Тәуелсіз еліміздің отыз жылдан асқан тарихи белесінде талай жазушы мен журналистің туындыларын оқып, жақынырақ таныстым. Билік басында жүргенімде олармен жиі кездесіп, талай өзекті мақалаларды бірге жаздық. Өйткені қазақ баспасөзінің қарашаңырағы ««Егемен Қазақстан» газеті, «Қазақ әдебиеті», республикаға танымалы «Заң газеті», «Айқын газеті», өзге де белді-белді баспасөз орындарының сұрауы бойынша заң саласына байланысты, құқықтық тақырыптар мен сот істеріне қатысты жиі-жиі мақала жазуыма тура келетін.
Бұл егемендігіміздің еңсесі енді көтеріліп келе жатқан кездегі тәуелсіздіктің тұғырын нығайту үшін барлық заңнаманы және Ата заңымызды жаңа қоғамға, әлемдік құқықтық стандартқа сай қалыптастыруда күндіз-түні қызу жұмыс жүргізетінбіз. Ғасырлар бойы аңсап күткен егемендік орнығып, еркіндік пен бостандықтың туын көтерген халқымыздың ұлы қуанышы асқақтап тұрған тұс. Оны қорғаудағы әділ биліктің басты құралы соттар болғандықтан, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін баспасөз беттерінде үнемі мақала жариялау керек болды. Сол бағытта жаңа шыққан «Заң газетінің» бүкіл құқықтық мәселелер бойынша құлашты кеңінен сілтеп, әрқилы тақырыптарда сан алуан сұхбат, мәнді мақалалар бірінен соң бірі жарық көріп жатқан кез еді. Осындай тынымсыз жұмыс барысында «Заң газетінде» қызмет істейтін Шарафаддин марқұммен алғаш рет дидарласқан едім.
Бір күні ол менің қабылдауыма жазылыпты. Бұрындары да мақалаларын оқып жүретінмін. Ойы орамды, қаламы жүйрік, маңызды мәселелердің майын тамыза, саралап та, сараптап та ширақ жазатын жазбалары маған ұнайтын. Хатшы қызға қабылдаудың уақытын белгілеп, хабарын бергін деп табыстадым. Бұл кезде мен Алматы қалалық сотының төрағасы болатынмын. Айтылған уақытта «Шарафаддин Әмір қабылдауыңызға келіп тұр» деп баяндады хатшы қыз.
«Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады» дегендей, есіктен имене басып, аса байсалды сабырлы қалыпта ішке енген ақсары өңді, жүзі жылы, сұңқар мұрынды жігіт:
– Ассалаумағалейкум, Қайреке! – деп, адамды өзіне тарта түсетін жақсы бір әдеппен амандасты.
– Уағалейкумассалам, төрлетіңіз, – деп орнымнан тұрып, қарсы алдымдағы орындыққа отыруын ұсындым. Менің де жылы шырай танытып қарсы алғаным ұнаса керек, бірден қойын дәптерін, қаламын, диктафонын әзірлеп, жайдарлы қалыпта, қандай мақала жазатынымыз туралы өзінің пікірін білдірді.
Қалай екені, әңгімеміз бұрыннан таныс адамдай бірден жарасып кетті. Алдымен жазылатын мақаламыздың мән-жайын талқылап, қалалық сот атқаратын, оның алдында тұрған проблемалар, жедел шешілуге тиіс маңызды істердің кілтін табу, тағы басқа да өзекті мәселерді егжей-тегжей сараладық. Оның ішінде күн тәртібіндегі ең басты мәселе – мемлекетіміздің жаңа реформасы да айтылды. Сол кездегі көптің талқысында жүрген «Өлім жазасын қолдану қажет пе, әлде оны алып тастау керек пе?» деген тақырып та қызу талас тудырып тұрған. Сұхбат барысы осы төңіректе өрбіді. Әңгіме соңында мен өз атымнан тағы да бір мақала дайындап беруге келістім. Бұған Шәкең дән риза болып қайтқан еді.
Екеуміз осылай, баспасөз аясында жұмыс істей жүріп, жақсы сыйласып кеттік. Қай уақытта болсын, хабарласып, қандай тақырыпта нендей мақала жазатынымызды алдын ала жоспарлап отыратынбыз.
Арада бірер жыл өткенде Шарафаддин білімді де білікті, мықты журналист ретінде өз әріптестерінің ортасынан суырылып шықты. «Egemen Qazaqstan»-ға құқықтық тақырыптарды зерттеп жазатын сарапшы журналист болып ауысты. Онда Шәкең өзіне жүктелген міндетін өте біліктілікпен атқара білді. Тек құқықтық тақырыптарға қалам тартып қана қоймай, өздерінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін арызданған ізденушілердің мұң-мұқтажын зерттеп, газет атынан араша түскен сыни мақалаларымен көптің құрметіне бөленді. Заңды бұзып, менмендікке салынғандардың, мемлекет мүлкін өз меншігіндей жұмсаған жемқорлар мен парақорлардың айыбын бетіне басып жазған сын мақалаларын жұртшылық сүйсіне оқыды. Шәкеңнің адами ақыл-парасаты, әділдік үшін жанпидаға баратын батылдығы көптің көз алдында осындай асыл қасиетімен айқындалды.
Шарафаддин туралы жазған бұл естелігіме «Жүректі журналист» деп тақырып қойған себебім, шынында Шәкеңнің бойында осыған қатысты ерекше екі нәрсе бар еді.
Біріншіден, ол өте иманды, ақты ақ, қараны қара деп айтатын, ақиқаттың бетіне тура қарай алатын әділетті азамат еді. Иманы әлсіз, өзіндік көзқарасы, сенімі жоқ адам әркімнің илеуіне тез көндіге кететін бос мойын келеді. Шәкеңде мұндай осалдық мүлдем жоқ болатын.
Екіншіден, Шәкең сыни мақалалар жазғанда еш нәрседен қаймықпайтын. Өзінің жаман ісін жасыру үшін неше түрлі айла-әрекетке баратын, тіпті қоқан-лоқы көрсетіп, айбат шеккендерді тез арада «орнына қоятын». Олармен бет-бет келгенде-ақ өзінің жүректілігімен, ұстамды пікірімен, білікті ісімен жуасыта қоятын.
Зерттеген объектісін майдан қыл суырғандай етіп, әбден саралайтын. Жазылатын мақалаға қажетті барлық фактіні заң талаптарына сай жіті қарап, реттеп алатын. Заң бұзушылар қанша жасырғысы келсе де, «жабулы қазанды жабулы күйінде» қалдырмайтын. Соның негізінде иі қанған сыни мақалалар жарыққа шығатын. Оның тапқан кемшілігінен, келтірген дәлел-фактілерінен кейін кінәлілер жалтарып кете алмайтын. Лажсыз мойындаған жауап хаттарын газет беттеріне жариялайтын. Шарафаддин өзінің осындай батылдығымен елдің сеніміне кірді. Абыройы артып, беделі өсті.
Көп ұзамай «Заң газетіне» бас редактор, одан соң «Заң Медиа» корпорациясында басшылық қызметте болғанда өзінің іскерлік қабілетін одан сайын шыңдай түсті. Бертін келе «Жеті жұрт», «Ақиқат арнасы» газеттерін шығарғанда білікті редактор, қабілетті басшы екенін жан-жақты көрсетіп берді. Әсіресе өмірінің соңғы кезінде қызмет еткен «Ақиқат арнасында» нағыз ізденімпаз журналист, кеңінен ойлап кең пішетін көреген басшы ретінде танылды. Газеттің бағыт-бағдарын, оқырманның ой-санасын тек қана «Шындық көп – ақиқат біреу» деген адалдық қағидатына негіздеді.
Осылай қоян-қолтық араласа жүріп, Шарафаддинді туған бауырымдай көріп кеттім. Мен оған аға, ол маған іні болып, шын ықылас, шын жүрекпен бауырлығымыз жарасқан еді. Оны көпшілік менің қызметтік жолыма арнап жазған Шәкеңнің «Аға» деген кітабынан оқып білген болар.
Алдыма «Аға» деп аңқылдап келгенде, «Інім» деп ілтипат көрсетіп, ерекше құрметпен қарсы алушы едім. Амал не? Осындай жаны жайсаң, көңілі кең, жүрегі жомарт Шарафаддиннің ғұмыры қысқа жіптей қиылып түскеніне қатты қиналдым. Енді оның өнегелі ісі артында қалған ұрпақтарына таусылмайтын рухани азық болсын.
Қайрат МӘМИ,
заң ғылымдарының
докторы, профессор