«Digital Bridge 2023» форумы 300-ден аса IT компанияны, 100-ден аса инвесторды, әлемнің түкпір-түкпірінен 400 спикерді және 30 елден 100-ден аса стартапты бір алаңға жинады. Онда ақпараттық технологиялар, data science, Blockchain және басқалары бойынша жергілікті және шетелдік IT компаниялардан 500-ге жуық бос жұмыс орындары ұсынылды. Форум аясында маңызды мәлімдемелер мен тиімді келісімшарттар жасалды.
IT саласы қарқынды дамып келе жатыр. Инновацияның ілгерілеуі экономикамызға оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ең ірі IT форумда осы саланың маңызына тоқталып, алдағы уақытта еліміздің әлеуетін IT өнімдерді экспорттай алатын деңгейге жеткізу көзделіп отырғанын айтты. Сонымен қатар министрлік тарапынан атқарылған істерге тоқталды.
– Біз еліміздің бірқатар министрлігімен бірлескен жобалар жасап шықтық. Әріптестікті одан әрі жалғастыра беретін боламыз. Бізге IT өнімдерді жасап шығатын адами капиталдың маңызы жоғары. Өнімдерді шетелге экспорттау арқылы табысымызды көбейте аламыз. Тиісінше, бұл қаржы IT мамандарының жалақысын көтеруге және одан әрі саланың дамуына жұмсалады. Сондықтан осы салада білікті мамандарды даярлау қажет. Біз сол мақсатта бірнеше IT мектеп аштық. Мектеп түлектері қазірдің өзінде нәтиже көрсетіп жатыр. Инновация саласындағы жетістіктер тек министрліктің жұмысының нәтижесі емес. Бұл істердің барлығы серіктестік аясында жасалып жатқанын айтқым келеді. Егер біз бәріміз, университеттер, жас кәсіпкерлер, жоғары оқу орындары және басқа да корпорациялар бірігіп жұмыс істесек, алға жылжимыз, – деді министр.
Осы тұста Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Президенттің тапсырмасы бойынша еліміздің үш жоғары оқу орнында жасанды интеллект мектебі құрылатынын айтты.
– Кем дегенде үш университет жасанды интеллект саласындағы әзірлемелерге мамандануы керек. Бірінші мектеп Қызылордада Қорқыт ата атындағы өңірлік университетіміздің базасында болады. Бұл – жетіжылдық бағдарлама. Біз қазір жасанды интеллект мектебін құру үшін Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университетімен серіктестік туралы келісімге қол қойдық. Бұдан бөлек, үлкен бағдарламаны іске қосамыз. Бұл шамамен 1 млрд теңгеге тең. Оңтүстік Корея парламенті аталған бастаманы бірлесіп қаржыландыруды мақұлдады. Сондай-ақ қараша айында Гонконг қалалық университеті мен Сәтбаев университеті арасында екінші жасанды интеллект мектебін құру туралы келісімге қол қойылады. Біз үшін жоғары оқу орнының әрбір студентінің цифрлық сауаттылықтан басқа жасанды интеллект саласында сауаттылыққа ие болуы өте маңызды. Сондықтан Google-мен бірге арнайы курс жасадық. Биыл оны профессорлық-оқытушылық құрамды даярлаудың жақсы стандарттары бар 14 университетте (жетеуі – жекеменшік, жетеуі – мемлекеттік) пайдаланамыз. Келесі жылдан бастап қанатқақты жобаның нәтижелері бойынша бұл курсты барлық университет студенті үшін міндетті етеміз, – деді Саясат Нұрбек.
Ең ірі IT форумда еліміздің теңдессіз цифрлық әлеуеті туралы айтылғанымен, елді интернетпен қамтамасыз ету мәселесі әлі де өзекті. Кейбір мектептерде әлі күнге дейін интернет мүлде жоқ немесе интернет жылдамдығы талапқа сай емес. Бағдат Мусин бұған қатысты да маңызды мәлімдеме жасады.
– Бұлай болғаны үшін кешіріңіздер, кейде біз өз мәселелерімізді өзіміз шеше аламыз деп сенгіміз келеді. Бірақ SpaceX сияқты дамыған технологиялар бар кезде оларды пайдаланбау орынсыз болар. Өткен айда Лорен Дрейер президентпен кездесті, нәтижесінде біз 10 мектепті интернетке қостық және қазан айының соңына дейін тағы 2000 мектепті қосу жөнінде келісімшартқа қол қоямыз. Жарты жыл ішінде оқушылар цифрлық игіліктерді еркін пайдаланып интернетке қосыла алады. Келісімшартты аяқтауға және қол қоюға екі апта кетті, екі аптадан кейін толық ақпаратты айтамын. Бұл Үкіметтің қаржысы, сондықтан қызметтердің құны туралы барлық мәліметті міндетті түрде жеткіземіз, – деді Б.Мусин.
Одан бөлек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев форумда 5G интернетті орнатуды мерзімінен бұрын аяқтауды тапсырған еді. Б.Мусиннің айтуынша, 2025 жылдың соңына дейін еліміздің ірі қалаларының жартысынан көбі 5G-ге қосылады. Жоспар бойынша биыл 700 базалық станса орнатылуы қажет. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 1 мыңға жетеді.