«Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» демекші, түрлі отбасылық, әлеуметтік кикілжіңнен туындаған дау-дамайларды сотқа жеткізбей, жұртқа жаймай шешудің жолын осы күнде медиация жақсы атқарып келеді. Түрлі этносаралық түсінбеушіліктер де арағайындық көмегімен жарияға жар салмай шешіліп кетіп жатыр. Осы үшін де медиацияның құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі қызметі зор болып тұр. Сондықтан бітімгерлік кәсібінде нан тауып жүрген мамандардың құқықтық сауаттылығын арттыру, тәжірибесін шыңдау – маңызды істің бірі екені даусыз. Сол себепті медиаторлардың кәсіби біліктілігін көтеру мақсатында Шымкент қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты Достық үйінде арнайы семинар-тренинг өтті.
Маңызды іс-шараны ұйымдастырған – Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі. Мұхтар Адаев семинарды тәлімгер есебінде жүргізіп, қызықты өткізді. Ол – кәсіби медиатор, «Парасат» медиация және құқық орталығы ЖМ тренері. «Қоғамдық келісім» РММ бас сарапшысы Талшын Италиева, психолог-шиленістанушы Резеда Баймухаметова, Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ директоры Ербол Байқонақовтар басқосудың басты қонақтары болды. Бұдан бөлек, семинар-тренингке және этномәдени бірлестіктердің, ҚХА қоғамдық құрылымдарының мүшелері қатысты.
Қоғам адамдардан тұрады. Кейде сол адамдар арасында дау-дамай туып қалып жатады. Оларды жанжалдастырмай, достастыратын, араздықтарын жазып, келістіретін медиаторлар дедік. Осы мамандық иелеріне де анда-санда біліктіліктерін арттыру, құқықтық білімдерін кеңейту көптік етпейді. Медиатор біліммен қаруланса, тәжірибесі мол болса, қара бұлттай төнген кикілжіңдерді үлкен дауылға айналдырмай дер кезінде сейілтіп жібереді. Тіпті болайын деген, орын алуға сәл қалған этносаралық дауларды тамыршыдай дәл басып, алдын алып кетеді. Міне, семинар-тренинг осы аталған кәсіби дағдыны Достық үйіне жиналған бітімгерлердің бойына сіңіру үшін ұйымдастырылды.
Тұтас республика көлемінде этносаралық келісім мәселесіне жауапты маман Талшын Италиева: «Ассамблея жанынан медиация институтын дамытайық деген идея 2016 жылдан бастап іске асып келеді. Содан бері қыруар жұмыс атқарылды. Мәселен, бізге 150 мыңнан аса өтініш келіп түсті. Ассамблеяның медиаторлары істі насырға шаптырмай, мәселені дер кезінде қолға алып, өтініштерге уақытында жауап беріп, дау-дамайларды шешіп беріп отыр. 5 тамыз – Медиация күні болып саналады. Биыл осы күні республикалық акция ұйымдастырылып, соның аясында челлендж, блиц-сауалдама, «ашық есік» күндерін өткіздік. Осының барлығы апталық акция барысында қолға алынды. «Ашық есік күндерінде» медиаторлар адамдарды тегін қабылдады. Мұндай іс-шара жылдың әрбір тоқсанында өтіп тұрады. Негізінен халық отбасылық даумен жиі келеді. Одан басқа мектепте болатын, банкте туындаған мәселемен де көп шағымданады. Сонымен бірге ассамблеядағы медиаторлар этнос өкілдерінің арасында ұрыс шығып кетпеу үшін де алдын алу шараларын жоспарлап, соған сай жұмыс істейді. Әрине, кейде мұндай оқиғалар орын алып қалып жатса, бірінші кезекте ауыл ақсақалдарын, беделді кісілерді басу айтуға, адамдарды сабасына түсіруге шақырамыз», дейді.
Сала өкілінің айтуынша, бітістіретін адам табылса, бітпейтін дау жоқ. Сол үшін де медиаторлардың рөлі қоғамда қазір артып отыр. Бір жанжал туындар болса, адамдар полиция, сотқа арыз түсірмей, бірден медиация көмегіне жүгіне алады. Бірақ бір ескеретін жайт, әділ төрелікті медиаторға сеніп тапсыруға қос тарап та қарсы болмауы қажет. Жалпы, медиатор дегеніміз – қазақтың кәдімгі билері. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген сөз бұлардың ұстанымына кіреді. Дауласқандарға сотқа арызданғаннан бітімгерлікке сүйенген тиімдірек. Біріншіден, ешқандай мемлекеттік салық төлемейді, екіншіден, уақыт үнемдейді, үшіншіден, бір кездесуден-ақ екі жақ та бір-бірімен қол алысып қайтуы мүмкін. Ал сотта бұл үдеріс ұзақ мерзімге созылады. Сол үшін соттардың жүктемесін азайту мақсатында медиация институтын күшейтіп, құзыретін кеңейтіп жатыр. Қазір сот қылмыстық жауапкершілігі төмен істерді медиацияның міндетіне тапсырып, өзінің негізгі жұмысына толыққанды кірісуге көшкен. Президент тапсырмасымен елімізде жүргізілген сот реформасының көздеген мақсатының бірі де осы еді.
Қазақстанда медиация туралы заң 2011 жылы қабылданған. Содан бері талай өзгертулер болып, бүгінде төрт аяғын тең басқан жеке-дара институт болып қалыптасып келеді. Соттар осы күнде азаматтық істерді медиацияға тапсырады. Бұл оның құзыретінің күшейгенін көрсетеді. Сосын көп жағдайда медиация арқылы мәселені шешу де оны орындату да оңай. Өйткені қос тарап та соған келісіп тұр. Ал сотта шешімді бір жақ орындамаса, сот орындаушылары әуреге түседі немесе қайтадан сотқа апелляциялық арыз беріледі. Қорыта айтқанда, бұл құрылым соттардың жұмысын жеңілдету үшін құрылған.
Бүгінде медиаторларға шағым айтып келетіндердің басындағы мәселесі көбінесе екі жағдайда болады. Оның біріншісі отбасылық кикілжің болса, екіншісі банктен қарыз алып, одан құтыла алмау. Осы ретте мамандар ұрыс-керістің кесірінен шаңырағы шайқалып, үйінен әбден берекесі кеткен, болмаса қарызға белшесінен батып, банктің «қара тізімінен» бір-ақ шыққан азаматтар қоғамда өте көп екенін айтады. Олардың пікірінше, бұл қоғамдық мәселені шешудің жалғыз жолы – қаржылық сауат ашу, отбасылық құндылықты дәріптеу. Себебі үйде болатын сол дау-жанжал көбінесе ақшадан кеп шығатын көрінеді.
«Еуразиялық медиация орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры, ассамблея жанындағы медиация кеңесінің төрайымы Лаура Ақшегірованың айтуынша, Шымкентте 4 медиациялық орталық бар. Мегаполис пен Түркістан облысын қосқанда 70-тен аса медиатор жұмыс істейді. Сонымен бірге ассамблеяға қарасты ақсақалдар алқасы бар, бұл ұйым да этносаралық даулы мәселені жақсы шешеді.
Іс-шара соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар тапсырылды. Алдағы уақытта мұндай семинар-тренингтер Алматы, Түркістан, Жетісу облыстарында өтеді деп жоспарланып отыр.
ШЫМКЕНТ