Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби мұрағаттанушы Амантай Сатаев ұлт тарихын зерделей жүріп, бабалар ізін, халқының қасиет-қалыбын әдеби мұраларына да арқау етті. Бір басына сан түрлі санаткерлік тоғысқан тағылымды тұлға көзі тірі болса тоқсан жасқа толар еді. Көрнекті ғалым Тұрсынбек Кәкішев: «Архивтерде кездесе бермейтін маңызды мағлұматтар Амантайдан табылады», деп ағынан жарылған халқының аяулы перзенті жарына қалдырған бір өсиетінде: «Сен түңілме! Заман өзгереді, әлі-ақ зердесі ояу жастар келеді. Шаңын қағып алып барсаң менің жазғандарымның бәрі – қазақ халқын бір сатыға көтеретін дүниелер», деп толғаныпты. Амантай ағаның рухы сіңген киелі шаңыраққа ат басын бұрып, жары Гүлжан САТАЕВАМЕН әңгімелесіп қайттық.
– Гүлжан апай, Амантай аға өмірден озғалы да жиырма жылдан астам уақыт өтіпті. Біз ол кісіні қазақтың тұңғыш кәсіби архивариусы, ізденімпаз тарихшы, талантты жазушы ретінде танимыз. Сіздің ұғымыңыздағы Амантай Сатаев кім еді?
– Амантай туған халқын жан дүниесімен, бүкіл болмысымен жақсы көрген адам. «Таулар алыстаған сайын биіктей беретіні» секілді, оның адами ажары уақыт өткен сайын біздің санамызда жаңғырып, биіктеп барады. Бәлкім сағыныш шығар...
Табандылық пен талмай іздену оны үлкен еңбектерге алып келді. Жұмыстан үйге келгесін демалуды білмейтін. Бәріміз ұйқыға кеткенде жазу үстеліне жайғасатын әкелерін таңертең сабаққа баратын балалары әлі сол орында көріп таңғалатын. Өзі ойға алған тақырыбына қатысты әлдеқандай тың дерекке қол жеткізсе, балаша қуанатын. Сарғайған парақтарға сарыла қарап, том-том кітапты тауыса оқитын. Бұл қасиет оған жастайынан қалыптасса керек. 16 жасында Мәскеу Архив және тарих институтына оқуға түскенін білесіздер. Сабақтан қолы қалт еткенде Ленин атындағы кітапханаға барып, ондағы қазаққа қатысты ақпараттар мен деректердің бәрін қағазға түсіріп алатын көрінеді. «Мәскеуге барғанда бірауыз орысша білмейтінмін, араға алты ай салып орыстарды да басып оздым», деп күлетін. Мәскеулік профессор оның ізденімпаздығына таңғалып, «Сатаев, сен орыс әдебиетінен емтихан тапсырмасаң да болады. Зачет», дейтін көрінеді. Аттила, Абылай хан, Бөгенбай батыр, Нияз батыр, Абай, Тәттімбет, Төле би, Шоқан, Мұстафа, Әміре, Мағжан сынды тарихи тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына қатысты зерттеу мақалалар жазды, әдеби шығармаларына да олардың бірсыпырасын арқау етті. 1966 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне академик Әлкей Марғұланға арнап «Көне мазарлардың сыры қандай?» деген тақырыппен ашық хат жазды. Әлекең көп ұзатпай тарих тереңіне үңілген інісіне жауап жолдады. Мұның бәрі жеке бастың мәселесі емес, ұлт тарихын түгендеуге қосылған ұшан-теңіз еңбек еді.
Бір тақырыпқа қалам терберде кейіпкерінің шығармаларын оқумен шектелмей, басқан ізін, өскен ортасын, туған табиғатын кешенді зерттеуге күш салатын. Құрғақ эмоцияға берілмей, тарихи дәйектілікке айрықша мән беретін. 1984 жылы күнделігіне: «Бұл тұлғалардың елінде болдым, бұлар туралы жаздым. Абай Құнанбайұлы, Бұқар жырау, Тарас Шевченко, Рудаки, Низами, Ғабдулла Тоқай, Жамбыл Жабаев, Райнис, Махамбет, Құлтума, Ілияс, Сәкен, Ованес Туманян, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Федор Достоевский, Михаил Пришвин, Ғани Мұратбаев, Құрманғазы, Тәттімбет, Сегіз сері, Біржан сал, Мәди» деп белгі қойыпты. Абайдың «Ескендір» поэмасы хақында «Ескендірге барар жолда» деген атаумен әңгіме жазды. Бұл тақырыпқа қалам тербеу үшін тұтас Шығыс жұлдыздарының еңбегімен танысып шықты.
Шығарманың 10 жылын арнаған «Шығыстан шыққан жиһангер» повесінде әйгілі Аттила-Оттылының өскен ортасы қазақ жері екенін айшықты дәлелдеді. Түркі өркениетінің тамыры тереңде жатқанын, олардың өмір өнегесі игі құндылықтармен өрілгенін жеткізе жазды. Жаныма бататыны, сол тұста бұған елең еткен ешкім табылмады. Бұл 2001-2003 жылдары еді. Үлкен басылымдардың ешбірі оны басуға ықылас танытқан жоқ. Өзі еңбек ететін «Студент» газетінің әр нөміріне бөліп-бөліп беріп отырды. 2004 жылы өмірден озды. Кейін материалды студент газетінен жинақтап, кітап шығардық.
– Ағамыз ұлт тарихын ұлықтау «жабық» тақырып ретінде саналған кеңестік кезеңнің өзінде ел тағдыры үшін өзекті де өткір дүниелерге бара білді. Осының зиянын тартқан кезі болды ма?
– Оның бар арманы қазақтың көркейгенін көзімен көру еді. Қазақ жастары білімді болса, жақсы үйде тұрса, жақсы көлік мінсе, жарқырап жүрсе деп үнемі айтып отыратын. Кездесіп, әңгімелесе қалған жастарға қазақтың қандай терең, данышпан халық екенін біліңдер, бағалаңдар, сол ұлы жолды жаңылмай жалғастырыңдар деп өсиет айтатын. Жұрт Абайды енді танып жатқанда, шығармаларын талдап, мына дүниені жазуға жарықтық қалай келді екен деп ой толғайтын.
Шығармашылыққа берілгені сонша, бая-шая тіршілікке бас қатыра бермейтін. Осыншама дүниенің бәрін бала-шағаның қамымен жұмыс істеп жүріп жазды. Егер ол кісіде таза шығармашылықпен айналысатындай мүмкіндік болғанда артында бүгінгіден де көп мұра қалар еді. Қоңырқай тіршілік кешіп, өзіне бір жаңа костюм алмай өмірден өтті. Ең өкініштісі, сол жазған-сызған дүниелерінің көпшілігі көзі тірісінде көлемді кітап болып жарық көрген жоқ.
Тіршілігінде еңбегіне лайық сый-құрметке бөленді деп айта алмаймын. Тұрсынбек Кәкішев өз естелігінде: «Амантай маған өзінің тарихи танымының молдығы және қазақтың рухани дүниесіне қарлығаштың қанатымен су тасығандай пайдамды тигізсем деген азаматтық арымен ұнаған еді. Оны өзіне айта да бермейтінбіз. Соған ол іштей мүжілген де шығар. Сондықтан бар білгені мен тапқанын бауырына басып, айрықша қажет болғанда ғана сыртқа шығарғанда оны елеп даурықтыра да қоймаған шығармыз. Бірақ ондай ішкі сырын Амантай тіс жарып айтқанын, өкпелегенін естіген емеспін. Тойған қозыдай томпиған қалпын өзгертпей өтті. Сөйтсек, кейін өкінерсіңдер деп әбден иі қанған дүниелерін де шығаруға құлшына қоймапты», деп жазғаны бар. Адами парасатының биіктігі шығар. Ешкімге кінә артып, өкпелеген емес. Ол ұлтқа қызмет етуді азаматтық борышым деп білді. Оның жиған-терген дүниелерін зерттеп-зерделеу бүгінгі ұрпақтың еншісінде.
Ағаларың өмірден өткен соң артында қалған мұрасын жарыққа шығарамын деп министрліктер мен қоғамдық ұйымдардың табалдырығын тоздырдым. Соның арқасында 2004 жылы «Тұңғиықтағы тұнықтар» кітабы оқырманға жол тартты. Араға жылдар салып тағы да көлемді алты кітабы жарық көрді. Тоқсан жылдығының қарсаңында «Дәуір» баспасынан таңдамалы туындылары енген тағы бір кітап қолымызға тигелі тұр.
– Ағамыз халқына қызмет қылуды өзінің перзенттік парызына балағанын айттыңыз. Әлкей Марғұлан бастаған ұлт зиялылары оны сол үшін де жақсы көрген шығар?
– Оның рас. Ағаң тіршілігінде қазақтың небір зиялы азаматтарымен араласты. Олар Амантайды төбесіне көтеріп құрметтейтін. Амантаймен бір кеш әңгімелескен Әлімхан Ермеков қолын қысып тұрып: «Айналайын, заманыңнан кеш не тым ерте туған бала екенсің», деп ризашылығын білдіріпті. Сол секілді Әлкей Марғұлан да Амантайды ерекше бағалайтын. Кітабына «Амантай, саған деген көңілім ашық», деп тілек те жазған. Сөйте тұра табиғатынан тазалықты сүйетін Амантай бір кісінің алдына жеке мәселесімен барып көрмепті. Ондайға арланатын. 1957 жылы Ахмет Жұбановты Құрманғазыға байланысты қуғындалмақ болғанда Амантайдың «Жұлдыз» журналына жарияланған «Дала күйлері» атты киноповесі араша болыпты. Сонда А.Жұбанов аты әлі таныла қоймаған жас жазушыға сырттай разы болып, өзіне жолықса деп сәлем айтыпты. Амантай сол кезде алдына барып, «Сатаев деген мен едім», деп айтпай кеткен адам.
Украинның бір ақыны Амантай туралы поэма жазды. Өйткені ағаң Тарас Шевченконың шығармашылығын, өмірін бір кісідей зерделеді. Шевченконың мерейтойларына, оған қатысты өткен әрбір шараға Амантайды украиндықтар қалдырмай шақыратын. Бір жолы билет табылмағандықтан бара алмай қалғаны бар.
Әдеби ортада болайын деп арман-аңсарын Алматыға таңды. Бұл ойын Әди Шәріпов қолдап, қанаттандырған еді. Алматыға келіп әдебиетіміздің небір марғасқаларымен араласты, сырлас, сыйлас болды. Қанаттас-қаламдастары да оның кісілігіне, талантына айрықша құрметпен қарайтын.
– Жаңа сөреден бірнеше кітапқа жүк боларлық ағаның күнделіктерін байқадық. Бұл да оқырманға жол тартса тамаша болар еді...
– Иә, күнделіктерін жинақ етіп жарыққа шығару ойымызда бар. Мені көптен бері мазалап жүрген дүние осы. Жасым 86-ға келді. Оларды жүйелеп реттеуге үлкен күш-қайрат керек, уақыт қажет. Біреудің қолына ұстата салуға тағы болмайды. Әйтеуір тасада қалмайтынына сенемін. Қыздарым Жанар мен Сәуле де әке жолымен архив саласында еңбек етіп, әкелерінің мұрасын насихаттауға үлкен үлес қосып жүр. Осы жұмыстармен де қыздарым айналысар деген үміттемін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ