«Жат жұртқа жаратылған» десе де, қыз шіркіннің есі-дерті ел жақта болатыны әйел затының бәріне аян. Оны өзім де бастан кешкенмін.
Ол кезде қазіргідей жағдай жоқ – тұрмыс төмен, салт қатал, еліңе жыл аралатып қана бара аласың. Бойындағы туған топыраққа деген сағынышын әркім әрқалай басады. Мен айдың тақ сандары күні вокзалға баратынмын – ол күні Қостанай пойызына Арқалық вагоны тіркеліп келеді. Вагоннан түсіп жатқандардың бірі – әке-шешеңнің достары, бірі кластасыңның туыстары, бірі көршілерің не таныстарың болып шығып, мәз болып амандасып, қуанып қайтатынмын.
Одан қалды орталық басылымдарда шыққан ел туралы мақалаларды құныға оқисың. «Лениншіл жас» пен «Егемен Қазақстан» (Торғай облысынан меншікті тілшілер Қонысбай Әбіл мен Қайсар Әлім) газеттері арқылы туған жер тынысын біліп отырамын. Әдейі маған хабар жеткізіп тұратындай осы екі азаматты сырттай өз туысымдай жақсы көремін (шүкір, кейін танысып, ағалы-қарындастай болып кеттік).
Радиодан, теледидардан торғайлық өнерпаздардың концертін тыңдап, жұртқа жария етіп жүремін. Мақтан етемін. Дауысын керемет ұнатып, өмірде кездеспеген Ғазиза Жұмекенова туралы жазған «Ғазизагүл, қарағым-ай...» атты мақалам «Егемен Қазақстанда» жарияланғанда, марқұм Ғазиза апайымыз таңғалып, телефонымды іздеп тауып, рахмет айтып еді.
Ал 80-жылдары ежелгі айтыс өнері жаңғырып, Алматыға торғайлық айтыскерлер мен термешілер келген кез нағыз мерекеге айналған-тын. Бөркіне таққан үкісі сал-серідей жасанған көркін аша түсіп, Қонысбай сахнаға шыққанда, тұтас зал дуылдата қол соғатынын көріп, көкірегімізді мақтаныш кернейтін.
Айтыстан қалмауға тырысатынмын. Өзіміз әдебиеттен оқыған Манап Көкеновтің Надежда Лушниковамен айтысын көру қатты әсер етіп еді. Көкен Шәкеевтің Қонысбаймен бір-бірін қадірлеп, еркелетіп айтысқаны жұртты риза еткен. Қазіргідей бет тырнасу жоқ еді. Тәушен апаның домбырасыз, термелеп айтысатыны, Егеухан апаның кимешегіне үкі тағып шыққаны әлі де көз алдымда. Жадыраның бас бәйгеге алған ақбоз атын ақтаңгер Ерік Асқаровқа сыйлайтын айтыста қазақ қызының бауырға деген мейіріміне, ер жігіттен де асқан мәрттігіне риза болып, жылап алғаным да рас.
Бір сөзбен айтқанда, ол кездегі айтыс қазіргіден басқаша еді. «Берілген уақыт аяқталды» деп хабарлағанда халық «Айтсын! Айтсын!» деп отырып алып, айтыс 2-3 сағатқа созылған кездері болған. Ал Әсия Беркенова, Әселхан Қалыбекова және 36 жастағы Қонысбай Әбілев «Халық ақыны» атағын алатын жылы Қонекеңнің өткір тілді өжет ақын Ерік Асқаровпен айтысы – мен көрген айтыстардың ең ұзағы болды-ау деймін. Нақты қанша уақыт екені есімде жоқ, әйтеуір біразға сілтегендерін білемін.
Екі ақын сол кездің аса өзекті мәселелерін ортаға салды. Облыстар жабылып, ел босып жатқанын, сенген басшыларымыздың еш әрекет жасамай отырғанын, қазақ тілінің халі мүшкіл екенін, үйіміздің ішіндегі мәселені шешу үшін де «мәскеулік аға» нұсқау беретінін... айтқанда жұрттың орнынан тұрып ұзақ қол шапалақтағаны әлі есімде.
Бір кезде Қонекең «орталықты» іреп сойып отырған Ерік інісін сақтандырып, «Абайлашы, ана жақ естіп қалады деп қорықпайсың ба?» деп еді. Ерік тосылған жоқ: «Горбачев қазақша білмейді ғой» деп, жұртты күлкіге қарық қылып тастады. Сондағы Қонекеңнің: «Ол қазақша білмегенмен, аударып беретіндер табылады» дегені тарихымыздағы зобалаң жылдарды тағы бір еске салып өткен.
Қонысбайлардың ізін ала сахнаға Айбек, Бекарыс, Дәулеткерей сияқты айтыстың жас қабыландары шықты. Бұлар – бұрынғының айтысын көрген, дәстүрін алға оздырған, қазақтың киелі өнерін қадірлей білген, ойлары жүйрік, сөздері құнарлы адуынды толқын. Осындай жастарға жол бергісі келді ме (Айбек – Қонекеңнің төл шәкірті) әлде бекзат өнерде бас көтере бастаған келеңсіз жайлардан аулақ болғысы келді ме, Қонысбай айтыстан ерте кетті. Бірде кейбір бұрмалаушылықтар таудай көңілін жер еткенін, тауанын қайтарғанын айтып қалғаны да бар...
Солар да жүрекке салмақ түсірді ме екен, адамның орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жастан асты деп жатқанда, ақынның тұлпары 70-ке де жетпей жығылды. Оған да жыл толуға таяпты. Ақынның жары Мүнира жолдаған құран бағыштау дастарқанына шақыру жүректі шым еткізді:
«Жыл толды қалың елі қадірлеген,
Айырылып ардақтымнан қалғаныма...»
Мекенің пейіште болсын, қазақтың әй-әй ақыны!
Камал Әлпейісова,
филология ғылымдарының кандидаты