• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан 11 Қазан, 2023

«Хат қоржын»

136 рет
көрсетілді

Ауылға батыр есімі берілсе

Ақкөл қаласынан солтүстік-батысқа қарай 40 шақырымдай жүрсеңіз, Урюпинка деген ауыл алдыңыздан шығады. Ол Ресейдің Волгоград қаласы маңындағы Урюпинка деген елді мекеннен көшіп келген қарашекпенділер қабырғасын қалаған ауыл саналады. Бүгінде аталған ауылдың атауын өзгертетін уақыт жеткені анық. Жергілікті халық тарапынан ұсынылған атаулардың ішінен Қазы батыр таңдап алынып, бұл таңдау жоғары жаққа жол тартқан.

Қазы батырға ескерткіш орнатылғанға дейін ол туралы бірен-саран адам ғана білетін. Ескерткішке демеушілер іздеп тапқан аудан әкімінің бұрынғы орынбасары Алмас Алин болатын. Осы орайда Қазы бабамыздың жазушы Жайық Бектұровтың жетінші атасы екенін де айта кеткен орынды. 2022 жылдың басында мен Алмас Аянұлына Жайық жерлесіміздің 110 жылдығын атап өтейік деп ұсыныс жасадым. Екеуміз бағдарламасын түздік. Оны аудан әкімі Юрий Курушин құптады. Мерейтой Ақкөл өңірінде жоғары деңгейде өтті. Дайындық жұмыстарының басы-қасында Алмас Аянұлының өзі жүріп, үлкен істердің ұйытқысы болды.

 Менің көп жылғы өмірлік тәжірибем бойынша, аудан әкімдерінің әлеуметтік сала жөніндегі орынбасарлары басшысының тапсырмасын орындаудан әрі аса алмайды. Жалпы, бұл қызметкерлердің өз саласын дамытуда өз жоспарлары болғаны дұрыс. Әркез сол өңірдің білім, мәдениет, халық денсаулығы, спорт, т.б. салаларын қалай дамытамын деген ойда жүруі керек. Әкім барлығын бір өзі қамти алмайды. Оның өз салаларын дамытуға қабілетті көмекшілері болуы шарт. Сонда ғана ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту жөніндегі бастамасы жүзеге асады.

Алмас Аянұлы сондай орынбасар еді. Бүгінде ол бұрынғыдан да жауапты жұмысқа жоғарылап кетті. Оған жаңа қызметінде табыс тілейміз. Ал ауыл көп кешікпей лайықты атауына ие болады деп сенеміз.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,

Ақкөл ауданының құрметті азаматы

 

Ақмола облысы

 

 

Өмірі әнмен өрілген

Ертіс-Баян өңіріндегі өнер саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған, есімі құрметпен аталатын белгілі тұлғалардың еңбектерін ұлықтау – ұрпаққа парыз. Сондай абзал жанның бірі туғанына биыл 75 жыл толып отырған Қайырбек Сәтиев еді.

Өмірін өнерге арнаған сазгер көзі тірісінде 100-ге тарта ән жазды. Олардың арасында балаларға, патриоттық, махаббат тақырыптарына арналған, сондай-ақ лирикалық әндері де баршылық. Негізі сазгер әндерінің басым бөлігін балаларға арнап жазғаны байқалады. Солардың арасында «Жауқазын», «Бала тілегі», «Бал дәурен», «Бөбегім», «Өсіп келе жатырмын» және тағы басқа әндері бар. Ал туып-өскен жеріне деген сағынышы мен сүйіспеншілігін білдіретін «Ай келбет Павлодарым», «Ақшиман – ардағым», «Кең далам» әндері жастардың арасында кең тарады.

Қайырбек Мұфтанұлы 1948 жылы 1 қазанда Ресейдің Новосібір қаласында дүниеге келген. 1956 жылы Май ауданына қоныс аударады. Сазгердің өнердегі даңғыл жолы бала кезден-ақ басталған, сырнай мен баян аспаптарын тартып, «Гармоншы бала» атанды. 1974 жылы Павлодардағы Чайковский атындағы музыка училищесінде, кейін Шығыс Қазақстан университетінің «Музыкалық білім» факультетінде білім алды. Еңбек жолын өзінің балалық шағы өткен Май аудандық мәдениет үйінде көркемдік жетекші болып бастап, табан аудармай осы салада тер төкті.

Өмірін өнерге арнаған сазгерге 2018 жылы «Май ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Сонымен қатар Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай өткен облыстық форумда «Ең үздік сазгер, 2000 жылы «Жыл композиторы» аталымдарына ие болды. Ал 2009 жылы сазгердің «Әнім әнге жалғассын» атты әндер жинағы жарыққа шықты. Оның өнер саласында сіңірген еңбегі бағаланып, Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталды. Сазгердің жерлестерінің ыстық ықыласына бөленген туындылары әрдайым олардың жадында сақталады.

Сәуле АРЫНҒАЗИНА,

Бұқар жырау атындағы әдебиет

және өнер музейінің бөлім басшысы

 

Павлодар облысы

 

 

Антыңа адал бол, дәрігер!

Басың ауырып, балтырың сыздаған, яғни ауруың жаныңа батып, мазаң кеткен жағдайда амалсыз дәрігердің көмегіне жүгінесің. Мұндай жайт арагідік болса да әр адамның басында кездеседі.

 Кенеттен 76 жастағы зайыбым Дәмеш Дүйсенғалиеваның қан қысымы көтеріліп, ес-түссіз сандырақтап, кімнің кім екенін ажырата алмай, бір сұрағанын бірнеше рет қайталап шатаса берді. Отбасы, көрші-қолаң қатты қорықтық. Қуанышымызға орай, жедел жәрдем қызметкерлері төрт-бес минутта жетіп келді. Бірден қан қысымын өлшегенде, 80 де 220-ны көрсетті. Бәріміз үрке қарадық. Мамандар қан қысымын түсіретін ыстық ине салып, дәрі беріп, алғашқы көмегін көрсетті. 10-15 минуттан кейін қан қысымын қайта өлшегенде, 80 де 160-қа дейін төмендепті. Жарты сағат шамасында есін жинап, сөйлей бастады. Дәрігердің сұрақтарына шатасса да жауап қайтарды. Егер алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілмегенде, жағдайдың басқаша сипат алатыны айқын еді. Сөйтіп зайыбым жүрек талмасынан аман қалды. Ал жедел жәрдем дәрігерлері терапевке жедел қарату керек екенін, барған соң аталған дәрігердің келуіне ықпал жасайтындарын айтты. Мың да бір рақмет дедік біз.

Қазіргі кезде медицина қызметкерлеріне толық жағдай жасалып жатыр. Медициналық оқу орындарын тәмамдап, жан арашасы болып абыройлы еңбек етіп жүрген мамандар да баршылық. Дегенмен, бірен-саран болса да қызметіне халықтың көңілі толмайтын ақжелеңділердің кездесіп қалатынын жасыруға болмайды. Жұмысына адал, өз ісін жетік білетін, мәдениеті жоғары дәрігер болғанға не жетсін.

Антына адал қызмет ету дәрігер атын асқақтататыны сөзсіз. Сондықтан «Антыңа адал бол, дәрігер!» дегіміз келеді.

Бисенбай ӨТЕГЕНОВ,

зейнеткер, Тасқала аудандық Қоғамдық кеңес мүшесі

 

Батыс Қазақстан облысы