Біраз уақыт бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалын ашу туралы тапсырма бергені белгілі. Президент бұл қадам елімізде ғылыми экожүйені ұлттық білім және ғылым жүйесіне енгізуге мүмкіндік беретінін атап өткен еді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыруды қолға алған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, химия өндірісінің локомотиві саналатын «Қазфосфат» ЖШС және Д.Менделеев атындағы Ресей химия-технология университеті бірнеше ай бұрын үшжақты келісімге қол қойып, ТМД елдері арасында алғаш рет химия өнеркәсібі саласындағы желілік кампустың тұсаукесерін ұйымдастырды.
Бастаған істі аяғына дейін жеткізуді ойластырған өңірлік университет ұжымы «Менделеев сыныбы» жобасының салтанатты ашылу рәсімін жоғары деңгейде өткізді. Іс-шараға Д.Менделеев атындағы университеттің профессорлары, «Қазфосфат» қызметкерлері, мектептердегі химия пәнінің мұғалімдері, ата-аналар және М.Х.Дулати атындағы университеттің ұжымы, студенттер қатысты.
Бірегей жобаның тұсаукесер рәсіміне қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров химия өндірісіне қажетті білікті мамандарды даярлау мақсатында қолға алынған бірлескен істің маңызы зор екенін атап өтті.
– Осы жылдың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға қарай елімізде беделді шетелдік университеттердің кемінде бес филиалын ашуды тапсырған болатын. Мемлекет басшысы жаңа экономиканы құру үшін жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды екенін айтты. Алғашқылардың бірі болып М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Президенттің тапсырмасын орындап, стратегиялық серіктестер саналатын Д.Менделеев атындағы Ресей химия-технология университеті және «Қазфосфат» ЖШС-мен бірлесіп, химия өнеркәсібіне мамандар даярлау жөніндегі келісімге қол қойды. Бұл, әрине, құптарлық қадам, – деді Нұржан Календеров.
Өңірлік университеттің ректоры Мұхтар Байжұмановтың айтуынша, сұранысқа ие жаңа мамандарды даярлау мақсатында іске асатын жоба жастардың игілігі үшін қолға алынған.
– Оқыту үрдісі «2+1+1» форматы бойынша жүзеге асырылады. Қыркүйек айынан бастап 3-курста оқитын 7 студентіміз Мәскеу қаласында химиялық инженерия және үдерістер бойынша білім алуды бастады. Д.Менделеев атындағы Ресей химия-технология университеті халықаралық деңгейде мойындалған жоғары оқу орны екенін айта кеткен ләзім. ТМД елдері мен шетелде химия және химия технологиясы саласы бойынша жетекші ғылыми орталық саналатын ұжыммен бірлескен жобаның берері көп, – дейді Мұхтар Байжұманов.
Үшжақты келісім негізінде жүзеге асатын жобаның алғашқы кезеңінде 43 оқушы қабылданып отыр. Іс-шараға қатысқан ата-аналардың айтуынша, қат мамандыққа аңсары ауған балалардың өз ісінің шебері болып шығуына мүмкіндік мол.
Жаңа жобаның таныстырылымына арнайы қатысқан «Қазфосфат» ЖШС «Минералды тыңайтқыштар» зауытының директоры Юн Альберт «Менделеев сыныбын» құрудың өңірлік деңгейде маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ ол оқу озаты болған түлектер тұрақты жұмыспен, жоғары жалақымен қамтамасыз етілетінін тілге тиек етті.
Іс-шара барысында сөз алған Д.Менделеев атындағы университеттің білім беру бағдарламаларын дамыту және халықаралық қызмет жөніндегі проректорының орынбасары Георгий Шахгильдян көпшілікке «Менделеев сыныбы» жобасы туралы айтып берді. Кейіннен осы жобаның алғашқы қатысушылары салтанатты түрде ант қабылдады.
ТАРАЗ