• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Жануарлар 10 Қазан, 2023

Қырық құлан «Алтын даланы» жайлайды

248 рет
көрсетілді

«Egemen Qazaqstan» газетінің 29-санында «Нағыз құлан үйірі әкелінеді» деген шағын мақаланы оқып, көзден қой­ғанда көңілден де түр-тұрпаты бұл-бұл ұшқан нағыз құланның суретін көргенде «кемпірім ұл тапқандай» қуанғаным рас.

Бұл жануарды өмірімде көрмесем де, халқымыздың ауыз әдебиетінен, тіпті мақал-мә­телдерінен бар қасиеті, жаратылыс ерекшелігі санада әбден қалыптасқан. Содан соң түрлі әдебиеттерден, ғалымдардың ғылыми мақалаларынан оқып білген соң қасиетті құланның бар болмысын суретінен бұл­жытпай танығандай болдым. Кекілсіз, тікірейген қысқа жал, қызыл асықтан аспайтын сел­дір құйрық, есектің құлағын­дай ұзын емес, жабайы есек­тің (біз «домбай» деп жүр­ген) ұзыншалау да емес, туысы жыл­­қының құлағынан аумайтын жарасымды орташа құлағы – бәрі-бәрі қиялда қалыптас­қан құлан­ның дәл өзі еді.

Қайбір кездері жерімізде жорыт­қан жолбарысты Балқаш, Іле бойына әкеліп, жерсіндіру үшін миллиардтаған қаржы шығарып, олар қоректене­тін аңдарды да қоршау ішінде өсіріп, бәлен мың гектар аумақ­ты қоршау ісін қолға алып жат­қанда, сонау Чехиядан 2024 жылы қырық бас құланды сатып әкеліп, Қостанай жерін­дегі «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватының аумағына жіберуді мақсат етіп отырған осынау жоспар игі іс болар еді. Мұның әрі шығыны аз. Құландар көбейіп барлық құба жонда жортар бол­са, көз қуантып, көңілді мар­қайтады.

Құланның сонау Моңғол шапқыншылығы кезінде мың-мыңдап ауланғанын, одан кейін жоңғар жортуылы тұсында да тегін азық болғанын, соңғы тұя­ғы бертінде 1938 жылдары Хантау маңынан көзге түскені дәлелденген. Табиғаттың көркі, құдіреттің адамзатпен бірге тір­шілік иесі қылып жаратып, жер бетіне өргізіп жіберген жан-жануарлардың мыңдаған түр­лері сол адамдардың кесі­рінен жылына ондаған түрінің біржола жойылатынын ғылым дәлелдеп отыр. Алысқа бармай-ақ, менің туып-өскен Қара Ертіс маңында бала кезі­мізде шың басынан көрінер тау ешкінің тұқымы бүгінде тұздай құрыған. Осыдан 4-5 жыл бұрын Алтай өңіріндегі Марқакөл маңынан әлдеқайдан ауып келген бұзауқасын, тайыншасын ерткен бұланды көріп, қуанып едік. Кейін сұрастырсақ, үшеуі де тасжүректердің оғына байланыпты. Бір кездері бұл өл­кеде қырғауыл дейтін адал құс көп болған екен, оның да мүлде құрып кеткеніне ке­мін­де 70-80 жыл болыпты. Әрине, бүкіл өлкеде өріп жүр­ген құсты аңшылар атып тауыса алмас, бәлкім табиғаттың тосын зардабынан болар. Алайда қазір Марқакөл, Зайсан то­ғайларынан олар жиі пыр-пырлайтын болыпты. Жұрттың айтысына қарағанда, Аэлита есімді кәсіпкер келіншек Же­тісу жерінен ондаған құсты ар­найы алдырып, жаңа мекенге жіберіпті деседі. Енді бұл өлкеге тау ешкінің тұқымын жаю­ды қолға алмақ көрінеді. Бәре­кел­ді дестік. Бұл – туған жерін сүй­ген жанның әрекеті. Табиғат­қа, оның ұшқан құсы мен жүгір­ген аңына жанашырлық дейтін осындай-ақ болар.

Түрікменстаннан 1953-1961 жылдары құланның елу шақ­тысын Арал теңізіндегі Барса­келмеске жіберіп, көбейген соң Жетісудағы «Алтын Емел» ұлттық паркіне мекендетіп, тағы да саны молайғаннан кейін еліміздің біраз аймағына қоныс аудартқан бұл жануардың түр-түсі құланнан гөрі жабайы есек – домбайға ұқсайтынын «Egemen Qazaqstan» газетінде биыл 23 қаңтардағы санында «Домбайды қашанғы құлан дейміз?» атты мақалам жария­ланды. Оған дейін «Алматы ақшамы» газетіне де (2008 жыл­дың 17 сәуірі) «Нағыз құ­лан осы болар-ау» атты ма­териалым жарық көрген. Оны жазуы­ма себеп болған Алматы хайуа­наттар бағына Германияның Мюнхенінен әке­лінген төрт-ақ құлан еді. Бұл көрген соң айтқан пікір болатын. Онда да Тү­рік­менстаннан құлан деп әкел­­ген жануарлардың жабайы есек – домбай екенін айт­қан едік. Алайда осынау қос мақалама да жан-жануар­лар­дың түп-тұқияннан бас­тап зерттеп жүрген ғалым-зоолог­тер­ден, болмаса жөн білер аға­йындардан «мынауың дұрыс екен» немесе «дұрыс емес» деп пікір білдірген бірде-бір жан болмағаны қынжылтты. Тек Маңғыстаудағы Әзірбай Ораз ғана «Egemen Qazaqstan» газетінде биыл 10 наурыздағы санында «Құлан деп жүргеніміз домбай емес» деген мақаласы жарияланды. Шынын айту керек, Әзірбай Ораз мырза құлан мен домбай туралы жазылған біраз еңбектерге үңіліп, зерттеу жасапты. Бұл жануарды құ­­лан дегендердің де, домбай де­гендердің де пікірін кел­тіріпті.

Автор маман-биолог Қайым Қабдірашидтің «Жылқы тұқым­дастар 3 туысты болып келеді, олар: зебра, есек, жылқы, жабайы есек. Жабайы есек домбай деп аталады...» деп жазғанын, ал Әбіласан Әбілханның: «Құ­лан­дай ащы дауыстым...» мақа­ласында: «...көпшілік құлан деп қабылдап келген, қазір Прже­вальский жылқысы делі­ніп, ал белгілі этнограф Ж.Ба­ба­лықұлы керқұлан деп атай­тын жабайы жылқының тү­рін Қ.Қайым қаражал құлан дейді...» деп жазғанын келті­ре­ді. Құландарды зерттеген ғалым В.Банниковтің: «...соңғы тұяғы Қазақстанда 1930 жылдардың аяғында жоқ болған құландар ол тұқымдастарының ірі түр­лері еді, ал түркіменнің Мары­сынан қазақ жеріне әкелінген құландар – олардың тұрқы кішкене ғана түрлері» деген пікірін келтіріпті.

Мақала авторы Әзірбай Ораз мырза біз домбай деп атаған жабайы жануар туралы біраз дәлел келтіре отырып: «...жылқы туыстас хайуа­нат өкілі – ғылыми әдебиетте Түрікменстан құланы деп аталатын қаражал құлан. Бүгінгі таңда қазақ жерінде одан бас­қа құлан баласы жоқ» деп түйіндепті. Демек, бұларды жабайы есек домбай емес, құ­ланның бір түрі дейді. Ал мен тағы да есектен айнымайтын, «жылқыдай кісінемейтін, есек сияқты ақыратын, құйрығы да жылқынікіндей ұзын емес, құлақтары да ұзындау» жануарды «жабайы есек» деген өз пікірімде қаламын. Ме­нің нағыз құланды елімізге әке­ліп жерсіндіруді армандап жазған мақалама пікір біл­діргені үшін мақала авторына ризашылығымды айта отырып, жабайы жануардың аталуы туралы дау айтар ойым жоқ. Бұл мақаланың жазылуы­на Чехиядан әкелінетін суретінде бойы да, сойы да «нағыз құлан – менмін» деп тұрған қырық бас жануардың хабарын оқыған соң себеп болғаны ғана.

Ал енді ауызекі сөзде ғана емес, мейрамхана мәзірлерін­де де қазақша әзірленетін ет­ті «бешбармақ» деп қорлап үй­ренгеніміз сияқты құланды құ­лан бола ма, керқұлан бо­ла ма, түзат бола ма, бәрібір «Пржевальский жылқысы» деп атағанды қоятын уақыт жетті. Ресей ғылымы қалай атаса да өз еріктері. Жиһангездің өзі қытай жеріндегі Лобнорда жа­байы құландардың үйірін қуа­лап, жете алмай, ақыры 1875-76 жылдары қара базардан өл­ген құланның терісін тірі жыл­қыға айырбастап алып, оны им­ператорлық орыс география қоғамына зерттеуге жіберіп, ол жылқы тұқымдастарында бұрын-соңды кездеспеген жа­нуардың терісі деп таниды. Оған «Пржевальский жыл­қысы» деп ат береді. Оны Н.М.Пржевальский өзінің «Из Зай­сана через Хами в Тибет и на верховья Желтой реки» атты кітабында жазады. Жиһангездің бұл сапарлары туралы жазушы Серік Байхоновтың «Алтай асу» атты деректерді молынан пай­даланған романында да айты­лады. Бабаларымыз ғасырлар бойы «құлан», «керқұлан» деп келген атауын құланның бір терісін тапқаны үшін тұ­қым түрлерін қайта-қайта жұп­тастырып, бұл жануардың тұқы­мын өзі өмірге әкелген­дей «Прже­вальский жылқы­сы» атандырып, өзгерткені­міз жөнсіздік. Жылқыға ұқсас нағыз құлан келсе, есекке ұқсас «қаражал құлан» екеуінің жігін жұрт айырып алар.

 

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,

жазушы