• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Тұлға 15 Қазан, 2023

Әбікен әлемі

538 рет
көрсетілді

Қазақтың жаңа дәуірдегі ұлы күйшілерінің бірі, Тәттімбет мектебінің озық өкілі Әбікен Хасеновтің өмір сүрген кезеңі «зар заман» емес, нағыз «кер заман» болды. Көзі тірісінде қолына домбыра ұстағанның алды саналған дара күйшінің өмірі де, шығармашылық тағдыры да әлі күнге дейін сыры ашылмаған сандықтай құпиясы көп. Әбікен туралы кімдер қалам тербемеді? Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Уәли Бекенов, Сәбит Мұқанов, Сапарғали Бегалин, Тәкен Әлімқұлов, Жүсіп Алтайбаев, Ақселеу Сейдімбек, Өмір Кәріп, Кәмел Жүністегі... Рас, күйтанымға, ғылымға берері ересен осынау құнды еңбектердің бәрінде оның асқақ тұлғасы, шалқар сазгерлігі, азаматтық мінезі жақсы суреттеледі.

Керек болса, күйшілігімен қатар оның қазақтың маңдайалды актер болғаны, сахнада сансыз кейіпкерлерді сомдағаны, сол үшін үкіметтен алған мәртебе-марапаты да отандық зерттеушілердің назарынан тыс қалмаған. Бірақ осынау ғылыми ізденістерді өз­ара салыстырғанда күйшінің тір­ші­лігіне қатысты келтірілген дерек­тер шатысып-бұтысып бір уәж­ге тоқайласпайтыны өкін­ді­реді. Әбікеннің туған жылы жай­лы биографиялық деректер де ор­нықты емес. Сондықтан қазір­гі таңда Әбікен Хасеновтің дара тұл­ғасы да, кейінгі ұрпаққа қалдырған күй-мұрасы да толық зерделенді деп кесіп айту қиын.

Құжаттарға қарасақ, Әбі­кен Хасенов – дарынды актер, күй­ші-композитор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет белгісі» орденінің иегері. Ол 1892 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Шет ауданы Жалпақтау етегіндегі Қаратал өзенінің бойында дүниеге келген. Бабасы қазақ-жоңғар соғысында аты шыққан Бекназарұлы Таңыбай батыр (1670-1755) – Абылай ханның се­німді сардарларының бірі.

Әбікеннің арғы атасы – Көпбай Есетұлы, ол – Таңыбай батырдың немересі. Көпбай 1859-1861 жыл­дары Сібір қырғыздары облысы, Қарқаралы сыртқы окру­гіне қарасты Кәрсөн-Керней аймағы­ның болысы болған. Заманында Арқа еліне сөзі жүрген Көпбай болыс үкіметке де өте ықпалды ірі шонжарлардың бірі болған. Көпбай бір замандарда Қарқаралы дуанына қазы болып сайланған дейді.

Көпбайдан – Рақыш, Мұқыш, Сәдуақас, Хасен деген төрт ұл туады. Бәрі де аттары ауыл-аймаққа белгілі, аса беделді азаматтар бол­ды. Көпбайдың бір немересі Ма­қаш Сә­дуақасұлы (1875-1929) – арқаға аты шыққан домбырашы, Әбі­кеннің алғашқы ұстазы. Ал енді әкесі Хасен Көп­баев күйші Мақашпен туысады, екеуі де заманында ел баққан ат­қамінері қатарынан. Хасеннің де бірқағар дом­бырашылығы, әншілігі болған, бір­ақ өнер жолын қумаған. Ал біз сөз етіп отырған қазақтың әйгілі күйші-композиторы Әбікен Ха­сенов – Көпбайдың немересі, Хасеннің баласы. Анасының аты – Айша. Хасеннен бес бала туады, олар: қыздан – Бибіжан, Әнел, Бикен, ұлдан – Әбікен, Иманмұса.

Хасеннің Әбікені жастайынан ойын-сауыққа әуес болған, домбырашылық өнерді игерген. Бұл енді аса таң­данарлық жайт емес, күйшілік қон­ған әулетте туған соң өнер қууы заңдылық та. На­зар аудар­татыны – Әбікеннің өнер­мен қатар іргелі білімге де же­тік, сауатты болғаны. Оның ауыл медре­сесін Құли (Қали) қажыдан оқып бітіргені туралы деректер бар. Академик Рахманқұл Бердібай 1958 жылы қатты сырқаттанып жүрген Әбікеннің үйіне барып сұхбат алады. Күйшінің өмірб­ая­нын өз аузынан жазып алып «Қазақ әдебиеті» газетіне арнайы мақала жариялайды. Осы мақаладағы дерекке сүйенсек, Әбікен Хасеновтің ауыл медресесінен білім алғанын, ескіше хатқа зерек болғанын аңғарамыз. Осы мақалада оның жастай діни бі­лім алумен қатар сауыққа да әуес болғаны, домбыра, қобыз, гар­­монь аспаптарын игергені және ән салуға әуестенгені де жа­зылады. Жазушы Сапарғали Бе­галин «Сахара сандуғаштары» кітабында былай деп жазады: «Қабағынан қар жауып, үнемі ызған төгіп отыратын Қали молда (кей деректе – «Құли молда» деп жа­зылған) оқуға пейіл бермейтін борқиған сары баланы үнемі ығыртып, «патшағар, әуейі болып барасың, құлағыңда жын-шайтан ызыңдап тұр-ау, домбыраны неге қоймайсың?» деп зекиді. Бірақ Әбікен жаны сүйіп құмартқан домбыра тарту, әнге талпыну талабынан айнымайды. Әке күші, молда қадағалауымен түркіше сауатын ашады». Жазушының «түр­ікше сауат ашады» дегені сол кез­де ортақ қолданылған кітәби тіл болса керек.

Әбікенді домбыраға баулыған немере ағалары – Мақаш Сәдуа­қасұлы мен Ақмолда Дүйсенұлы (1861-1934). Кейінірек Кенжеқара мен Баубек Жарылғапұлынан (туған жылы жөнінде дерек жоқ) да дәріс алады, ал қобызды Дүй­сен (Ақмолда күйшінің әкесі) деген өзімен әулеттес жамағайы­нынан үйренеді. Сембек Айдос­ұлы (1864-1931) мен Әбди Рыс­бекұлының (1868-1931) да өнегесі­н алып, соң­дарына ереді. Бұл күй­ші­лер­дің бәрі әйгілі Қыздар­бек Төре­байұлының (1850-1922) шәкірттері еді. Әбікен Қыздар­бектің алдына бата сұрай барғанда жас та болса дәулескер домбырашы атанып қалған кезі болса керек. Қыздарбек үлгісін көр­ген соң оның шеберлігі арта түсе­ді, Тәттімбеттің «қырық буын қос­басарын» осы Қыздарбек ұстазы­ның қолынан алады, баталы шәкірті атанады. Қыздарбек болса Шұбырпалы ішіндегі күй абызы – Итаяқ Солтанұлының (шамамен 1780 жылы туған, қайтқан жылы белгісіз) төл шәкірті, Итаяқ болса Тәттімбеттің тұстасы, Сайдалы сары Тоқамен күй тартысқа түс­кен кемеңгер. Қыздарбек Итаяқ­тан аңыз күйлерді, Тоқа мен Дай­рабайдың тараулы шертпелерін үйренеді де дарынды шәкіртіне аманаттайды. Әбікен өмір бойы Қыздарбекті пір тұтты, бірақ оның мұрасын күйтабаққа жазуға тәуекелі жетпеген секілді. Оның себебі сол кездегі кеңестік идеоло­гияның ызғары еді.

Әкесі Хасен әлді-ауқатты кісі болған соң, сол өңірдегі Нұрлан деген байдың Күлше деген қызын айттырады. Күлше елден асқан сұлу, ақылына көркі сай ару болады, Әбікен – заманының сал-серісі. Ол да өзіне теңдес жар тап­қанына қуанады. Екі жас шаңырақ көтереді, қысқа да болса бақытты жылдарды бірге өткереді. Дүниеге Жаһанша, Дәлелхан атты алтын асықтай ұлдары, Шапи, Баяу деген күміс қасықтай қыздары келеді.

1917-1918 жылдары Әбікен Сарыарқа еліне аты шыққан өнер адамдарымен, көзі ашық оқы­ған­дармен араласа бастайды. Әсі­ресе Сәкен Сейфуллинмен доста­суы өміріне үлкен ықпалын тигізеді. Әбікеннің болашақта ел тағ­дыры туралы ойлауы, қо­ғамдық көзқарасының өзгеруі, тіпті Алаш қайраткерлерімен аралас болуы осы Сәкенмен арадағы достығынан кейін басталады.

1922 жылы Қазақ даласында ұлы дүрбелең басталады, үр­кін­шілік, аштық нәубеті қат-қабат келіп елді әбден діңкеле­теді. Ел­тұтқа боларлық азамат­тар қу­ғынға түседі. Әсіресе елге ық­пал­ды оқығандар, ақын-жыраулар мен дін адамдары көп азап шегеді. «Ескілікті көксейді» деген желеумен ел ішіндегі аты шыққан күйшілерді жаппай жою арнайы қаулымен мақсатты түрде жүзеге асып жатады. 1928 жылы НКВД жендеттерінің жауыздығын әшке­релеп, «Елу сегіз» деп күй тол­ғаған Сармантайдың Ахмет­жа­ны атылады, «қырық буын қос­­басарды» түгел шертетін Қа­лау­дың Кәрібегін большевиктер астыртын у беріп қастандықпен өл­тіреді. 1930 жылы ұсталып, 1931 жылы «тоғыз тарау күйдің тарланы» атанған Айдостың Сем­бегі мен ел «буынсыз күйші» деп ардақ тұтқан Рысбектің Әбдиі атылады. Бұлардың бәрі атақты Сармантайдың Ахметжаны күйге қосқан қанды бап – «58-статья­мен» (отанға опасыздық жа­­­сау) айыпталады. Арқаның клас­сик күйшілері Сембек, Әб­ди, Ах­метжандар Әбі­кеннің ұ­с­таздары еді.

Азаттық үшін атқа мінген Алаш қозғалысы осы кезеңдерде автономия құру жолында кеңес өкіметімен ашық текетіреске тү­седі. Әбікен де Алаш қозғалы­сынан тыс болды деп айта алмаймыз, ол Алаш партиясына мүдделес болып елдегі бір­қатар жиынға қатысып жү­ре­ді. Өкінішке қарай, күйші биография­сына қатысты зерттеулерде оның Алаш кезеңіндегі өмірі айтыла бермейді. Күйшінің Алаш қайраткерлерімен үзеңгілес һәм пар­тияға шын ықыласымен тілектес болғанын нақтылайтын дереккөздер баршылық.

1930 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Шет ауданында кеңес өкіметіне қарсы әйгілі «Бет­пақ­дала» көтерілісі басталады. Бұл көтерілістің көсемдері – Алаш қай­рат­керлері Жақып Ақбаев, Әлім­­хан Ермековтер еді. Әскери қоз­ғалыстың бас сардары болып Ерке­бек Дүйсенов сайланады. Та­рихшылар Тұрғанбек Алланиязов пен Амангелді Таукеновтің «Шет­ская трагедия» атты кітабының «Дело Дюсенова» бөлімінде Ер­кебек Дүйсенов пен Жақып Ақбаевтың ескі достар екендігі жазылады. Осы кітапта Алаш қозғалысының басындағы 40 кісінің ішінде Әбікеннің де аты аталады: «...Из Шетского района: Ос­панов Каирберли, Ибышев Мау­лен, Норбаев Мукаш, Дюсе­нов Еркебек, Хасенов Абекань, Балгожин Жунусбек, Бодуков Карымбек». Бұл жерде хаттама толтырушының жазуымен күй­шінің аты-жөні «Хасенов Абекань» деп қате жазылып кеткен, солай бола тұра бұл – «әбікентануда» аса маңызды құжат.

1930 жылы Алаш қайраткері Жақып Ақбаев Ново-Троицкое қаласында (Қазіргі Жамбыл облысы Шу ауданы Төле би ауылы) үлкен құрылтай өткізеді. Сол жиынға Мойынты болысынан Әбікен Хасенов барады. Бұл жө­нінде тарихшы Марат Әбсеметов «Сакен Сейфуллин – Председатель Совета Народных Комиссаров Казахстана» еңбегінде бұлтартпас құжаттар бар. «...В протоколах допросов воскрещаеются реальные события, реальные люди и реальные факты... За присутствие в уголовном деле имен алашор­динских деятелей – Жакыпа Акпаева, Алимхана Ермекова, Има­ма Алим­бекова, домбриста Абикена Хасенова, советских работников Сакена Сейфуллина и Орынбека Бекова, отца и брата Сакена, с кем были связаны восставшие по сталинскому заказу и сценарию 1937 года они были бы осуждены по 58-политической статье».

Осы оқиғадан кейін халық жауы ретінде Әбікен үкімет тара­пынан қудалауға ұшырайды. 1931 жылы 15 қаңтарда ОГПУ-дың Қарағанды бойынша айрық­ша істер оперсекторы (ОО Кара­гандинского оперсектора ОГПУ) тарапынан 1931 жылдың күз айларында көтерілісшілерге қарсы №3872 тергеу ісі (істің соттағы аты «Конференция» деп аталды) ашылады. Осы тергеулер нәтижесінде Әбікен Хасенов те «күдікті» болып тізімделеді. Ақыры «кеңес өкіметіне бағынбағаны және қар­сылық көрсеткені үшін» деген айыппен РСФСР қылмыстық кодексінің 59-статьясы, 3-бабымен сотталып Ақмола (кейбір деректерде – Қызылжар) түрмесіне айдалады.

1932 жылы қызыл сүйек ашар­шылық нәубеті келеді де қызыл өкіметтің түрмедегі тұтқындарды ұстап тұруының өзі мұң болады. Осы себеппен түрме басшылары Әбікенді 1932 жылы босатып жібереді. Кейбір ауызша деректерде түрме басшысының Әбікеннің күй тартқанын естігеннен кейін жұмсарғаны айтылады. Актриса Хабиба Елебекованың естелігінде Әбікеннің түрме бастығының үйінен домбыраның үнін естігені, абақты бастығының әйелінен қол­қалап домбыра сұрап алғаны, сосын абақтыда ұзақ күй толға­ғаны, артынан әлгі әйелдің күй­ші тұтқынға жаны ашып сот күйеуі­нен Әбікенді босатуын өтінгені айтылады.

Әбікен еліне оралғанда әйелі Күл­ше, ұлдары Жаһанша мен Дә­лелхан, қыздары Шапи мен Баяу аштықтың құрбаны бол­ғанын көзімен көреді. Алланың бұйрығымен жалғыз қарындасы ғана шалажансар, әне-міне деп қиналып жатқанының үстінен түседі. Содан жүрегі қан жылап, жан-жарын, балаларын жерге тапсырып, қарындасының аузы­на су тамызып тірілтіп алады. Өзі де жолсоқты, аштықтан бұралған қарындасын жетектеп жолға шығады. Әл-дәрмені құрып өлім аузында жатқан Әбікен мен оның қарындасын ауылға жақын маңнан Кіпия деген жамағайын апасы тауып алады. Кіпия болса Арқаның ән мектебінің жаңа дәуірінде аты қалған Гүлбаршын Ақпанованың (1941-2001) үлкен шешесі. Кіпия апасының күтімінде бір жылдай болып Әбікен мен қарындасы естерін әрең жияды. Осы нәубетте Әбікеннің өзінен бірер жас үлкен апасы Бибіжан мен інісі Иманмұса да аштықтан опат болады. 1933 жыл ел ішінде «қызыл террор» ызғары әлі басылмаған, бай тұқымын қудалау әлі толастамаған кез еді. Осы есеппен Әбікен жылыстап Балқашқа өтеді, онда жергілікті мойынсерікке қара жұмысшы болып кіреді. Алайда «байдың тұқымы» деп белсенділердің түртпегіне ұшырайды да, 1934 жылы Жетісуға қарай жүріп кетеді. Бірер апта жол азабын көріп Қазақ АКСР-нің астанасы Алматы шаһарына да жетеді. Жұрттан сұрай жүріп Сәкен Сей­фуллиннің үйіне барады. Ол ескі досын жақсы пейілмен қарсы алады, құшақтасып қауышады.

1934 жылы Сәкен Сейфул­линнің көмегімен Қазақ драма театрына (Қазіргі М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры) актер болып жұмыс­қа алынады. Әбікеннің бағына қарай театр директоры Орынбек Беков еді, бұл екеуі ауылдас әрі бұрыннан мүдделес жандар болатын. 1930 жылғы «Шет қозғалысына» Әбі­кенмен бірге қатысқан. Жұмысқа қабылдануына Мұхтар Әуезов те тілектес болады, ол Әбікеннің күйшілік өнерін Семей кезеңінен жақсы білетін, сондықтан театр әкімшілігіне жа­зушы сөзінің де салмағы өт­кен секілді. Далалық тума дарыны арқасында ол театр сахнасына, актерік шеберлікке тез бейімделеді. Қазақ драма театры сахнасында Құнанбай (М.Әуезов. Л.Соболев. «Абай»), Қараменде (Әуезов. «Еңлік-Кебек»), Қодар (Ғ.Мү­сірепов. «Ақан сері-Ақ­тоқ­ты»), Мұса (С.Мұқанов. «Шо­­­­қан Уә­лиханов»), Тайман (Ә.Тә­ж­ібаев «Майра»), Балқы (М.Ақын­жанов. «Исатай мен Ма­хам­­бет») образдарын сомдап кө­рермен қауымның ризашы­лығына бөленеді.

1935 жылы Мәскеу қаласы жанындағы Глухово ауданына қарасты Ногинск қаласындағы «Грампласттрест» атты дыбыс жазу орталығынан Әбікен Ха­сеновтің алғашқы күйтабағы шығады. Күйтабаққа «Дайрабай» мен «Бестөре» күйлері жазылды. Әбікен күйтабақтары 1938 жылға дейін дүркін-дүркін жазылып, дүкендерге түсіп тұрды. Жаппай репрессия басталған қаһарлы 1938 жылдан кейін Екінші дүниежүзілік соғыстың соңына дейін оның бір­де-бір күйтабағы жазылмады десе де болады. Себебі осы жылдар аралығында «қызыл репрессия» толқыны қазақ интеллигенциясын шарпып өтті.

1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда, Әбікеннің жасы 49-да еді, сондықтан әскери міндеттен босатылады. Төтенше жарлық бабында филармония мен театр әртістерін мобилизациядан босататын арнайы бронь (тылдағы еңбек үшін босатылу) да болды, өз кезегінде оның да себебі тисе керек. Қазақтың академиялық драма театрында Әбікенмен сахналас болған біраз әртіс майданға кетті.

Соғыс жылдарында Қазақ драма театры мен филармония әртістерінен құралған концерттік бригадалар жасақталды. Мәскеуді басқыншылардан қорғаған атақты Панфилов дивизиясының ерлігі туралы Мұхтар Әуезов пен Әлжаппар Әбішевтің «Намыс гвардиясы» пьесасында басты рөл генерал Панфиловтің бейнесін Қалибек Қуанышбаев пен Әбікен Хасенов қатар сомдады. Осы спектакльде Әбікен Қамал Қармысов, Қапан Бадыров, Шәкен Айманов, Серке Қожамқұлов секілді әйгілі актерлермен сахналас болды. Соғыс жылдарындағы осынау қажырлы еңбегі ескеріліп, 1945 жылы Әбі­кен Хасеновке Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі атағы және «Құрмет белгісі» ордені берілді. Мерзімдік баспасөз беттерінде Әбікеннің актерлік шеберлігі туралы бірсыпыра мақалалар да жазылды. «Қазақ өнерінің тарихы» атты үш томдықтың 1-кітабының «Театр өнері» бөлімінде:

«Бұған қарама-қарсы Кете кө­терілісшілерге шын пейілі­мен қосылғанымен өзінің қараңғы­лығынан, өмір ағымын аңғара алмауынан күрес жолын анықтай алмайды. Актер Ә.Хасенов ба­тыр­дың мінез қайшылығын дәл тауып ашқан. Тұтас спектакль барысында күресті аңсаған батыр бітімді жанның бейнесі бар көр­кемдік сипаттарымен ашыл­ған. Бірақ ол күресті бейберекет, озбырлық, байлардан кек қай­тару деп ұғады. Ол әскери техника мен әскерлік тәртіпке қарсы. Актер халық қозғалысының сая­си мәнін түсінбеген әрі ескі көз­қарасынан қайтпаған Кетенің ішкі қайшылықтарын түбіне жеткізе ашқан», делінген.

Соғыстан соңғы жылдарда Әбікен театрмен қатар күйшілік өнерге де ерекше ынтамен көңіл бөлді. Ол театр труппасының гастрольдік сапарлары барысында спектакльмен жалғаса қойылатын шағын концерттерге шығып жүр­ді. Негізінен Арқаның шертпе күй­лерін насихаттады, Тәттімбет, Дайрабай, Әбди, Айдос секілді ха­лық композиторларының тамаша туындыларын орындады.

1946 жылы Қазақ драма театры­­ның құрылғанына он жыл толуына орай Әбікенге Еңбек Қызыл Ту ордені берілді. Бұл кезеңдерде Әбікеннің күйшілік тұлғасы республикаға кең танылды, оның шығармашылығына белгілі өнер қайраткерлері назар аудара бастады. Академик Ахмет Жұбанов «Ғасырлар пернесі» монографиясының Тәттімбет туралы тарауында ұлы күйші мұрасын жеткізуші ретінде Әбікеннің атын жазды. Композитор Латиф Хамиди оның орындауындағы шертпе күй­лер­ді нотаға түсірді. 1964 жылы шыққан «Домбыра үйрену мектебі» оқулығына (Авторлары – Л.Ха­миди, Б.Ғизатов) Әбікеннен жаз­ып алған Тәттімбеттің 1-ші «Қос­басары» Хамидидің ноталық жазбасымен жарияланды.

1946 жылы Әбікен өз елінің Шәкен атты қызына үйленеді, одан туған Ермек, Исақ деген екі баласы, Бақыт атты қызы бар. «Қоңыр» атты күйінің ел аузындағы бір аңы­зында: «Әбікеннің баласы Ермек дүниеге келгенде шілде­ханаға келген досы Қалибек Қуа­ныш­баев «Мына нәрестеңнің қуа­ны­шына бір күй шығар!» деп қол­қалапты. Сонда Әбікен осы күй­ді шерткен дейді. Әрине, ұлы адамдардың соңында осы тақы­леттес әңгімелердің қалуы заң­дылық, десек те күйшінің баласына шығарған күйі болғанына күмән келтіре алмаймыз, тек ол «Қо­ңыр» емес, басқа туынды болуы мүмкін шығар. Қазақтың небір игі жақсылары Әбікенге сәлемдесе келіп, осы Шәкеннің дастарқанынан дәм татуды ұнатқан деседі.

1953 жылы И.Сталин өлген соң кеңестер одағында жылымық кезең бастал­ды. Әбікеннің «Қоңыр» атты ре­вием-күйінің шығатын кезі осы уақытқа келетіндей. Бұл Алаш арыст­арына арналған жоқтау күй еді. Алғашында радиодан (белгісіз себептермен) «халық күйі» деп беріліп жүрді, кейіннен авторының атымен хабарлана бастады. Бұл кезеңде Әбікен қазақ радиосына арқа күйлерін жазуға бел шеше кіріседі. Күйші үшін жаймашуақ уақыт енді басталғандай еді. Жұмысында тасы өрге өрмелеп, халыққа танымал актер атанды.

1956-1957 жылдары Әбікеннің күйтабақтары Ташкент қаласынан шыға бастады. Өзінің жеке күй­табақтары және басқа орындаушылармен бірге жаздырған жинақ­тары басылды. Бұл шын мәнінде, мәдени маңызы жөнінен айрықша оқиға болды, Әбікен орындаған күйлер сол кездегі социалистік құ­рылыс туралы хроникалық фильм­дерге музыкалық көркем­деуші құрал ретінде ене бастады. Радиохабарлар да Әбікен шерт­кен күйлермен әрленді. Кең-бай­тақ қазақ елі Хасеновтің қоңыр шертісін жазбай танитын, әсіресе Тәттімбет күйлері халық арасына кең тарап кетті.

Күйші 1958 жылы 25 қазан күні 66-ға қараған жасында ұзаққа созылған кеселдің кесі­рінен дүние­ден өтеді. Әбікеннің жана­засын, қаралы жиынын қазақ зиялы­лары, қоғам қайраткерлері ұйымдастырды. Ұлы күйшімен қоштасу рәсімі өзі қыз­мет еткен М.Әуезов атын­дағы академиялық қазақ театры ғима­ратында өтті. Сүйегі Кеңсайға жерленді. Күй­шіні жерлеу комиссиясы құ­рылып, оны халық әртісі Шәкен Айманов басқарды. Шәкен жа­назаға қара­жат сұрап Асқар Зә­каринге барып, бес мың сом бөлуін сұрайды. Асқар Зәкарин: «Бес мың сом тым көп емес пе?» дейді, сонда Шәкен Ай­манов: «Асеке, бір бес мың сом үшін тағы біреуіміз өлуіміз ке­рек пе?», деген екен күйініп. Қа­зақтың ұлы күйшісі Әбікен Ха­се­новтің өмірі мен өнері туралы қыс­қаша шолуымыз осымен тәмам.

 

Жанғали Жүзбай,

күйші

Әбікен Хасеновтің суреті жазушы Несіп Әбдірахма­нованың жеке мұрағатынан алынды