Бірлік пен берекеге шақыру – қазақ халқының қанында бар қасиет. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз адамның кемелдікке жетуі үшін төрт шартты атап өткен. Олар – кеңістік, уақыт, бауырмалдық, өзара ынтымақтастық. Міне, осы құндылықтар болған кезде қоғам да, адам да бақытты болады.
Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері съезі діни достық пен өзара түсіністікті дамытудың таптырмас алаңы болғаны анық. Мұндай халықаралық деңгейде өткен жиынның елімізде ұйымдастырылуының өзіндік мәні бар. Бұл туралы кездесуге қатысушыларға арнаған үндеуінде Мемлекет басшысы да атап өтті. Президент съездің өткізілуі – еліміз бен бүкіл әлемде диалог пен ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін Қазақстан саясатының маңызды бағыты екенін айтты.
Жер бетіне бейбітшілік пен берекелі өмірді орнату – барша адамзаттың ортақ ниеті. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХХІ отырысына келген барлық дін өкілдері осындай ортақ мақсаттар жолында күш біріктіруге, терроризм мен дінді теңестіруден бас тартуға, бейбітшіліктің құндылығын насихаттауға, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілер мен қоғамдық жиындарда өзара түсіністік пен сыйластықты дәріптеуге, сондай-ақ барлық діннің құлшылық жасау орындары мен киелі жерлерінде арандатушылық пен бүліктерді болдырмауға келісті. Осындай ортақ мәселелер барша дін өкілін рухани тұрғыдан біріктірді және елімізде әр үш жыл сайын өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезін ұйымдастырудың маңызын тағы да дәлелдеді.
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы,
Бас мүфти