• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 12 Қазан, 2023

Мүсінші

673 рет
көрсетілді

Ол мүсін жасауға бала кезінен құмартты. Содан бері қолы саздан арылған жоқ. Әр мүсінін аяқтаған сайын бұл өнердің қыр-сырын енді танығандай, шеберлігін шыңдап келеді. Өзіндік көзқарасы мен талғамы туындыларынан көрініп-ақ тұрады: алашшылдар, зиялылар, тұлғалар... Ол талай мәрте жасап отырған мүсінін бұзып, қайта соғыпты. Ойындағы сол бір бейне, сол мінез өз деңгейіне жеткенше шеберханадан шықпайды. Жұмысына, ең алдымен, өнер деп қарайды. Әр жаңа мүсіні көрген көзді де қуантады. Ол жалақысы көп қызметті тастап, туған жеріне оралып, туған топырағының тұлғаларын жаңғыртып жүр. Семейдегі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы барып ашқан Абай мен ұлдарының, Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановтың, Астанадағы Қаламгерлер аллеясына қойылған Алаш арыстары – Әлихан, Ахмет, Міржақыпқа арналған мемориалдың да авторы сол шебер. Біздің кейіпкеріміз – «Семей-қола» мүсіндік құю өндірісінің директоры, суретші-мүсінші Нұрбол Қалиев.

Кейінгі жылдары елі­мізде, әсіресе мәдени-руха­ни өмірінде ес­керт­кіш тұр­ғызу жұмысы қар­қын­ды жү­ріп жатыр. Тіпті бір уа­қыт­та айнала­мыз ескерт­кіш­тер қаласына айна­лып ба­ра жатқандай әсерде қал­дық. Қойылып жатқан сансыз ескерткіштер сапалы ма, тұл­ғаның табиғатын аша ал­ды ма – бөлек әңгіме. М­ерейтойлық жоспар үшін асы­ғыс жасалған және жасанды шыққан мүсіндердің салтанатты түрде ашылып, көпшілікке ұсынылып жат­қанына да куә бол­дық. Ай­талық, Нарынқолда тұ­рғы­зыл­ған ақын Мұқағали, Та­раздағы Айша бибі, Бақанас ауылында бой көтерген Қонаев, Ұлытауға қо­йылған Ақ­селеу Сейдімбек мү­сін­дерінің қоғамдық сынға ұшы­рауы біздегі рухани-мәдени дағ­дарысты көрсетіп бергендей.

Мүсінші Нұрбол Қалиев­тің шы­ғар­машылығы өзіндік тақы­ры­бы­мен, бөлек болмысымен ерекше. Абайдың айналасы мен алаш­тықтарға тереңнен үңілуінің бір сыры туған топырақтың киесі болар дейміз. Автор айшықтаған Құ­нан­бай, Ақылбай мен Тұ­­ра­ғұлдың мүсіндері бүгінде сол өңір­дің әр ауыл-аймағында тарихтан қалған бір белгідей қасқайып тұр.

Нұрболдың есімі ел арасына Қа­рауылда қойылған Құнанбай қа­жының мүсіні арқылы танылды. Еңселі ес­керт­кіш Балқаш мысынан құйыл­ған. Биіктігі 7 метр, салмағы 12 тоннаны құ­рай­тын монументалды жұмыс он айда жасалыпты. Мүсінші шығармашылығы жазушылардан да алыс емес. Әсіресе Мұхтар Әуезовтің, Оралхан Бө­­­кей­дің мүсіндері сәтті шық­ты.

 

Ол өзін бақытты санайды. Көп сөйлемейтін, тек ойды қа­жет ете­тін мамандықта бар қиял-талан­тын шыңдап жүргеніне және сол еңбегіне сұ­раныстың барына ба­қытты. Шығармашылық ер­кіндікте, шығармашылық күш-қуат­пен мүсіншінің қанаты самғай түседі. Ол өз өмірін сазбен жасап алғандай тек осы шеберханада елестетеді. Саздан соғылған әр мүсінді күні бойы айналсоқтап, әр жерін мың түзеп, шынайы образын шығарудан ләззат алады. Иә, ол үшін бұл өнердегі бас­ты талап – шынайылық.  Ол мүсіннің құрылысына, көзге көрінбейтін әр деталіне дейін мән береді. «Шынайы жасалған дүние әрқашан өз бағасын алады» деген көз­қарастағы Нұрболдың шебер­ханасында саздың да сөй­лейтінін көресіз.

Осы күнгі балалар мү­сінші боламын деп армандамайды. Бала кезде Нұрбол сияқты аттың суретін бәрі салады. Бәріміз пластилинмен ойнасақ та мүсінші болып кеткендер өте сирек. Жалпы, саздан сұлу мүсін жасау әркімнің бойына дари бермейтін талант болса керек. Ұстаздар от­басынан шыққан ол бұл өнерге сонау бала шақтан қы­зыққанын айтады.

«5-сыныптан кейін Алма­тыдағы көркемсурет мектебін тәмам­дадым. Ал 1997 жылы респуб­ликалық көркемсурет колледжіне түстім. Кейін Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алдым. Апам айтушы еді: «Нағашыларың секілді ән­ші болатын шығарсың», деп. Өйткені Болатқазы деген туысымыз әйгілі Жәнібек Кәрменовпен бірге оқыған өнер адамы еді. Содан атам қоймай, үйге түрлі музыкалық аспап әкелетін. «Осы немерем өнерге жақын болады» деген оймен, әрине. Қызық болғанда, үйге біреу ермексаз (пластилин) алып келді. Кім тастап кеткені есімде жоқ. Сол кезден бастап ер­мек­саздан бас­қа өзіме ермек көр­медім. Әкемнің інісі Еркін қол­өнерге жақын болатын. Ол кісі тор­сық, қалқан және қару-жарақ­тың өзге де түрлерін жасайтын. Соған қарап, батырдың бейнесін, жылқының мүсінін келтіруді ерекше ұнаттым», дейді Нұрбол.

Ал бозбала шағында бел­гілі мүсінші Павел Шоро­ховқа шәкірт болды. Шебердің қа­сында жүріп, мү­сін­шіліктің тезінен өтіп, тере­ңіне үңілді.

Мүсіншілік – ерекше дарын. Нұрболдың ұлт­тың тарихы мен тұлғаларына қы­зығуының ендігі бір сыры білі­­мінде жатқан болар. Әке-ше­шесі де, ата-әжесі де ұстаз­дық еткен бала-мүсінші жастайынан көп кітап оқыпты. Оның қолынан шық­қан ес­керткіштегі зиялылар сол кез­ден-ақ санасында жаттала бас­таған.

Ал мүсіншінің өзі: «Тұл­ғаларды жасап жүрмін деп мақтанып айта алмаймын. Ең бастысы, мүсінмен айналысатындар нағыз кәсіби маман болуға тиіс. Олай болмаған жағ­дайда жоғарыда айтқан сұрықсыз ес­керткіштер кө­беймесе, азаймай­ды. Мүсін – өнердің ішіндегі ең қиыны. Ол станоктық жұмыс немесе сурет емес. Ескерткішті қанша есе үл­кейтсеңіз, соншалықты қате­лігі шыға береді. Мүсінші жасаған ескерткішіне баға бере алмайды. Бәрі ойдан басталады. Ой піскен кезде жұмысқа айналады», дейді.

Оның ендігі арман-мақ­саты – Семей қаласына Қа­банбай батыр­дың ескерт­кі­шін қою. Мүсінші шет­ел­дік әріптестерімен де ты­ғыз байланыс­та жұмыс істейді. Түр­кияның Болу қаласындағы Көр­ұғлы монументі мен Ре­сей­дің Омбы шаһарындағы суретші Амангелді Шәкенов ескерт­кішінде де шебердің қол­таң­басы бар.