• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 10 Қазан, 2023

Бапкер беделі

630 рет
көрсетілді

Ұлтымызда «еңбегі сіңген» деген теңеу бар. Бұл сөз бір саланың дамуына тер төгіп, еңбегімен мойындалған білікті де білімді, белсенді де беделді тұлғаға қарата айтылса керек-ті. Осы өлшемге ұлттық спорттың жанашыры Ғалым Құлекешев сай келеді.

«1987 жылдан бастап Целиноград облыс­тық балалар мен жасөспірімдер спорт мек­те­бінде самбодан жаттықтырушы болдым. Бұған дейін туған жерім Байғанин ауданында, сосын Ақтөбе қаласында жасөспірім­дерді самбо және қазақ күресіне баптадым. Шәкірттерім облыстық, республикалық турнирлерде жүлдегер атана бастады. Екі жыл­ға жетпей шәкіртім Ақарыс Алмағамбетов оқушылар арасындағы республикалық спартакиаданы, сосын республикалық «Қайрат» ерікті спорт қоғамының чемпионатын ұтты», деп сөз бас­тады қазақ күресі мен самбодан көптеген спорт шеберін дайындаған белгілі бапкер Ғ.Құлекешев.

Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Цели­но­градта қалалық қазақ күресі және самбо федерациясын құрып, онда вице-пре­зидент ретінде жұмысты ілгерілетуге атса­лысты. Федерацияға іскер азаматтар Дәу­рен Нұрмағамбетов президент, Эльбрус Темір­ғалиев атқарушы директор болып, жас спортшы­ларды рухани-материалдық тұр­ғыда қол­дауға дем берді. Сөйтіп, Ғалым бап­кер­лік­тен бөлек, менеджерлік қабілетін көрсетіп, күрес түр­лері жаңа деңгейге көтерілуіне үлес қосты. Көп ұзамай шәкірттері ел намы­сын халықаралық бәсекелерде қорғап, жүл­дегер атана бастады. Мәселен, 1992 жылы Қара­ғандыда өткен «Сарыарқа батырлары» атты рес­публикалық турнирде Ералхан Ора­залиев бірінші орын алып, спорт шебері атан­­са, сол жылы Минскіде жастар арасында әлем чем­пионаты өтіп, онда Әділхан Әбішев қола жүлдеге қол созды. Ал 1994 жылы Крас­­нояр қаласында өткен Азия чем­пиона­тында Александр Сурягин жүлде алды. Бұл – Ғалым бапкердің самбодан жеткен жетістіктері.

Ал бапкердің қазақ күресіндегі жетістіктері тіптен керемет болды десе жарасқандай. Айталық, Рамиль Шарыгиннің 2005 жылы Ресейдің Алтай өлкесіндегі Қосағаш қонысында өткен Азия чемпионатындағы күресі сол кездегі жас бапкердің есінде мықтап сақталып қалды. Қазақ күресінен өткен құрлықтың алғашқы ресми чемпионатында мықты спортшылар өнер көрсетті. Сол жолы Рамиль 90 кг-да және түйе балуан бәсекесінде қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақты. Кейіннен Ғ.Құлекешевтің елордада баптаған шәкірттері Ғани Сейділдаев 2006, 2008 жылдары, Ерлан Естек 2008, 2014 жылдары әлем чемпионатында топ жарды. Жалпы, Ғ.Құлекешев жаттықтырушы ретінде 20-дан аса спорт шеберін, 3 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін дайындады.

«Біз 90-жылдардың басында федерация ұйымдастырып, қазақ күресін дамытуды қолға алған кезде ұлттық спортты елеусіз, тіпті ешкім керек етпейтін. Ұлттық кодымыздың айрықша белгісі екенін түсініп, жастарды самбомен бірге қазақ күресіне дайындадық. Сосын ресми жарыстардан бөлек, түрлі турнирлер өткізуге мән бердік. Бір кездері «Астана-Бәйтерек» жүлдесі үшін өтетін республикалық турнирдің беделі зор болды. 2002-2004 жылдар аралығында «Астана ақшамы» газетінің жүлдесі үшін елішілік турнир өткізілді. Мұндай ауқымды жұмыстарды бір адамның ұйымдастырып, атқаруы қиын. Дегенмен, осы спорттық іс-шаралардың басы-қасында болып, жоғары деңгейде өтуіне күш салдым. Өйткені балуанның жиі жарысқа қатысуы, оның шеберлігін шыңдай түсетінін білемін», деді Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Халықаралық дәрежедегі FILA төрешісі Ғ.Құлекешев.

Ұлтжанды бапкердің еңбегі қазақ күресі­нің ережесі бекітіліп, халықаралық деңгейде мойындалуында көрінді. 2008-2013 жылдары Республикалық қазақ күресі федерациясы, 2010-2016 жылдары Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясында бас хатшы қызметін атқарған кезде кәсіби әлеуетімен танылды.

Ғ.Құлекешев қазақ күресін UNESCO-ның материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енгізуге атсалысты. Алдымен ха­лық­­аралық ұйымға кіретін WoMAU (Дүние­жүзілік жекпе-жек өнері одағы) қазақ күресі­нің ұлттық сипат алғанын дәлелдеу керек болды. Содан 2010-2016 жылдар аралығында Кореяның Чунджу қаласындағы штаб-пәтеріне барып, қазақ күресі бойынша атқа­рылып жатқан жұмыстарды талдап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ спортшыларды апарып, қазақ күресінің ережесі және әдіс-тәсілдерінен көрсетілім ұйымдастырады. Яғни алты жыл бойы Чунджуге барып, қазақ күресінің маңызы мен келешегі туралы есеп беріп отырады. Ақыры 2010 жылы WoMAU-дың, 2016 жылы UNESCO-ның материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енді.

Ұлттық күресіміздің жанашыры болған аза­­маттың қыр-сыры осылай ашылып, бізге сәу­ле шашады. Бүгінгі таңда зейнет жасына кел­ген бапкердің қазақ спортына сіңірген ең­бе­­гін шәкірттері мен жанкүйерлері мақтан ете­ді. Еңбектің жанғаны деген осы болса керек-ті.

 

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ,

журналист