХМАДИЕВ,
Қазақ ұлттық өнер
университетінің доценті