Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені жылдық 16%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Ақша-несие саясаты комитетінің хабарлауынша, бұған ең бірінші кезекте орталық банктердің тежеу саясаты мен азық-түліктің әлемдік бағасының арзандауы аясында біртіндеп төмендеп келе жатқан сыртқы инфляциялық қысымның бәсеңдеуі себеп болған. Жыл соңына дейін жылдық инфляция бір мәнді деңгейге дейін баяулаған жағдайда ғана ақша-кредит саясатын жеңілдету шаралары қаралады деп түсіндіреді.
Жылдық инфляция биылғы қыркүйекте 11,8%-ға дейін төмендеген еді. Бірақ инфляцияның баяулауына қарамастан, инфляциялық күтулер біршама жеделдеген. Бір жылдан кейін күтілетін инфляция қыркүйекте 17% (тамызда – 16,4%) болды. Алайда сезілетін инфляция қыркүйекте 17,8%-ға дейін (тамызда – 18,4%) төмендеді.
«Сыртқы инфляция баяулай отырып, жағымды қалыптасып келеді. Бірақ жекелеген проинфляциялық факторлар мен тәуекелдер артты. Сүт өнімдері, өсімдік майы, ет пен дәнді дақылдар құны түскендіктен, әлемнің азық-түлік нарығында бағалар да төмендей бастады. Дегенмен инфляциялық үдерістердің орнықтылығы дамыған елдерде мөлшерлемелердің төмендеу мерзімін жылжыта бастады және орталық банктер тарапынан тежеу саясатының күшеюіне әкеледі. Еуропа Орталық Банкі 2023 жылғы қыркүйектегі соңғы шешімінде жоғары инфляцияны әлі де төмендету үшін пайыздық мөлшерлемені тағы көтерді. АҚШ Федералды Резервтік Жүйесі пайыздық мөлшерлемені тағы көтеруі мүмкін. ОПЕК+ елдері мұнайды ерікті түрде шектеуді ұзартқан еді. Осыдан кейін мұнай бағасы өсті. Соның аясында инфляция қарқын алып кетеме деген алаңдаушылық бар. Ресейде 2023 жылғы қыркүйекте инфляцияның күш алуынан ақша-кредит саясатын қатаңдату шаралары жалғасын тапты», делінеді ҰБ мәлімдемесінде.
Қалай болғанда да, инфляцияның белсенді баяулауы базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін іске асыруға септігін тигізді. Ақша-кредит талаптарының ұстамды қатаң сипаты 2023 жылдың қорытындысы бойынша болжамды дәліздің төменгі шекарасына 10-12% жақын инфляцияны одан әрі төмендетуге, сондай-ақ оны ортамерзімді келешекте 5%-дық мақсатқа жақын тұрақтандыруға ықпал етер деген үміт бар.
«Бағаның өсу тәуекелдеріне биыл бидай өнімі болжамдарының нашарлауы салдарынан азық-түлік құнының айтарлықтай өсу ықтималдығы қосылды. Осы жағдайда біз алдында айтылған Ұлттық банктің риторикасына сәйкес келетін шешім қабылдаймыз. Ұлттық банк дезинфляциялық саясат жүргізуге ұмтылып келеді. Ол өз кезегінде нақты мәнде базалық мөлшерлеменің сақталуын талап етеді. Яғни қазіргі инфляция қарқынын шегергендегі мөлшерлеме экономиканың өсу қарқынынан жоғары», дейді ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменов.
Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені төмендетті, алайда күрт бұрылыс жасамағанды жөн көреді. Оның осы әрекетінен әзірге базалық мөлшерлемені тым төмендетіп жіберудің қисынсыз екенін аңдаймыз. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай инфляциялық күтулер деңгейі жоғары, оның үстіне инфляция да тым жоғары қарқынмен төмендеп жатқан жоқ. Баға өсімі баяулағанымен, әлі де болса екітаңбалы цифрдан арыла қоймады.
Базалық мөлшерлемеге қатысты ендігі шешім жыл соңына таман жасалуға тиіс. Егер ахуал осы бірқалыпты қарқынмен жалғасар болса, онда базалық мөлшерлеме тағы да төмендейді деп болжауға негіз бар. Әрине, инфляция төмендесе. Ал егер басқалай тәуекелдер салдарынан қымбатшылық қайта өршісе, онда Ұлттық банк мөлшерлемені азайту жағына қарай қадам жасамауы әбден ықтимал. Себебі Ұлттық банктің бірегей міндеті – қолдағы жалғыз құрал – базалық мөлшерлемені пайдалана отырып, экономикадағы тәуекелдерді азайту. Яғни қымбатшылықтың жолын кесу.
Банк несиесінің базалық мөлшерлемеге байланысты қалыптасатыны бесенеден белгілі. Ал базалық мөлшерлемені қымбат ете отырып, несие пайызын да жоғарылату қоғамдағы сұранысты азайтады. Қымбат мөлшерлеме халық тарапынан тауарлар мен қызметтерге деген сұранысты төмендетеді, бұл өз кезегінде базардағы баға өсімінің бәсеңдеуіне әсер береді. Басты міндет – осы. Ал базалық ставканың көтерілуіне және түсуіне байланысты құны өзгеретін несие пайызы мен депозит сыйақысын біз жанама факторлар ретінде қарастыра аламыз. Базалық мөлшерлемеге қатысты шешім қабылдау арқылы Ұлттық банк несие пайызы мен депозит сыйақысына әсер етуді көздемейді.
Былтырдан бергі инфляция мен базалық мөлшерлеме текетіресіне қарайтын болсақ, базалық пайыздық мөлшерлеменің біртіндеп инфляция десін басып келе жатқанын байқар едік. Иә, әр алуан сарапшы Ұлттық банк саясатын сынға алды, базалық мөлшерлемені баяғыда түсіріп тастау керек еді деген пікірлер айтып жатады. Алайда уақыт бізге осы шешімнің әрі әділ, әрі пайдалы болғанын дәлелдеп бергендей. Қарап отырсақ, базалық мөлшерлеме инфляцияның алдына түсіп кеткен емес, әркез оны үлкен күшпен сүйемелдеп, төменге қарай итеріп келеді. Егер ҰБ базалық мөлшерлемені тым төмен түсіріп жіберсе, онда зордың күшімен икемдеп келе жатқан инфляция жалт беріп жоғарыға қайта шығып кетуі әбден мүмкін. Ұлттық банк бұл тәуекелді ешқашан қаперден шығарған емес.
Біз үшін инфляция деңгейін ортамерзімді перспективада 5 пайызға дейін түсіру – басты міндет. Бүкіл күш, бүкіл ақыл-ой тап қазір осы міндетке жұмылдырылып жатыр. Ішкі факторлар арасында үлкен тәуекел тудырып, сарсаңға салып тұрған ахуал жоқ деуге болады. Сыртқы факторлар да біз ойлағандай шеңбер аясында қалыптасып жатыр әзірге.
Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2023 жылғы 24 қарашада Астана уақытымен сағат 12.00-де жарияланады.