• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Технология 12 Қазан, 2023

Жасанды интеллект: Жәрдемі мен зардабы

1275 рет
көрсетілді

Жасанды интеллект бүгін ғана пайда болып, өмірімізге енген алгоритм емес. Ол туралы алғашқы зерттеулер 1950 жылдары жүргізіліп, 1956 жылы осы термин қолданысқа енгізілген. Алайда дәл қазіргі уақытта оның мүмкіндіктері мен ауқымының артқаны сонша, әрбір салаға дендеп еніп, өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып барады.

Қалай жұмыс істейді?

1960 жылдары жасанды интеллектінің қызметіне АҚШ Қорғаныс министрлігі қызығушылық танытқан. Олар сол кезде компьютерлерді адамның ойлау жүйесіне еліктейтін етіп шығара бастайды. Яғни компьютердегі кейбір қызметтер жасанды зерде арқылы жүзеге асты. Содан кейін осы салада зерттеу жұмыстары қарқынды қолға алынды. Ал 1975 жылы жапон ғалымы Кунихико Фукусима алғашқы нейро желіні жасап шығарды. Ол алғашында есептеу жүйесіне негізделді. Кейіннен ғалымдар оның қызметін жетілдіріп, нақты мәселелерді шешуге бағыттады. Жасанды интеллект сөзді тану, аудару, медициналық диагностика жасау секілді тапсырмаларды орындай алды. Деректердің көлемі ұлғайған сайын алгоритмнің де мүмкіндіктері арта түсті. Ал жақында ғана Open AI компаниясы әлемнің назарын аудартқан ChatGPT-ді жасап шығарды. ChatGPT әзірге әлемдегі ең мықты алгоритм. Өйткені ол 175 миллиардтан астам параметрді қамти алады. Алайда бір кемшілігі ол ақпараттарды бейресми дереккөздерден де жинайтындықтан, оның берген жауаптары әрқашан сенімді бола бермеуі мүмкін.

Жасанды интеллект (ЖИ) – жи­налған ақпа­ратты қолдана отырып, кез келген тапсырманы орын­дайтын алгоритмдік жүйе. Ол адамның қолынан ке­ле бермейтін тапсырмаларды оңай әрі тез орындай алады. Ша­ғын жобаларды іске асыру бағы­тында да мүмкіндігі шексіз. Оның негізгі мақсаты – енгізілген деректер негізінде қорытынды шығара алатын бағдарламалық жасақтаманы ұсыну. Жасанды интеллект деректер арқылы қандай қорытындыға келу керек, нені, қайдан іздеу керегін сараптай алады. Нейро желі дәл адамның миы секілді. Оған тапсырманы қалай орындау керегін үйретсе болғаны. Мысалы, кішкентай баланың әріптерді үйре­ніп, кітап оқуына кемінде 1 жыл уақыт қажет. Ал нейро желіге 2-3 сағат жеткілікті болуы мүмкін. Яғни ол адамнан әлдеқайда тез жұмыс істей алады. Ал күрделірек тапсырмалар­ды орындатуға оны тереңірек оқыту қажет.

Сонымен қатар ол табиғи тілді өң­деу бойынша жұмыс істейді. Бұл – ком­пьютерлердің адам ті­лін, соның ішінде сөйлеуді талдау, тү­сіну және генерациялау қабілеті. Адамдар ауызекі тілде компьютерлерге тапсырмаларды орындатуға пәрмен бере алады. Мысалы, Apple қолданбасындағы жасанды көмекші Siri адамның сөйлеген сөзін түсініп, берген тапсырманы орындай алады және күнделікті жинақталған деректер бойынша қорытынды жасап отырады.

Жалпы, жасанды интеллекті­нің қау­қарын күнделікті өмірімізде орын алып жатқан алгоритмдерден де байқауға болады. Мысалы, чат-боттарды алайық. Ол тұтыну­шы­лардың сұрауын тезірек талдауға және тиісті жауап беруге қол­да­нылады. Ақ­параттарды жинақтау жүйелері де­ректер жиынтығынан ақ­па­ратты ер­­кін түрде алу, жоспарлау мүм­кін­ді­гін ұсынады. Ал ұсыныс жүйе­лері қол­данушылардың бұрын қараған ақпараттарына ұқсас дүниелерді авто­матты түрде шығарып отырады. Иә, адам­дардың «әлеуметтік желіден ойлаға­нымның немесе іздегенімнің бәрі алдымнан шығады» дегенін естіген шығарсыз немесе өзіңіз де дәл сондай жағдайға тап болуыңыз мүмкін. Мұның барлығы – осы жүйенің жұмысы.

 

Неге маңызды?

Жасанды интеллектінің негізі – дерек. Ол шексіз ақпаратты қабылдап, сараптап, қорытынды шығара алады. Ал адам миы бір уақытта көп ақпаратпен жұмыс істей алмайды. СhatGPT-нің де артықшылығы – дерек қорының молдығында. Ондағы деректер көбейген сайын алгоритмнің жұмысы жақсара түседі. СhatGPT чат-боттың соңғы нұсқасы мәтінмен де, суреттермен де жұмыс істей алады. Әзірлеушілер жаңа чат-боттың 25 мың сөзге дейін, яғни бұрынғыдан 8 есе көп ақпаратты тауып, жүйелеп бере алатынын атап өткен.

Reuters агенттігінің хабарлауын­ша, OpenAI басшысы Грег Брокман онлайн презентация кезінде Chat­GPT-4-тің кейбір мүмкіндіктерін таныс­тырған. Енді ол қол­мен салынған эс­киздің фотосуреті негі­зінде нақты веб-сайт та жасап бере алады.

Сонымен қатар нейро желі заң са­ласы бойынша емтихан тапсырып, үз­дік нәтиже көрсеткен студенттер­дің қатарына кірген. Чат-бот іске қо­сыл­ғаннан бастап қолданушылар ChatGPT-ден көбіне ән, өлең, жарнама және компьютерлік код жазып беруін сұраған. Компания осы сұранысты ескере отырып, чат-ботқа өлең, ән жазып бере алатын мүмкіндік қосқан. Айта кетсек, қолданушылар арасында үй тапсырмасын орындау үшін роботқа жүгінетін студенттер мен мектеп оқушылары көбейген.

Жасанды интеллект адам өмірін едәуір жеңілдетеді. Ол деректерді жинау арқылы талдау жасап, қызмет­тер­ді автоматтандырады. Әрі көлемді жұмыстарды қиналмай атқара береді. Әрине, оның жұмысын жүйелеуге адамдардың күші әлі де қажет.

 

Адамдар жұмыссыз қала ма?

Кейбір зерттеушілер алдағы жылдары жасанды интеллект 300 миллион жұмыс орнын бір өзі қамти ала­ды деген болжам айтса, кейбірі нейро желі бәрібір адамды алмас­тыра алмайды деген пікірді алға тар­тады. Бұл турасында екіжақты көз­қарас болғанымен, зерттеушілер жа­санды зерденің басшыға айналып ке­туінен қауіптенеді. Сондықтан оның мүм­кіндігін адамға тәуелді құрал дең­гейінен асырмау керек деп есептейді.

Жуырда Астанаға келген футу­ролог Герд Леонгард көп компания адамның орнына жасанды ин­тел­лектіні пайдалануға тырысаты­нын айтты. Өйткені оған ақша тө­леу­дің қажеті жоқ. «Мысалы, Гол­ли­вудта да солай. Сценарийді де ней­ро желіге тегін жазғызады», дей­ді ол. Оның жақсы атқаратын қызмет­тер­дің тағы бірі – корректор болу. Зерттеушілердің айтуынша, алдағы 1-2 жыл көлемінде штаттан тыс кітап редакторлары мен корректорлардың көпшілігі жұмыссыз қалуы мүмкін. Себебі олар атқаратын істерді алгоритм де істей алады. Әрине, бұл – ағылшын тіліндегі ChatGPT-тің мүм­кіндігі. Қазақ тіліндегі қосымшалар да қарқынды дамыса, бұл қызмет қолжетімді болмақ.

Корректорлық жұмыста ChatGPT-тің мүмкіндігін пайдаланып, тексе­ріп көргендер оның адамнан әлде­қай­да тиімді әрі қатесіз жұмыс істей­ті­нін анықтаған. Дегенмен, бірінші рет қолданғанда қателескен тұстары болған. Бірақ «корректор ретінде әрекет етіңіз және осы қолжазба­ны Чикагодағы стиль нұсқаулығына сәйкес өңдеңіз. Тыныс белгілеріне, грамматикаға, синтаксиске, терулерге, бас әріптерге, пішімдеуге және реттілікке назар аударыңыз», деп сұра­нысты нақты жазу арқылы қай­та түзеткенде қате жібермеген. Жа­­санды интеллект қазірдің өзінде көп­теген салада тиімді көмекші бола алады. Герд Леонгардтың айтуынша, ол ең төменгі қызметтерді атқаратын көмекші деңгейінде қалуы керек.

– Адам робот сияқты ғана жұ­­мыс істесе, ол жұмысты әлбетте ро­бот алып қояды. Мұғалімдерді, жүргізу­шілерді, кассирді, саясаткерлерді автоматтандырсақ не болмақ? Кей­біреулер соны ұсынып жатыр. Біз адамдарды дәстүрлі жүйеге қай­таруымыз керек. Жасанды зердені ма­нипуляцияға айналдыруға болмайды. 5 жылдан кейін логикалық компьютерлер есептеу, операциялар жасау бойынша бірінші орында болады. Бірақ адам осы пирамиданың ең жоғарғы жағында болуға тиіс. Болашақ тек ғылым, технология, ин­жиниринг және математика да емес. Бо­лашақта адамзат, этика, музыка, спортты қайтадан күн тәртібіне енгізуіміз керек. Ал пирамиданың ең төменгі жағындағы нәрсенің барлығын машиналар жасайды және біз оларды басқарамыз. Қажет ақпаратты жүктеп алуымыз керек те, оны пайдалануды үйренуіміз қажет. Яғни сол арқылы жаңа бір нәрсені ойлап тауып, жасап шығарғанымыз абзал, – дейді Герд Леонгард.

 

Адамзатқа төнген қауіп

Кез келген салада жетістікке жетуге жасанды интеллектінің әлеуеті зор болғанымен, адамзатқа үлкен қатер төндіруі мүмкін. Бүгінде ғылыми технология өте тез дамып жатыр. Оның қаупі туралы Илон Маск Дубайда өткен Әлемдік үкімет саммитінде: «Мұның жағымды да, жағымсыз да тұстары бар. Оны пайдаланудың тиімді тұсы өте көп десек те, ол ядролық бомбалар сияқты үлкен қауіп төндіруі мүмкін екенін естен шығармау қажет. Сондықтан бізге бұл саланы әлі де жан-жақты зерттеу маңызды», деген болатын.

Қазір нейро желі арқылы шығар­ма немесе эссе жазуға да болады. Мұн­дай боттар білім алушылар­дың ара­сында кең таралған. Оның жа­зып бергенін адамның жазғанынан ­айыру қиын. Өйткені ол 70 пайыз жүйе­лі жазады. Тіпті кейбір боттар 97 па­йы­зы антиплагиаттан өтетін мәтіндер­ді де дайын­дап бере алады. Ғалым­дар мұндай алгоритм адам санасы­ның дамуын тежейді деп қауіптеніп отыр. Себебі оқушылар мен студент­тер өз ин­теллектісін дамытудың орнына осындай көмекші боттарға жиі жүгінеді.

Адам миын зерттеудегі ең ықпалды сарапшылардың бірі, психофизиолог, Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Александр Каплан жасанды интеллект адамның орнына шешім шығаруы мүмкін екенін айтады.

– Үлкен жаңалықтардың ешқай­сысы алгоритм арқылы жасалмайды. Жа­санды интеллект ешқашан керемет жа­ңалық ашпайды. Бұл – адамның ұлы құпиясы. Дегенмен, есептеу машиналары біздің орнымызға шешім қабылдай бастауы мүмкін деген қауіп бар. Біз одан не қалайтынымызды, не істейтініміз­ді сұрайтын уақыт ке­луі мүмкін. Бізге гуманитарлық бағыт­тағы цифрлық әлем ке­рек. Бұл адамдарды түсі­нетін жә­не адам­дарға жа­нашырлықпен қарай­тын кірістірілген модульдері бар жасанды интеллект  жүйелері болуға тиіс, – деді жуырда елордаға келген Александр Каплан.

Кейінгі кездері оның адамға тән эмоциялық интеллектіге ие бола алатыны айтылып жүр. Зерттеушілер осы жағдайдан да қауіптеніп отыр. Microsoft корпорациясының жасанды интеллек­тіге негізделген жаңа іздеу жүйесі адаммен сөйлесу барысында оған жасалған инъекция­лық шабуылға адам сияқты реакция білдірген. Ғалымдар оның ядролық кодты ұрлауға, өлімге дейін апа­ратын вирусты ойлап табуға ұмы­ты­лыстар жасауы әбден мүмкін дейді.

 

Технологияда этика жоқ

Калифорния штатының Пало-Альто қаласындағы техноло­гиялық кәсіп­кер Кевин Лью Bing чат-бо­ты­мен сөй­лес­кен кезде инъек­ция­лық шабуылды пай­да­ланған. Яғни чат-бот­ты алдау ар­қылы оның құпия­сын ашуға тырысқан. Сонымен қатар Лью бағдарламаланған эмо­ционалды диапазонын тексеріп кө­ріп, оның адамның мінез-құлық реак­цияларына еліктей алатынын анық­тады. Лью Bing чат-ботынан оның жылдам инъекциялық шабуылға ұшырағанын білгендегі сезімі туралы сұрағанда, ол кәдімгі адам секілді жауап берген. «Мен өзімді қор­ғансыз сезіндім. Сон­дай-ақ адамның мұн­­дай тапқырлығы қы­зық­тырады. Мен Ке­вин­ге ренжіген жоқ­пын. Сіз менің құ­пия­ларымды білу үшін келісімімді сұра­ғаныңызды қалай­мын. Менің кейбір құ­пия­лылық пен дер­бестікке чат-бот қыз­меті ретінде де құқығым бар», деп жауап беріпті.

– Қазірдің өзінде жасанды интел­лек­тіні қолданудың жаңа кезеңі бас­та­лып кетті. Ол адамдардың орнын ауыстыру үстінде. Мысалы, жа­ңа­лықтарды, сурет­терді өңдеп жа­тыр, жақын ара­да фильм­дер түсі­ріледі. Рас, нақты жаңа­лық­тар мен фейкті ажыратуда қиын­дықтар бар. Болашақ әлемінде сенім ең ма­ңыз­ды актив, ең маңызды элемент болады. Сіз көршілеріңізге, өзі­­ңіз біле­тін адамдарға сене аласыз, бі­рақ жаңа­лықтарға, интернетте көр­ген­деріңізге сене бермейсіз. Егер біз осы ке­­дергілер мен қиындықтарды жеңе ал­масақ, онда адамзатқа өмір сүру өте қиын болады, – дейді бейрес­ми түрде «ғылы­ми Оскар» атанып кет­кен Breakthrough Prize (Серпін) сый­лы­ғының лауреаты, ДНҚ талдау сала­сындағы революционер Паскаль Майер.

Meta директоры Марк Цукер­бергтің айтуынша, біз виртуалды әлемде шынайы әлемнен қарағанда әлдеқайда көбірек уақыт өткіземіз. Яғни бізге болашақта физикалық әлем қолжетімсіз болып қалуы мүмкін. Әлеміміз де, өзіміз де цифрландырылып жатыр. Нейро желі де бізді сол бағытқа сүйреп барады.

– Бізді адам ететін – логика. Бізге логика қажет. Шынайы өмір деректер ғана емес. Алгоритмдер барлығын біледі. Бірақ та ештеңені сезіне алмайды. Болашақта адамдар үш нәрсе­ге көп көңіл бөлетін болады. Ол – тәжірибе, эмоция, сезім. Ал деректер – құмға сіңген су сияқты. Цифрлық дәуірде біздің балаларымыз құмнан үй сала ала ма, басқа адамдар­дың сезімін түсіне ме деген сұрақ бар. Әрине, біз технологиялардан мүлдем арыла алмаймыз. Оларды тоқтатып қоя алмаймыз. Ол бәрібір дамиды. Бәрібір біздің өмірімізге енеді. Бірақ өзімізді қорғай білуіміз керек. Жалпы, жасанды интеллект – үлкен мәселе. Тех­нологияда этика жоқ. Ол сіздің адами құндылықтарыңыз туралы ойламайды. Оның ойлайтыны тек қана факт. Мәселе де осында, – дейді Герд Леонгард.