• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Жәдігер 15 Қазан, 2023

Қарақұдық құпиясы

587 рет
көрсетілді

Атырау облысында құпиясы ашылмаған ежелгі қорғандар аз емес. Көне тарихтың құпиясын бүккен мұндай нысандар Қызылқоға ауданында да бар. Бірақ осы кезге дейін толық зерттелмей келген.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мұхамбетқали Кипиевтің айтуынша, Қарабау ауылынан 8 шақырым жерде «Қарақұдық-1», «Қарақұдық-2» қорғандары бар. Биыл музей жанынан арнайы құрылған экспедиция мүше­лері аталған қорғандарға қазба жұмысын жүргізген.

– Археологиялық қазба кезінде қос қор­ғанда ерте темір дәуіріне жататын жерлеу орны бар екені анықталды. Тонал­маған жерлеу орындарынан екі әйел мен бір ер адамның мүрдесі табылды. Жерлеу орындары біздің заманымызға дейінгі V ғасыр­­ға сәйкес келеді. Өйткені бір мүрденің жа­нынан үш алтын білезік, екі алтын сақи­на мен сырға, күміс алқа және жебе, ал екін­ші қабірден бал ашу­ға қажетті заттар мен құрбан шалуға арналған құрбандық тасы шықты. Ал шамамен 2,5 мың жыл бұрын өмір сүрген ер адам жерленген қабір­ден қанжар, найза, қайрақ, ер тоқымның тіреуіші, 100-ге жуық жебе мен сын­ған қазанның қалдығы табылып отыр, – дейді Мұхамбетқали Кипиев.

Оның айтуына қарағанда, музей экспедициясы алдағы уақытта Қызылқоға ауданында тағы бір қорғанға зерттеу жүргізеді. Бұл – Қарабау қорғаны.

– Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі биыл наурыз айында жаңа лицен­зияға ие болды. Әдетте ежелгі қор­ған­дардың денін алтын іздеушілер мен тай­палар тонайды. Мұндай әрекет «Қара­құдық-1» қорғанынан да байқалды. Қазба жұмыстары кезінде қорғаннан шашылған бас сүйектері мен алтын әшекейлер табылған еді. Адамның бас сүйектері бүгінгі күнге дейін жеткенімен, сақталуы өте нашар. Бұл қорғандардың бәрі алдын ала зерттеу жұмыстарына қарағанда, біздің эрамызға дейінгі бес ғасырды қамтиды, – деді Мұхамбетқали Кипиев.

Музейдің аға ғылыми қызметкері, археолог Ғаламат Базарбаевтың пікірінше, қорғандардан табылған темір бұйымдар сауда-саттық керуендерінен қалған бо­луы мүмкін. Қорғандарда жерленген адам­дардың жасын, кім болғанын анық­тау үшін сүйектерін Алматы қаласын­дағы Антропология институтына жіберу көзделіп отыр. «Бұл өңірді тек мұнайы­мен ғана танымал деуге болмайды. Мұнда 1 700-ге жуық тарихи-мәдени орын бар. Оның 700-ге жуығы Қызылқоға ауда­нын­дағы Қарабау ауылының маңында еке­ні анықталды. Демек, бұл ауылдың кө­не тарихтан сыр шертер жәдігерлер табы­лары анық. Сондай тарихи орындарға археологиялық зерттеу жалғасын табады», дейді Ғ.Базарбаев.

 

Атырау облысы